Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Көкжиек 5864 0 пікір 17 Сәуір, 2017 сағат 13:56

П.К. Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

Орыс бароны, әрі шектен шыққан шовинист П.К. Услардың қазақ даласына жасаған саяхаты барысында жазған естелік-әңгімесінің жалғасын бере отырып, оның әйгілі «Қозы-Көрпеш - Баянсұлу» жырын бұрмалап, «жабайы поэма» деп атаған және Хан Кене жіберген шолғыншыларды тұтқынға алған жерінен үзінді жариялаймыз. Услар бұл тарауда қазақтың жауырынға қарап сөйлейтіндігін, түске сеніп, түс жоритындығын да баян етеді.  

Ұлытау таулары бірнеше жүз шақырым жазық даламен жүріп оның біркелкі көріністеріне шаршаған адамдарға ғана жақсы әсер қалдыруы мүмкін. Мысалы, ең жабырқау түсті ұнамсыз жағаның өзі жерді сағынған, ашық теңізде ұзақ жүзуден оралып келе жатқан теңізшіні ерекше қуанышқа бөлейді. Бұл таулардың алып жатқан шеңберінің көлемі 70 шақырымдай болады да, толқынға ұқсаған жерлерімен терістікте Арғанатаумен, оңтүстікте Кішітаумен қосылады. Арғанатаудан бірнеше қырат жалғасып Қарқаралы округіне созылады, әрі қарай бірнеше бағытқа тарап Ертіске барады. Міне осы жерден бастап Қырғыз-Қайсақ даласының шығыс жағы таулы аймақ, ол жақтың көркем көріністері аяқ басқан сайын кездеседі. Ұлытаудан батысқа қарай, Кішітаудан оңтүстікке қарай біркелкі қасіретті де, түк өспейтін жазықтық басталып  солтүстік пен оңтүстіктің ұзақ жеріне созылып Орал жүйесін Алтайдың жүйесінен бөледі.  Алтай жүйесінің батыстағы ең шеткі аяғы болып Ұлытау таулары саналады.

Қазбек пен Кобидің арасындағы Әскери-Грузин жолын көрген адам Ұлытау таулары жөнінде оңай түсінік алған болар еді, таныс көріністерге шамалы өзгерістер енгізсе жетіп жатыр. Онда да, мұнда да мұңайған түсті біркелкі сұр түс басымдық алады, бірақ Ұлытау үшін Кавказдың алып тауларын жоқ қылып, асау Теректің жағасын қалың әрі биік өскен шөптермен ауыстыру қажет. Мұндағы қалың әрі биік шөптер жәй ағатын жіңішке өзендерді жауып көрсетпейді. Мұнда таулы кеңістіктерге тамаша көркем көріністерімен әдемілік беретін орман да, көл де жоқ. Кейбір жерлерде аршаның ерекше түрі өседі. Сібірде аршаны үй жиһазына жапсыру үшін өте бағалайды. Сонымен бірге, ерекше әдіспен мықты  жіңішке таяқша жасайтын жарғай деген бұта өседі.  Осы бір жалаңаш тұрған, конус пішінді тауларды – жер қазу жұмыстары үшін бір алпауыттың қолымен ретсіз лақтыра салған үйінді топырақтар ма деп ойлауға болады.

Қазақтар, табиғаттың әдемі көріністеріне еш мән бермейтіндердің санатында болғанымен, Ұлытауды ерекше қымбат бағалайды екен. Бұл жерді даланың ішіндегі ең қасиетті, әулиелі, қадірлейтін жері санайды. Шындығында, жазда жерінің шөбі шүйгін, суы мол Ұлытау жері көшпелі халық үшін бағасы жоқ жер деуге болады. Қыста таулар боранға ық,  аңғарларда қар қалың түспейтіндіктен мал үшін қар астынан  шөп табу қиын болмайды. Сонымен бірге Ұлытауда ұзындығы бірнеше шақырым болатын шатқалдар көп, олардың  аузы тар, шығатын жолы жоқ, сайдың аузын бөгеп қоюға болады. Бұл шатқалдарды табиғат жасап берген атқоралар деуге болады. Мұндай «атқораларда» жылқы мен басқа мал жыртқыштардың шабуылынан  аман, әртүрлі қауіптен жапа шегіп отырған Қазақ даласы үшін пайдасы қай жағынан болса да көп.   Мұндай жақсы жақтарының көптігіне қарамастан біз болған кезде Ұлытау тауларына ешкім көшіп келген жоқ. Бейбіт қазақтар содырлардың  көршілігінен қорқады, ал содырлар болса, орыс отрядының келе жатқанын естіп Ұлытаудан көктемде қашып кетіпті.

