Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әдебиет 7468 2 пікір 3 Сәуір, 2017 сағат 10:09

Ерғали Бақаш. Желтабан

Өзденбай ауылы жайлауға ор­нық­қан соң көп кешікпей бие байлады. Жылдағыға қарағанда биыл жылқылары іш тастаудан аман. Екі жыл құлын тастаған қасқа бие құлындапты. Сүп-сүйкімді қап-қара құлын! «Мен мал танысам, осы қара құлын бәйге ат болады. Күн шақырайып, не жаңбыр төпеп тұрса да түу алысқа көз жүгіртіп, елеңдеп тұрады, бұл жүйрік болар жылқының бір белгісі. Әне, көрдің бе, қалған құлындардың бәрі ыстыққа шыдамай басын жерге салып өлеусіреп тұр. Ал қара құлын ноқтасын үзердей тартынып, анда-санда басын шұлғып қояды. Әй, бәйбіше, қасқа биені ертеңнен бастап ағытып жіберейік, оған бола сабаң ортайып қалмас» деді бұйыра сөйлеп.
Көз ашқаннан Қамбар ата тұқымына етбауыр болып өскен Өзденбай кәрі қасқаның бұл соңғы құлындауы екенін сезгендей. Сондықтан да еркін жүріп оттығуын қалады. Әрі қара құлынды желі басына ноқталап қоюды дұрыс көрмеді. Ішкі есебі, жабағы шыққанда қолға алып бабына келтіруді ерте бастан бастап кету еді… Бір жағы бөгенайы бөлек жылқыға ит-құс та өш келеді дегендей… Сөйтіп, қара құлын желіге көгенделмей жылқының ішінде бос жүрді. Бірақ Өзденбай көзден таса қылған жоқ. Ертелі-кеш жылқы көздеуге шыққанда, сайын далада ойнақтап жүрген қара құлынға қарап, қам-қайғысыз балалық шағын еске алады.
Ұшы-қиыры жоқ кең алқапта оның да армансыз, бақытты күндері өткен еді. Әкесінен айрылып, бір-ақ күнде жетімдік тағдырға ноқталанды. Әкесі Қасым алды кең, жарлы-жақыбайға қол ұшын беріп, қарайласып жүретін иманды адам болатын. Жастай жетім қалған оған Қапшық ауылының тұрғындары құрметпен қарады. Бәрі сол жақсы әкенің беделі. Шешесі Мақпыш жалғыз ұл деп бетінен қақпай шолжаңдау өскен Өзденбай ұнжырғасы түсіп, бордай үгіліп кете ме деп қорқып еді. Басына түскен ауыр қайғы қайта есейтіп жібергендей болды. Оның зерек, малсақ қылығына шешесі қабағат шаттанды. Әкесі құрап беріп кеткен малға ие болып, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырса менде не арман бар деп ойлайтын. Ол ойы орындалды!
Әкесі Қасым көк жайлаудың сәні кіріп, ел тұтас орнығып алған соң дүйім елдің басын қосып ұлан-асыр той жасайтын. Саба-саба қымыз ішіп, бағлан қозының етіне тойып алған жігіттер сәй­гүліктерін ойнақтатып, көкпар тартатын.
Қымызы сабасына сыймай, малы мыңғырып жатқан байлардың өзі тышқақ лақтарын пышаққа қимай, Қасекеңнің ауылына елеңдейтін. Хабарды ести сала тайпалған жорғаларына мініп, мұрттарын майлауға келетін. Өзіндік дәстүр бойынша думан аталып өткен соң, дәулеті шалқыған ауқатты адамның біреуінің қанжығасына үй иесі төсті байлап жібереді. Бұл «Осы мереке енді сіздің үйде жалғасын табады» деген сөз. Қыс бойы малмен алысқан ел ала жаздай сауық құрып, жайлаудың сәнін осылай келтіреді. Жылда сол, бұлжымас дәстүр… Тек Қасым бастамай, сәні де, мәні де кірмеуші еді. Қасым кеткен соң, бұл ұлық мерекенің салтанаты асқақтамай тұр. Ел бұрынғыдай емес, қымыз-қымыранды қалаға апарып сататын болды.
