Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 10631 0 пікір 20 Ақпан, 2015 сағат 14:36

БІЛІС БАТЫР - СЫР ПЕРЗЕНТІ

Өткен жылдың желтоқсан айының басында сауапты істердің басы-қасынан көрініп жүрген зерделі  азамат, ішкі істер саласының ардагері Аплатын Жүрманбетов телефон арқылы хабарласты. Ағамыз салған жерден: «29 қараша күні "Егемен Қазақстан" газетінде шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Бектұрғановтың Кеңес Одағының Батыры ұшқыш Плис Нұрпейісов жөніндегі мақаласын оқыдың ба?» - деді. Мен онымен танысып шыққанымды және П.Нұрпейісовтің тағдырынан бұқаралық ақпарат құралдарындағы бірен-саран жарияланымдардан  хабарым барын  айттым. Сөзін әрі қарай жалғастырған Әбекең Батырдың Сыр өңірінің тумасы екеніне тоқтала отыра, Нұрпейіс әулетінің ататек шежіресі мен өмір жолының жай-жапсары жөнінде біршама мәліметтер келтірді. Батырдың Қарақалпақстаннан 2001 жылы Алматы қаласына көшіп келген туған інісінен  ағасы туралы материалдардың көшірмесін алдыртатынын да жеткізді. 1941-1945 жылдардағы КСРО - Германия арасындағы соғысқа Қарақалпақстаннан шақырылған П.Нұрпейісовті соңғы он жыл көлемінде бірнеше рет көтерілген қазақстандық батырлар санатына қосу мәселесінің әлі шешімін таппай келе жатқанына қынжылысын да жасырған жоқ. «Осы келелі бастамаға үн қосу азаматтық парызымыз» деп сөзін қорытындылады Аплатын ағамыз.

Содан бергі бірнеше айда К.Адырбекұлының «Жүрек жұтқан» атты деректі повесін (Алматы, 2009), республикалық баспасөз беттерінде әр жылдары жарияланған М.Төлепберген, К.Адырбекұлы, А.Тажутов, Қ.Әділ, М.Құрманов, Ә.Смағұлұлының мақалаларын, Интернет желісінің материалдарын зерделеп, П.Нұрпейісовтің өмір жолы мен майдандағы ерлік істерінің қыр-сырына тереңдей бойладым. 1928 жылы туған інісі Нұрпейісов Юсуптың (Жүсіпбай) ұзақ жылдар бойы жинақтаған құжаттарымен де танысудың сәті түсті. Осы орайда, Кеңес Одағының Батыры атанған үш қазақ ұшқышының бірі П.Нұрпейісовті өз отандастарымыздың қатарына қосу мәселесіне қатысты ойлар мен деректі дәйектерді ортаға салмақпын.

Бірінші, Батыр - Сыр өңірінің перзенті. Бұндай тұжырым жасау үшін ең әуелі Батырдың ата-тегін білу маңызды. Шежіре алға қойған мақсатқа қол жеткізудің негізгі кілті іспетті. Жұртшылыққа мәлім шежіре тіні: Шөмекей – Бозғұл би – Келдібай батыр – Сөйін би –  Бекет би – Ырысымбет би – Шыбынтай би – Қожамберді – Шоқай – Қарсақ – Қойгелді – Нұрпейіс – Біліс болып тарқатылады. Білістің алтыншы бабасы Шыбынтай би (XVIII ғ. басы мен 70-жылдары) Әбілқайыр ханның замандасы. Ресей деректерінде (1748 ж.) Шыбынтай (Чебентай) Сырдың төменгі ағысын мекендейтін ру-тайпаларды басқаратын беделді тұлғалар қатарында аталады. Заманымыздың заңғар жазушысы Ә.Кекілбаевтің «Елең-алаң» романынан да біз Желдер (Сөйін) аталығының төрт бұйда ұстары: Шыбынтай, Жәдік, Алман, Кенже болғанын көреміз. Т.Қартаеваның «Сыр өңірінің қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу» атты монографиясында (Алматы: Қазақ университеті, 2014. Т. 1. 106-109 бб.) Қазалы уезіндегі Шыбынтай-Торыбай рулары 1911 жыл деңгейінде 245 шаңырақты құрайтыны және олардың тек Қарабастоғай болысы аумағында  тұратыны нақты көрсетілген. Батырдың анасы Әлпеш Назарқызы Қармақшы ауданының 10–ауылының (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) тумасы. Яғни, Білістің ата-бабалары мен нағашы жұрты Сыр жерінің байырғы тұрғындары.