Біздің отряд «Жеті қыз» деп аталатын бұлақтың жағасына орналасты. Бұл атаудың қалай шыққаны жайлы мынадай аңызды естідім. Өткен заманда Ұлытауда өте бай сұлтан көшіп-қонып жүреді екен. Сұлтанның бірінен бірі өткен жеті сұлу қызы болыпты. Олардың сұлулығы жайлы бүкіл далаға тарап қыз көремін деген жігіттер Ұлытауға бірінен соң бірі келіп, бірақ ешқайсысы қыздың әкесінің көңілінен шықпапты. Қыздарын мақтаныш тұтқан әкесі қыздарының қалың малына жылқы да, түйе де емес, олар өзінде жеткілікті болатын, бірнеше шарық інжу, гауһар мен асыл тастар сұрапты. Қыздарға құмартқан жігіттер асыл тастарды іздеп неше түрлі қауіптер мен ерліктерге барып іздегенімен қажетті қалың малдың жүзден бірін де таба алмай мерт болыпты. Сонда, Құдай дүниеқұмар сұлтанды жігіттердің өлімдері үшін жазалапты. Ыстық күндердің бірінде жеті қыз бұлаққа суға түсуге барады. Ең кіші қыз суға кетіп бара жатқанын көрген апалары бірін бірі құтқарамын деп бәрі де суға кетіп өліпті.  Әңгімені тыңдап отырып өз күдігімді айтпай отыра алмадым. Бұлақта судың тайыздығы сонша, ол жерде балапанның өзі бата қоймас; әңгіме айтып отырған кәрі қазақ: Құдай өзі ұста, қаласа бір ожау сумен түйені де суға батыра алады деді. Мұндай уәжге, әрине не айтасың.

Ұлытаудың ең биік шыңдарында керемет ескерткіш тұр, халықта оны Едігенің зираты деп атайды. Қазақтардың аңызы бойынша Едіге ұлы батыр болған, әскери ерліктерін Жайықтың арғы жағында жасаған адам. Кейбір Сібір антикварлары «бұл Едіге біздің тарихымыздағы Мәскеуді қоршаған, Литвалық Витовтымен соғысқан тұлға» деп мені сендірмек болды. Бірақ, менімше оның жерленген жерінің алыстағы шығыста болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Ұлытаудан алыс емес, Кеңгірдің ағысының бойында аттары кең далаға тараған бірнеше зираттық ескерткіштер бар. Олар Шыңғыс хан мен Темірланның тұқымдарының құрметіне қойылған. Едігенің ескерткіші биік құз жартасты жерге қойылған, оны жасау мен сол биікке апарып қою ерекше қиындықтармен және шығынмен қойылғанына күмән жоқ. Сондықтан да дейді қазақтар, ұлы батырдың қабірін адам да, аң да баспай қадірлейді. Едігенің ерліктері жайлы қазақтың жырлары мен аңыздарында айтылады, бірақ оларда Едіге біздің Владимр Красное Солнышкомыз сияқты ойдан шығарылған атпен жүр.

Қазақтың әндері жайлы. Олардың көпшілігі екі махаббаттың кейіпкерлерінің бастан кешкен әңгімесі сияқты. Екеуінің қабірі Аягөзден алыс емес жерде орналасқан. Бұл өлеңдердің тәртіпке келтірілген жиыны тұтас бір поэма болып табылады, бұл жырлар түріктің атақты қарақшысы Көрғұлының әртүрлі бастан кешкен оқиғаларын Кавказдың аржағындағы дәруіштер айтатын жырларға ұқсайды. Енді осы қазақтың поэмасын есімде қалғаны бойынша мазмұнын айтып берейін. «Қарабай және Сарыбай деген екі бай сұлтан болыпты. Біріншісінің Қозыкөрпеш деген ұлы, екіншісінің  Баян сұлу деген қызы болады. Әкелері оларды туған кезінде атастырып қояды. Екеуі бірге өсіп, Баянның сұлулығы мен Қозыкөрпештің батырлығы да, екеуінің арасындағы махаббаттары да тез өсіп, бірге жетіледі. Екі жастың бастары қосылып үйленетін кезі жақындап қалғанда, кенеттен Қарабай өліп жас Қозыкөрпеш жетім қалып отбасы кедейленіп күйзеліске ұшырайды. Бірақ, оған қарамай Баян сұлу махаббатын жақсы көре береді. Тек Сарыбай ғана айнып Қодар деген қалмақ құлының айтқанына еріп жарлы жігітке қызын бергісі келмейді. Қодар қожайынының қызын өзі жақсы көреді, сүйтіп поэмада екі ғашықтың ортасына түскен зұлымның ролінде болады. Осыдан кейін Қозыкөрпештің басына бірінен соң бірі сәтсіздіктер түсіп, Қодар неше түрлі жамандықтарды ұйымдастырып, қауіпті бәсекелесінен құтылатын әрекеттер жасайды. Ақыр соңында Қозыкөрпеш Қодардың қолынан өлім табады. Мұнымен зұлым қалмақтың жамандықтары бітпейді. Ол түнде Сарыбайды пышақтап өлтіріп Баян сұлуды алып қашады. Қуғыннан қашып шөл далада ұзақ жүреді; Баян сұлу  шөлдегенін айтып бір жерге тоқтайды. Жақын жерден құдық кездестіреді, бірақ су алатын ыдысы болмаған соң Қодардан құдыққа түсуді сұрайды. Сұлудың айтқанын істеген Қодарды қыз итеріп құдыққа құлатып түбінде қалдырады. Зұлымнан құтылған Баян сұлу Қозыкөрпештің моласына барып көз жасын төгіп, сосын бақытсыз өмірімен қоштаспақшы болады. Өмірмен қоштаспақшы болып пышақты өзіне салайын деп жатқан сәтінде ел кезіп жүрген қырық сиқыршы келіп қалады. Олар Баян сұлуды өзіне қол салмауға көндіреді және қыздың ғажап сұлулығын көріп арамыздан біреумізді таңдап күйеуге шық деп үгіттейді. Өтініштеріңді орындайын, бірақ сендер бір шартымды орындаңдар. Сиқырлық күштеріңмен Қозыкөрпешті үш күнге тірілтіп беріңдер, мен ғашығыммен жеке үш күн болайын дейді. Баянға ғашық болған сиқыршылар көнеді. Қозыкөрпеш ештеңе болмағандай моладан тіріліп шығады, Баян сұлу ғашығын құшағына алады. Үш күннен кейін Қозыкөрпеш  қайтадан өлік қалпына түсіп Баян сұлу қайғыдан сол жерде өледі. Келген сиқыршылар екі ғашықтың өлігінің үстінен шығып екеуін бір молаға жерлейді». Бұл жабайы поэма осылай аяқталады. Сиқыршылар не себептен Баян сұлуды тірілтіп уәдесін неге орындатпаған, маған ол жағын ешкім түсіндіріп бере алмады.

