Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ғылым-білім 11564 6 пікір 29 Мамыр, 2017 сағат 18:00

Нұғыман Аралбай: "Ғалым қоғамда болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамауы керек"

- ҰҒА-ның корреспондент мүшелігіне жарияланған конкурсқа қатысу туралы шешім қабылдапсыз. Сіз үшін бұл қаншалықты маңызды? Жалпы қандай ерекше мәні бар?

- ҰҒА еліміздің ғылымдағы дәстүрлі, терең тарихы бар, ең жоғарғы ғылыми ұйым. Сондықтан оның құрамын жаңа буынмен толықтыру кезеңі қоғам үшін маңызды деп білемін. Академияның мүшелігіне өткізіліп жатқан бұл конкурстың басты ерекше мәні сол – қоғам өміріндегі, оның даму кезеңіндегі орасан үлкен, ауқымды мақсат-міндеттер қойып отырған Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бүкілхалықтық талқылау кезінде өткізіліп отыр.

Президентіміздің бұл мақалада көтерген мәселелері біздің қоғам үшін, ұлт үшін тұғырнамалық сипатқа ие дер едім. Бұл мақала қоғамда үлкен серпіліс тудырып, әсіресе Қазақтардың еңсесін көтерді деуге болатындай сезімдемін. Елбасымыз – «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Ал біз мықты әрі жауапкершілігі жоғары адамдардан тұратын Ұлтқа айналамыз» - дейді.

Әлихан Бөкейханов айтқандай – «Ұлтқа қызмет ету білімнен ғана емес, мінезден». Жауапкершілік дегеніміз – батылдық пен мінез. Жасық, жалтақ адамнан жауапкершілік іздеп-табу оңай шаруа болмаса керек. Еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу мақсатына жету үшін ел болып ойлау ғана емес, ел болып терең ойлану қажеттігін Ұлт көшбасшысы бәрімізге міндеттеп отыр.

Күнделікті өмірде, қоғамның барлық салаларында бұл міндеттерді орындау үлкен, келелі ғылымсыз мүмкін емес. Яғни ҰҒА-ның алдында да осындай міндеттер тұр деген сөз. Сондықтан бұл сайлау ҚР ҰҒА-ның өзінің жаңару жолының алғашқы қадамы іспетті.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, жарияланған конкурсқа үміткерлер шығатыны түсінікті жайт. Бірақ жұмыс орнындағы ғылыми кеңес, немесе академияның 3 мүшесі қолдап, хат бермесе конкурсқа қатыса алмайсыз. Менің осы ниетімді қолдаған, сенім білдірген Қазақтың ілім-білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми қауымдастығына, Ғылыми Кеңесіне және оның төрағасы С.Ж.Пірәлиев ағамызға үлкен ризашылықпен рахмет айтамын.

- «Қоғамдық сана» қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар зерттейтін, талдайтын тақырып сияқты. Ал сіз жаратылыстану ғылымының өкілісіз. Неге әңгімеңізді осы рухани саладан бастадыңыз?

- Біздің Ата Заңымызда ең басты құндылық адам және оның еркіндігі мен құқығы делінген. Ал экожүйелер мен биосфера адамзаттың тіршілік ортасы. Адам биосфераға әсер етеді, биосфера адамға әсер етеді. Сондықтан, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың жаратылыстанулық қырлары (аспектісі) болады, ал жаратылыстану ғылымдарының гуманитарлық-пәлсапалық қырлары болады. Ал адамның өмірі көп қырлы, сан-алуан. Сондықтан гуманитарлық немесе жаратылыстану ғылымдарының ара-жігін ажырату да оңайға соқпайды.

o Л.Н.Гумилевті еске түсірейікші. «Адам тек қоғамның ғана емес, сонымен қатар этностың да мүшесі. Өзінің этникалық ұжымымен ол биосферамен байланысты. Ұдайы өзгере отырып, біздің планетадағы барлық тіршілік иелері сияқты өліп, сосын қайтадан тіріле отырып, адам өміріндегі оқиғалар арқылы өзінің ізін қалдырады. Оның осы ізі этникалық тарихтың (скелеті) қаңқасы – этногенездің қызметі болып табылады.

