Ақберен Елгезек. Нала (толғау)
Көмейімде жалаң сөз,
Тар кеңседе отырмын.
Алақтайды алаң көз,
Ғаламторлық батырмын.
Хан алдына бара алмас,
Көше кезген ақынмын.
Ұйпа шашы таралмас,
Қара сирақ пақырмын.
Астым байлық, төбем көк,
Кеңістікте жатырмын.
Садағым жоқ, жебем жоқ,
Байрағы жоқ шатырмын.
Қадірі жоқ бес күнге,
Алаш деген затымның,
Қадірі жоқ ешкімге,
Қазақ деген атымның!
Тойтара алмас жауызын,
Жүзі кеткен қылышпын,
Дуалы емес ауызым,
Өз-өзімнен тынышпын.
Кешегі өткен бабамның,
Бірлігі де жоқ менде.
Кешегі өткен ағамның,
Тірлігі де жоқ менде.
Қанша жауды қиратқан,
Қайраты да жоқ менде.
Мұртын көкке ширатқан,
Айласы да жоқ менде.
Әз Жәнібек, Керейдің,
Сардары едім мен кеше.
Шуға ауған қазақтың,
Бағдары едім мен кеше.
Қасымханның даңғылды,
Жолы едім мен кеше.
Есімханның жаңбырлы,
Қолы едім мен кеше.
Хақ Назардың түндегі,
Ойы едім мен кеше,
Жеңімпаз сол күндердің,
Тойы едім мен кеше.
Абылайдың жасындай,
Жебесі едім мен кеше,
Бөгенбайдың басында,
Көбесі едім мен кеше.
Қабанбайдың қолында,
Найза едім мен кеше.
Батыр Баян асынған,
Қылыш едім мен кеше.
Жау мүрдесі шашылған,
Ұрыс едім мен кеше.
Көмейімде жалаң сөз,
Тар кеңседе отырмын.
Алақтайды алаң көз,
Ғаламторлық батырмын.
Хан алдына бара алмас,
Көше кезген ақынмын.
Ұйпа шашы таралмас,
Қара сирақ пақырмын.
Астым байлық, төбем көк,
Кеңістікте жатырмын.
Садағым жоқ, жебем жоқ,
Байрағы жоқ шатырмын.
Қадірі жоқ бес күнге,
Алаш деген затымның,
Қадірі жоқ ешкімге,
Қазақ деген атымның!
Тойтара алмас жауызын,
Жүзі кеткен қылышпын,
Дуалы емес ауызым,
Өз-өзімнен тынышпын.
Кешегі өткен бабамның,
Бірлігі де жоқ менде.
Кешегі өткен ағамның,
Тірлігі де жоқ менде.
Қанша жауды қиратқан,
Қайраты да жоқ менде.
Мұртын көкке ширатқан,
Айласы да жоқ менде.
Әз Жәнібек, Керейдің,
Сардары едім мен кеше.
Шуға ауған қазақтың,
Бағдары едім мен кеше.
Қасымханның даңғылды,
Жолы едім мен кеше.
Есімханның жаңбырлы,
Қолы едім мен кеше.
Хақ Назардың түндегі,
Ойы едім мен кеше,
Жеңімпаз сол күндердің,
Тойы едім мен кеше.
Абылайдың жасындай,
Жебесі едім мен кеше,
Бөгенбайдың басында,
Көбесі едім мен кеше.
Қабанбайдың қолында,
Найза едім мен кеше.
Батыр Баян асынған,
Қылыш едім мен кеше.
Жау мүрдесі шашылған,
Ұрыс едім мен кеше.
Қазақтың әр сайында,
Табыт болған Жер-шешем,
Бар сарбаздың бойында,
Сауыт болғам ендеше!
Оған енді сенбесең,
Оған енді көнбесең.
Ешнәрсеге сенбе сен,
Ешнәрсені көрме сен!
Бүгінгі мына мен деген,
Қазтуған мен Шалкиіз,
Айтып кеткен жырымын.
Доспамбет пен Асанның,
Астарлаған сырымын.
Үмбетей мен Бұқардан,
Жұртта қалған құрымын.
Ақтамберді, Махамбет,
Шашыратқан нұрымын.
Ал, бүгінгі түрім бұл:
Егеменді елімнің,
Керегі жоқ ұлымын,
Сатылмалы жерімнің,
Дерегі жоқ құлымын.
Ай, ай қоғам,
Бай қоғам!
Өз қолымен қызының,
Қидырдың ба бұрымын.
Артта қалар ізіңнің,
Жұлдырдың ба тұлымын.
Пырақ болмас ешқашан,
Шапқылай ма құлының,
Шырақ болмас ешқашан,
Тұмандағы бұлыңғыр!
Кешегі хас қаһан дүр
Өз тағына қонбаса.
Кешегі хас баһадүр,
Рухқа тірек болмаса,
Қайтем сенің сөзіңді,
Шындығы жоқ, далбаса!
Көрем сенің көзіңді,
Айдаһар кеп жалмаса!
Алаш үшін жан қиған,
Жанарлары торда өшкен.
Азаттыққа жан пида,
Қазақ үшін сор кешкен!
Жаназасыз көмілген,
Әлихандай арысым,
Ғылым тасын кемірген,
Ахметімдей барысым,
Өлең жырға семірген,
Мағжанымдай сұңқарым,
Жаратылған темірден,
Міржақыптай тұлпарым,
Кешегі өткен заманда,
Неден шабыт алды екен?
Бүгін жеткен заманда,
Неге ұмыт қалды екен?
Запыранды іштегі,
Шығарайын, шаршадым,
Айтайыншы тістеніп,
Ақиқатты аңсадым.
Жалған сөзден қартайған,
Жүрегімде бар сағым,
Рух шақырып Алтайдан,
Шошытайын ар жағын.
Аз-ақ қалған бауырды,
Безбүйрек қып жібердім.
Көкке ұшырып ауылды,
Жезүйрек қып жібердім.
Көрінгеннің қойнында,
Кетті қайтем қарындас,
Көрінгеннің ойында,
Балам мені сағынбас.
Ал, тілімнің тағдыры,
Өз қолыма бағынбас.
Өліп бара жатқан бір,
Көне тілмен сарындас.
Кешегі осы жердегі,
Бастап еді тың ойдан.
Кешегі осы пенделер,
Бүгін үлкен құдайлар.
Тамырдағы қанына,
Ұқсап кеткен секілді,
Құбырдағы мұнайлар!
Ай, қайтейін, қайтейін,
Ақындықтың құны жоқ.
Ақырғанмен әйтеуір,
Батырлықтың құны жоқ.
Кешегі өткен билердің,
Көзі шоқ та, тілі от.
Кеше өткен шайырдың,
Сөзі қайтар түрі жоқ!
Айтпас болмас, ақынға,
Айтпасыма болмайды.
Алтын құрсақ жатырға,
Қайтып ешкім қонбайды.
Айтылмаса сөз жетім,
Ақын үшін сол қайғы...
Бір сенерім, Алашты,
Көкте Тәңір қолдайды.
Бұл қазақтың дүр рухы,
Ешқашанда солмайды!
Бұл қазақтың өр рухы,
Ешқашанда солмайды!
«Абай-ақпарат»