Қазақ хандығының алғашқы астаналары
Ерсінай Пірімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің доценті
Қазақ жеріндегі қалалардың бой көтеруі Ұлы Жібек жолының тарихымен байланысып жатыр.Ұлы Жібек жолының басты тармақтарының Орта және төменгі Сырдария бойын жағалай өтуі бұл өңірдегі қалалардың санының көбеюіне әсер етті. Осыдан да болар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жазиралы жерлері ежелден-ақ тарихи-мәдени аймақтарға айналды. Жалпы, қалалық мәдениеттің қалыптасуын кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең - түркі дәуіріне дейінгі ежелгі қалалар. Арий, тур заманынан, қола дәуірінен бастап Түрік қағандығына дейінгі аралық. Бұл аралықта қалалар сирек, өйткені көшпелі шаруашылықтың басым түскен кезеңі.
Екінші кезең - түркі дәуіріндегі ерте ортағасырлық қалалар. Бұл аралықта шамамен 30 шақты қала болған. Археолог ғалымдар ертеректегі ортағасырлық мемлекеттердегі қалаларды сипаты жағынан үш топқа бөлген: астаналық және ірі қалалар бірінші топта, екінші топ орташа қалалар, ал үшінші топты кішігірім қалалар құраған1.
Ерсінай Пірімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің доценті
Қазақ жеріндегі қалалардың бой көтеруі Ұлы Жібек жолының тарихымен байланысып жатыр.Ұлы Жібек жолының басты тармақтарының Орта және төменгі Сырдария бойын жағалай өтуі бұл өңірдегі қалалардың санының көбеюіне әсер етті. Осыдан да болар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жазиралы жерлері ежелден-ақ тарихи-мәдени аймақтарға айналды. Жалпы, қалалық мәдениеттің қалыптасуын кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең - түркі дәуіріне дейінгі ежелгі қалалар. Арий, тур заманынан, қола дәуірінен бастап Түрік қағандығына дейінгі аралық. Бұл аралықта қалалар сирек, өйткені көшпелі шаруашылықтың басым түскен кезеңі.
Екінші кезең - түркі дәуіріндегі ерте ортағасырлық қалалар. Бұл аралықта шамамен 30 шақты қала болған. Археолог ғалымдар ертеректегі ортағасырлық мемлекеттердегі қалаларды сипаты жағынан үш топқа бөлген: астаналық және ірі қалалар бірінші топта, екінші топ орташа қалалар, ал үшінші топты кішігірім қалалар құраған1.
Үшінші кезең - ІХ-ХІІІ ғасырдың басындағы қалалар. Бұл аралықта Ұлы Жібек жолының шарықтау шегіне байланысты қалалар саны көбейді. Ол қалалар өзінің көлеміне қарай бөлінген: көлемі 30 гектардан асатын қала жұрттары, келесі қалалар 15-30 гектарға дейінгі аралықты, кішігірімдері 15 гектардан төмен қалалар2.
Төртінші кезең - ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен Қазақ Хандығы дәуіріндегі қалалар. Бұл кезең Алтын Орда - Жошы ұлысының заманынан бастау алады. Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде пайда болған Ақ Орда, Моғолстан, Қазақ Хандығының, яғни мемлекетінің қалыптасу және даму уақытына кіреді. Ал, кезінде Алтын Орда құрамына Жетісу мен Шығыс Қазақстанның аз ғана бөлігінен басқа қазіргі бүкіл Қазақстан аумағы, демек, Қыпшақ тайпалары одағының жері түгелдей кірді. Алтын Орданың негізінің қаланып, кең қанат жаюы Жошының екінші баласы, Шыңғыс ханның немересі Бату ханның атымен байланысты. Ол Русьтің оңтүстік аймағын, Польшаны, Венгрияны, Дальмацияны құзырына қаратты. Грузияны жеңіп, Кавказдың басқа да кейбір халықтарын бағындырды. Алтын Орда шекарасы Ертістен Днестрге дейін созылды. Шығыс Еуропада оған Еділ бұлғарларының жері, Дешті Қыпшақ, Қырым және Дербентке дейінгі Солтүстік Кавказ (кейде Бакуге дейін), Орта Азияда Үргеніш қаласымен қоса Солтүстік Хорезм, Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі аймақ түгел қарады3.