Екінші, Батырдың азан шақырып қойылған есімі - Біліс. Кейбір авторлар оны өзен атауына байланысты қойылған деп жазып жүр. Бұл жаңсақ мәлімет. Дұрысы - Біліс рудың атауы. Сөзіміз дәлелді болу үшін ресей деректеріне жүгінейік. Оларда (1820 ж., 1897 ж.) Жағалбайлының Мырза және Лез тармақтарының Ырғыз, Ор, Елек өзендерінің бойын жайлайтыны,  Құмақ, Ор, Сүйіндік, Ырғыз, Қарт өзендерінің маңында қыстайтыны жазылған. Сонымен қатар, Мырзадан 7 ұл тарайтыны, олардың үлкенінің аты Біліс екені көрсетілген.

Сол Білістің бір ұрпағы аса дәулетті Бисен қажы Жаңадария мен Қуаңдария аралығын мекен еткен Қойгелдінің (Білістің бабасы) Ақсүйрік деген қызына құда түсіп, ұлы Мұқанға қосады. Кейіннен Ақсүйрік мезгілсіз дүние салған соң оның артында қалған шиеттей балаларына қамқор болсын деп Қойгелді 1918 жылы күзде Мұқанға екінші қызы жас Жансүйрікті ұзатады. Салт-дәстүрге сай кәмелетке толмаған қызымен бірге ұлы Нұрпейіс пен аяғы ауыр келіні Әлпешті жібереді. Айы-күні жеткен Әлпеш қазіргі Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы жеріндегі Ақтастыда босанып (1919 жылдың бас кезі), ұлды болады. Құдаларының құрметіне нәрестенің атын Біліс қояды. Тағдырдың жазуы осылайша болғанымен Батырдың иісі Алашқа ортақ Сыр бойында підә болғаны, оның қасиетті топырағынан жаралғаны зерделі қауым арасында дау  тудырмаса керек.

1920-1922 жылдарда азамат соғысының ауыртпалығынан (зорлықпен астық жинау, сан алуан салықтар) және табиғи апат - жұт салдарынан халықтың ашаршылық қасіретін көргені жасырын сыр емес. 1919 жылы күзде аулына оралған Нұрпейістің отбасы 1921 жылы ел ішінде орын алған аштықтың тауқыметіне шыдамай Қарақалпақстанның Петро-Александровский (Төрткөл) қаласына  қоныс аударады. Сондағы азаматтық хал актілерін жазу мекемесінің қызметкерлері Біліске туу туралы куәлік толтыру кезінде аты-жөнін Плис Койгельдиевич Нурпеисов (Біліс Нұрпейісұлы Қойгелдиев болуы тиіс еді) деп, туған жері ретінде Петро-Александровскийді жазып жібереді. Кеңестік дәуірде қандастарымыздың аты-жөнін, оларға қатысты басқа да мәліметтерді бұрмалап жазу кең етек алғаны шындық. Бұған арамыздағы аға буын өкілдері куә.

Енді Білістің өр тұлғасы қалай қалыптасты деген сұраққа қысқаша тоқталсақ. Ол А.Луначарскиий атындағы мектептің төрт сыныбын бітіреді (1931 ж.); Түркіменстан Республикасы Чарджоу қаласындағы Орта Азия кеме шаруашылығының кәсіптік-техникалық (ФЗО) мектебін 1935 жылы бітірген соң қысқа уақыт Әмудария Пароходствосына қарасты «Альбатрос» катері капитанының көмекшісі болады; 1935-1937 жж. Төрткөл қаласындағы Қарақалпақ мемлекеттік мұғалімдер институтының (қазіргі Нүкіс мемлекеттік пединституты) физика-математика факультетінде оқып, үздік бітіреді; 1937-1939 жж. Төрткөл медицина училищесінде, Тақтакөпір ауданы В.Ленин атындағы орта мектепте мұғалім; 1940 жылдың басында әскерге шақырылып, көп ұзамай Украинаның Мелитополь қаласындағы үшжылдық ұшқыш-штурмандар даярлайтын әскери-әуе училищесінің курсанты атанады. Оқуын аяқтамай жатып, 1941 жылдың күзінде  КСРО-Германия арасындағы соғыс қимылдарына қатысады. Білістің майдандағы жолын бір мақала шеңберінде суреттеу мүмкін емес, әрі бұл тақырып көптеген жарияланымдарға арқау болғандықтан, біз жерлесіміздің алған наградалары мен марапаттарына ғана тоқталғанды жөн санадық.

