Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5558 0 пікір 15 Қазан, 2010 сағат 09:04

Нұрлан Кенжеахмет: Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск ата-бабаларымыздан қалған атаулар емес

Ел болашағын арыдан ойлайтын ұлт зиялылары сонау тоқсаныншы жылдары-ақ «колонизациялық сарқыншақтарды жою үшін ең алдымен жер-су аттарын байырғы тарихи атаулармен өзгерту қажет», деп дабыл қақты. Бірақ, біздің екі шоқып бір қарайтын ботатірсек билік қазағы қалың отырған кенттер мен елді-мекендерді өзгертумен ғана шектелді. Содан бері онамастикалық атауларды отарсыздандыру мәселесі қанша рет көтерілсе де, Патшалық Ресей мен Кеңес өкіметін еске түсіретін есімдерге түзету енбей-ақ қойды. Өткен айда БАҚ-да Павлодар мен Петропавлдің атын өзгерту туралы мәселе қайтадан қылаң берді. Неге екені белгісіз осы жолы тек теріскейдегі аталмыш екі  қалаға  ғана тарихи атауын беру мәселесі көтеріліп отыр. Осы көкейтесті мәселе тұрғысында көптен бері терең ізденіс жасап жүрген тарихшы Нұрлан Кенжеахметпен тарихи жер-су аттарының хақиқи сыры туралы әңгімелескен едік.

 

Нүреке, өткен айдан бері еліміздегі онамастикалық атауларды байырғы тарихи атауларымен өзгерту мәселесі қызу талқылануда. Соңғы жылдары сіз осы жер-су аттарының тарихын зерттеп жүрсіз. Осы саланың маманы ретінде онамастикалық атауларды өзгерту мәселесінде неге ықтиятты болуымыз керек?

Ел болашағын арыдан ойлайтын ұлт зиялылары сонау тоқсаныншы жылдары-ақ «колонизациялық сарқыншақтарды жою үшін ең алдымен жер-су аттарын байырғы тарихи атаулармен өзгерту қажет», деп дабыл қақты. Бірақ, біздің екі шоқып бір қарайтын ботатірсек билік қазағы қалың отырған кенттер мен елді-мекендерді өзгертумен ғана шектелді. Содан бері онамастикалық атауларды отарсыздандыру мәселесі қанша рет көтерілсе де, Патшалық Ресей мен Кеңес өкіметін еске түсіретін есімдерге түзету енбей-ақ қойды. Өткен айда БАҚ-да Павлодар мен Петропавлдің атын өзгерту туралы мәселе қайтадан қылаң берді. Неге екені белгісіз осы жолы тек теріскейдегі аталмыш екі  қалаға  ғана тарихи атауын беру мәселесі көтеріліп отыр. Осы көкейтесті мәселе тұрғысында көптен бері терең ізденіс жасап жүрген тарихшы Нұрлан Кенжеахметпен тарихи жер-су аттарының хақиқи сыры туралы әңгімелескен едік.

 

Нүреке, өткен айдан бері еліміздегі онамастикалық атауларды байырғы тарихи атауларымен өзгерту мәселесі қызу талқылануда. Соңғы жылдары сіз осы жер-су аттарының тарихын зерттеп жүрсіз. Осы саланың маманы ретінде онамастикалық атауларды өзгерту мәселесінде неге ықтиятты болуымыз керек?

Жалпы, ономастикалық мәліметтерге зер салып, сол ұлттың немесе мемлекеттің тарихын қалпына келтіруге болады. Ресей отаршылдары қазақ даласындағы жер аттарының жаппай өзгерту үрдісін мақсатты түрде жүргізіп келді. Қазір құзырлы органдар ежелгі жер аттарын қалпына келтіру ісіне атсалысып, біршама жетістіктерге жетті. Алайда ғылыми негізі әлсіз болғандықтан, кейбір жер аттары дау тудырып жүр. Ежелгі жібек жолының бірнеше желісі Қазақ жерінен ендей өткені туралы мәліметтер түркі, араб, парсы, қытай тарихи әдебиеттері мен көне карталарында сақталған. Қазір Алматы обылысындағы Сарқанд қаласының маңындағы ежелгі Қаялық қаласын біреулер Қойлық, біреулер Қайлақ, енді біреулер Қаялық деп әртүрлі жазып жүр. Оның этимологиясын да әртүрлі түсіндіреді. «Қая» құз деген мағынаны білдіреді деген пікір кең тараған. Бірақ, Қаялықтың төңірегінде құз атаулы жоқ. Ортағасырлық қытайдың тарихи әдебиетінде «қая» сөзі ескі түркі тілінде «храм», «бұтхана» деп түсіндірілген. Тарихи жазбалар мен археологиялық қазбалар мұны дәлелдеді. Қаялықтан мешіт, будда храмы мен басқа храмдар табылды. Осы будда храмын найман ханы Кушлік салдырған деген болжамдар бар. Сондықтан Қаялық сөзін «храмды», «бұтханалы»  қала деп түсінген жөн.

