Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 8001 5 пікір 21 Сәуір, 2017 сағат 16:12

Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы құрылды

Бүгін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Әйел. Қоғам. Білім және ғылым» атты халықаралық симпозиум өтті. Шара аясында «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» атты бірлестіктің салтанатты ашылуы өтіп, қоғам мүшелеріне арнайы куәлік табыс етілді.

Симпозиумдабілім мен ғылымды дамытудағы әйел ғалымдардың алар орны, тілдерді оқыту мен үйретудегі инновацииялар, Қазақстан дамуының заманауи кезеңіндегі отбасы мен отбасылық құндылықтар, қоғамдық қатынастардың жаһандануы контекстіндегі адам құқығының дамуы тақырыптарында дөңгелек үстел өткізіп, бүгінгі өзекті тақырыптарды талқылады.

Симпозиумға медицина, филология, философия, педагогика, ауылшаруашылығы, тіл, жаратылыстық ғылымдар саласының үздік мамандары, елімізге танымал ғалымдар қатысты. Олар «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамын» құру арқылы еліміздегі 400 мыңға жуық ғалым әйелдердің ел өміріне, қоғам тынысына өз үндерін жеткізіп, кез келген өзекті мәселені кеңірек талқылауға, өздерінің балама жоспарлары мен ойларын ұсынуды көздеп отырғандарын жеткізді.

Таңат АЯПОВА,  филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстандық ғалым әйелдері қоғамы» бірлестігінің президенті:

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында АҚШ-қа барып, біраз жыл университетте сабақ бердім. Сонда оларда ғалым әйелдердің бірігуімен ашқан қоғамдық қорлары бар екенін білдім. Олар өздерінің қоғамдық бірлестіктері арқылы жаңа жобалар дайындап, мемлекеттік яки жекеменшік секторларға өздерінің ұсыныстарын ұсынады. Қоғамдағы түрлі істерге өз ой-пікірлерін жеткізіп, кейбір мемлекеттік маңызды бағдарламаларға баламалы жоспарларын ұсынады екен. Сол қоғамға мен де мүше болдым. Олардың еркіндіктеріне, талапшылдығына тәнті болған едім. Содан бері Қазақстанда осындай қоғам неге жоқ деген сұрақ мені мазалап жүрген. Мұндай қоғам Қырғызстан мен Өзбекстанның өзінде бар екенін жуырда білдім. Олардың жұмыс тәжірибесін зерттеп көрдім. Ел істегенді біз неге істемейміз? Қазақстанда 400 мыңға жуық ғалым әйел бар екен. Олар мамандықтары бойынша әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Олардың ортақ ұйымы болғаны заман талабы деген ойдамын.

Қазір қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар көп. Демократиялы елдің негізгі тіреуі – осы ұйымдар мен қорлар, бірлестіктер. Олардың әрқайсысы өз міндет-мақсатына сай ойдағыдай жұмыс істесе, қоғам алға жылжиды.

Ал біздің мақсат – қоғамдық өзекті тақырыптарға ғалым әйелдердің үнін жеткізу, олардың пікірлері мен ғылыми тұжырымдарын ұсыну. Айталық, қазір бүгін үйленіп, ертең ажырасып кету қалыпты жағдайға айналды. Бұндай үрдіс қайдан келді? Неге жетім балалар көп? Неге отбасы құндылығы жойылып барады? Қоғамдық формация өзгерген тұста біздің дәстүрлі құндылықтар тоқырауға ұшырағаны жасырын емес. Біз ғалымдардың жиі бас қосып, конференциялар өткізіп, өздерінің түйгендері мен түсінгендерін, зерттеген тақырыптарын кеңірек насихаттауға тиіспіз. Біздің қоғамның атқарар жұмысы өте көп. Алдағы уақытта арнайы бағдарламалар әзірлеп, тиісті мекемелермен бірлесіп қызмет атқаратын боламыз.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961