МЕМЛЕКЕТТІК КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ ҚАЖЕТ
Мұндай ойды ҚР Патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов көтеріп отыр.
Экс-сенатордың пікірінше, құрылатын болашақ ұйым тап осылай – яғни, «Мемлекеттік көші-қон қызметі» деп аталғаны жөн. «Бұл ұйым тек қана Мемлекет басшысына бағынатын болса және Қазақстанның шекарасынан бері өткен адам мен әрі өткен адамның әрбірін жіті қадағалап, бақылап отырса!» дейді саясаткер.
Ғ.Қасымов көші-қон саясатын ұлттық қауіпсіздігіміздің ең негізгі мәселесі деп қарастырғанды құп көреді. Оның айтуынша, егер әлгі ұйым құрылып, тәртіп күшейетін болса, елімізге көрші елдерден көптеп келіп жатқан келімсек-гастарбайтерлер тасқынына да едәуір тосқауыл болар еді. Қазір әлем елдерінің көпшілігі сырттан келетін жұмыс күшінің шамадан тыс көбейіп кетуінен зардап шегіп отыр. Бұл қатарға «меймандары» мейлінше артып кеткен Ресей де кіреді.
«Бізде қазір шетелдіктерді кім көрінген шақыра беретін болды: туристік ұйымдар, жергілікті атқару органдары, министрліктер... Сосын ол келімсектер қайда кетеді, жалпы олар кімдер өздері – біз мүлде қадағаламаймыз. Кешегі Франциядағы жағдай бәрімізді де ойландыруға тиіс. Көші-қон саясаты жүйелі жүргізілмеген жерде ондай мәселе туындамай тұрмайды. Сондықтан біздің елде де көші-қон саясаты ешқандай ведомоствоның, тіпті Ішкі істер министрлігінің де құзырында қалмауы керек! Бұл сала тікелей Елбасының өз бақылауында болғаны жөн» дейді Ғани Қасымов.
Елдегі көші-қон қызметінің қазіргі жай-күйі мен бағыт-бағдары шеттегі мың-миллиондаған қандастарымызды Атажұртына оралтудан гөрі сол әлгі келімсектер мен гастарбайтерлерге жолды кеңірек ашып тұрғанын ескерсек, бұл салаға құрылымдық тұрғыдан да, мақсатты һәм жүйелі жұмыс жөнінен де үлкен өзгерістер керек екені анық.
Abai.kz