Жоғарғы Бас командование резервіндегі №47 гвардиялық алысқа ұшатын авиациялық барлау полкінің ұшқыш-барлаушысы, аға лейтенант П.Нұрпейісов 1944 жылғы 21 шілдеде 17 рет әуеге көтеріліп, неміс-фашистерінің алыс тылында әскери барлауды табысты орындағаны үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен; 1944 жылы 15 тамызда 14 рет ұшып алыс әскери барлауды үздік орындағаны үшін екінші жауынгерлік Қызыл Ту орденімен; 1944 жылғы 12 желтоқсанда 19 рет ұшып алыс әскери барлауды үздік орындағаны үшін I дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған. Бұларға қоса II дәрежелі Отан соғысы ордені де болса керек. Авиация маршалы А.Новиков оны арнайы алтын сағатпен марапаттаған. Әскери командованиеден алған Алғыстары өз алдына бір төбе.

Украина мен Белоруссиядағы партизан құрамаларының басшыларын (С.Ковпак, А.Федоров, т.б.) әуемен Мәскеуге және кері қарай тасу сынды өте жауапты әскери тапсырмаларды орындау - оның ұшқыштық қызметінің бір саласы.

Жинақтаған тәжірибесі, машығы мен дағдысы, білімі мен білігі, тапқырлығы мен шеберлігі ұшқыш Біліске  майдан аспанында немесе жерде  кездеспей тұрмайтын сындарлы сәттер мен шытырман жағдайлар (әскерлер, соғыс нысандары, техникаларды суретке түсіру мен жою, жердегі зениткалардың атқылауы, фашист сайыпқырандарымен әуедегі жекпе-жектер, неміс әскерлері тылына мәжбүрлікпен қону, партизандар отряды операцияларына қатысу) күрмеуінің шешімін шұғыл әрі шығармашылықпен табуға мүмкіндік беріп отырған. Батыр туралы қолда бар материалдар қосынымен танысу барысында бұған көзіміз әбден жетті.

Кеңес әскерінің Берлин бағытындағы операцияларын жүзеге асыру ісіне атсалысу - оның батырлық эпопеясының жарқын беттері. Ерлікке толы оқиғалар желісіне П.Нұрпейісовке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы 1945 жылғы 5 сәуірдегі ұсыныстан қаныға түсеміз. Ресми құжатта: «1945 жылы 22 наурызда ол Берлинге кезекті үшінші рет ұшып, қала үстін үш рет кесіп өтті. Зенит артиллериясының күшті атқылауынан аман өтіп, Берлинді фотосуретке түсіру тапсырмасын үздік бағаға орындады.

1945 жылдың 26 наурызында П.Нұрпейісов экипажына Берлин маңындағы екі жау аэродромына барлау жасап қайту тапсырылды. Ол бұл тапсырманы да үздік бағаға орындап, қайтар жолында өзінің бастамасымен Берлин қаласының орталығына ұшты. Зенит артиллериясының үздіксіз атқылауынан және истребительдердің орналасуынан қорықпай қала орталығының батыс жақ бөлігін фотопленкаға түсірді. Соңынан қуғынға түскен истребительге тактикалық әдіс-айла жасай отырып, ұшақты зенит оғынан аман-есен алып шықты. Истребительдердің қуғындауынан сытылып шығып, командованиеге қарсыластар жөнінде аса маңызды мәліметтер жеткізді. Ол фотосуретке түсіру арқылы 279 темір жол эшелонын, 10338 вагондар мен платформалар, 50 паровоз, 5796 автокөлік, 11 аэродромдағы 422 ұшақты және сонымен қатар Берлин қаласымен сол аудандағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін ашып берді.

Алыс қашықтықтағы жау тылына 100 рет ұшып барып, жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындауда ерлік пен батылдық көрсеткені үшін П.Нұрпейісов Үкіметтің ең жоғары наградасы - Кеңес Одағының Батыры атағын, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалін қоса алуға лайықты» делінеді.