 

Павлодарды - Кереку деп өзгерту жөніндегі ұсыныс көңілге қонымсыздау. Өйткені, Кереку - Коряковтің қазақиланған нұсқасы екені белгілі. Менің білуімше ежелден ата-бабаларымыз кәрі Ертістің бойын мекен еткен. Ендеш, Павлодардың түркілер дәуіріндегі көне атауының болмауы мүмкін емес.  Бұған не айтасыз?

Ертіс алқабы ежелгі қазақтардың алтын бесігі. Осы арада олар шұғылалы көшпенділер мәдениетін жаратып қалған жоқ, сонымен бірге қала мәдениетін жоғары өреге көтерді. Ежелгі Қимақ, Қыпшақ мемлекеттері осы арада шаңырақ көтерді. Араб-парсы деректеріне жүгінсек, Ертіс алабында Қимақтардың жиырмаға жуық қаласы болған. Қимақ этнонимі Ертістің бір саласы Қобақ (Қобық) өзенінде сақталды.

Ертіс өзені сағасындағы қала аттарының құрамында «тұра» сөзі қосарлана жүреді. «Тұра» сөзі көне түркі тілінде «қалашық», «қамал» деген мағынада. Осман түріктері тілінде «мұнара, бекініс; төртбұрышты ағаш немесе тас құрылыс», ал сибирдегі хакас, шор қатарлы түркі тілдес ұлттар тілінде «қала, төртбұрышты үй» деген мағына береді.

Тұра туралы түсініктеме қытайдың XVI ғасырда жазылған «Сучжэнь хуа-и чжи» атты географиялық еңбегінде: «Қоңыраулы мұнара қаланың солтүстік батыс бұрышындағы Цзюшэнсы монастырьында. Айтуларға қарағанда осы монастырь ежелгі Батыс Өлкедегі Тұра екен» деген дерек бар. «Мин ши» кітабында: «Тура (Тула) қытай тілінде Датай (үлкен текшелі ғимарат) деген мағына береді» делінген.XIV ғ. соңында Батыс Сібірдегі Тобыл өзенінің бір саласы Тұра өзенінің бойында Чинги-Тұра немесе Чимги-Тұра қаласын астана еткен Шайбан әулетінің билігі орнады. Аталмыш өзен қаланың атымен Тұра өзені деп аталды. Алтын орда билік еткен тұста Барабин ойпатындағы Омь өзені алқабында Чинги-Тұра (Тюмень), Қызыл-Тұра (Краснояр), Зубар-Тұра, Кысым-Тұра (орысша Девичий город, осы аттас қаладан екеуі бар: бірі, Вагайдың Ертіске құяр сағасында, енді бірі, Искер қаласының маңында), Жанги-Тұра, Сібір (Искер немесе Қашлық) және Тон-Тұра (Томск), сондай-ақ Аба-Тұра (қазіргі Ресейдегі Кузнецк), Қызылжар-Тұра  қалаларының болғандығы мәлім.

