Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 11004 19 пікір 23 Мамыр, 2017 сағат 11:45

Ағылшын тілі қазақты тағы да құл етеді...

Қазақтың бүгінгі күйіне күйінбеске шара жоқ. Орыстың тілінің қылбұрауынан енді-енді босай бастап едік, тағы бір "Құдай" таптық. Қазір қазақтың бәрі ағылшын тілінің құлдық қамытын мойынға ілуге жанталасып жатыр. Бұл әлемдік технологияға, әлемдік өркениетке ұмтылу емес, құлдың құл қалпында қалуға деген ынтызарлығына қатты ұқсайды.

Біз неге қазақтың тілінің қазақтың қажеттілігін қанағаттандыратынына сенгіміз келмейді? Бұл тілдің құдіретін өзіміз мойындамасақ, өзгелер қайтсін? Бүкіл қазақ ана тілін үйреніп, өзге тілде сөйлеуден саналы түрде бас тартса, еліміздегі өзге диаспора амалсыз бізге бас иер еді.

Тіл білу - білімділік емес. Бұл - өктемді мойындау, өзгенің алдында бас иію, өзіңнің тіліңді құрбан етіп, өзгенің тілін төрге оздыру.

Мысалы үшін айтайық... Ауылда қой бағып жүрген шопанға ағылшын тілі қажет пе? Қалада такси болып жүрген қара домалақтарымыздың басын қатырғаннан не ұтамыз? Шындығын айту керек, ғылым жолына мыңнан бір адам түседі. Біз қазір мың адамның құқығын бір адамның табанына салып беріп отырмыз. Бүгінгіндей қалыппен ағылшынға құмартар болсақ, енді 20-30 жылда жастарымыз тағы да қазақ тіліне мұрнын шүйіріп, "екскюзмилетіп" кетпесіне кім кепіл.

Ағылшын тілін білу - бүкіл жасты Америкаға кетуіне ықпал ететін фактор. Ертең Американың қара жұмысына қарадомалақтарымыз ағылып, еліміз жетім қалады. Бұл - ғылымға, технологияға қол жеткізу емес, елді иесіз қалдыру.

Шындығын айтқанда ынталы жас кез-келген тілді 2-3 жылда толық меңгере алады. Ғылым жолын қуған адам өз бетімен үйренер тілді біз бүкіл халықтық науқанға айналдырып, алжасып барамыз. Бүкіл халық ағылшын тілін білді деген сөз қайта қазақтыққа оралуға жол қалмайды. Осыны неге түсінбейміз?

Жалпы, біздің бүгінгі билік құлдық санадан ажыраған жоқ. Мәселен, кез-келген елдің дипломаттары елге келсе, аудармашының қызметіне жүгінген жөн. Бұл біздің төл тіліміз, төл мәдениетіміз бар екенін мойындатады. Қазір мысалға іргедегі Ресей шенеуніктерімен де аудармашымен сөйлесетін кез келді. Олардың тілін біле тұра, аудармашы жалдап отырсақ, біздің орыстың тіліне, мәдениетіне тәуелді емес екеніміз айшықталып тұрар еді.

Құл қашанда - құл. 6 жасар көк көз балаға 60-тағы ақсақалдың орысша сөйлеуі бұл құлдықтың шектен шығуы. 6 жасар баланың алдында бас иіп, өз тіліңді құрбандыққа шалу құлдың ғана қолынан келеді.

Әлем бізді әлемнің тілімен сөйлегенде емес, өз тілімізбен сөйлей бастағанда ғана таниды. Ағылшынның, орыстың көшірмесінен гөрі, нағыз қазақ болу - өзгелерге қызықтырақ.

Бүгінгі "үштілділік саясат жемісін берді делік.

1. Енді 20-30 жылдан кейін елімізде қазақ тілін қажет ететін адам қалмайды.

2. Қазақстан кәрі шал-кемпірлердің еліне айналады.

3. Ұлттық мәдениет, ұлттық әдебиет біржола тоқырауға ұшырайды.

4. Тұрпаты - қазақ, болмысы - басқа ұлт пайда болады.

5. Қазақтықтан айрылдық деген сөз шығыстан Қытай қаптайды, солтүстікті Ресей жайлайды.

6. Орыстың тілін - бір, ағылшынның тілін - екі... үйренуге арланбаған ұлт ханзу тіліне де құшақ жая ұмтылатын болады.

Мұның бірі де бізге керек емес. Орыс та, ағылшын да, қытай да біздің байлығымызға көз қадап отырған елдер. Ал, біздің мақсатымыз - қазақ болу. Қазақтың Мәңгілік мемлекетін құру.

Мәңгілік мемлекет өз тілінде сөйлегенде, өз дінін, өз тінін құрметтегенде ғана қалыптасады.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257