Енді біздің экспедиция жайлы әңгімемізге оралайық. Ұлытауға жиналған отряд екі ататын қаруы бар 250 казактан және 150 қазақтан құралған. Қазақтардың көбісі  үлкен жол арбаны жылжытуға бар күшін салмақ болып тыраштанып жатқан  шыбындар сияқты. Таңертеңнен кешке дейін әбігерге түсіп жүрген әңгімелері ғана естіледі, бірақ істің көлеңкесі ғана бар, өзі жоқ, тек топырлап жүреді. Атқа отырғың келсе оларға байқатпай атқа мініп, аттан түсу керек. Әйтпесе осы бір қарапайым істің өзіне қиналасың, себебі атқа он қазақ жүгіріп келіп үзеңгіні бірінің қолынан бірі жұлып, тізгінді тартып алып, ақыр соңында атты үркітіп ол тулап тынады. Бұл жатыпішерлер – барып тұрған мақтаншақтар, ерліктері жайлы мақтануға келгенде алдына жан салмайды. Сондай әңгімелерді айтқан кездегі өтірік қарапайым болып көрінгісі келген түрінен өткен қызық жоқ. «Әрине, - дейді ол, - мақтану Құдайдың алдында күнә, жұрт алдында ұят, бірақ өз тәжірибеме сенгендіктен батыл айта аламын: мысалы он адаммен шайқасу маған түкке де тұрмайды, тек жарамды атым мен мылтығым болса болды» т. с.с. Әрқайсысы осы ерлікті жасауға дайын, бірақ олармен шайқасуға дайын он бишараны еш жерден кездестіре алмадым.

Қазақтардың өз батырлығын, қызметке деген ыждағаттылығын көрсетуге тырысуы әрине, олардың өз арасында мықты бәсекелестікті тудыратыны анық. Соның нәтижесінде араларында таусылмайтын ұрыс-керіс көп, олар бір бірлеріне шағым айту арқылы шешіледі. Кейбір сөз керістерін бірнеше күн қатарынан тыңдаған кездерім болды, барлық назарымды салып аударсам да ештеңе түсіне алмадым. Білмеймін неге екенін, қазақтар бізде қызмет істейтін, тілмәш болып жүрген казакқа онша сенбейді, оның орнына жиырма шақты ғана орыс сөздерін білетін өзі тіл үйренген лингвистерін ұнатады. Жерлестеріне өзінің орысша еркін сөйлейтіндігі сонша, шекарада оны қашып жұрген казак деп байлап қоя жаздапты деп сендіріпті. Мұндай тілмәш арқылы сөздеріміздің қалай өтетіндігін өздеріңіз көз алдарыңызға елестетерсіз, арыз түскен істің ақ қарасын анықтау ақылгөй сотты да тұйыққа тіреген болар еді. Араздыққа себеп болатын жағдайларға, мысалы далада тауып алған, егесі жоқ кәрі жаман ат желеу болады. Мүмкін оны қожайыны қажетсіз болған соң тастап кеткен болар. Енді оған кім қожайын?  Бірінші көрген адам ба, әлді бірінші болып жалынан ұстаған адам ба, оны көрген де, ұстаған да жоқ, бірақ келе жатқан топ адамның ішіндегі рудың үлкені немесе жасы үлкені ме? Қазақтардың арасында жерлестік қатаң сақталады, бірақ негізге алынатын ережелер өте шатасып кеткен. Білмейтін қараңғы әдет-ғұрыптарға негізделген тартыстарды шешу, дөңгелектің квадратын табу сияқты. Ақыр соңында кейбір дауқұмарлар айтады, орыстың отрядында жүрген кезде қазақтың далалық әдеттеріне тұрып қажеті жоқ, орыстың майорының (қазақтар отрядтың бастығын  шеніне қарамай бәрін осылай атайды) әділеттілігіне тұру керек дейді. Ал майорға келер болсақ, олардың айқайларынан құлағы тұнып, істің мәнін ұғына алмайды.

