Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 8499 6 пікір 28 Сәуір, 2017 сағат 09:52

Мүфтият Алашорданың 100 жылдығына құрмет көрсетті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Ғұламалар кеңесінің» ұсынысымен Нұр-Мүбарак университетінде Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алаш және дін» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.

.Елдік сананы ту еткен, ұлттың рухани дамуын басшылыққа алған Алаш қозғалысының тарихында Ислам дінінің алар орны, қызметі т.б. тақырыптарда тың идеялар айтылды. Конференция  Алаш арыстарының әруғына Құран оқуымен басталды. Артынша мінберден сөз алған зиялылар тәуелсіз мемлекетімізге, асыл дінімізге еңбек сіңірген Алаш көсемдерінің ұлы істерін тізбектеп, бүгінгі егемен еліміз кешегі Алаш идеясының жалғасы екендігін баса айтты.

 

АЛАШ ИДЕЯСЫ МӘҢГІ ЖАЛҒАСЫН ТАБА БЕРЕДІ

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

«Алаш мұраты – бүгінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы ретінде жалғасын тауып, өз өміршеңдігін көрсетіп отыр. Біз тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі таңда мемлекеттілікті нығайту тұрғысындағы қолға алған әрбір істерін кешегі Алаш зиялыларының аманаты деп білеміз. Яғни, Алаш идеясы мәңгі жалғасын таба береді. Оған қал-қадерімізше үлес қосу әрбір мұсылман қазақтың қасиетті борышы деп білемін.

Алаш қайраткерлері саяси тәуелсіздікпен қатар дін мәселесінде де тәуелсіз болуды күн тәртібіне қойды. «Алаш орда» өкіметі құрылып, оның бағдарламасында дін мәселесі қарастырылды. «Алаш орда» үкіметінің ІІ съезінде Ғұмар Қараш бас қази болып сайланды. Өкіметтің Бас уәкілдігі жанынан діни істермен айналысатын жоғары инстанция құру мәселесі де көтерілді. Бұл, сөз жоқ, Алаш зиялыларының асқан көреген болғанын әйгілейді».

 

АЛАШ ОРДА ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ РУХТАРЫНА ТАҒЗЫМ ЕТУ ТӘУЕЛСІЗДІК АЗАМАТТАРЫНЫҢ ПАРЫЗЫ

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты:

«Алаш қайраткерлерінің дінге қызметі ұшан теңіз. Дін өкілдерініңде елдің болашағына сіңірген еңбегі өлшеусіз еді. Соның бірі Наурызбай Таласов. Көкшетаудағы ел-жұртқа аса қадірді дінбасы Наурызбай Таласовты халық айрықша құрметтеп, Науан хазірет деп атап кеткен-ді. Ол ХІХ ғасырдың 60–70-жылдары шамасында, жас кезінде, басына түскен үлкен қиыншылықтарға мойымай,  Бұқараға оқуға барған. Өзінің қабілеттілігі мен дарынының арқасында сол жақта мектеп, медресе тауысқан. Он бес жыл оқыған. Діни ілімді терең игеріп, жоғары мектепте дәріс беріп жүрген. Сол шақта, Түркістан өлкесінде ғұлама ғалым ретінде шыққан атақ-даңқынан хабардар көкшетаулық жерлестері оған қайта-қайта арнайы елші аттандырып, елге шақыртады. Ол шақыруды қабыл алады да, Көкше өңіріне оралған бетте халықты мұсылманша сауаттандыру ісіне кіріседі. Мешіт ұстайды, медресе ашып, бала оқытады. Науан хазіреттен дәріс алып, оның лайықты ізбасары бола білген, білімін Бұқарада жетілдіріп келген діни қызметші және медресе мұғалімдердің бірі – Шәймерден Қосшығұлов еді. Міне осы екі зиялының – Көкшетау мешітінде қызмет ететін асқан білімді, өмір тәжірибесі мол дінбасы мен оның отыздардағы жігерлі шәкіртінің аталған үндеуді жазушы, негізгі саяси ойды тұжырымдаушы тұлғалар болуы мүлдем табиғи жәйт еді. Алаш қозғалысына өзіндік үлес қосқан, сталинизм жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың дін-ислам қызметшілерін еске алып, Алашорданың биылғы ғасырлық мерейжылы орайында рухтарына тағзым етуді тәуелсіздік азаматтарының парызы деп білейік».

 

ҚАРҚАРАЛЫ ПЕТИЦИЯСЫНЫҢ 47 БАБЫНДА ДІНИ АХУАЛДЫ, ИСЛАМНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН КҮЙТТЕГЕН БОЛАТЫН

Ғарифолла ӘНЕС,  филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының президенті:

«Алаш қозғалысы туралы сөз болғанда біз әдетте тасқа басылған қос құжатқа табан тірейміз. Оның біріншісі – Алаш қозғалысының бастау-көзінде тұрған Қарқаралы петициясы. 1905 жылы 22 маусымда Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналған 16 мың қазақ қол қойып Петербурғқа патша ағзамға жолданған арыз-тілектің 47 бабының көпшілігі сол кездегі ел арасындағы діни ахуалды, исламның жай-күйін күйттеген болатын. Атап айтқанда: ұждан бостандығы, дін тұту еркіндігі, Дала өлкесінің қазақтары үшін жоғарғы тәуелсіз дербес сайланбалы діни басқарма ұйымдастыру, мектептер мен мешіттерді салуды өз бетінше шешетін тәртіп орнату, қазақ, татар және араб тілдерінде шығатын рухани кітаптарға цензураны жою, туу туралы жазбаларды (куәліктерді) діни басқарма орындарына беру, ауыл мектептерінде қазақша (мұсылманша) сауат ашуға рұқсат беру, қазақ тілін қазақтар арасында мемлекеттік тіл жасау... тағысын, тағылар.

Ал екінші құжат – Орынбор қаласында 1917 жылдың 5 – 13 желтоқсан аралығында өткен Жалпықазақтық ІІ сиезінің Қаулысына көз жүгіртсек ел ішінде дін өкілдері – молда, ишан, қарилердің өте беделді болғаны, Алаш қайраткерлері оларды үнемі төрге оздырып, ел алдындағы олардың беделдеріне сүйенгендігін көреміз. Осы орайда, қосымша айта кетсек, тек қос Жалпықазақ сиезінде ғана емес, 1917-18 жылы барлық қазақ облыстарында өткен, әрқайсысы 10 күн мәжіліс құрған сиез-жиылыстарда дін өкілдері үнемі алдыңғы қатардан көрінеді: жиылысты Құран дұғасымен бастайды және аяқтайды, өздерінің пәтуалы сөздерін айтады».

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047