Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2841 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 11:32

Бизнестің несиеге неге қолы жетпей тұр?

Павлодарлық бизнесмендердің жолы болмай-ақ қойды. Дағдарыс тұсында қаржы таппай қиналған олар ендігі жерде Елбасының тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиелерге қарық болуға тиіс еді. Алайда кейбір мекемелердің бюрократиялық әрекеттерінің салдарынан шағын және орта бизнес өкілдері пұшайман болып отыр. Дүйсенбі күні өткен кәсіпкерлік мәселелері бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев экономиканың өсуіне үлес қосатын инвестициялық жобаларды қарастыруда шабандық танытып отырған лауазымды тұлғалардың жұмыстарын сын тезіне салды.

Жалпы, осы күні бизнестің көсегесін көгертуге бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Солардың бірі - «Даму-аймақтар ІІ». Бүгін бұл бағдарлама бойынша несие алғысы келетіндер баршылық. Біразы «Еуразиялық банктің» №12 филиалына өтініштерін тапсырған. Үйлестіру кеңесінде осы бизнес-жобалардың тиімді тұстары да сөз болды.

Павлодарлық бизнесмендердің жолы болмай-ақ қойды. Дағдарыс тұсында қаржы таппай қиналған олар ендігі жерде Елбасының тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиелерге қарық болуға тиіс еді. Алайда кейбір мекемелердің бюрократиялық әрекеттерінің салдарынан шағын және орта бизнес өкілдері пұшайман болып отыр. Дүйсенбі күні өткен кәсіпкерлік мәселелері бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев экономиканың өсуіне үлес қосатын инвестициялық жобаларды қарастыруда шабандық танытып отырған лауазымды тұлғалардың жұмыстарын сын тезіне салды.

Жалпы, осы күні бизнестің көсегесін көгертуге бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Солардың бірі - «Даму-аймақтар ІІ». Бүгін бұл бағдарлама бойынша несие алғысы келетіндер баршылық. Біразы «Еуразиялық банктің» №12 филиалына өтініштерін тапсырған. Үйлестіру кеңесінде осы бизнес-жобалардың тиімді тұстары да сөз болды.

«Stomline» ЖШС - стоматологиялық қызмет көрсететін фирма. Директоры Е.Орлованың айтуынша, несиеден үмітті тіс емханасы келешекте қызмет көрсету аясын кеңейтуді көздейді. Сонымен бірге, жаңа технология енгізуді жоспарлап, дәрігерлердің шеберліктерін жетілдіруді ойлаған. Ал жеке кәсіпкер Ю.Хован «Балалар әлемі» атты орталықты одан әрі дамытудың жобасын ұсынып отыр. Қоғамдық тамақтану қызметін көрсететін Л.Әжібекованың да көксегені - қолындағы кафелерді заман талабына сай жаңарту. Мұның бәрі қыруар қаржыны талап етеді. Кәсіпкерлердің кейбірі жобасын өз күшіне сеніп жүзеге асыра бастаған, бірақ орта жолға жеткенде мемлекеттің көмегіне мұқтаж.

Кеңесте айқындалғандай, аталмыш бағдарламаны орындауда барлық банктер бірдей белсенділік танытып отырған жоқ. «БТА банк» АҚ Павлодар филиалының директоры Н.Анапьяновтың сөзіне қарасақ, «Даму-аймақтар ІІ» бағдарламасының қазір шарттары алғашқысына қарағанда біршама қиын тиіп отыр. Кәсіпкер мекемелерге алдағы үш жылдық жұмысы туралы құжаттар ұсынуға тиіс. Онда да ниет хаттамасы сияқты жеңіл-желпі құжаттар көзге ілінбейді, нақты келісім-шарттар талап етіледі. Облыс әкімі бұған түсінбестік білдірді. Шағын бизнес өкілі үш жылда қандай тапсырысқа ие болатынын алдын ала қайдан біледі? Конкурс негізінде жұмысқа қолы жете ме, жоқ па - оны ешкім болжай да алмайды. Банк филиалы директорының айтуынша, осындай жағдайлар «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасында да кездеседі. Қабылданғанына қанша уақыт болса да, аталмыш бағдарламаның бір орыннан қозғалмай, жертабандап жатып қалғанына бәріміз куә болып отырмыз.