Балағат сөздер мен ұрыс-керістерден басқа, біздің серіктеріміздің басқа да әртүрлі ортақ ісімізге ұнамды және пайдалы ермектері табылды. Қазақтардың басым көпшілігі сонымен бірге сыры құпия ғылымдардан терең білімдері бар; мысалы бал ашуға, түс жоруға шебер, осыған ұқсас басқа да  ілімдерге жақын. Ырым мен жоралғыға сену жөнінен қазақтан асатын халықты еш жерде көрмедім.  Ырымшылдығы басқа халықтардан асып тұр дегенім емес, біз де бұл жағынан олардан кем емеспіз; бірақ біздің ырымшылдығымыз ойлаған, жоспарлаған істеріміз бен ойымызға әсері онша емес қой. Бізде жақсы түс көрдім деп ешкім бір маңызды істі бастамайтын болса, қазақтар тіптен басқаша.  Анадай немесе мынадай әскери жарлық жасау жайлы ұсынысымен келеді, айтатын басты дәлелі – түнде түс көріп едім немесе бал ашқан едім дейді. Ең жиі кездесетін бал ашу әдісін қойдың сүйегімен жасайды, сүйекті аз уақытқа отқа тастап оның шытынаған жерлеріне қарап, хиромантылар сиқты сол алақанына қарап алдағы уақытты болжайды. Бұл әдіспен бал ашу кез келген екі  қазақтың бірінің қолынан келеді, кейбір балгерлер қойдың сүйегін күйдірмей-ақ бал аша береді. (Бұл жерде автор қазақтың жауырынмен бал ашуын айтып отырса керек. - С.Ж.) Мұндай дарындар өте сирек кездеседі, олардың даңқы далада ұзаққа тарайды.

Күн сайын опық жеп жүрген бұл бишара ырымшылдардың ақыр соңында көздері ашылуы тиіс қой, бірақ, менің оқушыларым мейлі, өздерін қандай қоғамның мүшелігіне жатқызсын,  білгені дұрыс болар, күнде өздері куә болып жүр ғой, маған сенетін болар, Авгийдің атқорасын тазалауға кіріскенде, ол біреудің ырымдық сандырағы бойынша оны тазалаған жоқ қой. Сондықтан, таңданатын ештеңе жоқ, адамда жыл өскен сайын осындай сандырақтарға сенім өсе береді, кәрілер жастарға қарағанда ырымшыл болады. Қазақтардың бишаралық соқырлығының неге алып баратындығын түсіндіретін бір анекдот айтып берейін. Суы мен жем шөбі мол жерде бірнеше болыстар көшіп-қонып жүріпті. Билер бұл жерде ұзақ уақыт жүре бермекші екен, бірақ қырсығына орай болыстың атағы жұртқа жайылған, халық әбден сеніп қалған даңқ сүйгіш бір балгері болыпты. Бір күні балгер жұртты дүрліктіріпті: көшіп-қонып жүрген жерімізде ертең қан төгіледі дейді. Балгердің сөзіне жұрт таңқалыпты, ешкімнен шабуыл күтетіндей жағдайдың болуы мүмкін емес, бірақ пайғамбар балгеріне сеніп қалған халық тиімді қоныстан, қауіптен алысқа кетуі үшін жолға дайындалады. Келесі күні болыстың халқы орнынан көшіп біраз жерге алыстап барып түнеуге қонады. Бірнеше батыл жігіттер, қастарында балгер де бар, қалдырған орнымызды көрейік, балгердің айтқаны болды ма екен, қандай төгілетін қанды айтты екен деп көшкен орнына келеді. Әрине, олар қауіп туа қалса деген оймен,  ең жақсы атқа мініп, қару-жарақтарын асынып құпия қауіптен сақтанып шығады.  Тағдырлы жерге келеді, бірақ жаңа ештеңе көрінбейді. Жан-жақтың бәрі тыныш, бұлар көшіп кеткеннен кейін бұл жерге ешкім келмеген. Жүректі жігіттер балгермен бірге айналаны түгел қарап шығады, балгерге бір-екі әзіл сөздерді де тастайды. Сол кезде жақын жерден бір киікті көріпті, біреуі атынан түсіп киікке жақын келіп атып киікті құлатып түсіреді. Бәрі жүгіріп келіп өлтірген киікке қарайды, ал балгер болса киіктен аққан қанды көрсетіп, менің  ашқан құмалағымның қателесуі мүмкін емес, мен айтқан қан төгілді, енді қорықпай бұрынғы қонысымызға қайтып келуге болады дейді. Не ойлайсыздар? Ешкім балгердің айтқаны бұрыс дей алмаған, болыс мекеніне қайтып келіп балгерінің ашқан құмалағы қателеспейді деген пікіріне бұрынғыдан да сенімді болады.

