А. Баталов: «Мәдениет – ұлттың қуаты»
Талдықорған қаласында «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясының жеңімпазы атанған «Көркемсурет галереясы» МКҚК «Lada Largus» автокөлігін иеленді. Өзге де 7 аталым бойынша үздік деп танылғандар арнайы дипломдар мен 100 мың теңгенің сертификатын алды. Бұл туралы бүгін Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде белгілі болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов кәсіби мерекемен құттықтап, мәдениет саласының қоғам өміріндегі маңызына тоқталып өтті.
– Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деп атап өтіп, «Еуразияның ең бір бай да бірегей мәдениеті – қазақ мәдениеті» деген еді. Халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету үшін саланың материалдық-техникалық базасын нығайту басты назарымызда. Мәдениет саласын дамыта отырып және сіздердей зиялы қауым, өнер адамдарын құрметтей отырып, біз жастарды тәрбиелейміз, – деді А. Баталов.
Құттықтау сөзден кейін облыс басшысы марапаттау рәсіміне көшті. «Үздік Мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік өнер ұжымы», «Үздік «Халықтық», «Үлгілі» ұжым», «Үздік театр әртісі», «Үздік қолөнер шебері», «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациялары бойынша жүлдегерлер марапатталды. Атап айтқанда Қапшағай қалалық кітапханасы, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Сандуғаш Мұңайтбасова, Қаратал ауданындағы «Алтынай» үлгілі би ансамблі, Текелі қалалық мәдениет үйі және басқа да ұжымдар үздіктер қатарынан көрініп, арнайы дипломдар мен 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Талдықорғандағы Көркемсурет галереясы үздік облыстық мәдениет мекемесі атанып, «Lada Largus» автокөлігінің кілтін алды.
Сонымен қатар 18 азамат «Үздік мәдениет қызметкері» атанса, бірқатар қызметкерлер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, түрлі дәрежедегі құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы осы күні 50-ден астам мәдениет қызметкерлеріне марапаттар ұсынылды.
Сала мамандары атынан ҚР Суретшілер одағының Алматы облыстық филиалының басшысы, сала ардагері Жүнісхан Ермұхан, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Айгерім Бекболатова және басқа да азаматтар сөз алып, әріптестеріне құттықтау тілектерін жеткізді.
Салтанатты шара «Өнер – өшпес мұра» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Кәсіби мереке Мәдениет үйіндің фойесінде қойылған мәдениет саласының жетістіктері туралы көрмені тамашалаумен басталғанын атап өту керек.
Жалпы өңірдің мәдениет саласының бюджеті 2015-16 жылдарға қарағанда 40 пайызға өсіп, биылғы жылы 7,6 млрд теңгені құрап отыр. Мәдени нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары мен жобалық сметалық құжаттарын жасатуға барлығы 870,2 млн. теңге бөлінді. Драма театрының жаңа ғимаратының құрылысына 2 млрд. 600 млн. теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүріп жатыр.
Abai.kz