Г. Ф. Миллер аталмыш қалалардың қалай салынғандығы туралы құнды деректерді келтіреді. Каталон картасында кезігетін Сиңуй (Singui) деген қаланы И.В.Белич Чимги-Тұра (Чинги-Тұра) деп тұжырымдайды. Егер Беличтің тұжырымы дұрыс болса Чимги-Тұраның тарихын 1375 жылдан ары асыруға болады. Батыс Сібір аумағында XIII ғасырда Тайбұғаның түркі тілді тайпалардың бірлестігін құрғанын, әрі Чинги-Тұра немесе Чимги-Тұра қаласын салғанын, оның Тұра өзеніне қазақ даласынан келгенін халық аңыздары мен шежірелер растайды. 1428-1429 ж.ж. Ақ Ордадағы Әбілқайыр Тұра қаласында өзін хан деп жарялайды, әрі Тұраны астана етеді. XV ғасырда жазылған «Сиюй туди жэнь-у люе» («Батыстағы елдердің жер-суы мен ел-жұрты хақында») кітабында Тула (Тұра) деген қаланы былай суреттейді: «Қаланың пішіні дөңгелек, төрт жағына (киіз) үйлер қоршай тігілген. Қалада бір хан бар, онда басына сәлде орамайтын, ақ киіз қалпақ киетін мұсылмандар тұрады, олар егін екпейді, балық, қой етін жеп, қымыз ішеді». Тарихи деректер бойынша, Әбілқайыр 1428 жылы Тұра қаласында хан деп жарияланды әрі Тұраны астана етті. Ал 1446 жылы астанасын Сығанаққа көшіреді. Осы арада Сығанақ көшпелілердің дәстүрі бойынша қосалқы астана болған көрінеді. Өйткені, «Тарих-и Рашидиде» Қасымхан өз иеліктерін басқару үшін Убайра-Субайраға аттанғаны туралы дерек бар. Убайра-Субайра қазіргі Сібір жерінің ортағасырлық аты, парсы, қытай деректерінде Абар-Себур, Ібір-Сібір деп те аталды. «Тарих-и Рашидидің» қазақша аудармасында (2003 жылы) Убайра-Субайра жері Аспара деп бұрмаланған. Ал жоғарыдағы деректегі Тұра қаласы Чинги-Тұра немесе Чимги-Тұра қаласын меңзейді. Тіпті Қадырғали Жалайырдың еңбегінде (1602 жылы жазылған) Қазан тағы, Тұра тағы, Хажы-Тархан тағы, Сарайшық тағы деген тіркестер кезігеді.

Сол кездегі сауда жолы Қазақ даласы арқылы Тұраға, Тобольскіге, ал одан әрі Ертісті бойлай Тараны басып Барабин даласын кесіп өткен. XVI ғ. авторы белгісіз картада Тұра қаласы «Terou» деп хатталған. Тұраның тарихы туралы Л.Р. Кызласов былай дейді: «Ескі Угор қамалдары Чингиден мен Сібір орналасқан жайлы орынға XII ғасырдың басы мен XIII ғасырда татар (түркі-Н.К.) қалалары Чинги-Тұра мен Кашлык (Искер) салынды. Онан соң Тюмен деп аталған Чинги-Тұраны 1586 жылы Мамет хан қиратты, ал 1586 жылы оның қирандысының үстіне орыстың Тюмені салынды».

 

Ал, Петропавлдің көне атауының Қызылжар болғаны рас па? Себебі, Сібірде де Қызылжар (Красниярск) атты қаланың бар екені белгілі....

XVIII ғасырдағы «Сиюй тучжи» кітабында Абылай хан тұсында Қазақ хандығының ордасы Есілдің бойында болғандығы, ханның Кэсытэн қаласында тұратындығы жазылған. Кэсытэн Қызылжардың дыбыстық аудармасы болуы мүмкін, дыбысталу жағынан Қыштымға да жуықтау, Қыштым Ресей территориясында, Челябинскийдің маңында. Қазақ хандығы тұсындағы тарихымыздың әлі шешілмей келе жатқан тұстарының көп екенін ескергеніміз жөн.

 

Өскеменнің көне атауы туралы не айтасыз? Себебі, Өскемен де «Уст-Каменогорск» атауынан шыққан...