Бірақ Цицерон айтқан емес пе, кім күні бойы пышақ лақтыра берсе, әйтеуір бір уақытта тигізеді деп.  Кейде кездейсоқтық болжамды дәл табады, сол заматта болжамшы жайлы сөз ен далаға тарап, оған сенушілердің сенімін ұялатады, күмәнданғандарды ұятқа қалдырады. Мына бір әңгімені Петропавлда естідім,  оның туралығына кепіл бола аламын. Өткен жылдың қысында, Ұлытаудан алыс емес жерде Кенесарының туысы, тентек сұлтандардың бірінің ауылдары көшіп жүреді. Неге екенін білмеймін, сұлтан бір күні аулынан алысқа жол жүріп кетеді, кетерінде бәйбішесіне өзі оралғанша ешқайда көшпеуді тапсырады. Бірнеше апта өтеді. Бір күні  бәйбішесі таңертең  мазасы болмай оянып, түсті жақсы жоритын молданы шақырып алып кел деп бұйырады. Молдаға айтады: Түнде түс көрдім, бір дәу түйе келіп үйді жапыра бастады дейді. Молда түсті тыңдап бозарып кетеді де бәйбішеге «сізге өте жаман бақытсыздық төніп тұр, ол қараңғы түскенше болады, одан құтылу үшін уақыт создырмай қаш» дейді. Күйеуінің айтқанын орындамаудан қорыққан бәйбішеге молданың сөздері  әсер етпей, ауылымен бірге көшпей орнында отыра береді. Молданың өз жорамалына өзі сенгені соншалықты, қолына бірінші түскен атқа мініп, адамдарды тағдырға тапсырып қашып кете береді. Молда қашып кетіп, бәйбіше өз жақындарына түсін айтып сөйлесіп болғаны сол екен, ойда жоқтан келген казактың отряды содырлардың ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, содырлар жеңіліс тауып, адамдарын ұстап, бәйбішені тұтқындап Сібірге айдап жібереді. Шабуылдан бір сағат бұрын қашып кеткен біз айтқан молда ғана аман қалыпты.

Біздің Ұлытауда тұрғанымызға бірнеше күн болды, бірақ әлі  күнге дейін содырлардың ауылдарының қайда кетіп қалғандығы жайлы еш хабар алған жоқпыз. Қасымызда, бірнеше жүз шақырым жерде бізге қандай да бір болмасын хабар жеткізетін тірі жан жоқ, Кенесарыны қолдаушылар Ұлытаудан екі ай бұрын қашып кеткен. Әрине сонша уақыттан бері олар бір жерде тұрған жоқ қой; олардың бағытын көрсететін алғашқы іздерінен бізге еш пайда жоқ, олар бізге қажет деректерді енді бере алмайды. Содырлардың екі ай бұрынғы іздеріне түсіп, олардың екі айлық жолына түсіп іздеу мүмкін емес. Европада жүріп жатқан соғыстардың өзінде, жүріп қонулар жолдың  бағыттарына, стратегиялық пункттердің орналасуына, басқа сөзбен айтқанда, жұрттың бәріне белгілі және өзгермейтін деректерге негізделген, ол соғыстардың өзінде дұшпанның қимылдарын біліп отыру шпиондардың, сатылып кеткендердің көмегінсіз мүмкін емес болса, аспан мен тақыр даланың ортасындағы шөл даладағы дөңгелектің ортасында тұрған біздер оларды қалай таба аламыз. Мүмкін қазақтардың қой сүйегімен бал ашуы немесе магнетикалық көріпкелдігі бұл жағдайдан шығуға көмектесер? Біздің үкіметке адал болып жүрген болыстар, содырлардың тонауынан қауіпсіз болу үшін, сол жердегі әскери отрядтың күзетінде, шекара мен приказдардың төңірегінде көшіп жүр. Біз өз шекарамыздан мың шақырым шығып кеттік, сол себептен де ол жақтан бізге хабар тез жетпейді. Ұлытауға отрядымызды орналастыру арқылы біз Сібір ведомствосына қарайтын бүкіл даланы қорғап отырмыз, себебі желкесінде біздің отряд түрған кезде Кенесары бұл аймаққа кіре алмайды. Бұл жерде біз істейтін ақылға қонарлық іс -   содырлардың қай жерде екенін айтатын біреуді ұстағанша немесе хабар алғанша Ұлытауда тұра беру. Барлық бағытқа  жаңа із кездесер ме екен деп шолғыншылардың  (éclaireurs) шағын партияларын жұмсадық.  Казактар әскери өмірдің көптеген жақтарына қабілеті жеткілікті болғанымен, із кесу жөнінде қазаққа жете алмайды. Бұл жөнінде қазақтардың ешкімде жоқ ғажап зеректігі бар. Олар ізді көреді де тоқтап жіті қарай бастайды, сосын адамдардың қашан жүргенін, нешеу болғанын, дос па, дұшпан ба, қандай іспен жүргенін т.с.с. айтып береді.  Ойын жинақтап дәлелдеп айтқандарына қалай таң қалсаң,  тас боп қалған сүйекке қарап ежелгі жануарды суреттеп берген Кювье сияқты аңғарғыштығына сонша риза боласың. Әрине, мұндай қазақтар болашақты айтып беретін  көріпкел қазақтармен салыстырғанда көп емес, біріншілері көп. Көріпкелдік өнерін аңғарымпаздықпен салыстырғанда меңгеру оңай.