Біздің мақсатымыз Қазақ Хандығының алғашқы астаналық қалаларын анықтау болғандықтан, тікелей Алтын Орда тарихында маңызды орын алған Сарайшық қаласына көңіл аударайық. Алтын Орданың гүлденуі Өзбек хан мен Жәнібек ханның тұсына келеді. Аталған хандардың билігі барысында Алтын Орданың астанасы Сарай Әл-Жәдид (Жаңа Сарай) болды. Жәнібек хан тұсында Жаңа Сарай Алтын Орданың ғана емес, сол тұстағы бүкіл мұсылман дүниесінің ең ірі мәдени, ғылыми, діни орталығына айналған болатын. Алтын Орда аумағы жаппай көшпелілер мекендеген ұшы-қиырсыз кең дала ғана емес, қала салу мәдениеті де қатар жүрген мемлекет болған. Моңғол хандары салған қалалардың ішінде кезінде ішкі және халықаралық ірі сауда орталығы болған Сарайшық қаласын да атауға болады4. Негізін Бату хан қалаған Сарайшық өзге қалалармен қатар, Ертістен Дунайға дейінгі ұлан-байтақ өлкені билеген, кейіннен Алтын Орда аталған империя - Жошы ұлысының алғашқы онжылдығында салынды.
Алтын Орда тарихынан хабардар оқырман Сарай Бату, Сарай Берке қалаларының да астаналық маңызы болғанын біледі. Осыдан, Алтын Орда тарихында Сарай әл-Жадид, Сарайшық, Сарай Бату, Сарай Берке қалалары белгілі уақыт аралықтарында астаналық қызмет атқарған деген қорытынды жасауға негіз бар. Соның ішінде, Сарайшық қаласының да астаналық маңызының болғандығын «Сарайшықта Тоқты ханның жерленгенін, Жәнібектің осында таққа отырып, 17 жыл хандық құрғанын, ақыры сүйегі осында қойылғанын айтады.
Жәнібек хан дүние салысымен, Сарайшыққа Әзірбайжаннан оның ұлы Бердібек келіп үш күннен кейін хан сайланады»5, - деп жазған ортағасырлық авторлардың бірі Әбілғазының сөздерінен байқаймыз. Өйткені, ортағасырлық дәстүр бойынша хандық таққа көтеру және ол дүние салған соң оны жерлеу де сол астанада өтетін болған.
Сарайшық қаласы Алтын Ордадан кейін Ноғай Ордасының да тарихында кездеседі. «Ноғайдың атасы Жошының жетінші баласы. Ноғай әкесінен Днепр мен Днестр аралықтарын мұрагерлікке алған еді»6, - деп жазады Алтын Орда тарихын зерттеуші ірі ғалымдардың бірі Сафаргалиев М.Г.
Сонымен, біз тарихтан Ноғай ұлысы және Ноғай Ордасы дегенді кездестіреміз. Ноғай ұлысы деп Едіге заманына дейінгі уақытты алуымызға болады. «Ноғай» атты этникалық атау ХV ғасырдың аяғында Едігенің арқасында маңғыт жұртының бірігуі, күшеюі арқасында қайта жаңғырған. Ноғай Ордасының тарихи сахнаға қайта оралып Орда (мемлекет) ретінде танылуы Едігенің немересі Уақас бидің тұсына келеді7 дейді ноғайтанушы авторлар.
Сарайшық қаласы Орда толық құлағанша ноғай билеушілерінің қыстық астанасы болып қала берді. Астана арқылы Шығыс Еуропа мен Орта Азияны қосатын басты сауда керуендері өтіп жатты. Ноғай Ордасының географиялық аумағы Алтын Орда мен Ақ Орданың арасында тиімді орналасқан еді. ХV ғасырдың орта шенінен бастап Ақ Орда Қазақ Хандығының этникалық аумағына айналғандығын еске алатын болсақ, бұл аймақтардың қазақ билеушілерінің назарында болуы әбден мүмкін жағдай. Тарихи мәліметтер Жәнібек хан мен Бұрындық хан тұсында-ақ Сарайшық қаласы Қазақ мемлекетінің астанасы болды дегенді айтады. Соның ішінде, Қазақ мемлекетінің Қасым хан тұсында нығаюы батыс шекаралармен байланысты.
