Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 11183 0 пікір 10 Наурыз, 2015 сағат 14:26

САРАЙШЫҚҚА САПАР

Мұнайлы өлке Атырауға бұл жолы «Қос шынар» Әлия, Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес ақсақал екеуміздің жолымыз бірге түсіп еді. Қаладан біреулер 45, біреулер 55 шақырым деп жол сілтеген Сарайшық ауылын көрсек деген ойымыз да бір жерден шықты. «Хан ордасы Сарайшық» тарихи мемориалдық кешені осы ауылдың жанында екен. Кешен директоры Молдаш Бердімұратов көрген жерден Ғалекеңе қарап қатты да қалды. Бір кезде екеуінің Атырау педагогикалық институтын бірге тәмамдағанын, одан бергі елу жылда кездеспегендерін еске алды. Сексенге иек артқалы тұрған ақсақалдардың бір-бірін жазбай танығандарына қайран қалыстық. Және бір-бірінен сырттай сұрастырып біліп жүрген хабары бар-ау деймін. Өйткені, кешен сыртындағы ескерткіштер жанында әңгімесін бастаған кезде Молдаш ақсақал: «Мынаның көзінше мен дұрыс сөйлей алмаймын» деп құрдасын әзілмен қағытты. Сосын ауыл жаққа қолын жайып: «Бұл жерді Сарайшық елді мекені деп атайды. Ал Сарайшық елді мекені қазақ даласындағы ең тарихи көне орындардың бірі болып саналады. Бұл жерге кезінде Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз толықтай мойындаған 12 әулие жерленген» деп әңгімесін бастап кетті.

Оның айтуынша, кезінде Сарайшықта 100-ден астам хан хандық құрған. Мұндағы біз көрген кесененің құрамына кіретін биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы Хандар пантеоны — сол хандардың рухын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында қойылған ескерткіш. Кешеннің сәулеттік құжаттарын, сметалық жобаларын дайындап, бүкіл құрылысына басшылық жасаған, демеушілік көмек ұйымдастырған сол кездегі облыстың әкімі Иманғали Тасмағанбетов екен. Құрылыс 1999 жылы 2 мамырда басталып, 2 қыркүйекте аяқталған. Төрт айда осы кешен салынып біткен. Оның ашылу құрметіне Елбасының өзі келген. Қабырғалардың арасындағы қаз-қатар тізілген құлпытастар туралы кешен басшысы:

— Сарайшықтың жерінде жеті ханның сүйегі, бір ханның басы жатыр. Мына жеті құлпытас сол жеті ханға қойылған. Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек — бұл үшеуі де Алтын Орданың хандары, Жошыдан, яғни Шыңғыс ханның бірінші баласынан тараған ұрпақтар. Әр құлпытастың астындағы көрсетілген цифрлар хандық құрған жылдары, туған-өлген жылдары емес, яғни хан болған жылдары, — деп шегелеп түйді де:

"Бұл жерден даңқы тарап шетке небір,

Дулатып дүниеден өткен өмір.

Дамылдап  жатыр мында дабылдары

Жәнібек, Тоқтағу мен Мөңке Темір!" деп жазып жүргендігіміз содан, — деп өлеңдете жөнелді. Ішімнен бұл өлең жолдарының авторы кім болады екен деп ойлап қойдым, бірақ әңгімесін бөліп сұрауды ретсіз көрдім.

Молдаш ақсақалдың осы тарихи орынды зерттеуге сүбелі үлес қосқан белгілі маман екені әңгімесінен-ақ көрінді. «Алтын Орда ыдыраған кезде көптеген уақ хандықтарға бөлініп кеткен. Сол кезде Сарайшықта Ноғай хандығы құрылған. Әмір Оқас ноғай – қай жылы хан болғандығын таба алмадым, 1447 жылы хандықтан кеткен, ноғайдың атақты батыры Едігенің туған немересі» деген сөздерінен осыны аңғаруға болады. Содан соң:

"Тағдырдың тартса-дағы талай жүгін,

Бұл жерде хандық құрған талай мығым.

Осында көтеріпті ер Едіге,

Шұбалтып шұбар туын Ноғайлының" деп жазып жүргендігіміз содан, — деп, тағы да жыр шумақтарын түйдектетіп тоқтады.

Қасымхан салған жол

Мұнан әрі тарихтың тағы бір қойнауын ақтарып: «Ал Қасым хан — Әз-Жәнібек ханның баласы. Бұл кісі 1511-1518 жылға дейін хандық құрған. Шамамен 1513 жылдары Қасым хан Сарайшықты қазақ хандығының ең алғашқы астанасы деп жариялаған» деп кесіп айтты. Сірә, өзі оқыған зерттеу еңбектеріне, естіген зердесіне сүйенетін болу керек, айтып тұрған әңгімесінің нақтылығына сенімді кісінің кейпі. Содан да болар, әлгіндей фактілерді айтқан кезде дерек көздеріне сілтеме жасап жатпады.

Кешеннің құрамында мешіт, мұражай бар. Мешітте жұма намазы өтеді. Келушілер әуелі осында кіріп Құран оқытып, дұға етеді. Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті де осында. Қабырғаларына көне картасы ілінген.

Соларға қарап тұрып: «Жалпы Қасым ханға қарайтын қазақтың саны миллионға, әскері 100 мыңға жеткен. Сарайшықты қазақ хандығының ең алғашқы астанасы деп жариялағанда қаланың ұзындығы шамамен 10 шақырымға, ені 8 шақырымға жуықтайды екен» деген тұжырым айтты.

— Ақсақ Темір елді жермен-жексен қылып кеткенде, әр жерде бытырап қалған аталарымыздың басын қосып, қайтадан ел етіп, «мынау қазақтың елі, мынау жері, мынау заңы, мынау астанасы» деп, қазақты қайтадан ұлт ретінде басқа ұлттармен теңестірген  Қасым хан. Сондықтан да тарихта «Қасымханның қасқа жолы» дейтін атақпен қалған адам, — дейді кешен басшысы. Және осы ойын тағы да өлең шумақтарына түйіп:

"Көк найза, сары садақ асынғандар,

Есесін жібермепті басынғанға,

Мәңгілік мекен тауып жатыр мұнда,

Қасқа жол салып кеткен Қасым хан да.

Алысқан жауларынан асқан әлі,

Әуелден ел болғанбыз астаналы,

Қазақтың елдігі де, бірлігі де,

Тек қана Қасым ханнан басталады!" деп жазып жүргеніміз содан, — деді.

— Ал Ших Мамай — Қасым ханға күйеу бала, Әмір Оқастың туған немересі. Ал Сарайшықта ең соңғы жерленген Жүсіп хан. Жүсіп өзі мұсылман дінін қабылдаған. Ал інісі Исмайыл орыстардың  дінін қабылдаған. Жүсіп орыстармен шайқаста қайтыс болған. Жүсіп өлгеннен кейін бұлардың тұқымы түгелдей орыстардың дінін қабылдап кеткен. Орыстардағы Юсуповтар, Исмайловтардың тарихы  осында жатыр, — деп және бір әңгіменің шетін шығарды. Содан кейін жеті ханға орнатылған ескерткішке қайтып оралып:

— Менен келген қонақтар: «Сонда осы жерде жеті ханның сүйегі бар ма?» деп жиі сұрайды. «Болса қалай таптың, ол кісілердің сүйегі екенін қалай дәлелдедің?» деп сұрақ қоятындар да бар. Мұның астында ешқандай сүйек жоқ. Бұл тек хандар жерленген моланың символдық белгісін көрсетеді. Сарайшықтың әр жерінен әкеліп топырақ қана салынды, — дейді.

Бағдатпен сәндік жарыстырған қала

Молдаш ақсақалдың әңгімесінен түйгеніміз, археологтардың айтуына, арғы-бергі зерттеушілердің жазып қалдырған мұраларына қарағанда, ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының жалпы сәулеттік құрылысы осы кешеннің мұражайында тұрған макеттегідей болған. Қалаға ең бірінші шетелден арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута 1334 жылы келіп, қаланы аралап, өзінің «Өмірлік саяхат» аталатын кітабында мынадай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дүниежүзінің бәрін араладым. Сол аралаған қалаларымның ішінде Сарайшық қаласы - Бағдат сынды дүниежүзіндегі ірі қалалардың бірі. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім. Қалада ханның сарайы, төрт мешіт, өте көп қонақүйлер бар екен. Бірақ мен оларды көріп таңғалған жоқпын, менің таңғалғаным, жер шарын шарлап жүргенде, көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көрдім, мына жақсылық адам баласының бәріне бітсе, бақыт. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деген.

Бұған кешен басшысы: «Саяхатшының су әрбір үйге өзі барады» деп тұрғаны ХІV ғасырдың ортасында Сарайшықта су құбыры болған, әрбір үйге су сол құбырлармен жетіп тұрған. Олар қыштан, керамикадан жасалған тұрбалар болған. Ол тұрбаларды қазбадан таптық, мұражайда тұр» деп түсінік береді.