Бұл тұрғыдан алғанда тарих жаратылыстану ғылымдарының қатарына жатады, әрі тарихи материализмнің емес диалектикалық материализм аясында болуы керек» - (аударма). Ал енді Биологиялық алуан-түрлілік туралы Конвенцияның мына бір алғышартына мән берейікші: «Төл тұрмыс қалпын сақтаған көптеген жергілікті қауымдастықтар мен түпкілікті ел-жұрттардың биологиялық ресурстарға деген дәстүрлі және елеулі тәуелділігін, олардың биологиялық алуан-түрлілікті сақтауға және оның құрамаларын тиімді пайдалануға қатысты бұрынғы дәстүрлі білімдер,.. тәжірибелерді қолдануға... ынтықтығын мойындай отырып (12-алғышарт) және т.с.с. Осы бір тезистен туындайтын қорытынды сол – биологиялық алуан-түрлілік адамның тіршілік ортасы бола тұра, оның тілінің, мәдениетінің, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің қайнар көзі болып табылады екен. Ал бұл категориялар рухани салаға жатады. Ал, ара-жігін ажыратып көріңіз!..

«Ар-ождан мен намыстың алтын қазығы – түп-тамырыңды, шыққан тегіңді білу» - деген ертеден келе жатқан әфсана-тәмсіл бар. Француз ойшылы Шатобриан айтқандай: «Адамның алды орман болған, артынан шөл ілесіп келеді» - деген ой салатын сөзі де бар. Мен мұны неге айтып отырмын? Біздің ата-бабаларымыз тіршілік еткен кездегі биосфера мен біз тіршілік жасап жатқан биосфераның айырмашылығы болса керек. Сонда Шатобрианның сөзі мәні терең ескерту болып шықпай ма? Биологиялық тұрғыдан дәстүрлерімізді, ділімізді сақтау дегеніміз – ата-бабаларымыз тіршілік еткен экологиялық жағдайды мейлінше сақтап қалу деген сөз. Себебі әдет-ғұрып, дәстүр, тіл наным-сенім сол ата-бабаларымыздан қалған мұра емес пе?

- Бұл ойларыңыз қызық екен.  Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді орындау үшін ҰҒА-сына, ғалымдарға не істеу керек деп ойлайсыз?

- Тарих дегеніміз өткен шақтан келер шаққа түсіп тұрған жарық сәуле деген ой бар.Өзінің мақаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай дейді: «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз, бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын».

Бұл ретте ықылым – ерте заманғы Тоныкөк пен Күлтегіннен бастап бүгінгі күнге дейінгі ұлы бабаларымыз бен аталарымыз – ғұлама ғалымдардың, данышпандардың, хандардың, билердің, ақын-жыраулардың батырлардың және т.б. ғылыми, мәдени, ар-ождандық, саяси мұраларын түйсініп, жадымызға түйіп алуымыз керек.

Осындай ғаламат ғылыми-мәдени мұраның құрамында Жүсіп Баласағұнның, Бабырдың, Мұхаммед-Хайдар Дулатидің, Әл-Фарабидің, Асан қайғының, Майлықожаның, хандарымыз – Керейдің, Жәнібектің, Тәукенің, Тәуекелдің, Бәйдібектің, Абылайдың, Қасымның және т.б., дипломаттар мен саясат қайраткерлері – Жиренше-шешен, Қадырғали-би-Жалаири, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жыраудың, одан кейінгі данышпандар мен оқымыстылар – Абай, Шоқан, Ыбырай, Сүйінбай, Жамбылдың, Алаш арыстарының, бүгінгі ақын-жазушыларымыз, философтарымыз, ғалымдарымыздың еңбектері де енуі керек қой деп ойлаймын.

Биолог ретінде ерекше атап өткім келетіні – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылыми философиялық мұрасын ерекше сараптап, дәріптеуіміз керек. Себебі Жәнібек ханның сарай емшісі Қазақтың биология-медицина ғылымының негізін қалаушы болып табылады. Мұндай ой былтырғы жылы күзде Шымкентте айтылды.

Ол жерде Қазақ Хандығының алғашқы өсімдіктер тізімін жасаған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы қазақ ботаника ғылымының атасы деп тану ұсынылды, сөйтіп Қазақтың ботаника ғылымының жасы 550 жыл деп мойындалды. Менің мұны айтып отырған себебім, біздің ұлы бабаларымыздың тек бірінің ғана ғылыми мұраларын түйсіне бастағанда осындай тың мәліметтер мен ойларға тап болып отырмыз. Сондықтан осындай терең тарихи қойнаудағы ұлы бабаларымыз бен аталарымыздың ғылыми-мәдени мұраларына жаңа көзқараспен қарағанда өзімізді-өзіміз жаңа қырларымыздан тануымыз, таңырқауымыз бек мүмкін.