«Сиюй шуйдаоцзи» кітабында Канси патшаның Ғалданға үш рет жаза жорығын жасап, Тула деген жерге дейін барғандығы туралы мәлімет бар. Осы Туланың қай жер екені белгісіздеу болса да, бірақ маньчжурлардың Ғалданды қуып Ертіске дейін барғаны анық. Аталған еңбектің «Зайсан нау-эр со шоу шуй дисаньту» (Зайсан көлі су жүйесіне қарасты өзендер картасы III ) атты картада Дола өзенінің  Ертіс өзеніне құятын жерінде Дола деген қала, оның шығысында Таласыкэ қаласы сызылған. Г.Ф. Миллердің картасына негізделсек, осы арадағы Дола Тұраны, ал Таласыкэ Тара қаласын меңзейді. Өйткені Дола қаласы Дола өзені бойына орналасқан, оның батысында (шығысы болу керек) Тобол, Абалак (Ебалак), Вагай, шығысында Ишим қалалары тұр, ал Тара қаласының шығысынды Тара өзені жатыр. Тұра қаласының жұқанасы қазіргі Тюмен қаласының іргесінде жатыр. XVIII ғасырдағы қытай деректеріне талдау жасасақ, Кеңгір-Тұраның қазіргі Өскемен қаласы екенін білеміз. 1757 жылы Амурсананың ізіне түскен Цин генералы Шуньдэна өзінің мәлімдемесінде былай жазады: «Цянлун жылнамасының 22 жылы 6-айдың 16-күні (1757 жылы) Эсюньчоцюетэ тауынан асып, Та-эргунь өзеніне жеттік. Осы арадан қарақшылардың (Амурсананы меңзейді-Н.К.) із-дерегін білдік. Келесі күні орыс территориясындағы Кеңгер-Тұра қаласына барып, адам жіберіп жайымызды хабарладық. 18-күні орыс капитаны Ертіс бойына келіп бізбен кездесті». Осы арадағы Та-эргунь өзені Қалба жотасының солтүстік бөлігінде, Ұлан ауданы жеріндегі Тарғын өзені, Ұлан ауылы Өскемен қаласынан оңт.-батысқа қарай 35 км жерде. «Цяньлун нэйфу юйту» картасындағы түсіндірмеге негізделсек, Кеңгір-Тұра Ертіс өзені жағасында. Қытай ғалымы Тан Цисян құрастырған «Қытайдың тарихи атласының» VIII томында Кеңгир-Тұраны Өскемен қаласы деп ескерткен, оның пікірін басқа ғалымдар да құптайды. «Сиюй шуйдао цзи» кітабының V цзюаньында Ертис өзені туралы: «Талигунь (Тарғын өзені-Н.К.) өзені (Ертіс өзеніне) батыстан қосылады,...(осыдан соң) Ертіс өзені солт.-шығысқа қарай ағады да, Кэнгэ-эр тула-ның шығысын жанай өтеді. Кеңгір Тұра орыстың шағын қаласы...Одан тағы солтүстік шығысқа қарай ағып, Сэнболотэ қаласынан (Семпалат, қазіргі Семей-Н.К.) өтеді» деп жазылған.

Қазіргі Өскемен қаласының іргесі 1720 жылы әскери қамал ретінде салынғаны мәлім. Жоғарыдағы дерекке жүгінсек, 1757 жылдарға дейін ол Кеңгір-Тұра аталған.

 

Көне түркілік жер-су атаулар қандай философияға негізділген деп ойлайсыз?

Ежелгі қазақтар орталықты сары, шығысты көк, оңтүстікті қызыл, батысты ақ, солтүстікті кара деп атаған. Мұндай атаудың Шығыс Азиялық өркениетіне ықпал еткені мәлім. Ежелгі қытайлар патшаны хуан-ди деп атады, алдынғы «хуан» қытайша хуан (сары) сөзімен үндес.