Мәкеңнің бізге баяндағанындай, қаланың тарихын тереңірек зерттеу мақсатында Сарайшық елді мекеніндегі қаланың орны әр жылдары қазылып келген. Бергі жылдары, 1999 жылы жердің астынан екі қабатты, 45 бөлмелік қонақүйдің екінші қабаты шығарылған. Ал 2000 жылы соның бірінші қабаты қазылған. Осылайша үш айдай қазба жұмыстары жүреді. Тек бір демалыстай жұмыс бөгеледі. Себебі, қырғын өліктің үстіне тап болады. 100-ден астам адамның сүйегін жиыстырып барып, қазба жұмысы қайта жалғасады. Қазба кезінде алтындалған моншақтар, алтындалған өңіржиектер, тіпті ХІV ғасырдағы тарының тұқымына дейін шығады. Қонақүйдің қасынан монша құрылысы табылады. Оның табанына қазіргі кафель сынды тастар төселген көрінеді, бояулары сол күйінде сақталған. Қазба кезінде кәріздері, тіпті сол кездегі пайдаланылған шылапшындарға шейін шығады. Құдық табылады. Құдықтың жеті метрдей тереңдігіне барғанда құмыра, оның қасынан кесе шығады. Құмыраның қасиеті таңертеңгі бояуы бір бөлек, түстегі бояуы бір бөлек, кештегі бояуы бір бөлек болып құбылып тұрады. Бір жақ бүйірінде «Бұған адамның көз жасы құйылмасын!» деген арабша жазуы болған. Бұл кесе әлем бойынша қазба жұмысында табылған екінші асыл бұйым екен. Оның алғашқысы Мысырдан, екіншісі осыннан табылған. Кесенің тағы бір қасиеті — ішіндегі құйған тамаққа у салынса, кесенің бояуы сол бойда өзгеріп қоя береді.

Әрине, мұражайдан қазба кезінде табылған бұл асыл кесені де, құмыраны да, алтын бұйымдарды да көре алмадық. Олар түгелдей 2000 жылдан бастап Астанадағы ұлттық мұражайға көшіріліпті. Мұнда тек макеті қойылған. Соның өзінде мұражай тарихи жәдігерлерге бай. Осыларды көрсетіп кешен басшысы:

— Мысалы, мынаны көздік дейді, мынау әйелдердің таққан әшекейлік бұйымдары, мынау ақша жинайтын бұйымдар. Мынау құмыраның қарапайым түрлері, мынау арқан ескенде пайдаланылған сүйек, мынау бала бесікте жатқанда пайдаланылған шүмек, балалардың ойнаған асығы, мынау сүйектен жасалған қылыштың, мынау егеудің саптары, ал мынау су құбырлары, — деп таныстырды. Тағы бір құмыраға ұқсас, бірақ қос қабатталған ыдысты көрсетіп: «Мынау менің осыдан бес жыл бұрын тапқан термосым», — деді.

Мұражайдағы ХІV ғасырдағы Сарайшықтың көрінісін әңгімелеген кезде Молдаш ағамыздың әңгімесі тіпті қиял-ғажайып ертегі сынды қызықты бола түсті.

— Бұл кезде Әз-Жәнібек хандық құрған. Оның ең сүйікті қызы көбінесе осы Сарайшықта болған. Сол қызына арнап Сарайшықтың күн батыс жағынан жасанды көл тұрғызған. Көлдің суын 15-20 күн сайын ауыстыртып тұрған. Ауыстырған сайын қайықпенен жүріп көлдің бетіне секер себеді екен дейді. Секер себетіні, су неғұрлым тәтті болса, соғұрлым аққу көлге көп отыратын болған. Сондықтан да бұл көл тарихта «Аққу көлі», кейде «Секер көлі» дейтін атақпен қалған. Көлдің сәнін арттырайын деп хан қызына алтындалған қайық жасатып берген. Ханның қызы алтындалған қайығына отырып, аптасына екі рет серуенге шығады екен. Ол серуенге шыққан күні жұрттың көпшілігі көлдің жағасына келіп демалатын болған, — дейді.

Қаланың орны археологиялық зерттеу мақсатында әр жылдары қазылған. Қазба жұмыстары әлі де жүріп жатыр. «Ал енді бұл қала жер бетінен қалай жойылған?» деген сауалымызға кешен басшысы мынадай дерек айтты.

Қаланы 1580 жылы орыстың патшасы Иван Грозный казактарды жұмсап тізе бүктірген. Казактар қаланы алғанмен, ештеңесін бүлдірмеген. Оны естіген Грозный өзі келіп, қалада 12 күн болып, кетерінде казактың атаманына: «Қала өте көрікті, өте сәнді, бірақ біз  жаулаған жерде мұндай қала тұруға тиісті емес, оның ішінде Мәскеуге ұқсайтын қала тұруға тиісті емес. Сондықтан қаланы тас-талқан етіп қиратып, молаға айналдырыңдар» деп бұйрық берген. Сөйтіп, бес ғасырға жақын өмір сүрген Сарайшық 1580 жылы күзде күл-талқан қиратылып, топыраққа айналған.