Өзімнің күнделікті жұмысым – ботаника ғылымы саласынан мысал келтіретін болсам, Алматы өңіріндегі жабайы алма ормандары Жер жүзіндегі алманың атасы, халықаралық деңгейдегі нәсілдік қор (генофонд) деп танылуы академик А.Ж.Жаңғалиевтің өмір бойы жүргізген табанды ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі. Мұны біздің ғаламшардағы мамандар толық мойындаған. Ал академик И.О.Байтулин жер шарындағы 4 ризологиялық ғылыми-мектептің бірі саналатын Қазақстандық ризология, өсімдік тамырларының экологиялық морфологиясы ғылыми мектебінің, өсімдіктер интродукциясының жүйелі экологиялық әдіснамасы теориясының негізін қалаушысы екенін бүгінгі күні көпшілігіміз ескере бермейміз.

Академик И.О.Байтулиннің басшылығымен Қазақстанда 2 Ұлттық экологиялық стратегия дайындалып, еліміздің экожүйелерінің бүгінгі жағдайы терең ғылыми тұжырымдалып, үкіметіміздің көптеген нақты қадамдары мен шешімдерінің алғышарты болып отырғанын да ойлай бермейміз. Қазақстандық ботаника ғылымының Жер жүзіндегі өзіндік жарқын бейнесін негіздейтін Н.В.Павловтың, Б.А.Быковтың, Н.Рубцовтың, М.Қ.Көкеновтың, М.С.Бәйтеновтың, П.М.Мырзақұловтың, В.П.Голоскоковтың, бүгінгі күні ортамызда жүрген Л.Я.Курочкинаның, Е.И.Рачковскаяның, Р.П.Плисактың, Н.М.Мухитдиновтың, С.С.Айдосованың, Н.П.Огарьдың, С.А.Арыстанғалиевтің, Ю.А.Котуховтың және т.б. ғылыми мұралары мен еңбектерін тағы бір қарастырып, түйсінуіміздің маңызы зор деп білемін.

Мысалға, Қазақ тіліндегі Халықаралық бинарлық номенклатураның негізін қалаған, құдайға шүкір ортамызда жүрген, С.А.Арыстанғалиев екені соңғы 1-2 жылда ғана белгілі болды. Ал бұл маңызды оқиға 1977 жылғы С.А.Арыстанғалиев, Р.Рамазанов – Қазақстан өсімдіктері деген анықтамалығынан бастау алған екен.

- Қазақтың ботаника ғылымы шынында да әлемде белгілі ме, өзіндік орны бар ма?

- Соңғы Дүниежүзілік ботаникалық конгресске 150 елдің делегациясы қатысты. Сол конгрестің президиумына 5 құрметті вице-президент сайланды. Сол бес құрметті вице-президенттің бірі Қазақстандық делегацияның жетекшісі, академик И.О.Байтулин болды. Дүние жүзіндегі 150 мемлекеттің ішіндегі 5 мемлекетке бұйырған осындай құрметке біздің, Қазақтың, ботаника ғылымын дүниежүзілік ботаникалық конгресс лайықты деп тапты. Бұл сөзсіз мойындау, Қазақтың ботаника ғылымының әлемде өзіндік орны бар екенінің дәлелі.

- Президентіміз – Елбасымыздың осы бағдарламалық мақаласындағы мақсатқа жету үшін қойылған міндеттерді орындаудың нәтижесінде жеке өз басыңыз нені көргіңіз келеді?

- Елбасымыз Н.Назарбаев Ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруын көрегендікпен, даналықпен халқымызға ұсынып, басымдық беріп отыр. Ал ұлттық бірегейліктің ең бастапқы көрінісі, тұғыры – тіл десек артық болмас. Тіл – ұлттың жаны, білімнің салтанат құруының негізі екені де белгілі дүние.

Сондықтан да осы орасан үлкен міндеттерді орындаудың нәтижесінде мен үш нақты дүниені көргім келеді. Ол – 1) қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі әлеуметтік басымдылығы және оның (тілдің) материалдық базасының нығаюы; 2) мемлекеттің ғылымға монополиясы және Қазақ ғылымының дамыған инфрақұрылымы; «Ғылым» баспасының қайта құрылуы; 3) қазақ тіліндегі салалық лингвистиканың дамуы. Бұл Президент міндеттеп отырған ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтудің бастапқы, алғашқы қадамы болатынына сенімдімін.

