Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Күбіртке 7413 9 пікір 28 Сәуір, 2017 сағат 10:02

2 224 томдық қылмыстық іс. Храпунов пен Әбілязовтың қылмыстық схемасы

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Соттың бүгінгі отырысында Мұхтар Әбілязовтың Храпуновтар отбасынан сатып алған «Building Service Company» компаниясына миллиардтаған несие беруі туралы оқиға қаралды, - деп жазады inform.kz.

Жәбірленуші тараптың өкілі әуелі «Building Service Company» компаниясын кім және қалай құрғанына тоқталды. Бұл оқиғаның басы қазіргі кезде әділеттіліктен қашып,  Швейцарияда жасырынып жүрген Виктор Храпуновтың Алматы қаласының әкімі болған кезінен басталады. Қала басшысының қызметін атқарған кезінде Виктор Храпунов ең алдымен, «мемлекет қажетіне» жеке меншік қожайындарынан жер учаскелерін тартып алуға қатысты шулы оқиғалармен елдің есінде қалды. Мемлекет осылайша жер учаскелерін өзіне қайтарды. Айтарлығы, мемлекетке қайтарылған учаскелер мен жылжымайтын мүліктер табиғат қорғау аймақтары мен Алматының беделді аудандарында орналасты. Тартып алынған мүлік көп ұзамай Храпуновтың өзінің бағынышты фирмаларына сату үшін саудаға шығарылды. Солардың бірі, Виктор Храпуновтың әйеліне тиесілі болған «Building Service Company» компаниясы еді.

Алайда, 2003 жылдың қазан айында Ләйлә Храпунова «Building Service Company» компаниясындағы өзінің 100 пайыздық үлесін сатып, одан түскен қаражатты қызы Эльвираның атына Швейцариядағы банктердің бірінде ашылған шотқа аударады. Аталған компанияның іс жүзіндегі қожайыны Мұхтар Әбілязов болып шыға келеді. Айта кетелік, Әбілязовтар мен Храпуновтар құда болған әулеттер: Ілияс Храпунов Мәдина Әбілязоваға үйленгені мәлім. Тергеудің мәліметтеріне қарасақ, осынау отбасылық мәміленің құны 2 миллиардтан астам теңгені құраған. Бірақ Мұхтар Әбілязов бұл шығынының орнын кейінірек артығымен толтырды.

Арада біраз уақыт өткенде ол «Building Service Company» компаниясының қаражатын өзіне бағынышты басқа компанияларға бөледі. Өйткені, ол компаниялар да БТА банктен бірнеше миллиондаған несиелер алып, қайтармаған болатын.

2007 жылы БТА банкте бұған дейін жолға қойылған қылмыстық кесте бойынша «Building Service Company» компаниясының атынан 45 миллион АҚШ доллары көлемінде несиелік желі ашуға өтініш жасалады. Әрине, оны мақұлдауға келгенде ешқандай мәселе туындаған жоқ. Несие комитеті ешқандай сараптама жүргізбеді, қарыз алушының өзін және несие алу тарихын тексерген жоқ. Өйткені, банк қызметкерлері қарыз алушы компанияның іс жүзіндегі қожайыны кім екенін жақсы білетін еді. Сол себептен «Building Service Company» компаниясына жедел несие беру туралы шешім шығарылды.

Көп ұзамай «Building Service Company» компаниясынның шотына БТА банктен қомақты несие ақша түсе бастады. Бірақ ол ақша банкке сол күйі қайтарылмады. Ал, Мұхтар Әбілязов болса ұрланған миллиондар мен миллиардтарын заңдастырып, өзінің жеке басының қажеттіліктеріне жұмсады.
Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды. Сот отырыстарына үш мемлекеттік айыптаушы, сотталушылардың қорғаушылары және БТА банкінің өкілі қатысуда. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады.

Abai.kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047