ХVІ ғасырдың басынан бастап Ноғай Ордасы ауыр дағдарысқа душар болады. Билік басындағы баяғы ел қамын жеген Едігенің ұрпақтары ұсақтап, тақ үшін өзара тартысып, ақыры бір-біріне бағынбайтын дербес ұлыстарға бөлініп кетеді. Ноғайлардың бұдан әрі елін, жерін өз күшімен сақтап қалар мүмкіндігі жоқтығына көзі жеткен Қасым хан орыстардан бұрын қамданды. Ол 1519 жылы Ноғай мырзаларын Еділдің оң жағына ығыстырып, Қазақ Хандығының батыс шекарасын Астархан хандығымен шектестірді. Қасым хан өзі билік құрған тұста Өзбек хандығынан Сырдария бойын, Моғолстаннан Жетісу өңірінің үлкен бөлігін, Ноғай Ордасынан Ембі, Жайық пен Еділ аралығын өз хандығына қосты.
Қадырғали би өз еңбегінде Қасым ханның атақты хан болғанын, оның іс-қимылының көпшілікке мәлім екенін айта келіп, оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды, «Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», - деп жазады8.
Сарайшық қаласының астаналық маңызын оның геосаяси жағдайымен байланыстыру артық емес. Бұл жағдай бабалардың көрегендік қасиетін айқындай түседі. Қазақ мемлекетінің тарихында астаналық қала болып Сауран, Сығанақ қалалары аталады. Археолог ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда бұл қалалардың тарихы сонау Х-XI ғасырлардан басталады.
Белгілі араб ғалымы Әл-Максиди: «Сауран қаласы бірінен кейін бірімен жеті қабырғамен қоршалған үлкен қала, оның ортасында мешіті бар», - деп көрсетеді. Сауран ХІV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орданың астанасы болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орда билеушісі Сасы Бұқа жерленген. Сауран өз уақытында мықты қақпаның рөлін атқарған9 деген археолог ғалым К.М.Байпақовтың пікірін басшылыққа алатын болсақ, қазақ мемлекетінің оңтүстік шекараларын сақтап қалу мақсатында қазақ билеушілері Сауранды саяси-әкімшілік орталыққа айналдырған деп ой топшылауға болады.
Махмуд Қашғаридың еңбегінде астаналық қаланың бірі - Сығанақ қаласы да оғыздардың қалаларының қатарында ХI ғасырдан бастап аталады. Сауран да, Сығанақ та Сыр бойындағы экономикалық маңызы бар қалалар. Осыған да байланысты Сауран, Сығанақ Ақ Орда, көшпелі Өзбек хандығы тарихында да маңызды орын алды. Бұл қалалар шептік аймақта орналасуына байланысты соғыстардың салдарынан біресе жошылықтар біресе шайбандықтардың қолына алма-кезек өтіп отырды. Қазақ мемлекетінің Сыр өңіріндегі соғыстарының нәтижесі ХV ғасырдың екінші жартысында қатты байқалды. 1471/72 жылғы ұрыс Қазақ Хандығы үшін өте нәтижелі аяқталды. Сыр өңірінен қарсылас жау қуылды және аймақтың солтүстік және солтүстік батысындағы Созақ, Сауран және Сығанақ аймақтары Қазақ Хандығының құрамына өтті.