- Сіз айтарлықтай болмаса да, жиі-жиі ғылым мен білім саласындағы кейбір өткір меселелерді көтеріп жатасыз. Ал ботаника ғылымында тіпті сын пікірлер де айтып қаласыз. Бұл түсінікті. Бірақ, сіздің БАҚ-дағы бірқатар материалдарыңыздан Конституция – Ата заңымызға байланысты да ойларыңызды байқап қалдық. Сіз жаратылыстану ғылымының өкілісіз. Неге – Сіз? Неге – Конституция?

- Ата заңымыз – Конституция еліміздің, мемлекетіміздің алтын діңгегі. Қазақстан азаматтарының күнделікті өміріндегі арқа сүйейтін тірегі, өмірдегі бағытын көрсететін бағдаршамы; біздің қоғамдағы ненің жақсы, ненің жаман екенін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсетіп тұрған ар-ождан, ұят-намыс, құқықтық-адамилық таразы. Ең бастысы, Ата заңымызды білмеу – ешкімді де ел алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

Сондықтан Конституциямыздың тұғырнамалық қағидаттарын білу, білу ғана емес-ау, жанымызбен, санамызбен түйсіну барлығымыздың борышымыз, әрі парызымыз дер едім. Конституцияның ықпалы біздің қоғамымыздың барлық түкпірінде бірдей болуы керек.

Күнделікті тіршілікте оның тұғырнамалық қағидаттары сақталынып, орындалуы міндетті. Одан ауытқушылық болған жағдайда, қоғамда өткір мәселелер пайда болады. Ғалым қоғамда болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамауы керек.

Бұл ретте Конституцияның мызғымастығы еліміздің, қоғамымыздың иммунитеті деуге болады. Мен – биологпын. Менің білетінім – ағзадағы кез-келген ауытқушылықтар мен стресстер оның иммундық жүйесінің нығаюына алып келмейді, ал тірі ағза әлсіреп, қажиды. Қоғам да тірі ағза сияқты.

Конституцияның тұғырнамалық қағидаттарының сақталмай, бұзылуы да қоғамда өткір жағдайлар мен стресстер, қарама-қайшылықтарға алып келуі мүмкін. Сондықтан, Ата заңымызды ұдайы жадымызда ұстап жүргеніміз абзал.

Елбасымыз өзінің мақаласында былай дейді: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».

Бұл тұрғыдан алғандай Конституция – ұлттық кодтың өзі деген ұстанымдамын. Ұлттық кодтың негізгі үштаған тұғыры Діл, тіл және жер деп алатын болсақ, Ата заңымыздың да үш-анық, құндылығы да осы қасиетті ұғымдар. Осы қасиетті ұғымдардың тұғырнамалық орны мен қасиетті мән-мазмұны Ата заңымызбен айқын белгіленген, бекітілген.

Ал енді сіздің сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, 20-ғасырдың басында Ресей думасында «Кадеттер» деп аталған «Конституциялық демократиялық партия» болған. Ол партияны тағы да «профессорлар партиясы» деп атаған. Сол партияның құрамында атақты В.Вернадский де болған екен... Сондықтан да Ата-заңымыздың қадір-қасиетін шын түсінетіндер жаратылыстану саласының ғалымдары ма? – деп те ойлаймын мен, кей-кезде.

- Сіздің 1-2 жарияланымдарыңызда плагиат туралы да пікірлер бар екен. Осы туралы не айтасыз?

- Бұл сұрағыңыздың жауабы оңай емес-ау! Сол бір жарияланымдарда келтірілгендей, Елбасымыз – Президенттің ҰҒА-ның мінберінен айтуы – бұл мәселенің біздің қоғамымызда айтарлықтай ушығып тұрғанын көрсететіндей. Оның алдындағы бір мақаламда айтқандай: «Алтын табаққа ас салуға да болады, тас салуға да болады. Бірақ, алтын табаққа салынған екен деп, соның бәрін жей беруге болмайды-ғой».

Ғылым мен өнердегі ең құнды нәтиже – шынайылық. Ол творчествоның, жасампаздықтың арқасында келеді. Ғылымның алтын табағындағы ас – осы творчестволық азаппен келген шынайы нәтиже, ал плагиаттық дегеніміз – алтын табаққа салып қойған тас. Ол жеуге жарамайды.