***
Әнебір жылы Қылдың жазығында болған ат бәйгеге Өзденбай Қамшыбек досы екеуі қара құнанды сынамақ болып алып барған. Көзін шел басқан бақастармен жұлдызы жараспады. Бекен бастаған топ құнан жарыстан бірінші келген қара құнанды «дөнен» деп кінә тақты. Күлігінің сырын иесінен артық кім білуші еді, жабағы кезінен баптап жүргенін көріп-біліп тұрып бұлай дегендері Өзденбайдың жанына қатты батты. Оның үстіне аядай ауыл арыдан келе жатқан сарысүйек құдалар. Бәйгенің шартын бұзып, әділетсіздік танытқан қылықтары сүйектеріне таңба болмаса не етті? Оны елейтін түрлері жоқ. Қамшыларын білеп, еліріп алған. Бірақ көнтерлі мінезге ие Өзденбай сабырлы қалпынан танбады. Тек үмітінің алдамағаны ғана оған медет болды.
Құлын кезінен тықыр еткен дыбысқа елеңдеп, алысқа қарап тұратын қара құлынды жазбай танығанына қуанды!
Сондықтан да болар:
– Халайық! Маған қара құнанның мәреге жеткенінің өзі үлкен олжа. Көресіңдер әлі, қара құнан бәйгеден келгені келген. Бұдан былай оның алдына ат түгілі, ұшқан құс та түсе алмайды. Күні кешеге дейін әкем Қасымның аруағын сыйлап, маған ақыл-кеңестеріңді айтып, қамқор болдыңдар. Ал мыналарың не? Көпе-көрнеу белден басатындай менің не жазығым бар? Көз алдарыңда өскен кешегі Өзденбаймын ғой! Қара құнан біздің әулетке біткен жүйріктің басы да емес, соңы да емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Әкемнің көзі тірісінде талай жүйрік атын қолқалап алғандарың әлі жер басып жүрсіңдер ғой. Тек сол жүйріктің бабын келтірмей, күпті ғып өлтіргендеріңе де мен кінәлімін бе? Адалынан келген бәйгемді бермей, жерге қаратып, әділеттен аттағандарың қалай? Ата-бабамыздың «Жылқы жүрген жерде жын-шайтан болмайды» деген сөзін ұмыттыңдар ма? Сыйластығымызға сызат түспесін, сондықтан да, бәйгені алмаймын, – деді.
Өзденбайдың сөзін естіген жұрт көрге кіріп шыққандай болды…
– Өй, адыра қалғыр, ақиқатшыл тобыр, – деді суырылып алдыға шығып Қамшыбек.
– О, жарымаған қара табан, ­Өзден­байдың жуындысын ішіп, битің семірген екен. Ақиқатты сен іздемей-ақ қой, онан да жаныңды бағып ал! – деді Бекен мысқылдай сөйлеп.
– Аузыңды жап! – деп ұмтыла беріп еді, Өзденбай тоқтатты.
Қамшыбек бала кезден бірге өскен жолдасы. Бір жақсы жері Өзденбайдың сөзін екі еткен емес. Қақ-соқпен ісі жоқ оған да мына әділетсіз тірлік ұнамаса керек…
Сол күннен бастап қара құнан «Желтабан» атанып кетті. Елдің аузында: «Желтабан десе Желтабан екен. Құнан кезінен бұлай шапса, ат болғанда алдына қара салмас. Өзінің тұрқы да бөлек екен! Нағыз тұлпар осындай-ақ болар. Жүйрік те бақ пен бапқа бітеді емес пе?» деді таңданыстарын жасыра алмай.
Өзденбай Желтабанның атақты тұлпар болатынына ешқандай да шәк келтірген жоқ. Сол бәйгеден кейін Желтабан қолау болып қалды. Өзденбай «Тіл-көз болды» деп өкінді, бірақ онысы бекер еді, аламан бәйгеден кейін де, арқасы суымады. «Ер батқан болуы керек. Әлі-ақ қатарға қосылып, ойнақтап шыға келеді» деді өзін-өзі жұбатып. Бірақ олай болмай шықты. Күн өткен сайын шырсызданып, қатпаланып кетті. Атбегі шындап алаңдай бастады. Сөйтсе, тістеп шөп жеуден қалған екен. Ауылдың іргесіндегі тақыр жерге бос жіберіп, сырттай күзетіп жүрді. «Ұры тіс оттықтырмай, көкбақа болар ма екен» деген қорқыныш алысқа бармады. Он күнде аяғын басып, жаңа тістері қалпына келіп оттыға бастады.