Жоғары Бас Командование бекіткен Берлинді стратегиялық шабуылдау операциясының 19 сәуірде басталған 2-кезеңінде фашистердің астанасы толықтай қоршалып, әскерлері бөлшектенгені аян. Тікелей Берлинді алу шабуылдарын (операцияның 3-кезеңін) бастау мерзімі 25 сәуірге межеленгені де белгілі. П.Нұрпейісов қызмет ететін полк экипаждарының барлауға ұшатын соңғы күні 23 сәуір болып белгіленуі, айтылғандарға тікелей байланысты.  Сол күні құрамында П.Нұрпейісов бар экипаж (командирі - К.Дунаевский, радист-атқышы - А.Волков) Берлин үстіне үш рет ұшу барысында алдын ала берілген тапсырмаға сәйкес қаланың қорғаныс жүйелерін түсіріп қайтады. К.Дунаевский мен П.Нұрпейісов жоспардан тыс төртінші мәрте ұшуға өздері сұранады. Полк командирі Т.Р.Тюрин кезекті экипаждарды ұшыру қажеттігін, радист-атқыш А.Волковтың науқастанып қалғанын сылтауратып, бірнеше рет рұқсатын бермейді. Батыр ұшқыштар дегеніне жетпей қоймайды, ақыры. Аспанға самғаған «Ту-2» ұшағы Берлин үстінде зенитка атқылауынан зақымданып, іле қуалаған истребитель оқтарынан жана бастайды. Экипаж командирі К.Дунаевскийдің парашютпен секіру туралы ұсынысынан П.Нұрпейісов пен С.Конов (А.Волковтың орнындағы) үзілді-кесілді бас тартады. Ұшақ қаладағы аэродромға қарай бұрыла құлдилап, сондағы әскери техникамен бірге отқа оранады. Есіл ерлердің соңғы сапарларында да фашистерге орасан шығын келтіргені сол кездегі ұшқыштардың ресми баянаттары мен түсірген фотосуреттері, қаруластар естеліктері негізінде  құжатталғанын айтуға тиіспіз.

Батырлардың қабырғаны қайыстырар қазасының мән-жайы өзекті өртер өкінішке толы: 26 жастағы Білістің бір басын екеу ете алмай, ұрпақсыз кетуі; К.Дунаевскийдің уәде байласқан қалыңдығының көз жасына қарамай  ұшуы; С.Коновтың экипажға кездейсоқ қосылуы, т.с.с.

Бұл қазаның ұрпақ үшін тағылымы да мол. Ең негізгісі – отаншылдықтың ғибрат-үлгісін көрсетуі, осы жолда ақылға қонымсыз әрекеттер, өлшемге келмейтін қадамдар арқылы олардың әрқайсысының көзсіз батырлыққа баруы. Тағы бір өнегесі, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғандарын біле тұра (П.Нұрпейісов, К.Дунаевский), тоқмейілсімей, жоғары атақтың шапағатына бөленуді ойламай сапарға өздері сұрануы. Ұтымды өмір сүруге бейімделген бүгінгі қоғам мүшелерінің кейбірі бұны түйсіне бермейтін де шығар. 

Біліс аласапыран кезеңде дүниеге келіп, нәубет-зобалаң заманда ер жетті. Ел-халқының мұң-мұқтажын жастай түйсінген оның мұраты білімді азамат болу еді. Бұл жолда білікті бағланды  тамырын тереңнен тартқан өжеттік, өткірлік, қайсарлық, намысқойлық, мәрттік, ұлтжандылық, т.б. бір бойында үйлесімін тапқан қасиеттер алға итермелегені анық. Аман жүрсе,  елге белгілі ғалым немесе қоғам қайраткері атануы уақыт еншісінде болатын. Бірақ, ол тарихта ұлы бабаларының батырлық дәстүрін жалғастырған Қаһарман ретінде қалды. Миллиондарды жалмаған сұм соғыста саналы түрде  жанқиярлық ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп, опат болған Біліс батырдың даңқы мәңгі өшпек емес.

XX ғасырдың еншісіне тиген адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста қазақтан 97 Кеңес Одағының  Батыры шығыпты. Қазіргі күні бұл көрсеткіш басқа елдерге телініп келген батыр қандастарымызды қатарымызға қосу есебінен 103-ке жетіп отыр. Батырларымызды насихаттау, олардың рухы мен мұрасын қастерлеу өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеудің негізгі ұстыны. Олай болса, Мәңгілік Ел бағдарын ұстанған мемлекетіміз үшін ұлт қазынасы болып табылатын батырларымызды  дәріптеу ісіне сергек қарағанымыз абзал.

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы карсаңында Біліс Нұрпейісовтің есімімен Қызылорда қаласында бір көшені атау  оны қазақстандық батырлар санатында ресми танудың бірден бір жолы. Сонымен қатар бұл қадам жерлесімізді одан әрі ұлықтау шараларының алғышарты болар еді.                                                                 

Қали ОМАРОВ, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар  академиясының мүшесі

Abai.kz


0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051