Бірақ, шыны керек, Президенттің өзі тапсырғаннан кейін кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарлама қалайда жүзеге асуы керек. Бұған құзырлы мекемелер өздері мүдделі болуға тиіс. Әйтпесе іздесеңіз, сылтау дегеніңіз аяқ астынан табыла береді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қанат Шәбеновтің баяндауынша, бүгінде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 13 млрд. теңге болатын 53 жоба банктерге тапсырылды. «АТФ Банк» Павлодар филиалы директоры Е.Рақышевтің мәлімдеуінше, қазірде алты бизнес-жоба орталық кеңсеге жөнелтілген. Бір қызығы, солардың ішінде әңгіме болып келе жатқалы алты айдан асқан «Гофротара» ЖШС-нің жобасы бар. Айта кетелік, серіктестік осыдан біраз уақыт бұрын нарықта сұранысы жоғары жұмыртқа өнімдерін салатын қағаз қораптар өндірісін кеңейтетінін мәлімдеген еді. Сол кезде жергілікті билік өкілдері бұл жобаның тиімді екенін айтып шыққан болатын. Алайда айтулы қаржының болмауы себепті бизнес-жоба бірден іске асып кетпей, бір орынды айналшықтап тұрып қалды.

«АТФ Банк» өкілінің айтуынша, «Гофротара» жобасы ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің сүзгісінен өте алмай қалған. Яғни министрліктің талабынан шықпаған. Соның нәтижесінде серіктестік құжатты қайтадан жетілдіріп, жоғарғы жаққа екінші мәрте ұсынуға тиіс. Жобаның нақты қашан бекітілетінін айту да қиын. Бұл жайт «Гофротара» директоры Г.Қайдароваға оңайға тиіп тұрған жоқ. Себебі кезінде қолдау көп күттірмейтініне сенген кәсіпкер өндіріске қажетті құрал-жабдықтарға ертерек тапсырыс беріп қойған. Бүгінде шетелдік құрал дайындаушы зауыттар «қарызыңды төле» деп, кәсіпкерді қос өкпеден қыса бастаған. Уақытында төлемейтін болса, үстінен өсім белгіленбек. Істің арты насырға шапса, кәсіпкердің бизнес-идеясы көп ұзамай тас-талқан болуы әбден мүмкін.

Бақытжан Сағынтаев кәсіпкердің зардап шегіп отырғаны құзырлы мекемелердің маңызды іске салғырт қарауының салдарынан деп бағалады. Банктерден басқа, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының да асқан жауапкершілігі танылмай тұр. «Біз жобаны орталыққа жібердік» деп, жайбарақат күйде отырып, жауап күтуге болмайды. Жобаның соңына түсіп, қажет болса жоғарғы жаққа дейін барып, оң нәтижесі үшін тыным таппау керек. «Гофротара» жобасы бойынша қордың басшысы мен банктің өкілі жедел әрекетке көшіп, санаулы күндер ішінде құрал-жабдықтар үшін төленетін тиісті қаржыны тауып беруге тиіс. Себебі кәсіпкер бюрократиялық себеп-салдарға бола жеке қалтасынан айыппұл төлеуге міндетті емес.

«Еуразиялық банк» Екібастұздағы филиалының директоры А.Садықов «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсететін арнайы орталықтың барын өз басы өткен аптада ғана естігенін мәлімдеді. «Кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту орталығы» мемлекеттік кәсіпорны бұл іске жылдың шілде айынан бастап кіріскен көрінеді. Облыс әкімі арнайы құрған қызмет жөнінен екібастұздық кәсіпкерлердің хабарсыз болуының мәнісін сұрады. Орталық директоры Ә.Айтжанова барлық қаржы мекемелеріне хаттардың жіберілгенін айтып, ақталған болды. Бірақ оның орталықтың атқарған жұмыстары туралы ұсынған есебі аймақ басшысының көңілінен шықпады. Мекемеде осыған дейін небары 7 кәсіпкерге бизнес-жоба әзірлеуге жәрдем көрсетіліп, тағы 28-іне министрлік талаптарын орындау жөнінде ақыл-кеңес беріліпті. Бақытжан Әбдірұлы орталықтың қолынан іс келмейтін болса, арнайы берілген қаржы мен басқа да міндеттерден бас тартқаны жөн деген пікірін білдірді.

Облыс әкімі павлодарлық банктердің де кәсіпкерлікке көмектесуде белсенділіктері төмен болып отырғанын айтып өтті. Бәрі бірдей емес, әрине. Алайда екібастұздық банк филиалының қарастырған жобаларының жалпы сомасы облыс орталығын мекен еткен екі ірі банк бөлімшесінің қоса атқарған істерінен бірнеше есе артық. Яғни банктердің барлығы бірдей кәсіпкерліктің шашбауын көтеруге құлықты болып отырған жоқ.

Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобаларды аймақтық үйлестіру кеңесі кез-келген уақытта жиналып, талқылауға дайын екенін атады. Елбасының шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде берген тапсырмасын орындау - маңызды. Бұл ретте мемлекет берген қаржыны ешқандай сөзбұйдаға салып, кешіктірмей игеру де ең басты міндет болып саналады. Сондықтан тиісті мекемелердің қызметкерлері жобаларды толық қаржыландыру үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан тартынып, іске бел шеше, белсене кірісулері шарт.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5571