ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ӨЗБЕКТІҢ ӨҢЕШІНЕ ЖҰТЫЛЫП БАРАДЫ
Жақында нағашы апамыз қайтыс болып, маған аяқ астынан Өзбекстанға, дәлірек айтқанда Қарақалпақстанның Қоңырат қаласына сапар шегуге тура келді. Бес күннің ішінде визасыз кіріп-шығуға болады дегенді естіген соң, «Маңғышлақ-Қоңырат» пойызына барар-келер билетімізді алдын ала қамдап алдық. Қаралы шаңыраққа бара жатқан соң, оның үстіне Қарақалпақ жерінде дүниеге келіп, он жасымда ата күлдікке қоныс аударған менің де араға 35 жыл салып ағайын-туысқа алғаш баруым. Осының бәрін елеп-ескерген жолдасым да туысқандарға деген ырым-қаделерін молдау алып, қадау-қадау сөмкелерге тоғытты. Онысын онша қош көрмесем де, қарайған жүкті көлік көтереді ғой деп көңіл жұбаттым.
Қалпақ болудан шаршадық...
Сонымен тал түсте жолға шықтық. Біз мінген вагон өзгелерге қарағанда сұрықсыздау, бойы да бәкенелеу екен. Бірақ бар «қызығы» мен «шыжығы» ішінде боп шықты. Қаңтардың соңын ала соққан суық жел түкпір-түкпірді тінтіп, терезенің жақтауына дейін мұз қатырып тастапты. Мінер кезде қызды-қыздымен шешініп, жеңіл киіммен отырғандар аздан соң амалсыздан сырт киімдерін кие бастады. Елуді еңсеріп қалған, селебе мұрт жолсерікке тоңып қалғанымызды, жас балалар ауырып қалатындығын айтып арыздана бастадық. Сәлден соң жалына бастадық. Алайда «Жағып жатырмыннан» басқа жауап естімедік. Арсыз ұйқы да қарын тоқта, қол-аяғың жылыда келеді екен, әншейінде жастыққа басы тисе қор ете қалатындар әңгіме-дүкенге көшкен.
Мен де көрші орында томаға-тұйық отырған отызды орталап қалған жігіт ағасын сөзге тарттым.
- Атым - Мұрат, руым - Әлім. Ата-бабамыз сонау сүргін жылдары Ақтөбенің Ойыл жағынан көшіпті. Аға-апаларым әлдеқашан Қазақстанға көшіп кетті. Қолымда кемпір-шал бар, оның үстіне шиеттей бала-шағаның қамы үшін, оншақты жыл болды, Ақтауда жұмыс жасап жүрмін. Жұмыс таңдамаймын. Қора тазалап, қи шығарудан бастап, үй қалау, ұсташылықтың неше түрін үйрендім. Бірақ, несін жасырайын, табан ақы, маңдай терімізбен тапқан ақшамыздың тең жартысы полицияның қалтасында кетіп келді. Қазақ болсақ та «Қалпақ» деп қорлап, үйлерін салдырып, қораларын қымтап алған соң, еңбек ақымызды бермей, ұрып-соғып, қуып жіберетіндер де кездесті. Адам ит жанды екен. Бәріне де көндік.
Соңғы жылдары жағдай жақсарып келеді. Салығымызды төлеп, заңды түрде 3 айға дейін емін-еркін жұмыс жасап жатырмыз. Осы бара жатқанда да Қарақалпақстан жақтағы шекарадан түсіп қалып, төлқұжатыма қайтадан виза бастырып, 1-2 күнде айналып келемін, -деді Мұрат тыңдайтын құлақ табылған соң, жаймашуақтанып.
Біз әңгімемізді аяқтай бергенде сержант шеніндегі 2 полиция қызметкері әлгі «қалпақтардың» біразын жиып-теріп әкетіп қалды. Ішінде Мұрат та бар. Бірақ сапарласым лезде оралды. Миығынан күліп қояды.
– Бұлар желілік көлік полициясының жігіттері ғой, төлқұжаты дұрыс еместерден 2 мыңнан 6 мың теңгеге дейін жинап алады. Қарсы келсең түсіріп алып қалады. Амалсыз бересің. Менің тәжірибем молдау ғой, оның үстіне қағаздарым да дұрыс, тез жіберді, - дейді жымың-жымың етіп.
Шекарадағы «шатақ» немесе 5 келі сары май
9 сағатты артқа салып Бейнеу стансасына да келіп жеттік. Бейнеу - Қарақалпақстан, Өзбекстан одан әрі Түркіменстанмен де тоғысып жатқан тоғыз жолдың торабы. Темір жол бұрынғы Жібек жолының ескі сүрлеуіне салынған. Жергілікті халық негізгі күнкөрісін осы шойын жолдың бойынан тауып отыр. Бекетке жеткен бойда вагон іші босап қалды, жолаушылар жапатармағай түсе қалып, жол бойындағы сатушылардан Ақтөбенің 5 келілік сары майы мен 5 литрлік шемішке майын «талап» алды десе де болады. «Бақсақ бақа екен» дегендей, Өзбекстанға адам басына осыншама ғана тауар алып өтуге болады екен. Өмір алма-кезек деген осы да. Осыдан оншақты жыл бұрын қазақтар қарақалпақ ағайындардан бөшкелеп шемішке май сатып алып, тонналап азық-түлік тасушы еді, енді жағдай керісінше болыпты. Бізге Өзбек өкіметінің халық тұтынатын азық-түлік тауарларын өздеріне алып өтуге мұншама шектеу қойғандығы түсініксіз боп қалды.
