Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5852 0 пікір 27 Сәуір, 2017 сағат 18:31

Түркі жазуының түп тамыры және латын әліпбиіне көшудің тиімді жолдары

 

27 сәуірде Алматыда Түркі жазбалары күніне арналған «Тамыры терең әліпби: жалпытүркілік бірегейліктің мызғымас негізі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетін және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тарапынан ұйымдастырылды.

Жиынды ашқан Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек түрколог-ғалымдардың талқылауына ұсынылып отырған мәселенің (еліміздің латын әліпбиіне көшуінің) қаншалықты маңызды екендігіне қысқаша тоқталып, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жиында қоғамға ой саларлық ойталқы сөздер көп айтылды.

– Еліміздің жазу-сызуын кирилициадан латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе біраз жылдан бері айтылып келеді.Тіпті көрнекті ғалым ағамыз Әбдуәли Қайдари осыдан бірнеше жыл бұрын латын әліпбиін заман талабына сай жасап, оны ұсынғаны да белгілі. Алайда, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді. Дегенмен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда республикалық БАҚ-та жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласы латын әліпбиі мәселесінің қайта көтерілуіне түрткі болды. Өйткені, латын әрпіне көшу еліміздің рухани жағынан қайта жаңғыруына кең жол ашатыны даусыз. Осы жағынан алғанда бүгінгі халықаралық басқосудың маңызы ерекше деп айта аламын, – деді бізге Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының аға ғылыми қызметкері Бейбіт Оспан.

Аталған ғылыми шара халықтың тарихи санасының ең негізгі іргетасы болып табылатын Алтай дәуірі, Хун дәуірі, көнетүркі дәуірі, ортатүркі дәуірі, жаңатүркі дәуірі кезеңіндегі жазба ескерткіштер мен мұраларымызды насихаттауға, түркі дүниесінің кешегісі мен бүгінін саралауға және жалпытүркілік бірегейлікті одан әрі нығайтуға бағытталған. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тамыры терең әліпби: жалпытүркілік бірегейліктің мызғымас негізі» атты басқосуды ұйымдастыруы әсте кездейсоқтық емес. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында латын әліпбиі туралы айта келіп: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз қажеттігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден бастап барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» – деп атап көрсеткен-ді. Сондықтан халықаралық жиынға қатысқан отандық және шетелдік түркітанушы ғалымдар латын әліпбиі бойынша өзара тәжірибе алмасты. Елімізде латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері мен тиімді жолдарын жан-жақты қарастырды.

 Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282