Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2599 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 09:44

Айхан ШӘРІП. Ұлттық кедендер жойылатын болды

Қазақстан мен Ресей арасындағы кеден атаулы жойылатын болды. Бұл мәлімет кешегі Үкіметтегі селекторлық кеңесте жария етілді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің айтуынша, 2011 жылдың шілдесінен бастап Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы шекараларда ұлттық кедендік, салықтық, фитосанитарлық, ветеринарлық қызметтер өз жұмыстарын толығымен тоқтатуға тиіс. Оларды жою жөніндегі келісімдерді үш елдің үкіметбасылары алдағы айдың 9-ындағы Мәскеудегі кездесуде бармақтарын басып, бекітпек. Осылайша, посткеңестік кеңістікте шекараларды жойып, елдерді біртұтас Еуразиялық Одаққа біріктіру жөніндегі 1994 жылы жария етілген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясын жүзеге асыру бағытында үлкен қадам жасалатын болыпты.

Қазақстан мен Ресей арасындағы кеден атаулы жойылатын болды. Бұл мәлімет кешегі Үкіметтегі селекторлық кеңесте жария етілді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің айтуынша, 2011 жылдың шілдесінен бастап Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы шекараларда ұлттық кедендік, салықтық, фитосанитарлық, ветеринарлық қызметтер өз жұмыстарын толығымен тоқтатуға тиіс. Оларды жою жөніндегі келісімдерді үш елдің үкіметбасылары алдағы айдың 9-ындағы Мәскеудегі кездесуде бармақтарын басып, бекітпек. Осылайша, посткеңестік кеңістікте шекараларды жойып, елдерді біртұтас Еуразиялық Одаққа біріктіру жөніндегі 1994 жылы жария етілген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясын жүзеге асыру бағытында үлкен қадам жасалатын болыпты.
Бұрынырақта болашағы бұлыңғырлау көрінетін бұл жобаның өмірге жолдама алып, кенет жеделдетілуі кеден мен салыққа жауапты органдардың басшыларын абдыратып тастаған. Өйткені бас қатыратын мәселелер жетерлік. Мәселенки, ортақ шекаралардағы ұлттық кедендердің «көзі құрығаннан» кейін кедендік төлемдер Кедендік одақтың ортақ есепшотына құйыла бастайды екен. Енді сол ортақ қазандағы қазынаны үш ел арасында бөлу жайы қазірден келіспеушіліктер туғызуда. Қазақстанда Салық, Кедендік бақылау комитеттері Қаржы министрлігінің қанатының астында екендігі мәлім, осыны назарға алып, Премьер К.Мәсімов Қаржы министрі Б.Жәмішевке сөз берген. Қазақстанның мүддесін қорғайды деп отырған жауапты тұлғаның осы мезет күмілжіп, кідіріп қалғандығына қабағын түйген Кәрім Қажымқанұлы оны тоқтатып тастады: «Жақсылап дайындалыңыз! Мәскеуге аттанар алдында ортақ ұстаным түзу үшін қайта жиналамыз». Осы орайда бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Кедендік одақтың «Кеден кодексін» әзірлеу Қазақстанға, дәлірек айтқанда, Қаржы министрлігіне жүктелгендігін еске салды. «Кеден кодексін әзірлеуге біздің ел жауапты, – деді ол. – Бұл құжат 2009 жылғы қыркүйекте мемлекет басшыларының қарауына ұсынылады. Онда кедендік төлемдер бойынша ортақ есепшот механизмі ұсынылған, бірақ соны үш ел арасында бөлу бір өте күрделі мәселе болып тұр. Қазақстанның Қаржы министрлігіне алдағы 9 маусымға дейін ортақ есепшотқа кедендік төлемдер қалай түсетіндігі және одан қалайша бөлінетіндігі жөнінде ұсыныс әзірлеу жүктелген». Яғни Болат Жәмішевтің командасына ортақ қазына бөліске түскенде ұлтымыз ұтылмайтындай, қайта ұпайы түгенделетіндей жолды іздеуге және жылдамдатып іздеп табуға тура келеді.
«Үштік Одаққа» Қазақстан алдыңғы екеудің соңын ала кіреді екен. «Себебі Ресей мен Беларусь бұрыннан екі мемлекеттің одағында өмір сүруде, – деп түсіндірді Өмірзақ Естайұлы. – Оларда көптеген мәселелер ендігі шешілген. Ресей мен Белоруссияның шекараларында іс жүзінде біздегідей толыққанды кедендік рәсімдеу деген жоқ, жеңілдетілген жұмыс форматына көшіп алған. Қазір олар мынадай келісімге келіпті: егер тауар жеткілікті өңдеу өлшемдеріне жауап берсе, яғни қарапайым тілмен айтқанда, ол Ресейде не Беларусьте жасалса, 2010 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейінгі аралықта мұндай жүктер «сертификат происхождения» деп аталатын құжатты көрсетіп, екі жаққа еркін өте беретін болады. Ал 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап жүктер мүлде ешқандай рәсімдеусіз тасылмақ» деген бірінші вице-премьер Қазақстан мен Ресей шекарасынан әлгіндей сертификатпен өткізуге 2010 жылдың 1 шілдесінен кірісуге бел буғандарын мәлім етті. Ал 2011 жылғы 1 шілдеден бастап екі ел шекарасынан әрі-бері тасылатын жүктерге кедендік рәсімдеу мүлде жүргізілмейтін болады.