Жол үстіндегі пайдалы бизнестің бірі - валюта айырбастау екен, вокзал басында ақша ауыстыратын арнайы орын бізде де, өзбектерде де жоқ боп шықты. Өзбек ақшасының да құны әбден төмендеп кетіпті. Біздің 1 теңгеміз 20 сумға жуықтапты. Жол үстінде 10 мың теңгесін сумға ауыстырған біздің үйдегі бәйбіше аяқ астынан мол ақшаға кенелді де қалды. Бұрқырған ақшаны қайта-қайта есептеп, вагон аралап тамақ сатып жүргендерден бір кесе палауды 5 мыңға алғанда барып әрең сабасына түсті. Саудагер демекші, сатушыларда құстың сүтінен басқасының бәрі бар боп шықты, киіктің етінен жасалған кәуап, бал татыған палау, тұшпара, сорпа дейсіз бе?..
Қызықтың көкесі таң ата Өзбек шекарасында басталды. Таңғы ұйқысын қимағандарды әлгі селебе мұрт жолсеріктер жұлқылап оятып, сағаттап тік отырғызып қойды. Тексерістің де сан-алуан түрі бар екен. Алдымен ала тақиялылардың жасыл киінген тәртіп сақшылары бізді бір сүзіп өтті. Ізінше кедендік декларация толтыратындар жетті. Иісшіл ит ерткен әскерилер де қойны-қонышымызды құр қалдырмады. Қасымдағылар «қуырдақты көкесі әлі алда...» деп үрейлендіріп қояды. Сөйтсек, нағыз тексеріс енді басталады екен. Әкеле жатқан дүниемізді алдымызға жайып салып, ұятты киімдеріміздің қыртысына дейін тексеруден өтті. Біз біраз дүниелерді артық алыппыз. Адам басына шаққанда Өзбекстанға апара жатқан заттарымыздың «пешенесі пәлен келі, кәмпиті сонша келі болуы керек» екен. Оған «ит басына іркіт төгілген» Қазақстанда өскен, оның үстіне заты әйел сүйген жарым көне ме, кеденшілермен қым-қуыт айқайды бастап кеп жіберді. Не керек, біраз заттарымыз қатталып, кеденшілердің қолтығында кетсе, әкеле жатқан тәттілеріміз аяқ астында тапталып қала берді.
Бір байқағанымыз, өзбек кеденшілері жастардың ұялы телефонына дейін тексереді екен. Онысын өздері жат ағымның діни уағыздары елімізге өтіп кетпесін деген сақтығымыз деп түсіндірді. Біздің «Бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз болмады.
Қарақалпақстанды өзбектендіру саясаты жүріп жатыр
Қарақалпақстандағы қазақтар бірауыздан осылай дейді. Бізбен тілдескен ауыл тұрғындары қазақтар тастап кеткен үйлерді өзбектер алып жатқанын, тіптен Өзбекстанның орталық облыстарынан арнайы квотамен ала тақиялы ағайындар қоныстанып жатқанын айтады. Шынында да халықтың әбден күйі кеткен. Отызды орталап қалған қыз-жігіттердің жанарынан үміт сәулесін көрмейсіз, жүздері шаршаңқы, сөзге сараң. Барлығының арманы атажұртқа жету, Қазақстан Үкіметі жағдай жасаса елге оралу. Өйткені, бір кездері саз балшықтан құйып жасалған, іргесін қамыспен буған үйлер сатуға келмейді. Түртіп қалсаң үгітіліп түсіп жатыр. Ал сатуға жарайтындарын өз-ағамдар тым арзанға сұрайды екен.
Біз көрген шағын ауылдар, бұрынғы ірілі-ұсақ колхоз-совхоздар көгілдір отын көзінен мүлдем ажыратылған. Жарығының өзі жалп-жалп етіп 2 сағат сайын сөніп қала береді. Бір кездері күрішімен атағы шыққан Чапаев совхозы да осы кепті киіп отыр екен. Дені қазақтар мекендейтін, төрт түлік малмен ғана күн көріп отырған ауылда қазақ мектебі жоқ, бірнеше ғана сынып қалыпты. Бір кездері Ұлы көштен қалып қойған қазақтардың ұл-қыздарының алды латын қарпімен оқу оқып, мектеп бітіргелі отыр. Енді ес жиып, елге келгісі келетіндерге бұл да біраз жүк болғалы тұр. Бір кездері қазақ мектебі де мәдениет үйі де болған. Қазір орнында күл-қоқыс қалыпты, шарбағына дейін бұзып әкеткен.