Ал Иван Грозныйдың Сарайшықты ыждағаттап құлатып жүргенінің себебі — өзінен бұрынғы орыстың патшасы Юрий Долгорукий Мәскеу қаласын салдырғанда Қызыл алаңды Сарайшықтан, Кремльді Алтын Ордадан көшіріпті. Әне, соны білетін Иван Грозный Алтын Орданы Ақсақ Темірдің құлатқанын пайдаланып, жер бетінде Мәскеуге ұқсайтын қала қалдырмаймын деп, әуелі Қазанды, содан кейін Сарайшықты құлатқан. Қазанды құлатып жүрген себебі Мәскеуде Кремльдің жанында 4-5 әдемі собор болған. Жұрт осы күнге дейін оларды Қазан, Успень соборы деп атайды. Сол соборлардың көшірмесі кезінде  Қазаннан көшірілген екен…

Сарайшықтың шырақшысы

Қалай болғанда да, бір кезде Бағдатпен таласқан тарихи қаланың бізге қирандысы ғана жеткен. Оның өзі де, судың, топырақтың астында жатыр. Соның өзіне де қазір қауіп төніп тұр. Анау ХVІІ ғасырда еліміздің батысында қатты су тасқыны болып, Жайықтың арнасы аунап, қираған қаланың үстімен өткен.

— Біз қазір осы маңда тұрмыз. Сол кездегі қаланың алтыдан бес бөлігі судың астында, мына жағы топырақтың астында жатыр. Оның үстіне жылма-жыл су тасыған сайын мүжіп, құлатып алып кетіп жатыр. Жайықтың жағасын шегендеу, бекіту туралы үкіметте мәселе көтерілгенмен, нақты жұмыс жүрмей тұр. Егерде жаға бекітілсе, қазба жұмыстарын қайта жалғастырып, ашық аспан астындағы мұражай ашу жөніндегі біздің арманымыз орындалар еді, — дейді Молдаш Бердімұратов.

Осыны айтты да:

"Қопарсаң қара жердің қабаттарын,

Іздерін Сарайшықтан табат бәрін,

Сарайшық жазылған бір оқулық қой,

Үйретер тарихтың сабақтарын.

Алысты жақын қылып таныстырған,

Төрінде талай мейман малдас құрған,

Сарайшық кезіндегі алтын көпір

Жер үстін бір-бірімен жалғастырған.

Құтылып құрығынан тоқыраудың,

Тарихын жария етті қазір ауылым,

Атағы ғасырларға мәлім болған,

Сарайшық ең алғашқы астанам ғой,

Ел етіп біріктірген қазақ қауымын" деп менің мақтанып жазатындығым содан, — деп әңгімесін аяқтады. Осылай бірінші жаққа көшкесін ғана манағы жыр шумақтарының да өзінікі екенін түсіндім. Кейін білгенімдей, бұл кісі тегін адам емес екен. Анау ғасырда кеңес ғалымдары Сарайшыққа қазба жұмыстарын жүргізгенде, ағамыз құйттай бала екен, сол кезден көп нәрсені зерделеп жүрген. Көз майын тауысып әр жылдарда республикалық газеттерге талай мақалалар да жазған. Кейін осы ауылға әкім болғанда да тікелей жанашыр болып қазба жұмыстарына араласқан. Соны білетін Иманғали Тасмағамбетов мектеп директоры болып жүрген жерінен, осында құрылыс басталмай тұрғанда, болашақ кешеннің басшысы етіп қойған. Содан бері қанша жыл бойы ол осы жерді қызғыштай қорып келеді.

Кешеннің басшысы емес, Сарайшықтың шырақшысы, күзетшісіндей болып отырған осынау тұлғалы ақсақалмен қоштасып, ұзап бара жатып, хандарға арнап тұрғызылған кешенге де, оның қорықшысы болып отырған азаматқа еріксіз  қайырылып көз тастадық. Қазақтың осындай кенен қара шалдары барда құм астындағы тарихымыз ұмытылмас, жер бетіне шығып, халқымыздың игілігіне айнала берер деп ойладық. Елбасымыздың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Сарайшықтағы тарихымыздың таразы басатынына сендік.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ақтөбе облысы.

 

Abai.kz 

 

Дереккөз: http://www.aktobegazeti.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053