ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ЖАРҚЫН ЖОЛҒА БАҒДАР СІЛТЕЙДІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауын өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында жария еткен болатын. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты бұл жаңа Жолдауы әлемде орын алып отырған түрлі саяси әрі экономикалық қиындықтар кезінде дер уақытында жарияланған жолдау болып табылады.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында алдымен мемлекетіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы сөз болды.
Ең бастысы, бұдан бұрынғы қол жеткізілген нәтижелер сараланып, енді осыдан соң тың міндеттерге бағыт беріліп, соны жүзеге асыруға бар күш-жігер жұмылдырылмақ. Ұлттық қордан 2015, 2016, 2017 жылдарға, әр жыл сайын үш миллиард доллардан қаржы құйылуы соның берік кепілдігі іспеттес.
«Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек», - деген еді Елбасы өз Жолдауында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының әсіресе әлеуметтік саладағы екі-үш ауысымды мектептерді жою, балабақшаны көбейту және тағы басқа мақсаттардың халық көңілінен шығып, қолдау табары сөзсіз. Ұлттық қордан 2015-2016 жылдарға 180 миллиард теңге қаржының жас отбасылар мен пәтерге мұқтаж адамдарға үй салуға бөлінетіндігі де халықты бір қуантып тастады. ҚР Президенті өз Жолдауында, «Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз», - деген еді.
Жолдауда еліміздің жолдары ең негізгі байланыс өзегі болғандықтан, негізгі аймақтарды байланыстыратын автожолдарды жөндеу туралы тапсырмаларға да ерекше көңіл бөлінді.
Жастар мен жоғары білім саласының мемлекет назарынан тыс қалмайтынын айрықша атап көрсетті, жоғары оқу орындары тек ғылым-білім ғана емес, сонымен қатар жаңа инновациялардың ордасы болып, Отанымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуында мемлекетке қолғабыс тигізуі тиіс. Сонымен қатар қай істің де алтын діңгегі – жоғары сапалы кадрлар құрамы. Бұл орайда Н.Назарбаев қазір өзін-өзі жан-жақты ақтаған «Болашақ» бағдарламасын одан әрі жетілдіріліп, өркен жаятынын айтып, ел жастарының сенімін нығайтты.
Отанымыздың игілігі үшін, өсіп-өркендеуіне әрбір азаматтың, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің де қосар үлесі зор екенін, мемлекеттің гүлденуі және әлемдік деңгейдегі орнының жоғары тұруына бар күш-жігерімізді салып, жұмыс істеуіміз керек екенін нақтылап айтты.
Елбасы Жолдауына сәйкес, Қазақстандағы саяси-экономикалық, әлеуметтік жаңартулар жалғасын табады. Бұл дегеніңіз тағы да Отанымыздың нық тұрғанын баса көрсетіп, оның тыныштығы мен тұрақтылығына, іргесінің беріктігіне, бейбіт өміріне кепілдік берілетініне ел сенімін нығайтты.
Шәріпхан ҚАЙСАР
Abai.kz