Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзім... 6397 0 пікір 3 Ақпан, 2015 сағат 13:35

Әміржан Қосанов. БЕЛГІСІЗ БЕЙІТ ПЕН БІЗДЕГІ ЕКІ ТҮРЛІ КУЛЬТ

Өткен аптада Сауд Арабиясының королі Әбдулла ибн Әбдул Әзиз қайтыс болды. Арманы жоқ екен: тоқсаннан асты, талай жыл ел басқарды, отыз рет үйленіпті, жеті ұл, он бес қызы қалыпты артында. Күллі мұсылман өзіне парыз санайтын қажылыққа баратын қасиетті Мекке мен Мәдина орналасқан ерекше мәртебелі мемлекет. Ондай елге билік жүргізудің өзі аса құрмет әрі міндет емес пе?

Өзі басшылық еткен елдің де әлеуметтік экономикалық жағдайы жаман емес. Құдай бере салған мұнай арқылы бұл саудтар ОПЕК секілді беделді ұйымның белді мүшесі боп, бүкіләлемдік геосаясатқа өз ықпалын жүргізіп келеді.

Әрине, Сауд Арабиясында абсолюттік монархия болды, демократиялық құндылықтар үстемдік құрмады, әсіресе, әйелдердің құқы шектен тыс шектелді (мәселен, нәзік жандар автокөліктің руліне отыра алмайды, бірақ жеке бизнес жасай алады), мемлекет зайырлы заңдар негізінде өмір сүрмеді деп сын айтуға да болар. Бүгінгі әңгіме ол туралы емес.

Бүгінгі әңгіме Ислам дінінің өзіндік бір жолын қабылдап, мемлекеттік идеологияға айналдырған Сауд Арабиясындағы бір дәстүр туралы.

Басқа корольдер секілді Әбдулла да бұл жолы қабір басындағы белгіге аты-жөні жазылмаған бейітке жерленді.

Әрине, «әр елдің салты басқа, иті - қара қасқа». Мен «мұндай салт дұрыс және оны басқа елдерде де енгізу қажет» деп айтқым келіп отырған жоқ. «Басқа біреудің шіркеуіне өз жарғыңмен кірме» деген сөз бар. Саудтар өз салтына өздері ие болсын, қазақтың жолы бөлек.

Менің айтқым келгені мынау: не дегенмен дәл осы үрдіс әр адамның, соның ішінде тірі кезінде билік пен байлыққа кенелген кез - келген тұлғаның өмірі мен өлімі жайындағы философиялық символизм туралы ойға жетелейді, көзі тірісінде билікке де, байлыққа да тоймаған ашкөздерді бір сәтке болса да тәубасына келтіре алатындай түйін туғызады.

Ол ойлар бүгінгі Қазақстан үшін өте-мөте маңызды.

Өйткені, бізде екі түрлі культ орнаған.

Бірі - билік культі. Баланың өзін кішкентайынан «азамат бол, батыр бол, шыншыл бол, әділетті бол, қиналғандардың қорғаны бол!» деп емес, «әкім бол, министр бол, сот бол, прокурор бол, банкир бол, әйтеуір, бір бастық бол, мүмкіндігінше қазіргі тазы заманның түлкісі бол, әртүрлі жағдайға бейім болуға ұмтыл!» деп тәрбиелейтініміз өтірік пе? Тіпті, жаңа заманның осындай тілектері тосттарға ғана емес, аталы ауыздан шығуға тиіс баталарға еніп кетті ғой!

Әрине, шенеунік не сот болып, мемлекетіңе қызмет еткенге не жетсін. Ол да бір абырой.

Бірақ бізде «мінгені есек, айтқаны өсек, тұла бойы - есеп» тұтас бір әлеуметтік құрам қалыптасып келе жатқан жоқ па?

Өйткені (және де осы жайтты мойындайықшы!), осы «билікке бар немесе оған бір табан жақын бол» деген ниетте басқа ойлармен бірге «мұғалім не дәрігер секілді бейшара күн кешпейсің, бай-бақуатты боласың» деген түпкі ой-пиғыл жатыр емес пе? Және де ондай пендешілік үміттің астарында биліктегі адамның жалақысы емес, оның бюджет қаржысын бөлуге араласа алатыны, кем дегенде біреуге жасаған жақсылығы үшін «орамал да», «тон да» алатыны туралы болжам-мүмкіндік жатыр! Мұның өзі біздегі екінші культке тікелей байланысты.

Ол – байлық культі. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда!». «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін!».

Әрине, лайықты өмір сүріп, дәулетің тасығанға не жетсін! Ол әрбір адамның әбден орынды арманы. Және де кез келген мемлекет ол үшін тиісті жағдай жасауы керек! Әсіресе, Сауд Арабиясы секілді мұнайға кенелген Қазақстанға бұл талап тікелей қатысты. Бірақ, қатысы болғанмен, өз басын ғана ойлайтын биліктің оған еш «шатысы» жоқ сияқты!

Сонымен бірге, атам қазақта тағы бір сөз бар: «ұрлықпен келген малда қайыр болмайды».

Айналаға қараңызшы, ауылыңыздағы не қалаңыздағы ең биік, ең көркем, ең астамшыл, ең қымбат коттедждің иелері кім?

Егер де ол заңды түрде салық төлеп, миллиондаған табыс тауып жатқан жергілікті кәсіпкер болса, не кінә таға аласыз? Байысын, жұмыс орындарын ашсын! Тағы да мойындайықшы: біздің жағдайда ондай ғимараттардың қожайыны міндетті түрде не жергілікті әкім, не прокурор, не сот, не кеденші боп шықпай ма? Ал құжаттарына келсек, ол байлықтың иесі оның не жұбайы, не қайынатасы боп шығады. Өйткені, ондай үйде тұру үшін сол әкім кемінде он жылдық жалақысын бір тиынын жұмсамай жинау керек!

Осы жалған иеліктің астарын айтпай-ақ түсінетін халықтың санасы мен жүрегінде қоғам тыныштығы мен тұрақтылығына аса қауіпті тағы бір ой пайда болады. Пара арқылы келген осынау байлық иелерін ел іші жақтырмайтыны рас емес пе? Және де ол жемқорларға осындай жағдай жасап жатқан басқа біреу емес, дәл қазіргі саяси жүйе екенін ауыл мен қаладағы ағайын жақсы түсінеді. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді дегендей.

Сондықтан да шын мәнінде «әлеуметтік араздық» пайда болуына негіз жасап жатқан осы жәйттерді ашық айтып жүргендер емес, нақ бүгінгі биліктің өзі боп шығады!

P.S. Өмір деген өзі бесіктен бейітке дейінгі жол ғана.

Сол бейіттегі белгіңде сенің аты-жөнің ғана жазылады. Асып кетсе, атқарған қызметің аталар (бірақ сені бейітке жерлеуге әкелгенде ол қызметте басқа біреу отырады). Үлкенді-кішіл атақтарың да көрсетілер. Мүлкіңнің саны мен есеп-шоттарың онда көрсетілмейді.

Уақыт өте, ол белгі жермен-жексен болады.

Бірақ сен туралы сөз өшпейді. Артыңда тек атың, жасаған жақсы не жаман істерің туралы сөз қалады...

 

Абай.kz 

 

Дереккөз: «Ашық алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, №3, 29  қаңтар 2015 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373