Жұма, 22 Қараша 2024
Бірлік 11502 23 пікір 1 Сәуір, 2017 сағат 17:33

«ЭКСПОҒА» КЕЛІҢДЕР, ҚАНДАСТАРЫМ!

Дүние жүзіндегі қазақтарына үндеу жыр

«Экспоға» келіңдер, қандастарым,

Тойдың тойға тілеңдер жалғасқанын!

Шақырады сендерді Қазақстан,

Ән кернеген әр күні таңғы аспанын!

 

Шақырады сендерді Ұлы Далаң,

Бақ дарыды, құт қонып бүгін оған.

Күтіп отыр сендерді құшақ жайып,

Жасыл желек жамылған тұнық алаң!

 

Шақырады сендерді Ер Нұрекем,

Тәуекелге байлаған белді бекем!

Қазақ қазақ болғалы дәл осындай,

Бағы жанған заманды көрді ме екен?!

 

Қолын алып, сәлем бер дана Атаңа,

Алсын аппақ батасын бала-шаға.

Астананың аралап бар көшесін,

«Жәрмеңкені» ерінбей тамашала!

 

Сені күтіп тұр бүгін Дала мына,

Құт дарысын әр басқан қадамыңа!

Ару қыздар, шашыңды тарат келіп

Майда қоңыр Арқаның самалына!!

 

Есілге кеп тұп-тұнық жу бетіңді,

Қалдыр аппақ айдынға суретіңді!

Ән мен жырға таңырқат бар әлемді,

Ұйықтамастан жалғап бір күнге түнді!

 

Жұртың дайын қазақтың даласында әр,

Отаныңнан сенің де аласың бар.

Көргендерің бөленіп қуанышқа,

Көрмегендер, арманда қаласыңдар!

 

Сауық құрып, десең бір дем алайын,

Астанаға биыл жаз кел, ағайын!

Ішем десең, сар қымыз сапырулы,

Жейім десең, жал-жаяң және дайын!!

 

Ұлы тойдан жайың жоқ бөгелетін,

Қоздыр қоңсы жұртыңның делебесін!

Әнін тыңдап Димаштың қарыс жерден,

Қанатыңның көріп қайт төбелесін!

 

Отаның бар Ордасы сегіз қанат,

Тойдыр келіп дүниеге көзіңді абат!

Мақтанады Нұрекем жер жүзіне,

Тұрғыздым деп іргесін өзім қалап!

 

Қазағың бар даласы кең керілген,

Қуат алған жел менен Жерге Күннен...

Қоржыныңды қомпайтып кел, туыстар,

Өмір бойы бар жиған-тергеніңмен!

 

Елбасың бар кең иық, қарыс маңдай,

Айбатымен ықтырған арыстандай!

Тілеп жүрмін қандастар келсе екен деп,

Ұлы тойдан осынау қағыс қалмай!

 

Тәуекелдің тосылмай мін кемесін,

Отансыз ел, білесің, мүлде жетім!

Ат байлары қазақтың – Қазақстан,

Жортып-жортып түбінде бір келетін!

 

Жатқамыз жоқ сүрдекті қайта басып,

Тың әлемнен жол таптық тайталасып.

Келем деген қазаққа басы бүтін,

Ұлы Еліңінің құшағы айқара ашық!

 

Келмейді енді қатал қыс, долы көктем,

Көз сал келіп Елімнің жолына өткен.

Айналаның бұл күнде сыры мәлім,

Мұндай тойды жасайды қолы жеткен!

 

Жоғалтпаған халықпыз өр мінезін,

Қонағына ұсынған төрдің өзін.

Сарыарқаның төсіне – Астанаға,

Ағылатын сенің де келді кезің!

 

Болды ұқсаса қазаққа шын есімің,

Пәтер біткен ашқалы тұр есігін.

Тіршіліктің байланбай күйбеңіне,

Өзгелерден бұрын кел бір-екі күн!

 

Қалды алыста замандар желі басым,

Ел таныған салтың бар беріп асын.

«Экспоның» тартылған кермесіне,

Бірінші боп байлансын сенің атың!

 

Берсін Есіл мәңгілік тұнық аға,

Куә болып сымбатың, сырыңа да...

Сендерменен көрікті Қазақстан,

Сендерменен айбатты Ұлы Дала!

Ауыт Мұқибек

 31.03.2017

Астана

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3198
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5099