Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7268 0 пікір 18 Наурыз, 2015 сағат 10:12

Серікжан ҚАЖИ. ТОБЫҚ ЖАСЫРУЫ ОЙЫНЫ

Қандай ғажап қазағымның дәстүрі,

Тектілері бұзған емес еш бірі.

Бірақ сөзден бастау алар қастығы,

Бір-ақ сөзбен бекемделер достығы.

Бүгінгі сөз тобық жайлы жасырған,

Шын оқиға естіген сол досымнан.

«Елін тапқан» бала кезгі бірге өскен,

Сол «тобығын» сұрағаны тосыннан.

...Қатар өскен достар еді тебісіп,

Сәл көрмесе сағынысар көрісіп.

Ардақтапты ата-баба дәстүрін,

Тобық «жасырып» әзілдесер келісіп.

Бұл дәстүрде адалдық бар, тектілік,

Және қажет аса сақтық, ептілік.

«Кәне менің тобығым бер» десе,

Бергенің жөн мейлі тамақ жеп тұрып.

Мейлі қайда, күн бе, түн бе, бәрібір,

(Сұра Алладан жәйсіз сәтті әрі қыл?!).

Ұсына алсаң биік сенің мәртебең,

Бере алмасаң «бейшарасың» әрі «құл».

Құтылуға құлдығынан сол жанның,

Тәрк етуге тиістісің «бар малды».

Аз дегенде ат мінгізіп құтылдың,

Малды қойшы, аңғалдықтан алдандың.

Жеңілдің бе, өтерсің-ау парызды,

Кім арқалап жүрсін сол бір қарызды.

Тобық ойыны жалғасады әрі қарай,

Шын достықтың куәгері тәрізді.

Енді Сіз де ұсынасыз шын досқа,

(Емен-жарқын шалқитын сәт бір басқа).

Тобық алған «томсырайып» жүреді,

«Тобық» сұрап сүрінтер деп «бұл қасқа».

Оңтайлы сәт іздейсің де, «құлатар»,

«Жалғыз оғың» қансонарда бір атар.

Құласа да аттан, құламаған салтынан,

Текті қазақ, малын қияр бір отар.

Шалқып жүрер бар деп, жоқ деп торықпай,

Біздің қазақ жүре алмайтын қағытпай.

Бар мәселе тобық берген бауырда,

Құтыларсың сыйын беріп тобықтай.

Қайта оралсам, досым айтқан, «аңызға»,

(Баламағын Наурыздағы уағызға).

Ата-салтым жат жерде де аспандап,

«Тобық» ойыны ілінді алғаш ауызға.

Осынау сәт, осынау сәт ғаламат,

Жер дегенің шынымен де «домалақ».

Іскер досым неміс досын іздепті,

Қиыр шетте жатқан елге бара қап.

«Неміс-қазақ» қарқ-қарқ күліп, қарсы алып,

Бас ұсынды қазақшалап мал сойып.

Есіне алды сонау ғажап күндерді,

Жанарына жас ілдірді тамсанып.

Ілкі сәтте бұрылды да досына,

Көтеріліп көңілінің хошы да.

Қайда менің «тобығым» деп сұрады,

Қалай ғана келген осы Ой басына?!.

«...Тауып берсем, тұлпар түгіл, тайың жоқ,

Қайтара алмай қалмағын дос, уайым жеп...»

«Салттан құлап көргемін жоқ» деді ол да,

Ауладағы «мерседесім» дайын деп.

... Міне досым, сол баяғы тобығың,

Бір сен үшін қаншама жыл «қорыдым».

Текті қазақ сен екенсің, шынымен,

Саған деген сағыныш бұл бауырым.

Қайтсаңшы дос, қазағыңа еліңе,

Достарыңның қоңталсып тұр төрі де.

Бас қосамыз баяғыдай бәріміз,

Жиі-жиі еске аламыз Сені де...

Еліңе қайт... сен жеңілдің, мен жеңдім,

(Мен де Өзіңнен сан жеңіліп көргенмін).

Қол ұстасып қайтайықшы ауылға,

Құдай қолдап, іздеп бәлкім келгенмін...

Бұл да бәлкім Алла алдында бір міндет,

Айту парыз туған жерге жүргін деп...

...Қимай-қимай қоштасыпты, жеңген дос,

Дос сыйлаған «мерседесін» тізгіндеп...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408