Асанәлі-аға Әшімовтың мына бір ойын қайталағым келіп отыр: «Актер өзінің еркі өзінде, басы бос адам емес. Режиссердің талаптарын орындайтын адам. Бірақ актер режиссердің қолындағы шахматтың пешкісі емес. Ол өз рөлінің авторы». Творчестволық тұрғыдан актерға қойылатын талап осы.

Ғалым да солай болуы керек. Бұл – бір жағынан. Екіншіден, плагиатқа қорықпай барған «ғалым» творчестволық тоқырауға ұшыраған адам. Басқа сөзбен айтқанда – творчестволық эрозия.

Үшіншіден, плагиат дегеніңіз – асығыстық, шалалық. Ал «асыққан – шайтанның ісі» екені бәсенеден белгілі. Түптеп келгенде, бұл ақиқатқа қиянат. «Әділдікке сенім жоғалған жерде өмірдің мәні қалмайды» деген сөз бар. Сондықтан да, плагиатпен ел болып күресу керек. Себебі бұл құбылыстың ғалымдар мен ғылымға деген сенімді жойып, көңілге селкем түсіру қаупі жоқ емес.

- Енді өзіңіздің жеке басыңыз туралы әңгімелессек. Сіз бұрын да осындай конкурсқа қатысыпсыз. Неге өтпедіңіз?

- ҰҒА-ның мүшелігіне қабылдау процесі табиғатта өтетін табиғи сұрыптау қағидасына негізделген. Бұл сұрыптаудан мықтылардың мықтысы ғана өте алады. Осыдан төрт жыл бұрын Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кеңесі қолдау білдіріп еді. Бұдан өзге ҰҒА-ның 3 мүшесінің ұсыныс-хаты, Қазақстандағы 2 ғылыми мекеменің, 1 ЖОО-ның ғылыми кеңестерінің қолдау-хаттары болды.

Шынын айтуым керек, мен өтетін шығармын деп үміттенгенмін. Бірақ, қажетті мөлшерде дауыс жинай алмадым. Демократиялық қағидаттың бірі – азшылықтың көпшілікке бағынуы. Сондықтан ол сайлау әділ өтті деп есептеймін. Өз басым, мықтылардың қатарында болғаныма шүкіршілік еттім.

- Ал қазір қалай болып жатыр? Сіздің кандидатураңызды басқа бір мәселе бойынша қолдап жазылған ұжымдық хат туралы хабардармыз. Оған не дейсіз?

- Мен ондай хат туралы ештеңе білмеймін. Сізден бірінші рет естіп тұрмын. Жасырмаймын – өте қуаныштымын. Ол хатқа қол қойған азаматтар мен азаматшаларға алғысым шексіз. Бұл енді қоғамдық пікір ғой, сондықтан дауыс беру кезінде ескерілер деген үмітім де жоқ емес.

Бұл жолы да Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ғылыми кеңесі ұсынды. Бүгінгі таңға дейін Қазақстанның әр жағынан әріптестерімнен жақсы пікірлер келіп жатыр. Сібірден ресейлік әріптестеріміз де қолдау білдіргендігін ерекше айтқым келеді. Фейсбук арқылы да қолдау білдіріп жатқандар бар. Шүкіршілік...

-Алдыңғы, 4 жыл бұрынғыдай емес бұл конкурсқа қомақты ғылыми капиталмен келіп отырмын – 15 монография, 5 – оқулық құрал мен кітап, 173 ғылыми тезистер мен мақалалар, қорғалған 27 диссертация, оның 12-і кандидаттық, 15-і магистрлік диссертация.

Ең маңыздысы бүгінгі таңда «Қазақстанның флорасын» қазақ тілінде дайындайтын ғылыми-творчестволық ұжым құрастыратын мүмкіншілік бар; заманауи флористикалық ғылыми мектеп құрылды; «Қазақстанның флорасы» энциклопедиялық анықтамалығының концепциясы жасалынды; Қазақстан флорасының түр құрамы анықталды – 6305 түр, 1164 туыс, 171 тұқымдас. 5650 түрдің қазақ тіліндегі анықтағыш кілттері жасалынды; Қазақ тіліндегі заманауи бинарлық номенклатура жасалынды.

- Азамат ретінде, ғалым ретінде сізді не мазалайды? Неге алаңдайсыз?

- Сіздің бұл сұрағыңызға берер жауапты аз-кем шегіністен бастайық... Баяғыда бір кісі бір данышпанға келіп «Бақыт дегеніміз не?», - деп сұрапты. «Бақыт деген ақыл-есі дұрыс адамның қалыпты жағдайы емес», - депті данышпан. «Есі дұрыс кісінің қалыпты жағдайы не?», - деп сұрапты әлгі кісі. «Ақыл-есі бүтін адамның қалыпты жағдайы – уайым», - депті данышпан.