Ежелгі қазақтар өздері өмір сүрген аумақты дүниенің ортасы деп түсінгені қазіргі топонимдерден мен мұндалап тұр. Осы аумақты бетін шығысқа қаратып екпеттеп немесе шалқалап жатқан алып адамның мүсінімен сомдаған. Бұл кездейсоқтық емес, ежелгі түркілердің дүние жүзілік империя құрғандығының жемісі. Көне түркілердің танымы бойынша жер шаршы, аспан дөңгелек. Түркі жазбаларында төрт ұлы тау хатталған: шығыстағысы Қадырқан-йыш (қазіргі Үлкен Хинган таулары), батыстағысы Алтын-йыш (Алтай тауы), солтүстіктегісі Когмен (Саян тауы), оңтүстіктегісі Кеңү-Тарман (Тяньшань тауы). Кеңү-Тарманды түркі танушылар Кеңүт және Тарбанд деген екі қала деп түсініп, Сыр бойынан іздейді. Іс жүзінде Кеңүт Іле өзенінің бір саласы Қас өзенінің бойындағы ежелгі қала, оның екінші компененті Тарман қазіргі Шынжаңдағы Тұрфан топонимінде сақталған. Қытай деректемелерінде Тұрфанның солтүстігіндегі Тяньшань тауын Туромань деп атайды. Ал «кеңү» сөзі сын есім. Түркілердің өсіп-өнген орталығы қазақ даласы. Ежелгі ата-бабаларымыз осы орталыққа «Сары арқа» деген ат қойды, кәдімгі адамның арқасы. Ал шығыстағы күнге бет алып жатқан мүшесін «Маңлай сүбе», «Маңлай суя» деп атады, қазіргі Шынжаңның шығыс аймақтары. Маңлай дегеніміз адамның маңдайы. Арқа мен маңдайдың қай жерде жатқаны түсінікті болды, ендеше алып адамның етегі мен аяғы қайда? Тарихи әдебиеттерде Каспи теңізінің шығыс жағалауы және Хорасанмен шектескен таудың сол жақ бөктері Атек деп аталғаны мәлім, әрине түркіше «етектің» фонетикалық өзгеріске түскен түрі. Ал қазір біз Азов теңізі деп атап жүрген теңіз түрікше «азақ» (аяқ) сөзінен шыққан. Ортағасырларда осы арада Азақ қаласы болды. Аталған топонимдердің орналасуы кездейсоқ болған шығар деген күмәнді ой туылуы мүмкін. Алайда, тағы бажайлай зер салсақ алып адамның басқа мүшелерін табамыз: Еренқабырға (Шынжаңдағы Тяньшань жотасы), Сауыр (Тарбағатай тауының бір сілемі), Тұмсық (Қашқардың солтүстік шығысындағы жер). Ежелгі қазақтар тау жоталарын негізінен аңның атымен атаған. Орталық Азиядағы құрамында «басы» компененті бартопонимдерден: Түлкібасы (Оңтүстік Қазақстан обылысы Түлкібасы ауданы), Ордабсы (ордалы жылан сөзінен шыққан), Қозыбасы (Алматы обылысы Жамбыл ауданы; Жамбыл обылысы Қордай тауы), Құлжабасы (Алматы обылысы Ақсу ауданы, Жамбыл обылысы Қордай ауданы), Құланбасы (Алматы обылысы Балқаш ауданы), Буланбасы (Ферғана), Атбасы (Қырғызстан), Қошқарбасы (Қырғыстан), Маралбасы (Қашқардың солтүстік шығысы), Жолбарысбасы (Тарым ойпатының төңірегіндегі тау), Тоңгузбасы (Тарым ойпатының төңірегіндегі тау), Ешкібасы (Шынжаңдағы Корланың солтүстігіндегі тау), Тойынбасы (Қашқардың батысындағы жердің аты, Тойын сөзі Тоңадан шыққан болуы мүмкін, «тоңа» ескі түрік тілінде қабылан мағынасын береді), т.б. бар. Ғылыми әдебиеттерде Түлкібасы жерін «Түлкібас» деп бұрмалап жүрген жәйт бар.

 

Соңғы кездері Алматы қаласының атауы туралы да даудың басы қылтиды. Орыс щовинистері «генерал Колпаковский Верний бекінісін салмағанда бүгінгі Алматы болмайтын еді» деп бөсуде. Бұған не айтуға болады?

Жоғарыдғы деректерді айтуымдағы мақсат, қазақ топонимдерінің жасалу тарихы қатаң ғылымилыққа ие екенін оқырман қауымға ескерту болып табылады. Топонимдердің жарыққа шығуы сол ұлттың тарихымен, орналасу аумағыымен, дүниетанымымен тығыз байланысты, әуелі мәлім тарихи дәуірдегі саяси ауқыммен де байланысты. Бірақ саяси ауқыммен жарыққа шыққан топонимдердің өміршеңдік күші төмен, уақыт ұзара келе тарихи топонимге орын босатады. Мысалы, Үрімжі қаласы бір мезет Дихуа деп аталды, кейін оның тарихи аты қайтадан қалпына келтірілді. Алматы (ортағасырлық деректерде Алмату аталған) қаласы да бір мезет Верный деп аталды, ақырында оның тарихи аты қайтадан қалпына келтірілді. Шығыс деректерінде Алматы  «Ғурбын Алмату», «Гурбан Алмату» деп аталды, жуңғар-монғол тілінде «Үш Алматы» деген мағынада. Мұны Алматы өзенінің үш саласы деп, екі саласын тауып, үшінші саласын таппағандар да болды. Алайда, «Ғұрбын Алматы» Алматыдағы үш алма бағына байланысты шыққанын шығыс деректері растайды.

 

Тұщымды әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

 

Сұхбаттасқан Мұхан Исахан

 

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478