Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7570 0 пікір 20 Қыркүйек, 2010 сағат 14:22

Перовск мен Қазалыда егіншіліктің дамуы

(ХІХ ғ. екінші жартысы)

Егіншілік - Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі тайпалардың мал өсірумен қатар дамытқан негізгі кәсібі. Оңтүстік Қазақстан аудандарында, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, Қаратау жотасы баурай-ларында табиғи су қоймалары мен шабындық алқаптары бар жерлердегі табиғат жағдайлары бұл жерлерде ірі-ірі егіншілік қоныстарының пайда болуына себеп болды.

(ХІХ ғ. екінші жартысы)

Егіншілік - Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі тайпалардың мал өсірумен қатар дамытқан негізгі кәсібі. Оңтүстік Қазақстан аудандарында, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, Қаратау жотасы баурай-ларында табиғи су қоймалары мен шабындық алқаптары бар жерлердегі табиғат жағдайлары бұл жерлерде ірі-ірі егіншілік қоныстарының пайда болуына себеп болды.

Б.д.д. ІІ ғасырдан б.д. ІІІ ғасырлары ара­сында өмір сүрген қаңлы тайпаларының  Сыр­дың төменгі ағысы бойындағы қоныстарына жүргізілген зерттеу барысында археологтар дән­дер мен астық қамбаларының орнын тап­қан. Еден сылағы мен қамкесектен сабан-топан қалдықтарының болғандығы, дән үккіштер мен астық сақтайтын қамбалардың көп кездесуі, жер өңдейтін тас кетпендер, сүйектен жасалған орақтардың табылғандығы  қаңлы тайпалары арасында егіншіліктің недәуір дамығандығын дәлелдейді.  Б.д. алғашқы ғасырларында егінді суару шектеулі көлемде жүргізілген, әдетте суды пайдалануға еңбектің ең қарапайым әдістері  қолданылды. Жетіасар мәдениетін құ­райтын Сыр бойындағы қаңлы тайпаларының қоныстарынан көптеген жарма, арықтар іздері сақталған. Су үлкен тоғандар арқылы кіші то­ғандарға құяды және қала ішіне солар арқылы барған. Қала іштерінде су қоймалары жасалып, бақша суаруға пайдаланылған. Археологиялық ескерткіштердегі егіншіліктің іздері Сыр бо­йын­да ертеде отырықшылық мәдениет болға­нын дәлелдей түседі, әрі Сыр бойында егіншіліктің қалыптасу тарихы тереңге саяды деуге болады.

С.П.Толстов Сырдың төменгі ағысы бойын­дағы ертедегі егіншілік алқаптарын келесідей топтарға жіктейді: Жаңадария бойында - Шірік­рабат, Бәбішмола, Бестам, Женд, Құмқа­ла; Қуаңдария бойында - Алыб, Рабенсай, Жеті­асар; Сырдария бойында - Күйікқала, Кескен­күйікқала, Жанкент/1/.

А.Макшеев 1853 жылы Ақмешіт экспе­дициясы кезіндегі зерттеулері мен 1867 жылғы зерттеулерін салыстыра отырып, аралықта 14 шақты жыл ішінде өзен сулардың арнасы тарылып, кебе бастағанына куә болғандығын жазады. «Сырдың Қазалы сағасының 1853 жылы ені 20 сажын, тереңдігі 2 сажын болған, әрі су жылдам өтетін, сол жағынан арнасынан тасып, ол жерде қалың қамыс өскен еді, 1867 жылы мен жәй сырғып ағып жатқан су ізін таптым, кеуіп кеткен қамыстық үстінен жол түскен. Бабыстың және Қараөзек батпағын ылғалдандырып тұрған Бірқазан сағасының басы - Сағаз бастауы. 1853 жылы Сырдан бастау алатын сағасының ені 20 сажын, тереңдігі 1,5 сажын еді, әрі одан өту өте қиын болған, ал қазір (1967 жылды айтып тұр - Т.К.) мүлдем құрғап қалған», -дейді /2/.