***
Үйірге қосып, тұқым аламын ба деген ойынан айнып, дөнен шыққанда піштіріп жайлауға айдады. Шөбі шүйгін кер жайлаудың қайнар бұлағы қандай, шіркін! Жалы тұтасып домаланып алыпты. Қара күз түсе салысымен жаратып қара жарыстарға қосып көріп еді үміті ақталды. Еті қызып алған соң қиқулап тақым қыссаң, еліктің лағындай секіргенде өзіңді аспанда ұшып бара жатқандай сезінесің!
– Биыл көктеммен қар тептіріп, тұяғын жетілдірсем, әрі қар астындағы сары шөп ішіне байланған ыстықты алады, сонымен келер жылы бестісінде бабына келмей ме, – деді Өзденбай Қамшыбекке қарап жымиып.
– Өте дұрыс істепсің! Қаны толып, күш жинап, тез жетілген екен. Бесті ат «Бестімде бәйгеге қос, келмесем басымды кес» деп, серт етеді дейтін тәмсіл бар емес пе ел аузында.
– Иә, аталарымыз:
«Ат мінсең, бесті ат мін,
Тасты аямай басады.
Қонсаң келін үйіне қон,
Етті аямай асады» деп те айтып кеткен, – деді Өзденбай көңілденіп!
– Олай болса май жұтпаймыз ба?– деді Қамшыбек қулана жымиып.
– Әрине, – деді Өзденбай мейман­дос­тығын көрсетіп. Екеуі Желтабанды жетектеп ауылға қарай аяңдады. Қызуы басыл­маған жүйрік аламан бәйгені аңсағандай кісінеп, алдыға қарай жұлқынып-жұлқынып қояды. Жүйрік жылқы жетекке жүре ме, ырыққа көнбей, тартына берген соң, ноқтасын басына түріп, бос жіберді. «Бұл да бәйге аттың көзге көріне бермес бір қыры» – деді Қамшыбек.
Сүт пісірім уақыт өткенде екі дос мамаағашқа келіп түсті. Сүрдің исі мұрынды жарып, тәбеттерін ашты. Сорпаны сораптап отырып, ұзақ әңгімелесті.
– Астыңғы ерні үстіңгі ернінен ұзын. Астаудай жайылып жатыр. Тықыр еткен дыбысқа елең етіп, тесіліп қарағанда, көзі өңменіңнен өтеді. Үйірлі жылқыға қоссам, топқа қосылмай, оқшау тұрады. Басқа жылқылар шыбындап суға қарай үйездесе, Желтабан күнге қарап селтиіп тұра береді. Кешке қарай ауылдың маңына тұсап қоя берсем жайылмайды, – деді Өзденбай жүйрігінің сырын Қамшыбекке баяндап.
– Қас тұлпар күн батарда жайылмайды, іңірде немесе тәңсәріде жатып жусайды. Мен қателеспесем, Желтабан киелі жылқы. Бәрінен көзі керемет. Жарқы­рап тұр. Кез келген жылқыға мұндай көз бітпейді.
Бабаларымыз жылқыны ердің қанатына балап, айнымас дос, серік етіп қана қоймай, толғақ қысып, қиналған әйелге жылқының демін иіскеткен. Жылқының демі жын-шайтанды қашырады, – деді.
– Иә, жылқыны бабаларымыз қадір тұтқан. Жан жолдасы, серігіне балаған. Түгім жоқ кедейге айналсам да, Желтабанды сатпаймын. Ендігі өмірімді осы атты баптап, бәйгеге жаратумен өткіземін, – деді Өзденбай.
Келер жылы Ақтастың жазығында болатын облыстық аламанға Желтабанды ауданымыздың атынан міндетті түрде қосу керек, – деді Қамшыбек.
– Сол дүбірдің болатынын естігелі бері, көңілде тыныштық жоқ. Мазам кете бастады. Желтабанды желдей естіретін күн тез келсе екен деп асығып жүрген жайым бар, – деді Өзденбай.
