Рақымшылық жасалды. Кімдер босап шықты?
Жақында ҚР ауыл шаруашылығының бұрынғы вице-министрі Мүсілім Өмірияевке рақымшылық жасалды.
Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша ("Пара алу") 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2016 жылы Өміриявтің ісі Астанадағы Алматы аудандық № 2 сотында қайта қаралып, оған тағылған айып 362-бапқа ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") өзгертілген. Сөйтіп, кезінде 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген экс-вице-министр түрмеде 4 жыл отыруы керек-тін. Алайда, жақсы тәртібі үшін және осыған дейінгі айып бойынша жазасын өтегендігін ескеріп, рақымшылық жасалыпты.
Өткен жылғы Мемлекет басшысының рақымшылық жасау туралы тапсырмасынан кейін өз уақытында ірі мемлекеттік лауазымдарда болған бірсыпыра шенді, дәлірек айтсақ экс-шенді шегеннен шыққан-тын.
"Астана ЭКСПО-2017" Құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов те рақымшылықпен босап шықты.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәліметіне сәйкес, аты шулы Үсеновтер әулетінің басшысы Қажымұрат Үсеновке "ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға (Жазадан босатылатын адамдар "елуге толған және одан жоғары жастағы әйелдер, алпыс үшке толған және одан жоғары жастағы ер адамдар") сәйкес рақымшылық жасалғанын айтып өтті. Ал Қажымұрат Үсенов 62 жаста.
Ол Астанада "Астана ЭКСПО-2017" компаниясынан қаражат жымқыру ісі бойынша сотталған. Қажымұрат Үсенов ұлы Мақсат Үсенов көлікпен алты адамды қаққан. Бұл да қоғамды қызу талқыға түскен еді.
Рақымшылық Сейтқазы Матаевқа да тиді. Сейітқазы Матаевқа "Рақымшылық туралы" заңының 4-бабы, 1-бөлігі, 4-тармағына сәйкес рақымшылық жасалды. Яғни оның жазасының тең жартысы қысқартылады.
Десе де 2017 жылы 2 наурызда шыққан Алматы облысының Қапшағай қалалық сотының үкімімен Сейітқазы Матаев колонияда әлі 2 жыл 11 ай отырады. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Сейтқазы Матаевқа сот 6 жыл бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz