Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Алашорда 8937 4 пікір 22 Шілде, 2017 сағат 08:45

Жазықсыз кәмпескеге ұшыраған қазақ байларын да еске алу керек

Халықты кедейліктен құтқарудың жолын қарастырған Кеңестік өкімет заманында мынадай іс жасады. Ол «байлардың малын тартып алып, кедейге берген болып елдің әл-ауқатының бір көтеріп тастаймыз» деп іске кірісіп, тәркіледі. Адамның ақылына сыймайтын осындай атүсті ұсыныс негізінде тәркілеу мен жер аудару екі жыл бұрын көтерілген еді. Ол кезде бұл қадамға бару үшін алдын ала жоспарлау түрлері мен ұйымдастыруларды жүргізуге баса назар аударды. Тіпті осы идеяны көтергендерде өзіміздің елдің азаматтары еді. Қазақ коммунисттеріне кезінде замандастарының берген бағасы «уызына жарымағандар» дегені айтса айтқандай екен. Дүниенің бары мен жоғының парқына бара бермегендер қалың жұртының құтын қашыратын істі қолға алды.

ХХ-ғасырдың 20-30 жылдары аралығында болған алмағайып күннің басы кәмпескеден басталды. Кәмпескенің алдында Қазақ Елінің мал саны шамамен қырық миллионнан асқан болатын. Ал аштықтан кейін не бары төрт миллионнан асар-аспас мал басы қалды.

Қазақ байларын тәркілеу туралы Декрет 1928 жылдың 27 тамызында қабылданды. Декрет бойынша тәркілеу науқаны 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталуға тиіс болды. Бұл заң сол жылдың қыркүйек және қараша айларында зорлық-зомбылықпен жүзеге асырылды. Сонымен ірі байларға көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400 бастан жоғары малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300 бастан жоғары малы бар қожалықтар жатқызылды. Отырықшы аудандарда мұндай меже 150 бастан жоғары қарай болды. Алайда ауқатты шаруалардың көпшілігінде мұндай көлемде мал басының болмауына байланысты, бірнеше туыстас қожалықтар бір шаруашылық ретінде күшпен біріктіріліп, тәркіленді. Қазақстан үкіметінің ресми дерегі бойынша, осы науқан барысында 696 шаруашылық тәркіленген. Шын мәнінде, кәмпескеленген шаруашылықтар сандары мыңнан асып кетті (Оразов. Р.Е. Жетісу: қазақ байларын тәркілеудің барысы мен салдары//Отан тарихы = Отечественная история).

Алдымен өзгенің дүние мүлкін заң шығарып оны тәркілеу қаншалықты дұрыс?! Жылдар бойы маңдай терімен тапқан дәулетін тартып алып оны басқаларға береміз деу ар тұрғысынан болсын, заң жағынан болсын қылмыс болып саналады. Яғни, кеңес өкіметі қылмыскерлердің құрған мемлекеті болды. Сол жасаған қылмысты жуып-шаюдың бірден-бір жолы жасаған істерін ерлікке бағалау еді. Жарлы жанға қазақ қоғамында байлары мал табуына тиым салмаған еді.  Тіпті біздің елдің дәстүрлі қоғамында бай-кедей болып бөлініп, әрқайсысы жеке ауыл болып отыру үрдісі де кездесе қоймайтын. Жатақтардың пайда болуына алдымен Патшалық Ресейдің отарлау саясатының әсерлері болса, әлеуметтік жағдайдың тым төмендеуінен азды-көпті батырақтар пайда болды. Батырақтар дегеніміз – әлеуметтің жағдайы тым нашар адамдарды айтқан. Басында баспанасының жоқтығынан бөлек өзін күні өзі көруге дәрменнің аз жандар еді. Қазақ Елінің ертеден келе жатқан кәсібі мал шаруашылығы болса, онда ол үшін кең жайылым қажет болды. Жайылымдар отарлық елдің озбырлығының салдарынан тарыла бастауы қоғамда жатақ, байғұс, батырақ сияқты әлеуметтік төмен топтардың пайда болуына алып келді.

Мұндай әлеуметтік топтардың пайда болуына қатысты Кеңес өкіметінің сол замандағы мамандары оның байыбына барып, танып білместен байлардан көрді. Бұлай байлардан көруіне басты себебі өздері үлгі еткен К.Маркс пен Лениндердің еңбегіндегі айтылған ой мен келтірілген мысалдардың барлығының сол қалпында түсінді, соны біздің елде іске асырды. Еуропа елдерінде жұмысшы буынның мүддесінің тапталуына капиталистердің мәселеге мән бермеуі К.Маркс сияқты адамдардың наразылық әрекеттері мен тұжырымдарының пайда болуына алып келді.Социализм шын мәнінде ғылым болып саналмайды. Ол бар болғаны сол кездегі қалыптасқан көңіл күйден туындаған әрекет қана. Ал оның еңбектерінде айтылған ойларды біздің елдегі заманында өткен шолақ белсенділер өмір өлшемі ретінде алды. Еуропадағы жұмысшы табының жалданып жұмыс жасап, қоймай оның еңбегі мен құқының тапталуы біздің қоғаммен жанасатын тұстарын іздеп бақты. «Жоқты бардай қылып, барды құдай ұрғандай қылып» айту орын алды.

Еуропалық капиталистердің озбыр бейнесін қазақ байларының болмысын солай қылып көру пайда болды. Міне, содан келіп алыс елде өмір сүрген ғалымның тұжырымдарын бізде іске асыру үшін бай мен кедейді бірдей қылу деген ұранда қосарласа жүрді. Бастапқыда ірілеген байларды тәркелеп, өздерін жер аударып жіберсе, артынша орта дәулетті адамдардың мал тәркілеп, өздерін алдыңғы кеткен байлардың артыннан жер аудартып жібере салды. Сол кездегі деректер бойынша бес жүз бен жеті жүз арасында қазақ байлары тәркілеуге ұшырап, өздерін елден алыстатылды.

Өзінің кедейлігін байлардан көретін психологиялық сана ол біздің елде ғана емес жалпы батыс елдерінің тұрғындарында болсын, дамушы елдерде болсын бар құбылыс. Америкалық ғалымдар осыған қатысты мынадай бір психологиялық зерттеу жүргізген екен. Сондай әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға бір миллион АҚШ долларынан береді. Келесі жылы жанағы әлеуметтік жағдайы төмен адамдар сол бұрынғы қалпымен өмір сүріп жатқандығы анықталған. Бұдан келіп шығарған қорытынды адамдарың әлеуметтік жағдайының төмендеп кетуі көп жағдайда өзінен болады деп түйіндейді.

Сол сияқты Кеңес Одағы тараған тұста біздің елде ауылшаруашылығына қатысты аты шулы реформа жүргізіліп колхоз бен совхоздағы бар малды аз уақытта жекешелендірілді. Сонда сол колхоз мен совхозда жиырма жыл қойшы болған үлесі таратылды. Тіпті, солардың біразы бір  айға жеткізбей мың бас малдан айырылып қалған оқиғалар кездескен. Айырылғанда әлде біреулер келіп тартып алмаған, мақсатсыз жұмсап бар малдан айырылыпты. Малды бермес бұрын оған алдымен шаруашылықты басқару туралы ілім берілу керек еді. Малшы болып өмір бойы жүргендер бар болғаны малды бағуды білетіндер. Ал оны басқару шаруаны дөңгелетіп алып кету деген ол басқа әңгіме.

Енді Кеңес өкіметі орнағаннан кейін кіші қазан төнкерісі деген идеяны алға тартып бар малды тәркілеп кедейлерге берген болды. Қалған бөлігін әскердің қажеттілігі мен Ресейдің орталық қалаларын ашықтырып алмау үшін сол жаққа ет қылып вагондарға артып жіберіп жатты. Осылай Қазақ Елін аштыққа деген алғашқы қадам жасалды. Олар сонымен бірге аштыққа деген қадамды сәтті жасай білді. Арада екі жыл өткенде қалың халық жұт келгенде қорадағы қой қалай қырыса, елде солай қырылып қалды.

Кеңестік әдебиеттерді оқысақ қазақ байларының озбыр бейнесі қалыптасып сіңіп қалған. Расында солай болды ма? Керек десеңіз кәмпеске мен ұжымдастыруға қатысты еліміздің әр аймағында түрлі көтерілістер болды. Сол көтерілістерге бай бар, кедейі бар рулы ел болып қатысқанына мән берер болсақ. Қазақ қоғамында бай мен кедей болып бөлінетін түсініктер қылаң бере бермеген. Қазақ байлары кәмпескеге ұшырап, жер аударылар кезінде ауылдас ағайындары араша түскен сәттер аз кездеспеген. Біз осы жағына мән беріп бірнеше мысалды келтірсек.

«Созақ оқиғасын» басынан аяғына дейін көзімен көрген зиялы азамат Әшірбек Тастыбаев былай дейді: «Мен талай байлардың кәмпескелегенін көзбен көрдім соның ішінде ерекше есте қалғаны Жиембет Абақ батырдың ұлы Дайырбекті кәмпіскелеу еді. Дайырбектің әкесі Абақ Теріскей өңіріне белгілі батыр болған адам. Көрнекті ақын Асқар Тоғмағанбетов:

Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,

Кем еді қай батырдан қазақтағы - деп жырға осы Абақ батырды қосқан еді. Дайырбек кәмпескеге ұшыраған жылқыларына қарап тұрып: «біреуден олжаланған мал емес еді, атадан балаға мирас болған адал малым еді, енді өзімді жылан болып шаққалы тұр. Бұл да бір нәубет шығар», - деп, атына мініп өзін тұтқындауға келген белсенділердің алдына түсіп жүре береді. Дайырбектің жылқысының көпшілігі жорға екен. Осы жылқылардың бір бөлігі солдаттарға мініс көлігі ретінде беріліп, бір бөлігі кедейлерге бөлініп, таратылады.

Байлардың малын кәмпескелеумен бірге шолақ белсенділер олардың үй-мүлкін, тіпті киім-кешектерін, азық-ауқаттарын тартып алады. Олардың соңында қалған бала-шағасының тағдыры белсенділерді тіпті ойландырмайды. Дайырбекпен қатар Жаңа Тама жататын Шағырдың Әлісі кәмпескеленді дейді, Шу бойындағы Жуантөбе кеңшарының тұрғыны Молдағали Қорқарбайұлы: Шағырдың Әлісі менің нағашым еді. Әлекеңнің аты байлығымен қатар сақылығымен елге танымал болған адам. Бірде Таманың атақты болысы Ондыбайдың серіктері сіз кімнен қорқасыз дегенде ол: «Шағырдың Әлісінен қорқамын. Ол – әрі бай, әрі дастарханды, сақы» деген екен. Әлекең ауыл адамдарына сауын, сойыс беріп, қиын-қыстау кезде көмек беріп отырады екен.

Шағырдың Әлісін белсенділер кәмпіскелеп, өзін айдап әкеткелі жатқанда көрші ауылдардың кедейлері жиналып келіп: «Біз Әлекеңді айдап кетуге жол бермейміз, ол біздің – қонғанда жайлауымыз, көшкенде түйеміз, шаршағанда атымыз, ашыққанда асымыз, шөлдегенде сусынымыз еді!», - деп босатуын өтінеді. Бірақ белсенділер ауыл адамдарының өтінішін тыңдамайды. Шағырдың Әлісі осы кеткеннен елге оралмайды ( Тәбірізұлы С. Созақ өңірі. -Алматы, 2007. -432 бет.).

Бердібай қамаларының алдында халықты жинап үлкен ас береді. Астың соңында: «Таяу күндері қамауға алатын шығар, елге оралар-оралмасымыз белгісіз. Менде қарыздарың болса сұраңыздар. Ренжіткен жерім болса кешірулеріңізді өтінемін» дейді. Бердібайдың бұл сөзіне жиналған халық қатты қамығады. Бірақ қолдан келер қайран жоқ (Тәбірізұлы С. Созақ өңірі. -Алматы, 2007. -432 бет.).

Адалдан жиған малды алып, өздерің жер аударып, бастан дәурен өтіп, заман терісінен төңкерілгеніне кәу болған дәулетті кісілер қоғамда орнаған жүйеге және ағайынға күйініп мына өлең-шумақтарында тебірене толғаныпты:

Құм жиналып тас болып,

Талқан болған шағымыз.

Құл жиналып бас болып,

Иесіз қалды тағымыз.

Бай, бай, бай, балшебек,

Кәмпескелеп, пәршелеп,

Бастан тайды бағымыз!

Азғанымыз емес пе,

Қойшыдан сынды сағымыз.

Ағайын, сенен рақым жоқ,

Талауға түсті малымыз.

Аруақ сенен жақын жоқ,

Осылай болды халіміз.

Кәмпескенің болуының бір себебі бай мен кедейді бірдей қылу деген ұранда жатты. Кеңес өкіметі барлығы бірдей болсын деген ұстанымдарды ұстанды. Оны дәлел деген болып әртүрлі істер жасасады да, түптеп келгенде оның мүмкін еместігі белгілі сол мемлекеттің ыдырап тарауымен аяқталды. Қоғамда адамдардың бір-бірімен тең болатын жақтарын қарастыратын болсақ. Біздің пайымдауымыз бойынша ол құқығы тұрғысынан тең болады. Заң алдында барлығы тең деген осыдан шығады. Ар тұрғысынан да тең болады. Сол заманда батыс қоғамында капиталист магнаттардың жұмысшыға деген өктемдігі расында жұмысшының еңбек құқықтарының бұзылуына алып келді. Ал біздің қоғамда расын айтқанда барлығыда басқаша еді. Біздің елдің байлары жоғарғы қауымбыз деп өзгелерден ала бөтен болып ағайыннан безінген жоқ. Қазақ байларының жалшылары, яғни жұмысшылары рулас туыстары мен ауылдас ағайындардан тұрды. Барлығы қауым болып солай өмір сүріп жатқан. Батыста солай болса мұнда да дәл сондай айна қатесіз сол үрдіс бар деп тәркілеу басталып кетті. «Жалшыға азғантай жалақы берді» деп айып таққан коммунисттер шындап келгенде колхоз жұмысына халықты тегін жұмыс жасатып қойды. Оны түрлі іс шара мен партиялық бастама деп өнін теріс айналдырып көрсеткен болды. Оны ел үшін қызмет деп бүркемелеп көрсетті. Адамдардың барлығы білім жағынан бір-бірімен тең болмайтыны бесенеден белгілі. Бірі білімді, бірі надан болады. Ол ғасырлардан келе жатқан табиғи үдеріс. Сол сияқты адамның дәулетті болуыда сондай тепе-тең бола бермейтін табиғи жағдай. Біздің дәстүрлі қоғамдық қатынастарымыз ежелден еркіндікті жақтаған қоғам. Сондықтанда касталық жүйе деген болған емес. Жасынан білімге ұмтылса білімді болады. Кім тәуекел етіп іс қылса оның баюына деген мүмкіндігі бар. Демек қажырлы еңбек еткенде көздеген мақсатын бағындырады. Қазақ байларында жеті атасынан келе жатқан байлар көп кездескен. Оның сырына үңілер болсақ. Әргі аталары келер ұрпақтың қамын ойлап, өзінің қолындағы дәулетті ұрпағының игілігіне айналу үшін ұрпақ тәрбиесінде аса ерекше жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде. Бұл жағынан кінәлауға тағы келмейді.

Кәмпескенің салдыры аштыққа деген дайындықтың басы деп өттік. Одан бөлек қазақ қоғамы бүгінгінің тілімен айтқанда ел экономикасының алға алып жүргізуші топ менеджерлер мен бизнесмендерінен айырылып қалды. Егерде қандайда бір елдің жетекші мыңға жуық компания басшыларын бір күнде тұтқындап, оның директорларын түрмеге жауып, ал компанияларын тәркілеп елге таратып жіберсе делік. Онда аталған елдің экономикасы бір күнде артқа кетіп, терең экономикалық дағдарысқа ұшырар еді. Ал біздің елде ондай жағдай өткен тарихымызда болды. Қоғамызда жиырма сегізінші жылы болған кәмпескені «заңды құбылыс, солай жасалуы керек еді» деп түсіну әлі де болса сақталып қалған. Бұдан түсінерміз санамызда коммунисттік ойлар кете қоймағандығын білдіреді.

Кәмпеске болған кезде қазақ байларының бір бөлігі Қытай, Орта Азия, Иран және Ауғанстанға ауа көшті. Олардың осылай көшуін бізде кеңестік сіңірген санадан қалған сарқыншақ болар «қашқын» деген ойдың жетегінен  шыға алмай жүрміз. «Қашқын» деген сөзді жетпіс жылғы идеологиялық саясаттан қалыптасқан сана. Расында қазақтың өзінің сол кездегі ұстанымдарымен қарап көрдік пе?! Байлар шетелге асып көшкенде бай болмаса да ағайын туыстары бірге көшкендер де болған. Көшіп кетуіне көмектескен ауылдастары да кездескен. Кім өзінің туған жерінен көшіп тастап кеткісі келеді?! Амалсыздың күйін кешіп көше жөнелді. Шекара асқан кезде оңайға соға қойған жоқ. Шетел асып көшпесе де бәрі бір көретін күні «ит жеккенге» айдалып, қуғын сүргіннен құтылмайтын болғандықтан бас сауғалап көше жөнелді.

Қазақ байларының сол кездегі алтындарын көміп кетуіне байланысты Қазақ елінің қай түпкіріне барсаңыз да «көмілген алтынның» аңызы мен ақиқаты аралас әңгімелер айтылады. Тақырып аясында зерттеулерден байқағанымыз қазақ байлары шетел асып кеткенде «мына орнаған үкімет алысқа бармас, қайтып келіп игілігіміз жаратамыз» деп ертеңгі күнге деген сеніммен кеткен. Сібірге жер аударылғандарына келер болсақ, оларда өзім болмасам ұрпағым бір кәдесіне жаратар деп алтын елге қалдырып кеткен. Бүгінде жайма шуақ бейбіт уақытта қазақ елінің кей дәулетті азаматтары қаржысының көп бөлігін шетел банктерінде ұстап, оған қатысты түрлі сөздер айтылып жүр. Өткен байларымыз алтынын елге қалдырып болашағын өзінің туған елімен байланыстырған. Ал бүгінде шетелден үй алып, бар қаржыны сонда сақтауы болашағын сол жақпен байланыстыру деп айтуға болады. Бірақ шетелде қаржы ұстаған іскерді де кінәлауға тағы келмейді. Тарихтағы болған оқиғалар тарих бетінде барлық жағдайда түсе бермесе де. Оның әсері халықтың санасында, психологиясына, тіпті сөздік қолданысы мен отбасындағы тәрбиенің өзгеруіне алып келеді. Отызыншы жылы аштықтан кейін «алтын, күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деген сөз қазақтың түсінігінде пайда болып сол уақыттың бейнесін береді. Ал отыз жетідегі оқыған, қолға қалам алып: «елім» деген ерлердің жаппай атылуынан кітапқа түсіп хатталмаған сөз болса да қазақ отбасындағы тәрбиеге айтылатын «үндеме, пәлесінен аулақ» деген пайым пайда болды. Ел үшін сөйлеген азаматтардың атылуынан болған еді. Бүгінде журналистер әсіресе қазақ ұлтының өкілдері көшеде сауалнама алу үшін камераны, микрофонды жақындатса, кейбірінің қаша жөнелетін айтып шағымданып жатады. Бұлда сол отыз жетіден қалған санадағы үрейден болса керек. Кәмпескенің сана мен болмысқа  келер әсеріне тоқталсақ. Қарапайым ауылдағы шаруаның өзі мал санағы болып жатса, бар малын айтпай жасырып, кемітіп айтады (мүмкін қазір олай емес шығар, он жыл бұрын шамасында сондай жағдайдың куәсі болғанбыз). Санақшыға да «азайтып жаз» деп өтініш айтады. Оны талай рет көзіміз көрді. Кәмпескенің әсері бір болса, кешегі кеңес қоғамында «бес қойдан артық болмауы» керек деген саясаттың салқынынан қалған әсер. «Шетелде қаржысының ұстағанның барлығы арам жолмен тапқаннан кейін солай жасауда» деп айта алмас едік. Бұлда кәмпескенің әсерінен болса керек. Кәмпескеден қалған санадағы, болмыстағы қалдығы «біреудің мал мүлкін жалпы түрлі сылтаумен тартып алуға болады» деген «заңдастырудың саналық» түсінігі қалыптасқан.  Мүмкін, «жауда да бір үйін болсын» деген нақылды дәулетті кісілер ерекше ескере отырып, шет жұртта да қаржы сақтағанды жөн көрген шығар.Ескерте кетейік бұл жерде қоғамдағы әділетсіздік пен әділдік немесе ақ пен қарасының ажыратуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Қоғам болғандықтан да ақ пен қарасы араласып жүретіні заңдылық. Айтпағымыз болмыс пен санаға енген нәрселердің бастауын тоқталып өтуді жөн көрдік. Бүгінгі күнде қылмыстық әрекеттерге барған бизнесмендердің бар мүлкін соттың үкімімен тартып алу сияқты жайттарды БАҚ беттерінде талқылап жатады. Оған деген көпшілік бұқараның көзқарасында «солай болуға тиіс» деген ойдағы пікірді білдіруі байқалады. Заң бұзушылық әрекеттер қаржылық жымқыру немесе салықтан жалтару сияқты болса жөн. Ал бірақта, заң бұзушылық бизнесменнің жеке басына ғана қатысты болып, оның жасап жүрген бизнесіне қатысы жоқтығын ат төбеліндей заңгерлер қоғамға түсіндіріп бағып жатады.Сол санадағы сарқыншақтар мен үрейлер біздің күнделікті өмірімізде әсер етіп жатқанын кейде байқаймыз, кейде бейсаналық деңгейінде сол әрекеттерді жасаймыз. «Көш жүре түзеледі» дегендей қоғамда бірте-бірте жақсы жағынан өзгере түсетіне сенімдіміз. Бір айта кететін жағдай, он алтыншы жылы қазақ «әскерге бала бермейміз» деп ұлт-азаттық ерулер жасаған халық, қырық бірде өздері сұранып соғысқа аттанды. Соншама қалың қырғынды жасаған режимді қорғау үшін жан беріп, қан төкті. Ұлтымыздың бар рухы мен күші кеткендіктен ол басқа қалыпқа түскен еді. Мұның барлығы жиырма сегіздегі кәмпескеден басталды. Айналасы жиырма жылда осынша нәубеттен кейін бір ұлттың болмысы мен танымы басқа формаға ауысып кете барды.

Біз айтып отырған мәселеге қатысты Сенат төрағасы Қасысжомарт Тоқаевта мазмұндас ойды айтыпты.

«Егер құқық бұзушылық (соның ішінде қылмыстық іс) кәсіпкерлік қызметке қатысты болмаса, онда жекеменшікке қол сұғылмауы тиіс. Қылмыскер жасаған нақты қылмысы үшін ғана жауап беруі қажет. Оның иелігіндегі меншік, атап айтқанда, оның бизнесі мен мүлкі бөтен адамдардың арасында бөліске салынбауы керек. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай екіұштылыққа жол бермеу қажет (Серік Қаражан .Тоқаев айыпталушының іске қатысы жоқ бизнесі мен мүлкін бөліске салмауға шақырды. //Inform.kz)», - деді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кәмпеске кезінде жасырылған алтын мен дүние-мүліктер туралы айтып қалдық. Сондықтан шетін шығарылған сөз болғандықтан да оны айтып өтсек. Қазақтың кейбір байлары кәмпеске болады екен деп бір жыл бұрын тығып тастағандары болыпты. Ал қалғандары сол кәмпеске кезінде жасырып үлгерген. Бірі шетел асып бара жатып жолда жасырып кете барды. Кәмпескеленген байлардың біразы жер аударылса, кейбірі ату жазасын кесілгендері де болды. Олардың қарсыласып баққандарына қатаң жазалар қолданылған екен. Қуғынға ұшырағандарға большевиктік чекисттер «ақтық сөзіңді айт шыныңды айтып, жасырған дүниеңді айтсаң басына амандық береміз» деп жасырған жерлерін хатқа түсіріп алып, өздерін атып тастап отырған кездері де болыпты. Алматы маңындағы «кәпірсай» деген жері сол кездегі зұлматтың атымен аталады екен. Ондай жерлер еліміздің әр түпкірінде көптеп кездеседі.

Отыз жетіде атылған азаматтардың балаларын, ұрпақтарын Кеңес өкіметі оларды мектепте оқуына тиым салды. Қоғамнан шектетіп «халық жауының баласы», «халық жауының әйелі» деп айдар тағып ұрандатып, өмірлерін бейбіт уақытта да қор қылуды  көздеді. Дәл сол сияқты әкелері бай болғандардың балаларында «бай баласы», «кедейді қанаушының баласы» деп қарапайым орта мектептердің есігіне жолатпай оқытпай ұстаған. Сол «халық жауының баласы», «бай баласы» дегендерің мектептен сауатын ашып ЖОО түсерде, қызметте көтерілерде үнемі кедергілерге жолығып отырды. Компартияға мүше болу есігі олар үшін жабық еді.  Бұның мәні мынада. Расында аталған ұрпақтар арғы аталарынан бастап Қазақ елінің құты болған әулеттердің тегінен тараған. Олар ертең билікке қол жеткізетін болса коммунистік көзқарасқа қандары да, жандары қас екендіктерін ескерген компартиялық басшылығы осы істі жасаған болатын. Мәселен, АҚШ-та алпысыншы жылдары қара нәсілділер өздерінің құқықтарын айтып үлкен шерулерге шықты. Сонда олар екі ғасыр бойы үнсіз келіп, неге алпысыншы жылдары мұндай қадамға баруын зерттеушілерді қызықтырды. Оның мәнісі мынада екен. Алпысыншы жылдары қара нәсілділер америка экономикасының негізгі секторларында өздерінің басымдықтарын танытып жатқандықтан, өз құқықтарын талап ететін күшті иеленеді. Сол сияқты жиырмасыншы, отызыншы жылдарды нақақ кеткен арыстардың құнын құндамасын деп кеңестік билік мәселенің алдын алған. Одан қалды олардың көбі қазақтың қаракөктің тұқымы деген текті әулеттерді ұрпағы болғандықтан да осылай қоғамнан тысқары ұстап тұру саясатын жасады. Батырлар жырында кездесетін тектілерді зынданға жатқызып, ұлтандар ел билеген кездері туралы айтылып, аңызы аралас сюжеттер көзімізге елестеген болса, ал оны кеңестік билік практикалық тұрғыдан іске асырып, көрсете білді. Содан қалған әсері болар асыра сілтеу, шолақ белсенділік, мәселенің байыбына бармауды өміріміздің бір бөлшегіне қоғам болып сіңіріп алдық. Ұлтандар ел билегенде болатын осыған ұқсас баян ету Алпамыс жырында да кездеседі.

Кәмпескенің тарихын жан-жақты қарауды негізі қажет етеді. Бұл оқиға тарих ғылымы тұрғысынан ғана емес, заңтану, психология, экономика, әлеуметтану ғылымдары зерттеу әдістемесі, одан қалды болмыс тұрғысынан да қарастырылуы тиіс. Сонда осынау болған нәубәттің мәні толық ашқан болар едік. Енді қазақ байларының өмір деректеріне жекелеп тоқталып өтсек. Олардың өмір баянына қатысты деректерді осы тақырыпты қалам сілтеп, ой тербеген зерттеушілердің ізденістерін пайдалана отырып қарастырдық. Кейбір байлардың өмір жолына қатысты ұрпақтардың ауызына жазып алдық. Жиырмаға жуық қазақ байына қатысты деректер қамтылды. Әліде болса алдағы уақытта өзінің өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі берерлік байларды қамтитын боламыз.

Жылда мамырдың 31-жұлдызында жазықсыз жапа шеккендері еске аламыз. Осы тұста 28-жылы жазықсыз кәмпескеге ұшыраған қазақ байларын да ескеретін уақыт жеткен секілді.

Руслан Ахмағанбетов 

Abai.kz

4 пікір