Біздің жол бастаушыларымыз – Төлеш пен Атығай, мен олармен сіздерді таныстырғанмын, аңғарымпаздық өнерін керемет меңгергендер.  Олардың бұл өнері тек қиыншылықтармен ғана емес, қауіп қатермен байланысты. Кез келген қазақ мұндай шолғыншыларды көріп оларға жеккөрінішті көзбен қарайды. Егер шолғыншылардың саны оған кездескендердің санынан көп болса, біріншілері оларды бас салып қуып ұстап отрядқа тіл әкелуге тырысады. Егер шолғыншылар  кездескендерден сан жағынан аз болса, шолғыншыларды жәй жібермейді, соңынан қуа жөнеледі, ұстаса аямайды. Ешқандай түсіндіруді тыңдамайды, өлгенше шыбықпен сабап, аттарын тартып алып шешіндіріп шалажансар күйінде айдалаға тастап кетеді. Мұндай кездерде ондай бишараны аштық өлімнен кездейсоқтық қана құтқарады. Бір қызығы, дұшпанмен ашық соғысқа барудан гөрі, қазақтар  қауіп-қатері көп шолғыншылыққа қорықпай ұмтылады.  Оқтың астына түскен кезде олар рухын жоғалтып алады, мұндай кезде оқ құшып өлу мүмкіндігі, қасындағы бірнеше адаммен бірнеше жүз шақырым жүріп ұсталуға қарағанда көп екені белгілі ғой.

Шолғыншының тағдыры астына мінген атына байланысты; жаман атпен мұндай сапарға ешкім шықпайды. Шолғыншылыққа екі атпен шығады. Арасында атын ауыстырып тұрса, аттың екеуі де шаршамайды. Егер аты ауырып немесе жарамсыз болып қалса, онда шолғынышының өмірі қыл үстінде қалады. Айдалада жаяу қалған адамның жағдайы ашық теңізде кемесі қирап, бөренеде жүзіп келе жатқан теңізшіден артық емес. Атақты «Медузаның» бишара  жолаушылары басынан кешкен азапты оқиғаларға ұқсас әңгімелерді бірнеше рет естіген едім. Сол әңгімелердің бірін естіген күйімде айтып берейін.

Аман-Қарағай округінде Язы Янов (Сірә, Жазы Жанов болар. - С.Ж.) деген бай қазақ болған екен. Бірде оған 200 шақырым жерде көшіп жүрген танысына баруға ой келеді. Бұл өңірде ешқандай су жоқ, ештеңе өспейді, бірақ екі атпен бір тәулікте жетуге болады. Екі атпен, бірақ қасына серік алмай жолға шығады. Бірнеше күн өтеді, Жазы Жанов оралмайды.  Әйелі бірнеше адамды күйеуі кеткен ауылға жұмсайды, бірақ олар оны көрмепті. Жазы Жановты жан-жақтан іздей бастайды. Көп ұзамай селдір шөпті қорек етіп жүрген аттарын табады. Біреуі ерттелген, үстінде ілінген дорбасында Жазы Жановтың жолға алып шыққан азығы салынған, оның басы бұзылмапты.. Аттың егесін ұзақ іздеп,  ақырында адамның қаңқасын табады, қасында жатқан киімінің қалдықтарына қарап бишара Жазы Жановты таниды. Қасқырлар мен жыртқыш құстар дегенін істеп сүйегін ғана қалдырыпты. Бишара бейқам жолаушының қандай өліммен өлгенін көзге елестету қиын емес: аттары қолынан жұлқынып қашып ұстатпаған болса керек, ұстаймын деп ұзақ қуған, ұстай алмай шаршап аттың қоржынында қалған тамақсыз, сусыз өлген болса керек.