Н.Қалмақов Сырдария облысының солтүс­тік бөлігінің суландыру жүйесінің өткен тари­хы жайында ХХ ғасырдың бас кезінде бір қарт кісіден жазып алған әңгімесін жариялаған: «700-800 жыл бұрын Сырдарияның тұтас су жүйесі болған. Сол кезде Жаңақорғандағы пошта станциясынан бастап Сырдария екі салаға бөлініп, соның бірі Қызылқұм арқылы, ал екіншісі Қаратау бөктерінен өтетін. Қызылқұмда, сондай-ақ Қаратау бөктерінде де қызған тіршілік болатын. Өзеннің қос тармағының арасы шөлейт еді. Осы құм арқылы өзен суы өзінің жаңа арнасын ашып, бір салаға қосылады. Бір кезде Сырдариядан ежелгі Бестау қаласына арық тарту әрекеті жасалған. Осы арықтың іздері бұрынғы Төменарық пошта станциясында күні бүгінге дейін сақталған. Әңгімеші бір ханның жарлығымен (ол ханның есімін атаған жоқ) Төменарықта сансыз жұмысшылар еңбектенгенімен, ешбір нәтижеге қол жетпегенін айтты. Төменарық бойымен су ақпапты. Қазіргі көзқарас тұрғысынан алғанда қарт адамның әңгімесі шындыққа жанасады; расында да, Төменарық станциясында терең үш арықтың іздері бар және Шиелі темір жол станциясының қарсы жағындағы Қаратау бөктерінде ежелгі Бестау қаласының қалдықтары бар. Оның үйінділері Шиелі стан­циясынан 25 шақырым және Төменарық стан­циясынан 35-40 шақырым шалғайдағы тау бөктерінде жатыр. Ал Жаңақорған станциясы маңында Сырдарияның екі саласының іздері жоқ. Сөйтсе де Жаңақорғаннан Перовск таула­рына дейінгі бүкіл кеңістікке өзеннің көпте­ген ескі тармақтары ежелгі көлдерді құра­ған»/3/. Н.Қалмақовқа дерек беруші қарттың «Қы­зылқұмда, сондай-ақ Қаратау бөктерінде де қызған тіршілік болатын» деуі бұл жерлер­дегі ертедегі егіншілік пен отырықшылықты ай­тып отырғандығын аңғару қиын емес.

Сырдарияның сол жақ бетіндегі Бетпақ­даладан Жаңадария өзеніне дейінгі алқапта жатқан арық іздері ертеде егіншіліктің қар­қынды дамығандығының дәлелі. Перовск уезі тұрғындары Сырдария өзенінің екі жақ бетінде 350 шақырымдай ұзындықта орна­ласқан. Перовск уезінің солтүстік-шығыс бөлігінде Қара­тау тауларының бөктерінде мәдени дақылдар өсіру ісі недәуір дамыған, салыстырмалы түрде солтүстік-шығыс бөлігін­де Телекөл бойында қыстаулар көп орна­лас­қан, ал суландыру жү­йесінің нашар дамуы­на байланысты егін егіл­меген. Сырдария аң­ға­рындағы егістік алқаптар өзеннен тартылған бас­ты арықтар келіп құятын көл сулары арқылы су­лан­дырылады. Сырдария суы мұз еріген кезден бастап шілде айының соңына дейін ғана көтеріңкі болып, арнасынан толып аққан. Перовск уезінің оңтүстік-шығыс бөлігі өзен суынан биікте орналасқандықтан, бұл жерде шығыр кеңінен пайдаланылған. Солтүстік-шығысындағы таулы өңірде таудан аққан өзен суларынан тартылған арықтармен суландырылады. Су таяз аққандықтан мау­сымның басына дейін тау қары еріп біткенге дейін суды қолдан жасалған су қоймасына жинайды /4/.

Сыр бойында егіншіліктің кәсіп ретінде кеңінен өріс алуы ХІХ ғасырдың орта кезіне саяды. «Санкт-Петербургские ведомости» ба­сы­лымының 1865 жылғы №266 санында жа­рия­ланған редакциялық мақалада Сырдария қазақтарының отырықшылыққа ауысуына  Перовскіде форттың салынуы әсер еткен деп көрсетілген. ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында Қазақстандағы егіншіліктің дамуы қазақ ша­руашылығында оның алдындағы уақытта бол­ған ілгері басушылықтар арқылы әзірленген еді. Бұл кезеңде егіншіліктің біршама кең өріс алған жері осы Сырдария өңірі болды.

ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақтардың көрші отырықшы халықтармен және орыс қоныстанушыларымен мәдени-экономикалық байланыстарының күшеюі, қазақ егіншілігінің дәрежесі мен аумағына, көршілерден агроно­миялық тәсілдерді үйренуіне, егіншілік да-қыл­дарын таңдауына, егіншілік өнімдердің шаруашылық және басқа мақсаттарға орынды пайдалануға айтарлықтай әсер етті. Мал апа­тына соқтыратын індеттердің, жұттың болуы мал шығынын арттыра түсті, малы азайған қазақтар көшпеліліктен қол үзіп, егіншілікпен айналысуға мәжбүр болды.