– Осылайша, Кедендік одақ 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап толыққанды жұмыс жасай бастайды, – деді сенімді түрде Өмірзақ Шөкеев. – Осы кезде ресейлік-қазақстандық шекарадағы барлық рәсімдеу атаулы елдеріміздің сыртқы шекараларына шегінеді. Фитосанитарлық, ветеринарлық бақылау, тарифтік реттеу – бәрі-бәрі жойылады. Бұл мәселелер тегіс өзара келісілді және алдағы Үкімет басшыларының кеңесінің отырысына Кедендік одақты қалыптастырудың кезеңдері мен мерзімдері туралы нақты келісім шығарылады. Ал Қаржы министрі Б.Жәмішев бұл істе асықпауды жақтайтындығын жасырмады: «Біздің ұсыныстарымыз кедендік рәсімдеудің де, кедендік бақылаудың да жаңа жүйесін енгізу үшін өтпелі кезең белгілеуге саяды, – деді министр, – «Бақылаудың барлық түрін жоюды» алып тастап, оны «бақылау функцияларының келісілген тізбесімен» алмастыру қажет. Себебі шекаралар жойылған соң ветеринарлық, көліктік, фитосанитарлық бақылау жүйелерінің қалай жұмыс істейтіндігі әлі пысықталмаған, олардың схемалары тіпті талқыланған да жоқ. Ол ол ма, күні бүгінге дейін акциздер қалай жиналатындығы да пысықталмаған. Одаққа кіретін елдердің өз тауарларына кең өріс ашу үшін қолданатын қорғаныштық, демпингтік шараларынан қалай қорғанамыз? Тұтас тетіктер анықталмай қалуда. Әрине, шекарадағы бақылаудың барлық түрін жою бағытында жылжитынымыз анық, бірақ тетіктердің іске қосылуына қарай ілгерілеуге тиіс емеспіз бе?!» деді Б.Жәмішев. Қаржы министрі тағы бір дерек келтірді: «Әсіресе, Ресеймен қиын болады, оларда онлайндық қазынашылық есепшот жоқ. Оларда белгілі бір бөлік «оффлайнда» (яғни, электронды желіден тыс – авт.) жатыр...» деп торықты министр.
Әйтсе де, жиын соңында Үкімет басшысы Кедендік одақтың қалыптасу үдерісі жақсы қарқынмен келе жатқандығын айтып, Өмірзақ Шөкеев бастаған қазақстандық келіссөзшілердің жұмысына ризашылық танытты. Әнеугүні Путин Елбасымен кездескенде, тарифтерге қатысты 11 мың 214 ұстанымның 88%-ы бойынша екі елдің келісімге келгендігі айтылған. «Содан бері бұл көрсеткіш 95%-ға жетті. Қалғандары – дәрі-дәрмекке, металөңдеуіш станоктарға, тұрмыстық техникаға, автокөлікке, ұшаққа және басқасына қатысты, аса сақтықты талап ететін ұстанымдар, олармен әлі жұмыс істейміз. Бұлар бойынша өтпелі кезең нұсқаларын қолданамыз. Әйткенмен, Кедендік одақ 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалыптастырылады деуге болады, өйткені классикалық ұғымдағы Кедендік одақ өзаралық және үшінші елдерге арналған ортақ кедендік тарифтің болуын тұспалдайды, оған біз келер жылдың басында-ақ қол жеткіземіз» деп түйді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Осы жиында «Жол картасындағы» халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы жөнінде Үкімет басшысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова баяндады. Министр ханым дайындық жұмыстары аяқталғандығын және оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісіп кеткендерін жария етті. Облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге 14,6 млрд теңге, әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар тәжірибесін құруға 324 млн теңге, кадрларды қайта даярлау жөніндегі міндеттерді іске асыруға 334 млн теңге сомасында қаржы аударылған. «Мамырдың 26-сындағы жағдай бойынша 2313 жоба бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткізілді. Бұл – жобалардың жалпы санының 48,4 пайызы» деді Г.Әбдіхалықова. Ал Премьер болса, облыстарды аралағанда кей жерде есеп-қисаптардың дұрыс жасалмағандығын жеткізіп, Елбасы тапсырған істің созбайға салынуына, ал ел қаржысының желге ұшуына жол бермеу қажеттігін қадап тапсырды.

 

 

«Айқын» газеті, 03.06.09

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373