Жіберілген шолғыншылардан басқа, Ұлытаудың барлық қыраттарына қазақтардан тұратын бақылау бекеттерін қойдық. Қазақтар бұл жөнінен де казактардан асып түседі. Біріншіден, қазақтардың әрең байқалатын қысық көздері қиырдағы біз көрмейтін заттарды айқын байқайды, бұл жөнінен біз олармен теңесе алмаймыз. Екіншіден, қазақтардың ыңғайлы орналасу шеберлігі соншалықты, отырған жерінен жан-жағын көре алады, сүйте тұра оны ешкім көрмейді. Олардың өмір сүру тіршілігі оларға осындай қасиеттерді дарытқан. Бұл қасиет аванпостық қызмет үшін таптырмайтын дарындық болып саналады.

Біз ойлағанбыз, содырлар біздің Ұлытауға келе жатқанымызды байқап бізді бақылауға өздерінің адамдарын жіберер, солардың бірін ұстап қалармыз деген үміт те болған еді. Бұл үмітіміз көпке дейін орындалмады. Бірнеше рет дабыл қағылған кездер күн сайын болып тұрды: бір жолы қарауылшымыз қайтып келе жатқан шолғыншыларымызды дұшпан деп қабылдаған жағдай орын алды, шұбырған киіктер шауып келе жатқан салт аттылар сияқты болып көрінген елес бәрімізді дүрліктірді:  мұндай кезде ең тәжірибелі көздің өзі алдануға түсіп қалуы мүмкін. Осындай дабыл қағылған кездегі отрядтағы қуанышты, дабылдың бекер қағылғандығын білген кездегі ренішті көрсең етті.  Отрядымыз таудың ең түкпіріне тығылып орналасты; қазақтардан құрылған бекеттердің тізбегі олардың қарама-қарсы бетіндегі жазық даланың ылдиында орналасып  күзетте тұрды. Ұлытау сырттан қараған көзге өзін қоршаған даладай болып, адамы жоқ шөл дала сияқты болып тұрды.

Н.Н. Каразин.т Қабанмен жекпе-жек

Талай рет болған түңілген кезімізді, ақыр соңында шыдамдылығымыз үшін бізді табыспен марапаттады. Таңертеңгі тамаша күндердің бірінде қарауылшыларымыздың бірі атпен демігіп шауып келіп, алыстан бір топ салт аттылардың келе жатқанын хабарлады. Шолғыншыларымыздың барлығы үйде, сондықтан келе жатқандардың біздің отрядтың адамдары емес екендігіне күмән жоқ еді.  Мен басқа офицерлермен бірге бекетке шауып бардым. Бекеттен бірнеше қадам жерде аттан түсіп еңбектеп қыраттың жотасына, қарауылшылар жатқан жерге бардық. Қазақтар көрсеткен жаққа дүрбімен қарап, бір уақытта қозғалып келе жатқан төрт нүктені көрдім. Әр нүктенің қасында одан кішілеу тағы бір нүкте көрінеді. Бір уақыттарда нүктелер қосылып, келесі минуттарда тағы бөлінеді. Олардың адам ба, әлде ат па екенін дүрбімен де ажырата алмадым. Қазақтар төрт аттының келе жатқанын, жетегінде бір аттары бар екенін түсіндірді. Олардың өте сақтықпен келе жатқандығы байқалады,  жан-жағын жіті қарап тосқауылға түспеуді ойлап келе жатқаны анық байқалды. Бір кезде салт аттылар бір жерге жиналып бірнеше минут қозғалмай тұрды да кері бұрылып Ұлытаудан тез алыстай бастады. Салт аттылардың әрбір қимылын жүрек дірілімен қызықтап бақылап отырған біздерге бұл ең ауыр минуттар еді. Ұлытауда отрядтың бар екенін білдіретін бірнәрсені байқаған болса керек деп ойлаймын. Көпшілігіміз сол заматта арттарынан қуу керек десек те, жасы үлкендер мен тәжірибелі адамдар әлгіндей ұсыныспен келіспеді; салт аттыларды алыстан қуып жету, аңшыны көрген киікті қуып жетумен бірдей, сондықтан да арты не болар екен деп асықпай күтуге кеңес берді. Ширек сағаттай уақыт өтті, салт аттылар алыстап бара жатыр, бір кезде көкжиектің ең шетінде тоқтады. Тағы да біршама уақыт бірге тұрды, сірә өзара сөйлесіп, әрі қарай не істейміз деп ақылдасып тұрса керек: сосын аттарын қайта бұрып Ұлытауға қарай тіке желіп жүріп кетті. Алғашқы жолы олардың аттарын неге кейін бұрғанының себебін бәріміз түсінгендей болдық. Ұлытауда  отрядтың болу мүмкіндігіне күдіктенген олар жақындап келіп бізді өздеріне шығарып қуғынға түсуге шақырды. Қуғыннан қорқатын олар емес, қашып құтылады, ең бастысы, отрядтың бар екеніне көздері жетеді. Ешкім көрінбеген соң батылданып жақындай бастады. Далада таудың етегінен басталатын иіріліп жатқан ені тар терең жырма сай бар еді: сол жырмаға алты казакты алдын ала жіберген болатынбыз. Казактар білдірмей сол сайдан аттылар өтуі тиіс жерге келіп тығылып жатқан еді. Салт аттылар  құрылған тұзақты сезген аңдар құсап не істерін білмей аңырып тұрып қалды, шегініп кетерін де білмейді. Бір кезде салт аттылардың бірі, батылдауы ма, мүмкін есалаңдауы ма, серіктерінен бөлініп бізге қарай шаба жөнелді де сайға кіріп жоқ болды. Ұзаққа дейін жердің бетіне ешкімнің басы шықпады; бір кезде бізді таң қалдырып жаңағы салт атты, оны біздің казактар ұстап алуға тиіс еді,  жайбарақат шықты да біздің жаққа бет алды. Сірә, оны біздің казактар,  байқамай қалған болса керек. Салт атты біздің жаққа қарай шығып, атын тоқтатты да, алыстан қарап тұрған достарына  бұрылып бірнеше рет қолын бұлғады, олардың өзіне қарай жүргенін көрген соң барып, біз жаққа шаба жөнелді. Сосын ғана, ол бізге бірнеше қадам жақындаған кезде ғана, оның біздің тосқауылға жіберген, үстіне  салт аттының шапаны мен қалпағын киіп алған казак екенін аңғардық. Тауға кірген соң казак бір-екі сөзбен айтып берді: казактар екіге бөлініп сайға түсетін жолдың екі жағына тығылады. Сақтықты ұмытқан салт атты сайға түсе бергенде екі жақтан ұмтылып аттан түсіріп құлатып қолын  байлап аузына шүберек тығады.Тұтқынның шапаны мен қалпағын киіп алуды және оның атына мініп шақырылмаған, бірақ көптен күткен қонақтарды тұзаққа түсіруді әңгіме айтушы ойлап тауыпты. Оның әңгімесін аяғына дейін тыңдап үлгерген жоқпыз, «Ура!» деген айқай мен у-шу ойлап тапқан қулықтың табысты өткенін бізге хабарлады. Жаңа ғана үш қазақ жырма сайдан өтемін деген кезде оларға жан-жағынан казактар жабылып аттарынан түсіріп тез байлап үлгеріпті. Қазақтар бұл жағдайға қалай түскенін өздері де аңғармай қалды.