Өзбекстанның батысқа шығар басты қақпасы - Қоңырат қаласының да жағдайы анау айтқандай мәз емес, жаппай жұмыссыздық жайлаған. Көгілдір отынның үстінде отырса да тұрғындар газды басты құбырдан насоспен сорып, үйлеріне әрең жеткізіп, жылытып отыр. Еті тірілері базар жағалап, жағдайы барлар Өзбекстанда шығатын «Нексия», «Дамас», «Матиз» көліктерімен адам тасып, шәй-пұл айырып отыр. Бұл жақта әкім-қарадан басқа полиция мен әскери қызметкерлер ғана бақуат тұрады екен. Мұндай қызметке тұруға іштеріңіз сезіп отырғандай, ұлтыңыз өзбек болуы шарт.
Өзбек билігі «Отау тв-дан» неге қорқады?
Біз аралаған қазақ ауылдарының әрбір шаңырағында өзіміздің кәдімгі «Отау тв» қосулы тұрғандығының куәсі болдық. Әншейінде байқамайды екенбіз, еліміздің телеарналары мұншама тартымды болар ма, 14 облыстың арналарын адақтап, «Қазақстан», «Хабар», «31-канал», «КТК-ларды» қайта қайта қосып мәз боп қалдық.
– Бірнеше жылдан бері осы Отау тв-ны қосып, көзіміз ашылып қалды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың ел алдында Жолдау жасап, болашаққа бағдар жасауы бізді әбден қуантады. Қазақстанның телеарналарынан елдік мәселелер, әлеуметтік жағдайлар ашық айтылады, көптің талқысына түседі. Сөйтіп нәтиже шығып, ел-жұртты қуантып жатады. Күн сайын жақсы хабарлар көрсетіліп, зауыт-фабрикалардың жұмыс жасап, жастардың еңбекке, білімге құштарлығын көріп жүрегіміз жарылып кете жаздайды, қарағым! Біз де сол елге тезірек жетсек екен, Президентіміз бастаған, әлем мойындаған Қазақ елінің бір пұшпағы болып иленіп, кірпіші болып қалансақ екен деген арман мына кәрі жүрегімізге маза бермейді. Біз жетпесек те осы арманға мына шиеттей бала-шаға жетсе екен?! - деп ағынан жарылған Көне қала тұрғыны Зейнұр Ешматов ақсақал тағы бір әңгіменің ұшығын шығарды. Жетпісті алқымдаған ақсақалдың айтуынша, Қарақалпақстанның біраз жерлерінде, тіптен Нөкістің өзінде де құқық қорғау органдары Отау тв-ны жаппай жинап жатқан көрінеді. Себеп - Қазақстанның саясаты Өзбек еліне керағар көрінеді. Жақында қазақ теларналарынан әлеуметтік жағдайлар жиі айтылатындығын көрген қарақалпақ ағайындар да бас қосып, Қара деген жерде жергілікті билікке мұң-зарын шағыпты. Мұндайды түсінде де көрмеген өзбек билігінің зәре-құты қашыпты. Оның үстіне көптеген мектептердің бастауыш сынып оқушылары Қазақстан Әнұранын айтып, тәуелсіз сараптама жүргізушілерге «Президентіміз - Нұрсұлтан Назарбаев!» деп мақтанышпен айтуы да жығылған үстіне жұдырық болыпты.
ТҮЙІН:
Асылы адам баласы бардың қадірін жоқта біледі, жақсы мен жаманды салыстыру арқылы айырады. Біз де бұл анықтан алыстап кетпедік. Көрген-білгенімізді өзімізше түйсіндік, талдау жасадық, қарапайым тілмен оқырманға жеткізуге асықтық. Жаңадан көші-қон заңы шығып, жэат жердегі қандастарымызды қуантар ма екен дәме еттік.
Мен ел-жұрттан жырақта жүрген 4-5 күннің ішінде ондағы қандастарымыздың қанағатшылдығына, төзімділігіне таңғалдым. Құбырындағы суы ақпай, қорасындағы қиы шығарылмай қалса да билікті кінәлайтын, жерден алып, жерге салатын, қарапайым жұмысты менсінбей, мұнайға кіріп, күрпіп қаржы тапқысы келетін, аштан өлсе де саусағын қимылдатуға ерінетін, кемпір-шалдың зейнетақысына, жас баланың жөргек пұлына қарап отыратын ауылдастарым мен замандастарым үшін ұялдым һәм намыстандым.
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай, қолдарын күс басқан, жүздерін тұрмыс қажытқан абыз ақсақалдар мені қол бұлғап шығарып салды. Олардың әрқайсысы көз алдымда ай нұрын жел өпкен, тамырын жер емген бабадан қалған балбалтастарға, құрыштан құйылған құлпытастарға айналып бара жатты.
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Ақтау - Қоңырат - Ақтау.
Abai.kz