Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 6057 0 пікір 20 Ақпан, 2015 сағат 14:19

ҚАЗАҚ ҚАНДАСЫН ҚАЛАЙ ҚАНАЙДЫ?

Қазақстандағы құн нарығының құбылмалығы қазір ғана байқалып отырған жоқ. Ол еліміз нарықтық қатынастарға көшкен 1990 жылдардан бері қалыптасқан заңдылыққа айналған. Тұрғындардың баға көтерілуіне еті үйренгені соншалық, оның алдын алу шарасы ретінде дүкен сөрелеріндегі тұтыну заттарын молырақ сатып алуға бейіл. Әсілінде, бұл әрекет «советтік» сананың сарқыншағы еді... Өткен заманның ұрпағы тауар мен киім-кешек дефицитін осылай шешіп үйренген болатын. Осы мінез қазақтың қазіргі буынына да жұққаны өкінішті енді...

Айтпағымыз ол емес, отандық экономиканың сауда нарығындағы баға өсімін қолдан жасау және оны тұтынушылардың мүмкіндігін ескермей қолданысқа жіберу жайлы болмақ. Соңғы айларда Қазақстан нарығында бір қатар тұтыну заттары мен өндірістік тауарлардың бағасы «құлады». Таза шикізаттық экономикада импорттық өнімдерге иек арту қалыпты жағдай болғандықтан, «үйдегі көңілді арғы беттегі баға» бұзатыны анық. Бірақ, өзіміздің өндірісте жасалған тұтыну заттарының арзандауы нені көрсетеді? Біздің жағдайда бұл факторды Ресейдегі экономикалық қиындықтар мен рубльдің құнсыздануымен түсіндіру күлкілі болар еді. Өйткені, «қазаны басқаның, қайғысы басқа...» Қызығы сол, импорттық тауар құнының төмендеуі ауыл-елдегі шаруаның дайындаған сүті мен сойған тауығының етіне белгіленетін бағаға да әсер етіп жатыр. Рас, өзіміздің өнім өз, қайсы қазақстандықтың аузынан табылады? Оның сыртында бәсекеге қабілеттілік деген тағы бар... Бұл себептердің астарын айшықтап түсіндіруді сарапшылардың еншісіне қалдыра тұрып, таза қазақы факторға көшелік. О бастағы айтпағымыз да осы болатын.

Біздің есебімізше, отандық нарықтағы кез-келген тұтыну заттарына (оның дені сырттан тасымалданатындар) өзіндік құнды алып тастап есептегенде... 60 пайыздан 110 пайызға дейін үстеме баға қойылады. Бұл үрдіс, әсіресе, киім-кешек, тұрмыстық қолдану заттары мен құрылыс материалдарына қатысты тіптен шырқап кетеді. Мысалға, Алматының «Барахолкасындағы» тауар бағасын қарастыралық: түріктер тіккен сәнді бір пар кәстөм-шалбардың бағасы 500 АҚШ доллары деп алайық, бұл - оның бастапқы құны мен тасымал шығыны, кедендік салықтарды қосып есептегендегі құны. Ал, дәл осы заттың сол елдегі көтерме саудадағы бағасы 100 доллардың шамасында екені анық. Шығындарды ең жоғарғы көрсеткішпен есептегенде, әлгі тауардың әр данасының құнына 100-150 доллар қосылуы мүмкін. Демек, сырттан тасымалданатын кәстөмнің нарықтағы құны 250 долларға жетті. Еңбек ақы мен орынға төлейтін шығынды тағы қосайық, ары кеткенде 300 долларға өссін. Қайталап айтамыз, бұл сатылымдағы тауардың әр данасынының шығыны мен кірісі, ал саудагер қауымы жалғыз шалбар үшін шекара аспайтыны белгілі... Долбарымызға оралсақ, сонда кәстөмнің бағасына артық қосылған 200 доллар кімге жұмыс жасайды? Таза саудагерге ме? Әлде, жалпы экономикаға ма?.. Ал, осы тауарды сатып алушының артық төлеген 200 доллары ше?

Былай қарасаң, жалпы қарабайыр түсінікке салсаң, бұл өзі таза қанаушылық болып шығады. Қанағатсыздық жайлаған қоғамда кіріптарлық пен қылмыстың өршитіні дәлелденген жайт. Бізде дәл осы құбылыс ұлттық деңгейде тамырланып алды. «Есектің артын жуып, мал табу» мен дайын тауарға 110 пайыз үстеме қосып сатып тұтынушыны қанау екі басқа нәрсе шығар?..

Салдары ауыр осы жайттың ұлттың мінезіне жұққаны соншалықты, сауда мәдениетін сіңірумен бірге жылдам пайда табу әрекетін де үйрендік. Қазақтың байығаны жақсы, тек ол екінші қазақтың маңдай терін сығып алу арқылы жүзеге аспауы тиіс еді... Мүмкін, біздің өз күнімізді өзіміз көруге бағытталған тіршілігімізде бұл ақталатын әрекет шығар, бірақ, мемлекеттегі халықтың тіршілік қағидаттарын реттейтін тетіктің жоқ екенін (болса ескіргенін) мойындауымыз керек-ақ.

Енді тақырыбымыздың неліктен «Қазақ қандасын қалай қанайды?» деп қойылғанын айтайық: менің бір көршім бар, Балқаш көлінің маңындағы ауылда жайлайтын әке-шешесі ала жаздай шөп шабады. Оны Алматы іргесінде тұратын баласының үйіне жер қарада тасып, үйеді. Қара күзде теңделген жоңышқаның бағасы 500 – 800 теңгенің аралығында болған, екі-үш ешкі асырайтын басымыз аз-мұз мал азығын алғанбыз. Әлгі көрші сол шөпті шақтап сатты да, қалғанын қысқа сақтады. Жалынғандарға да жібімеді, сондағы уәжі: «Қымбаттаған кезінде сатамын...». Ауылда атамекенге оралған қандастар тұрады. Әр екінші үйде қой, сиыр бар. Ал, көршіміз қазір қалған шөпті сатып жатыр. Сол күйі құрғақ, жап-жасыл қалпы. Тек... бағасы өскен. Әр бумасы 1200-1500 теңге ғана...

«Құдай-ау, егер біз өзімізге қажетті 200-300 теңдеме жоңышқаны қара күзде сатып алатындай қаражатты болсақ, қазіргідей қымбатқа ұрынбайтын ек қой...» дейміз. Дей салғанымызбен, көршінің жоқ жерден тиын сауып отырғанын бәрібір ішіміз жақтырып тұрған жоқ еді...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062