Шақпақ би мен жүзбасы Садық шәйх бастаған қаскүнемдер шәһарды (Сығанақты) Бұрындық ханның қолына берді. Ибн Рузбихан Сығанақ қаласын «... жаннат жердің шеті...» деп сипаттайды. «Бұл қала, - деп жазады ол, - Дешті Қыпшақтың шекаралық бекеті болып табылады және бүкіл әлемге аумағының кеңдігімен, қауіпсіз әрі тыныш болуымен даңқы шыққан. Сығанақ Түркістан аймағының ірі сауда орталығы, жәрмеңкелер өткізіліп, көшпелілермен алыс-беріс жүрген. ... Хажы Тарханнан көптеген игіліктер, семіз қойлар және аң терісінен, киш пен тіннен, яғни бұлғын мен тиін терісінен тігілген тондар, берік садақтар, ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар сияқты басқа да бағалы тауарлар және өзге де асыл бұйымдар жеткізіледі», - деп суреттелуіне қарағанда бұл қаланың экономикалық мәнін байқау қиын емес. Қаланың бұл сипатын да қазақ билеушілері басшылыққа алса керек. Өйткені, жаңа бой көтеріп келе жатқан мемлекет үшін экономика, яғни базис ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Оның үстіне XV-XVI ғасырлар - Қазақ Хандығының қалыптасуы мен даму, қанат жаю кезеңі. Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Қасым хан тұсында Ұлытаудың да аталуы ғажап емес. Өзінің қалыптасуы барысында талай тосқауылдарды бастан кешкен жас қазақ мемлекетінің аумағында бір қаланың ғана тұрақты астаналық қызмет атқармауында уақыт талабына сай ішкі-сыртқы жағдайлармен байланыстырып қарастырған жөн сияқты. Әсіресе, Қасым ханның сыртқы саясаты бұл жағдайларды нақты дәлелдеді. Сыр өңірі шекараларын сақтау әрі нығайту, дәл осы мағынадағы стратегиялық мақсатты Еділ мен Жайық аралығына да ұстанды. Оның басты мақсаттарының бірі шайбандықтармен үлкен қақтығыстарға бара отырып, Сыр өңірі шекараларын сақтау әрі нығайту еді. Осы аймаққа басты назар аударудан болар кейбір деректерден археолог ғалымдардың еңбектерінен оңтүстікте Сауран, Сығанақ қалаларының экономикалық маңызы бар саяси-әкімшілік орталық ретінде қатар аталатынын да кездестіреміз. Бұл жағдайда қалалардың атқарған қызметінің арасалмағын салыстыра отырып Сығанақ қаласының саяси маңызының басым екендігіне көз жеткізуге болады. Кезінде Сығанақ Дешті Қыпшақ үшін «сауда айлағы» болды, ол дала мемлекеттері хандарының астанасы саналды.
Сығанақ - XI ғасырдан бастап Сырдария өзенінің бойындағы саяси орталыққа айналған ең ірі қала. Ол ең алғаш Қыпшақ Хандығының одан Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының астанасы болды. Сырдарияның тармақтарын жағалай қоныстанған тайпалар суармалы егіншілікпен айналысты. Сығанақ - моңғол шапқыншылығы тұсындағы Отырардан кейінгі ерлікпен қорғанған екінші батыр қала.
Сығанақ қаласы Қазақ Хандығының тұсында әкімшілік, саяси, сауда және мәдени орталыққа айналып, кемеліне жетті. Деректер бұл қаланың ірі керуен орталығы болғандығын мәлімдейді. Оның гүлденуі XII-XIII ғасырларға жатады. Қазақ Хандығының тұсында қаланың саяси маңызы арта түсті. Сығанақ қазіргі Қызылорда облысындағы Сұнақ ата деген жер.
«Қазақ Хандығының саяси орталығы әуелі Батыс Жетісу, бірнеше жылдан кейін - Сыр өңірінің қалалары мен Қаратау беткейлерінің солтүстік бөлігіндегі аумаққа (басты қалалары Сығанақ пен Сауран болған), ал ХVІ ғасырдың аяғынан бастап Түркістан қаласына ауысты»10. Саяси орталықтың Түркістанға ауысуын Рузбиханға сүйене отырып, ХVІ ғасырдың басында Сығанақтың біртіндеп құлауымен байланыстыруға да болады. Түркістан қаласы өзінің астаналық қызметін қазақ мемлекетінің нығайған, саяси аренада көршілес елдерге белгілі бола бастаған кезден бастады. Мұсылман қауымының қасиетті орны әрі қазақ хандарының резиденциясы болған Түркістан ірі саяси,экономикалық әрі мәдени орталық болды. Мұнда Есім, Жәңгір, Абылай хандардың кесенелері салынды.
«Қазақ тарихы» журналынан