Елеусінов учаскелік инспекторларға дөрекі мінез көрсеткен
Кәсіподақ жетекшісі Ә.Елеусіновтің учаскелік инспекторларға дөрекі мінез көрсеткені белгілі болды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Астана қаласындағы №2 Алматы аудандық сотында Маңғыстаудағы Oil Construction Company (OCC) мұнай сервисі компаниясының кәсіподақ басшысы Әмин Елеусіновтің ісіне қатысты сот процесі жалғасуда.
Әмин Елеусінов қылмыстық кодекстің төрт бабы - "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену, талан-таражға салу" (176 бап 4 б.) , "Билік өкілін жұрт алдында немесе БАҚ яки телекоммуникация арқылы ғайбаттау" (378 бап 2 б.), "Билік өкіліне бағынбау" (379 бап 1 б.) және "Билік өкіліне күш қолдану" (380 бап 1 б.) бойынша айыпталады. Сот процесіне куәгер ретінде шақырылған учаскілік инспекторлар С.Нұрпейісов пен А. Сынабаев айыпталушыға шақыру қағазын алып келгенде, оның дөрекі мінез көрсеткендігін алға тартты.
Учаскілік инспекторлардың айтуынша, Ә. Елеусінов олардың киімдерін жұлқылап, погондарын үзіп, машиналарын тепкен. Боқауыз сөздерді де тым көп айтқан. Осы екі учаскелік инспекторлардан кейін жауап берген куәгер М. Алдабергенов те осы ақпараттан айнымады.
Өз кезегінде, Әмин Елеусінов бұзақылық мінезі үшін және учаскелік инспекторлардың қызметіне кедергі келтіргені үшін сот отырысында кешірім сұрады. Әрине өмірде барлығы кешірім сұраумен біте қойса… Әмин Елеусіновтің дөрекілігі өзінің қызметін асыра пайдалану, заңды шешімдерді орындамау, заңға бағынбау, заңды елемеу ретінде де көп байқалатын. Мәселең, Елеусіновтің сөз көтере алмайтын мінезіне тап болып, кәсіподақтан қуылған мұнайшылардың оқиғасы Елеусіновтың өз қызметін асыра пайдаланғанына дәлел бола алады. Олар бұл туралы өткен сот отырысында айтқан болатын. Ал аштық акциясы заңсыз деп танылғанда, барлық мұнайшыларды соттай алмайды деп көпшілікті аштық акциясын заңға қарсы болса да үзбеуі заңға бағфынбайтындығынын анық дәлелі.
Естеріңізге сала кетейік, іс Маңғыстаудағы жарты айға созылған Oil Construction Company мұнайшылары аштығынан басталған болатын. Бұл ретте сот шешімімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді талап еткен мұнайшылар аштығы заңсыз деп танылған еді. Бірақ мұнайшылардан аштық акциясын үзбеуді талап еткен мұнайшылар кәсіподағының жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев сол кездің өзінде заңға қарсы шыққан. Соның нәтижесінде олар қылмыстық күдікке ілініп, қаңтардың ортасында қамауға алынды.
Абай-ақпарат