Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 8133 8 пікір 31 Мамыр, 2017 сағат 17:30

Жақып Асанов: Бұл іске қатысты дау-дамайдың шыққаны тіпті жақсы болды

 

Елдің бас прокуроры Жақып Асанов бір миллион доллар пара алса да, түрмеде отырмай емін-еркін жүрген «Хоргос» халықаралық сауда орталығының бұрынғы президенті Василий Ни туралы сөз қозғады, деп хабарлайды  365info.kz сайты Zakon.kz тілшісіне сілтеме жасай отырып.

«Бұл іске қатысты дау-дамайдың шыққаны тіпті жақсы. Бұл біздің қоғамымыздың ақылды болып келе жатқанының белгісі. Қоғам белсенді болып барады. Екінші жағынан мемлекеттік органдар мен соттардың жұмысы ашық болып жатыр. Бірнеше жыл бұрын мұның бәрі жабық күйі қалатын, қазір бәрі ашық»,— деді ол журналистердің сұрағына жауап беру барысында.

Бірақ солай деген бас прокурор: «Ешбір елде ешқашан мінсіз заңдар болмайды», - дегенді қосып айтты.

«Егер менің жеке пікірімді білгіңіз келсе, мұны мен шешпеймін, Парламент шешеді. Біз ҚР ҚК 65-ші бабын да өзгертуіміз керек. Менің пікірімше, мұндай қылмыс үшін мұндай бап қолданылмауы тиіс, бірақ судьяны заң бұзды деп айтуға да болмайды», — деді ол.

Редакциядан: Әңгіме 1 миллион доллар көлемінде пара алып ұсталғанымен қамаудан босатылған Василий Ни туралы болып отырғанын оқырман жақсы білсе керек. Судья Нидің қылмыс жасағанына шын өкінгендігін ескеріп, оған бостандық берген еді. Сонымен қарайық, ҚР ҚК-нің 65 бабында не жазылған:

5-бөлім

Қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату

      65-бап. Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан  босату

  1. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе, немесе қылмыс келтiрген зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

Жоғарыдағы бапта бұдан өзге де қылмыс түрлеріне байланысты жазадан босату жолдары көрсетілген. Бірақ ол қылмыс түрлері Нидің ісімен сәйкеспейтіндіктен бұл араға қосуды артық санадық. Алайда, Ниге 65-баптың 1-тарамағы бойынша неліктен жазадан босату туралы шешім қабылданғанын бәрібір түсіне алмадық. Себебі, 1 миллион доллар көлеміндегі пара алу ісі бірінші рет болғанымен «кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысқа» жата ма? Екіншіден, Ни қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап өз еркiмен заң орындарына келді ме, немесе қылмысты ашуға жәрдемдесті ме? Бұл екі сұраққа судья тарапынан да, өзге де заңгер мамандар мен сарапшылар тарапынан да «Жоқ» деген жауап аларымыз анық. Ендеше, Ни «қылмыс келтiрген зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрген» болды ғой? Шамасы, солай шығар. Әйтсе де, бас прокуорор айтпақшы, «бұл іске қатысты дау-дамайдың шыққаны тіпті жақсы» болды, себебі: көп асайтындар бұдан былай боқ асамайтындарын біліп жүретін болды.

Abai.kz    

 

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036