– Мұратыңа жет, досым, – деді ­Қам­шы­бек күректей алақанымен табақтай бетін сипап.
***
Қазақ даласының түкпір-түкпірінен жер апшысын қуырған небір сәйгүліктер келетін аламанда жүйріктің жүйрігі ғана мәреге жетеді. Бұндайда рулы елдің емес, бір ауданның атын ауыздығымен алысқан тұлпарлар шығарады.

Жүйріктің даңқы, бапкердің аты аспандайтын аламанға аз күн қалды. Өзденбай Желтабанды әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығара бастады. Аз күнде-ақ, жүні жылтырап, тазыдай ұшқырланып алды.
Бәйгеден бір күн бұрын тезегін сығып көріп еді, су шықпады. Аламанға шабар алдында терінің дәмін татып көрді, су татып тұр екен. Бұл ащы тері шығарылып, тұнық терінің алынғанының белгісі.
– Әп, бәрекелді, бабыңа келдің, – деді Өзденбай қуанып.
Аудан атынан Желтабанмен бірге Бекеннің Шалқұйрығы да аламанға жіберіліпті. «Бекен ауылдың атқамінерлері мен бәйгеге жауапты адамдарының құлқынына құлын жүгірткен-ау» деген әңгіме ел арасында айтылмай қалған жоқ.
***
Көмбеге жетпіс ат тізілді. Төрешінің қолындағы жалау түсісімен-ақ, Желтабан елікше секіріп, суырылып алдыға шықты. «Мынау әлгі Желтабан ғой, әй, бұған желдің өзі жете алмайды. «Жылқылы ауыл» деген атымыз болғанмен, тұлпар шықпап еді, осы ат ауылымыздың атын айдай әлемге шығарады» деді бәйгеге жиналған бір қауым жұрт. Бекеннің Шалқұйрығы үш айналымнан соң, тапырақтап артта қалды.
Сол жазда Желтабан қатарынан жеті рет бас бәйгені еншіледі. Тұлпарының арқасында Өзденбай ел көрді, жер көрді. Өзі сияқты атбегілермен табақтас, дәмдес болды. Бәйгенің көбін жұртқа үлестіріп берді. Оның бұл жомарттығын көнекөз қарттар «Қасымнан қалған дарқандық баласына дарыған екен» деп сүйініп жатты.
***
Шын жүйрік өзін-өзі жарататындай. Осы күнге дейін алдына қара салып көрмеген Желтабанның биыл да бабы келіп тұр. Кейбір атбегілер «Өзденбайдың Желтабаны тұрғанда, ат жаратып құры арам тер болудың қажеті жоқ» деп бәйге аттарының ноқтасын сыпырып жайлауға айдаған…
Оқтаудай жараған Желтабанды жабулап, бәйге алаңына келген Өзденбайды жұрт әңгімеге тартып қалай жаратқаны туралы сұрайды. Бірақ Өздекең сыр ашпайды. Расында да, Желтабанның жарауы бөлек! Қалың топтан Бекеннің де төбесі көрінді. Ол да ат қоспақшы екен. Бұл жолы Көк қасқасын үкілеп әкеліпті. Желтабанға сұқтана қараған Бекеннің ішіне жылан кіріп кеткендей болды. Етсіз қу басы, жарқыраған көзі, дөңгелек тұяғы, тіпті кекілін буған ақ шүберек те қас жүйріктің айбарын асырып, жарасып тұр. Сонда да, әдейі қитыға сөйлеп:
– Желтабан биыл бәйгеден келмейді, – деді.
– Неге? – деп шулады жиналғандар.
– Жылдағыдай емес, биыл жарауы келіспепті, егер, Желтабан бірінші келсе, Өзденбайдың алдына елу бие саламын, – деді ағынан жарылғандай сыңай танытып.
Бәйгеден келмейді деген сөзге шамданып қалған Өзденбай, Бекенге қарап:
– Егер, Желтабан жылдағыдай бәйгеден келмесе, басын кесіп итке тастаймын, – деді тістеніп тұрып.
Бекенге керегі де осы еді.