Бұл тұрғыдан алғанда мен үшін бақыт деген жақындарым мен кәсіби жұмысымды, еліміздің тұрақтылығы мен қоғамның тыныштығын уайымдау. Уайымдау дегеніміз – ойлау, ойлану, болып жатқан оқиғаларды сараптау, талдау, өзің үшін қорытынды жасау. Осы «уайымдау» кезінде алаңдаушылық тудыратын ірілі-ұсақты мәселелер бар. Өмір болған соң олар да аз емес. Бірақ, солардың ішіндегі ауқымды-ауқымды дегендердің екі-үшеуін айтайын:

Қазақта «жылайтын бала атасының сақалымен ойнайды» деген нақыл сөз бар. Менің ең бірінші алаңдайтыным – соңғы уақытта Ата заңымызға өзгеріс енгізу құштарлығы, ұмтылыстар көбейіп кетті. Парламент қабылдаған заңдардың бірқатарынан Ата заңымыздың талаптарымен сәйкессіздіктер табылып жатыр.

Ата заңымызды қорғау қажеттігі күннен-күнге айқын сезіліп келе жатқан сияқты. Бұл ретте Конституциялық Кеңес пен жетекші саясаттанушы, құқықтанушы ғалымдардың үнсіздігі мен ұяңдығы да мені алаңдатады.

Ғалым-педагог ретінде қазіргі студенттер, магистранттар, докторанттардың аз оқитындығы да алаңдатушылық тудыратын жағдай. Түптеп келгенде бұл кәсіби эрозияға (тозуға), бәсекелестікке қабілеттіліктің төмендеуіне алып келетіні түсінікті-ғой.

- Сіздің жақсы көретін шаруаларыңыз бар ма? Нені жақсы көресіз?

- Жұбайыммен, балаларыммен, жиен-немерелеріммен, әсіресе немерелеріммен араласып, сөйлесіп, шүйіркелескенді жақсы көремін. Хакім Абайды, Л.Н.Гумилевті, Герольд Белгерді, оңтүстік Қазақстандық ақын-жазушылар – Мархабат Байғұтты, Әдіһәм Шілтерхановты, өзімнің ағатайым Әбдібек Аралбайұлын оқығанды жақсы көремін.

Тұңғышбай-аға Жаманқұловтың орындауындағы әндерді жақсы көремін. Оның «Барып қайт, балам...» әнін естігенде, бүткіл Қазақтың мұң-зарын сезінемін.
- Асанәлі-аға Әшімовтың орындауындағы:
- «Уа, тәкаппар дүние!
- Маған да бір қарашы!
- Танимысың, сен мені –
- Мен, Қазақтың баласы!» - монологын жақсы көремін.
- Досқан-аға Жолжақсыновтың орындауындағы Бұқар жыраудың толғауын жақсы көрем. Есіңізде болса, ол былай басталатын еді ғой:
- «Айналасын жер тұтқан
- Айды батпас демеңіз...
- Құрсағы жуан байлардан
- Дәулет кетпес демеңіз...
- Жарлыны жарлы демеңіз,
- Жарлы байға теңеліп,
- Жайлауға көшпес демеңіз!..
- Жалғызды жалғыз демеңіз,
- Жалғыз көпке теңеліп,
- Жапан-түзде жолығып,
- Кек қайтармас, демеңіз...»
- «Шаншар» театрын жақсы көремін.
- «Музарт» және «Жігіттер» тобын сүйіп тыңдаймын.
- Көріспесе сағынысып жүретін достарымды жақсы көремін.

- Оқырмандарыңызға сөз соңында не дер едіңіз?

- Кейде, киносериалдардың кейіпкерлері айтқан бір ойлар ойыңда шеге болып қадалып қалады. Жақында сондай бір кейіпкердің: «Дұрыс адамдар дұрыс жерде отыруы керек» деген қағидасын естіп, ұнатып едім... ҰҒА-сы дұрыс адамдар отыратын дұрыс жер-ғой. Үміткер ретінде осы қағидаға, талапқа сай болуымыз керек. Сондықтан, «Дұрыс бола алмасақ – бізге сын, дұрыс таңдай алмаса – ҰҒА-сына сын», - дер едім.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен - Нұра Матай

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522