Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4952 20 пікір 6 Маусым, 2017 сағат 11:48

Рухани жаңғыру: Жетісу жұртшылығы жазушылармен жүздесті

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мақсаты мен мүддесін қалың бұқараға жеткізіп, кең көлемде насихаттау жұмысына ерекше мән беріліп отыр. Жетісу жұртшылығы да рухани жаңғыруға өзіндік үндерін қосып, маңызды басқосуар мен келелі кездесулерге белсене қатысуда.

Күні кеше қалың қауым «Ақындар мен батырлар елі» деп үлкен құрметпен атайтын Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылындағы аудандық кітапханада осы тақырыпта тағы бір тағылымды жүздесу өткізді, деп хабарлайды «Айқын» газеті.

Әдебиетсүйер қауым есімдерін жатқа білетін, кітаптарын жастана жатып оқитын елге белгілі жазушылар Мархабат Байғұт пен Несіпбек Дәутайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ел болашағы үшін үлкен міндеттер жүктейтінін жұртшылыққа жеткізуге тырысты.

Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысынан жыр алыбының туған жеріне арнайы әрі ардақты мақсатпен келген қаламгерлермен кездесуге ау­дандық ме­кеме, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қа­тысты. Мәдениет пен әдебиет сала­сы­ның адамдары сүйікті жазу­шылармен жүздесуге бір кісідей жиналды. Кездесуді өткізуге мұрындық болған Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Бірінші болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қаныбек Айтжанов Елба­сының өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттердегі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлердің жоғары бағасын алған бағдарламалық мақаласы­ның маңызы мен мақсат-мұраты жайында егжей-тегжейлі баяндай келе, оңтүстіктен ат арытып жеткен жазушыларға сөз берді. Жазушы, журналист, аудармашы, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Халықаралық «Алаш» сый­лығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті жур­налисі Мархабат Байғұт рухани жаңғыру­дың қалың бұқарамен бірге қолына қалам ұстаған қауымға да соны серпіліс әкелгенін айтты. Мұн­дағы басты міндет те руханият сала­сында тер төгіп жүр­гендерге жүкте­летіндігін, соған сай бағдарламалық мақа­лада айтыл­ғандарды іс жүзіне асыруға бар­лы­ғымыз ат салысуымыз қажеттігіне де тоқталды.

Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журна­лының бас ре­дакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының дирек­торы Несіпбек Дәутайұлы да әріптесінің тұшымды ойын толықтырып, одан ары толғады. Еліміздің Тұңғыш Прези­дентінің халықты рухани жаңғыртуда­ғы сарабдал саясаткерлігін, көреген көшбасшылығын, ұлт мүддесін көзде­ген батыл бастамаларын кеңінен қозғады.

Жазушылармен жүздесуде Елба­сының ел болашағын баянды етуге бағыталған бағдарламасының ұлтымыз үшін аса маңыздылығы, өнегесі өрелі екендігі жайлы пайымды пікірлер мен тұжырымды ойлар ортаға салынды. Қос қаламгердің бастамасы алдағы кезде де жалғасын тапса жақсы болар еді деген ұсыныстар айтылды. Шындығында, Елбасының бағдарламалық мақаласын атқарушы билік өкілдерінен гөрі, есімдері ел жадында жатталған, мың­даған оқырмандары асыға күтетін руханият майданының нағыз сардар­лары болып саналатын мықты ақын-жазушылар насихаттаса, қазақтың бай тілімен кестелеп жеткізсе, халық оны дұрыс қабылдар еді. Келешекте ұлты­мыз табысты болуы үшін әрбір қа­зақстан­дық бәсекеге қабілетті, сана-сезімі жоғары, білімді, сауатты болуы тиіс. Ұлттық кодты, мәдениетті сақтап, жаңа заман жетістіктерін бойға сіңіре отырып, жалпыадамзаттық құндылық­тармен рухани баюымыз қажет. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, жалпыұлттық патриотизмді дәріптейтін «Туған жер» бағдарламасы, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін көр­сететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы біздерді рухани тұрғыда жаңа белестерге бастары сөзсіз.

Құрметті қонақтардан кейін сөз алған белгілі журналист Күмісжан Байжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырғызбек Атагелдиев, ақын Гүлнар Өмірзақова Елбасының бағ­дарламалық мақаласына байланысты ой-пікірлерін білдірді.
Дереккөзі: inform.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048