Халықтың егіншілік қажеттерін қанағат­тандыруға Қазақстандағы Сырдария, Қуаңда­рия, Жаңадария, Арыс, Сарысу, Келес, Талас, Шу сияқты өзендердің суы жеткіліксіз болды. Сол себепті халық өзендерден құрғақ далаға арықтар тартты. Арық қазуға кейде бір рулы ел толық кіріскен. Үлкен арықтар қазу ісі бірнеше жылға созылған.

ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында Қазалы уезінде жергілікті халық Жанкент сияқты қираған қалалар, ескі қоныстарға апаратын арықтарды тазартып, аршып, қалпына кел­тіру жұмыстарына кірісті. Істің барысы Н.Маевтың «Туркестанские ведомости» газе­тінде жарияланған  «Ирригационная работа в Казалинском уезде» атты мақаласында баян­далды: «Бірқазан арығы Қазалыдан 45 шақырым жердегі Сырдарияның сол жағынан тартылды, ұзындығы 11 аршын, Сырдан басталатын көзі­нің ені 17 аршын, бара-бара 14 аршынға қысқар­ды. Көлемі 50 шақырымдай арық Бірқазан көліне құяды. Арықты тазалау жұмысы 1876 жылы басталды, 1878 жылы 10000 пұт астық егілді. Баужиде арығының ұзындығы 65 аршын, ені 9 аршын. Баужидеге параллель жатқан  ұзындығы 6 шақырым егістікке тары егілді. Бұл екі арық 2500 пұт дәнді дақыл  егілетін жерді суаруға мүмкіндік береді. Ергерек арығының құрылысына 1878 жылы 4000 адам, 1879 жылы 2000 адам тартылды. 1878 жылы Ергерек алқабына 3 мың пұт әртүрлі астық тұқымы егіліп, 1879 жылы 5000 пұт астық егілді. Жанкент шаһарына апаратын ұзындығы 30 шақырым, ені 9 аршын болатын арық ашылып, 5000 пұт дән себілген егістікті суарды» /5/.

Осындай ескі арықтарды қалпына келтіріп, ашып, су жүргізу ісі Жөлек елді мекенінде де қолға алынған. Бұл бастама А.Дятковтың «Киргизские нужды» атты мақаласында қол­дау тапты. Мақалада Өзек, Көккерім, Төмен­арық арықтары мен Шиелі каналының қайта қалпына келтірілгендігі және Жөлек болысты­ғындағы егістік алқаптарындағы суландыру шараларының нәтижелері айтылды /6/. Осы мақалада Сыр өңірі қазақтарының қалай оты­рықшыланып жатқандығы, Сорқұдықтан Шие­ліге дейінгі 40 десятина, Перовск уезіндегі қазақтардың 10 десятина жерлерді өңдеп, егістік алқапқа айналдырғандығы баяндалады.

Арықтарды қолдан қазу, ескі арықтарды қалпына келтіру ісі ХХ ғасырдың бас кезінде де жалғасты. «Сырдарьинский бассеин и его бу­дущее значение» атты мақалада Жамандария мен Қараөзек аралығындағы 80 шақырым жер­ге созылып жатқан жерді Жамандариядан тар­тылатын Кетпенсу, Қараарық, Бірқазан, Бес­арна арықтары және Ақжүректен Қазалының батысына дейінгі аралықтардағы жерлерді иге­ру мәселесі көтерілді және кәріз, бөгеттер, көпір­лер салу керектігі де айтылды /7/.

Сыр өңіріндегі егіншіліктің қалыптасуы жайында А.Макшеевтің «Описание низовьев Сыр-дарьи» еңбегінде: «Сырдария қазақтары  егіншілер мен көшпелілерге  бөлінеді. ... Егінші­лік құралдары қарапайым, ағаш және темір соқа жер жыртады. Егінді орақпен, қолмен жинайды. Жылқы, өгіз көмегімен тас диірменде дән тазартылады. Перовск форты мен Жөлек аралығында су және тас диірмендер кездеседі. ... Сыр өзенінің төменгі ағысы бойында арпа, сұлы, тары, қызыл жүгері, ақ жүгері және қауын, қарбыз өсіріледі», - дей отырып, Сырдың төменгі бойында 2 мыңдай егінші шаңырағы барын көрсетеді /8/.

Сырдарияның Қараөзек сағасы бойы егінші­лікті дамытуға аса қолайсыз болса да, суар­малы егіншілік үшін Қараөзектен тартылған арықтар маңызды рөл атқарды. Арық қазу ісі аса жауапкершілікті талап еткен. Арық қазу кезін­де адамдарды жұмылдыру,  ұйымдастыру, олар­ды басқару  үшін - ақсақал, суды пайдалануға басшылық жасайтын - мұрап, арық құрылысы мен техникасын қадағалайтын - шабақшы сай­ланды. Арық құрылысы аяқталғаннан кейін көбіне арық қазу ісін басқарған ақсақал  атымен аталып кететін.

