Кәсіподақтар ұйымының көшбасшысы сайлауға қатысатынын мәлімдеді
«Елімізде өткелі жатқан басты саяси науқанда жаңа есім пайда болды. Бүгін Кәсіподақтар ұйымының көшбасшысы, Қарағанды облысының экс-әкімі Әбілғазы Құсайынов ҚР Президентін сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырды» деп хабарлайды Baq.kz
ОСК ғимаратына келген Әбілғазы Қалиақпарұлы журналистерге сұхбат беріп, бұл қадамға неліктен барғандығын және қандай нәтиже күтетіндігін айтты.
- Дауыс беру уақыты басталмайынша сайлаудың нәтижелері туралы айту артықтау. Президенттік сайлау - қоғамдағы өзекті мәселелрді көтеріп, әрбір азаматтың маңызды проблемаларына назар аударуға шақыратын шара. Мәселен, ол экологиялық және өндірістік қауіпсіздік сынды мәселелер болуы мүмкін, - деді Ә.Құсайынов.
Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов - 1952 жылы 6 ақпанда Қарағанды облысының Тельман ауданы Майөзек кентінде туған.
Қарағанды тау-кен техникумының тау-кен факультетін (1971) техник-шахта салушы мамандығы бойынша; Қарағанды политехникалық институтының автожол факультетін (1981) инженер-механик мамандығы бойынша; Ресей басқару академиясының саясаттану факультетін (1992) саясаткер (әлеуметтік-саяси мәселелер және байланыс бойынша кеңесші) мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек өтілінің әр жылдарында ол ҚР Экономика және сауда вице-министрі, Индустрия және сауда вице-министрі, Көлік және байланыс вице-министрі, Көлік және байланыс министрі (2009-2011 жылдары), Қарағанды облысының әкімі (2012-2013 жылдары) қызметін атқарған.
Бүгінгі таңда Әбілғазы Қалиақпарұлы Қазақстан Кәсіподақтар ұйымының көшбасшысы.
Абай-ақпарат.