Тұтқындарды дереу бөлек-бөлек алып кетті, біз тергеуге кірісіп кеттік. Бірінші қолға түскенінен бастадық.  Жасы он жетіге толмаған бозбала екен, қасындағы сақ серіктерінен бұрын ессіз батырлықпен алға ұмтылуы, жастық албырттығы мен тәжірибесіздігінен екендігі көрініп тұр.  Тұтқынға түскенін көрген кезде желөкпе батырлығы жоқ болып кетті. Өліктей болып боп-боз болып кеткен, жан-жағына үнсіз қарайды, қорыққандығы сонша, ойлау қабілетінен де айрылып қалған сияқты. Жан-жағындағы заттардың барлығы өзіне өзі жауап бере алмайтындай етіп,  зіл боп иығын азапты сұмдық болып басып тұрғандай. Мен оған жылы сөздер айтып қуат беруге тырыстым; біразға дейін сөздерім оған түсініксіз болып жетпеді, сосын барып жерге етбетінен түсіп, көз жасын төгіп, торыққан кезде айтылатын барлық шешендік қызыл сөздерін айтып жанын тірі қалдыруын сұрап жалына бастады. Кенесары мен қатынасы бар екендігін мойындамады қайдағы бір-бірімен үйлеспейтін қисынсыз оқиғаны айта бастады, сірә алдын ала дайындап қоюға үлгермеген болса керек. Ешқандай қорқытусыз,  рақымшылық жасаймыз деген уәдеміз еш әсер етпеген соң, екінші тұтқынмен сөйлескен кезде оған бірден: біз сендердің Кенесарының адамдары екендеріңізді білеміз, ол жайлы бірінші тұтқын бәрін айтып берді, ештеңе айтпаймын дейтін болсаңдар, бастарыңа бәле тілеп аласыңдар дедік. Бұл қулығымыз күткен табысқа жеткізді. Аз-кемдеп біраз нәрсені біле бастадық, оларды Кенесары жіберіпті, осыдан бірнеше күн бұрын оларды  орыс отряды жайлы біліп келу үшін жіберіпті. Содырлардың  ауылдары Үлкен Торғайда екен. Оларға қуып жету үшін сол күннің кешінде жолға шығатын болдық.

(Жалғасы бар. Естелік-жазбаның басы мына сілтемелерде тұр: http://abai.kz/post/49234;http://abai.kz/post/50361; http://abai.kz/post/51010; http://abai.kz/post/51171)

Орыс тілінен аударған Сағат Жүсіп

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2055