МУСИННІҢ ӨМІРБАЯНЫ БАЛАҒА ҚАЖЕТ ПЕ?
«Шымкенттік этнолог орта және жоғары білім беру мекемелеріне «Тұлғатану» пәнін енгізуді ұсынып отыр» деп хабарлайды КТК.
Профессор Аюбай Құралұлы оқушылар бірінші сыныптан университет бітіргенге дейін Абылайхан мен Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап Аслан Мусин, Бекболат Тілеуханға дейінгі сияқты азаматтардың өмірбаяндарын білулері қажет дейді. Бұл үшін он мыңға жуық адам туралы көптеген кітап құрастырған. Мұны мектеп мұғалімдері де қолдап отыр.
25 жылдан бері этнологияны зерттеп жүрген ғалым Аюбай Құралұлы қазақтан шыққан хандар мен батырлардан бастап, өнер жұлдыздары мен спортшыларды да оқулыққа енгізбекші. Он мыңға жуық танымал адамдарды зерттеп шыққан ол 70 кітапқа 2700 тұлғаны сыйдырған.
«Теледидарда, жалпы медиада ғалымдар туралы мақала аз, олар туралы бағдарлама д жоқ. Бәрі – сол шоу-бизнесті насихаттау. Ал ғалымдарды насихаттайтын кім? Ешкім жоқ» дейді этнолог-ғалым.
Өзі «Тұлғатану» деп атаған пәнінен тіпті істі болып отырған экс-премьер Серік Ахметов туралы да біле аласыз. Әзірге бұл пән Аюбай Құралұлының өзі дәріс беретін педагогикалық институт студенттеріне қосымша сабақ ретінде оқытылып жатыр. «Нәтижесі де жаман емес» дейді педагог.
Ал мектеп мұғалімдері этнологтың бастамасын бізден естісе де бірден құптай кетті. Тек қазір мектептерге берілген сағат тарихи тұлғалар түгілі маңызды уақиғаларды түсіндіруге де жетпейтінін алға тартуда.
Қарапайым ұстаздар қолдап отырған оқулық шенеуніктердің назарына әлі ілікпепті. Енді Аюбай Құралұлы бұл ғылыми еңбегін жаңалық ретінде 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шығармақ. «Әйтпесе, өкінішке қарай, өскелең ұрпақ Абайдан гөрі Тиматиді, Қаныштан гөрі Бейонсті танитын хәлге жетті» дейді ұстаз.
Бұл бастамаға әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі қарсы шығып отыр.
Расында да, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар әйгілі ақын-жазушылар – әдебиет пәні, хандар, билер секілді тарихи тұлғалар – тарих оқулығы бойынша онсыз да оқытылып жатқан жоқ па? Танымал сахна саңлақтары, спорт майталмандары болса, олардың өмір жолдары «Аңыз адам» журналында жан-жақты жазылып жүр. Ғаламтордан да талай мәлімет табуға болады. Оның үстіне, қазіргі мектеп бағдарламасы онсыз да ауыр: екі оқушының бірі керемет меңгеріп кете алмайды. Балалардың біразы қосымша сабақтарға қатысуға мәжбүр. Олардың басын одан бетер қатыра берудің қажеті қанша?
Сосын (әрине, біздің қолымызда әлгі 2700 тұлғаның тұтас тізімі жоқ), мысал үшін, Аслан Мусин мен Серік Ахметовтің өмірбаянын оқыған-оқымағаннан оқушыға келіп-кетер не бар? Олардың іс-әрекеті жұртшылықтың былай да көз алдында емес пе? Әрі, жасыратыны жоқ, балаларымызға сондайлық үлгі тұтар тұлғалар ма солар?
Abai.kz