Лагерьлер 5 жылға лицензия алуға міндеттеледі
Қазақстанда лагерьлердің қызметі лицензияланады. Жаңа заң нормасы 1 сәуірден бастап күшіне енді. Лицензияның мерзімі бұрынғы 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды.
Бұндағы басты мақсат - білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметін бақылауды күшейту. Лагерьлерге қойылатын талаптардың өзгеруі туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Асыл Түймебаев «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді. Енді лагерь ғимараты жалға алынса, оны жалдау мерзімі 10 жылға дейін болуы шарт.
«Ең бірінші талап - ғимараттың болуы немесе оның жалдау уақыты 10 жылға дейін болуы. Ол бізге тұрақтылықты көрсетеді. Екінші талап - басшылық немесе педагогтардың сапалық құрамы. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі, тамақтандыру бойынша талаптардан өтуі яғни санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің оң шешімі болуы деген сияқты талаптар қойылады. Жергілікті атқарушы органдар барлық жұмыстардың үйлестірілуіне жауап береді», - деді Асыл Түймебаев.
Спикердің айтуынша, жыл бойы жұмыс істейтін (олардың саны 17) және маусымдық жұмыс істейтін (олардың саны 192) ұйымдарға қойылатын талаптардың айырмашылығы бар.
«Бақылау күшейтілді. Лицензия алуға өтінім білдірген ұйымдар белгілі бір талаптарды орындап барып лицензия алады. Біз лицензияны 5 жылға береміз алайда әр маусым басталарда жаңағы айтылған талаптардың барлығына қайтадан тексерістер өткізіліп отырады», - деп қорытты бағдарлама қонағы.
Айта кетейік, биылғы жаз айларында республикалық деңгейдегі 17 мың білім беру-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Ол жерлерде 18 мыңға жуық бала демалысын өткізеді. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерьлерде 2 млн 900 мыңға жуық бала демалады. Елімізде биыл жаңа 50 лагерь ашылады.
БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫ:
https://youtu.be/iOOEXZXFVDY?si=hJQ21hQCua7Iwti9
Abai.kz