Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3590 0 пікір 25 Мамыр, 2017 сағат 15:32

Прокурорлар Әблязовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында БТА банктің ақшасын ұрлау ісі бойынша тараптардың сөз сайысы одан әрі жалғасуда. Соттағы сөзінде мемлекеттік айыптаушылар Еркін Баймағамбетов пен Тимур Шамаи сотталушыларға қылмыстық істі қарау барысында тағылған айыптардың толықтай дәлелденгенін мәлімдеді.

«Мұхтар Әблязовті кінәлі деп танып, мүлкін кәмпескелеумен, 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеумен қатар 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраймын, жазасын барынша қауіпсіз жағдайда өтесін. Оның банк ұйымдарында кәсіби қызметпен айналысуына үш жылға дейін тыйым салынсын. Жақсылық Жарымбетовті кінәлі деп танып, банкі ұйымдарында кәсіби қызмет етуіне үш жылға дейін тыйым салумен қатар 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 63 бабының негізінде жазасын үш жылға дейін сынақ мерзімімен шартты түрде өтеу ұсынылады. Қайрат Садықовты кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Сондай-ақ, мүлкі кәмпескеленіп, 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеумен қоса банкілік ұйымдарда кәсіби қызметпен айналысуына үш жылға дейін тыйым салынсын. Жазасын еңбекпен түзету жүйесінің органдарында өтесін»,- деді соттағы сөзінде Еркін Баймағамбетов.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Сәдуақас Мәмешті 5 жылға абақтыға қамауды сұрады. Жазасын үш жылға дейін сынақ мерзімімен шартты түрде өтеу ұсынылды. Айта кетерлігі, сот отырысының басында БТА банк басқарма төрағасының бірінші орынбасары-несие комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов өз кінәсін толық мойындаған болатын. Тараптардың сөз сайысының алдында БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмәш те істеген қылмысына өкінетінін және өз кінәсін толықтай мойындайтынын мәлімдеді. Прокурорлардың Жарымбетов пен Мәмешке шартты түрде жазаны сұрауына олардың өз кінәсін толықтай мойындауы себеп болғанға ұқсайды.

«Жәбірленуші тараптің өкілінің азаматтық шағымы толықтай қанағаттандырылсын және Банкке келтірілген шығын сотталушылардан бірдей көлемде өндіріліп алынсын»,-деп сөзін түйіндеді прокурор.

Тараптардың сөз сайысында мемлекеттік айыптаушылар үш күн бойы сөз сөйледі. Өйткені, олар сот отырысында қылмыстық істің барлық эпизодтарына егжей-тегжейлі тоқталып, сотталушылардың жасалған қылмыстарға тікелей қатысы барына дәйектер келтірді.

Ең алдымен, Еркін Баймағамбетов БТА банктегі алаяқтықпен «ақша толтыру» туралы әңгімеледі. Оның айтуына қарағанда, М. Әблязов ақша ұрламай тұрып, БТА банкке халықаралық қаржы институттарының қарызы және халықтың салымдары есебінен мол қаражат тартуы тиіс болған. Шетелдік инвесторлар мен несие берушілерден ақша алу үшін ол БТА банкте акционерлері салған біршама қаржы барын көрсетуді көздейді. Басқаша сөзбен айтқанда, аса ірі сомадағы инвестицияларға қол жеткізу банктің жарғылық капиталының көлеміне тәуелді болған. Банктің қаражаты қаншалық көп болса, соғұрлым ол шетелдік қаржы ұйымдарынан молырақ ақша алатынын білген.

Мұхтар Әблязовтің қылмыстық кестесін прокурорлар қаржы пирамидасымен салыстырды. Әдетте мұндай қаржы пирамидаларының басты мақсаты - ақша табу мүмкіндігі аз болған жағдайдың өзінде ірі көлемде табыс табу үшін басқа тұлғаларға жалған тартымдылық жасау болып табылады.

«Әблязов инвестиция тарту үшін банктің эмиссияларын сату туралы шешім қабылдайды. Шығарылған акциялар биржада орналастырылады. Бұл коммерциялық және қаржылық құрылымдарға несие берушілердің ақшасын тарту тәсілі. Алайда ҚР-дағы бақылаушы және қадағалаушы органдардан құпия жағдайда банктің акцияларының басым бөлігін Әблязовтің өзінің компаниялары сатып алады»,- деді прокурор. Еркін Баймағамбетовтің айтынша, жоғарыдағы іс-қимылдардың нәтижесінде акцияларға жасанды сұраныс пайда болған және олардың биржадағы өтімділігі қамтамасыз етілген.

Бұған қоса, мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Әблязовтің БТА банкте құрған қылмыстық қауымдастығы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. «Әблязов өзі жасаған және жетекшілік еткен қылмыстық кестені жалғыз жүзеге асыра алмайтынын білген. Сондықтан ашкөздік мақсатын іске асыру үшін ол ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық (ҰҚҚ-автор) құрған. Бұл қауымдастыққа 100-ден астам адам кірген. Қауымдастықтың құрылымы ерікті ұйымдасқан қылмыстық топтардан құралған. Қылмыстық қауымдастық мүшелері ұйымдастыру және орындау белгілері бойынша ҰҚҚ-тың бөлімшелері, топтары және буындарының арасында бөлініп қойылған»,-деп түсіндірді прокурор.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345