– Сөзіңде тұрасың ба? – деді. Өзденбайдың жанды жерінен ұстағандай, көзі қызарып.
Жөпшеңдіге сыр бермейтін Өзденбай өзі айтқан сөзінен өзі шошып кетті. Ақыры, тақуалап қоймаған соң:
– Ер-жігіттің екі сөйлегені – өлгені, – деді.
Жұрт «Ойпырым-ай» деп бастарын шайқады.
Жеті атасынан үйір-үйір жылқы біткенмен, жүйрік бітпеп еді Бекенге. Сондықтан да Өзденбайға қызғаныштың қызыл итін абалататын да жүретін. Жолын тауып, облыстық аламанға қосқан Шалқұйрығы үмітін ақтамағанда екі ұлы мен қасындағы жандайшаптарын қамшының астына алып, өз абыройын өзі кетіргені жалпақ елге аян.
Жүйріктер көмбеге тізіліп жатқанда Бекеннің атқосшылары Өзденбайды дәмге шақырды. «Желтабанның құрметі үшін» деп қоярда-қоймай, қолқалап ащы судан да алдырып жіберді. Сөз арасында Бекен баяғы әбестігі үшін кешірім де сұрады…
Жалау түсісімен-ақ, қалың дүбір сапырылысып, қою шаңда қалды. Тек үш ат қана дараланып қатар келеді. Екінші айналымның бел ортасына келгенде Желтабан шылбыр бойы алдыға озды. Құйрық тістескен екі ат біртін-біртін қала берді. Бірақ бірінен-бірі қалар емес. Өрге Көк қасқа қарқынды болса, төмен қарай Сары ат озып келеді. Делебесі қозып, қаны тулаған жұрт қиқулап айғайға басты. Ауыз­дығымен алысқан сәйгүліктер жер апшы­сын қуырып, ұбақ-шұбақ созылған. Кенет, жетінші айналым бітіп, сегізінші айна­лымға келгенде Желтабан шоқырақ-шоқы­рақ етіп артта қала бастады. Шабандоз бала қамшылағанмен де, жүрісі өнбеді. Борт-борт желіп, көкке қарап бір кісінеп жіберді де, гүрс етіп құлап түсті. Ел бір сұмдықтың болғанын сезгендей, үрпиісіп қалды. Тұруға ұмтылып еді тұра алмады. Дір-дір етіп суыққа тоңған адамша қалшылдап жатыр. Жарқыраған көзін жас жуып кетіпті. Жарық әлеммен қоштасып жатқандай. Кекілін буған кішкене ақ шүберек шешіліп кетіп, жаздың жібек самал желімен көк жүзіне қалықтап кетті. Танаурап алған Өзденбай Желтабанды тамағынан орып жіберді. Осы күнге дейін бұндай сұмдықты көзбен көрмек тұрмақ, құлағы естімеген жұрт ашық күнде аспаннан оқ жауғандай алды-алдына бытырап кетті.
***
…Өзденбай үш күн, үш түн нәр татпай жатып алды. Бұрынғыдай ақкөңіл, дарқан мінезі жоғалып, кісікиікке айналды. Мас болса «дүние ойлап тұрсаң бір сергелдең, жалғыз атың жоқ болса өлгенмен тең» деп, Желтабанды бауыздаған қара пы­шағын құшақтап зарлайды да жатады. Әр шаңырағы бәйге ат жаратқан тау бөктеріндегі ауыл ат бәйге, көкпар тартысты сиретті. Ел арасында «Бекен бәйге басталар алдында атқосшыларын жіберіп, Желтабанның алдыңғы оң аяғына біз тықтырыпты. Еті қызып, жарауы келіскен ат бастабында ауырсынбай әбден жанына батқан соң құлаған» деген әңгіме арагідік айтылып қалып жатады.
Сол жылы жұт болды. Бекен бар жыл­қы­сынан айрылды. Іле екі ұлы аңға кеткен бойы оралмады. Көктемде қар ерігенде Жыланды тауының етегінен сүйектері табылды.
Бір жылдан соң Өзденбай өзіне-өзі қол салды. «Желтабанның киесі ұрды» деген гу-гу әңгіме ел ішін аралап кетті.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1507
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3280
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5799