Егіншілік алқаптарды суаруға Қуаңдария, Жаңадария сияқты табиғи су көздері және суармалы техникалар пайдаланылды. Суармалы егіншілікті жүзеге асырудың ең тиімді жолы шығыр қондыру болды. Су көтеретін құмыралар қондырылған ағаш дөңгелек, екі тісті қон­дырғының көмегімен, өгіз немесе түйенің кө­мегімен айналдырылды. Сыр бойында ең қа­рапайым жасалған шығырдың құны 30 сомды құраған екен /9/.

Сыр қазақтары тары егуге ерекше мән бер­ген. Тары өнімді жақсы берген, әрі аса ерекше күтімді қажет етпейтін өнім. Жазда жеті ретке де­йін суарған, өнімнің өсуі 80 күнге созылған. Арпа мен бидай өсіру ісі ХІХ ғасырдың екінші жарты­сынан бастап, бұрынғыға қарағанда  қар­қын­дай бастады. Оған орыс қоныстанушылары­ның да келуі әсер етті. Арпа мен бидайдың пісіп, өнім беруі 100 күнге созылған.

Орыс әскери статистарының зерттеуі бо­йынша, 1860 жылдары Сыр бойының 3000 десятин жерінде егін салынып, одан 200000 пұттай өнім жиналған. Бұл кездері Сыр бойын­дағы егіншіліктің басты алқаптары Қуаңдария­ның төменгі ағысында, № 1-ші форт маңындағы Ақирек, Қамыстыбас көлдері бойында, Перовск форты маңындағы Сырдарияның екі жақ беті­нен Жөлекке дейінгі аралықта болды. Перовск форты маңында Баужиде, Бірқазан, Жаңа­арық, Келтеарық, Тасарық, Опқанды, Желбан, Қаралан, Ұзынарық, Мұсылман арықтарының бойында, Бірқазан мен Бесарна сағаларының аралығындағы Қан сайында, Батпақөткел бойында, Қаракөл, Бірқазан, Сарыкөл, Ащыкөл аңғарында егіншілік атыздары болды.

1860 жылы инженер-капитан Старковтың мәліметі бойынша, жалпы Сыр бойында 10295 егінші отбасы болған, 20600 десятина жерге 82400 пұт егін салынып, одан 2 163 000 пұт өнім алған. Тек №1-ші форт маңындағы Ақирек алқа­бында 800 десятина егін атызы болған /10/. Ал, әскери кеңесші Осмоловскийдің есептеуі бойын­ша, Перовск фортынан №2-ші форт аралы­ғын­да 1857 жылы - 2472, 1858 жылы - 3324, 1859 жылы - 5228, 1860 жылы - 4000 отбасы егін салған.  Осмоловскийдің көмекшісі, старшина Карамышевтің есептеуінше №1-ші форт өңірінде 1858 жылы - 7650, 1859-да - 6872, 1860-та - 4350 шаңырақ егін салған. Бұл екі әскери инфор­манттың мәліметінен байқағанымыз - 1860 жылы егін еккен қазақтар санының азаюы. Бұл сол жылдардағы құрғақшылық пен шегірткенің қаптауынан егіннің шықпауымен байланысты. 1860 жылы Сырдария бойында орта есеппен жалпы саны 8000 егінші шаңырағы болса, 1861 жылы олардың  саны 6500-ге қысқарған. 1862 жылы егін салуға табиғаттың қолайлы болуына байланысты егін салушылардың саны өсіп, Перовск форты өңірінде - 4051, №1-ші форт маңында - 4022, барлығы - 8073 егінші шаңырағы болған. 1862 жылы 35215 десятина жерге - тары, 1209 десятина жерге - арпа, 569 десятина жерге - бидай, 282 десятина жерге - қара бидай егілген /11/. Қара бидайды жергілікті қазақтар «арыс» деген.

1863 жылғы әскери мәліметті негізге алсақ, Перовск уезінде - 4215 егінші отбасы болып, 18520 десятина жерге - тары, 7400 десятина жерге - арпа, 632 десятина жерге - бидай, бар­лығы - 26 552 десятина жерге егін егілген. Ал, № 1-ші форт өңірінде 5975 десятина жерге - тары, 1823 десятина жерге - арпа, 688 десятина жерге - бидай, 292 десятина жерге - арыш, бар­лығы - 8778 десятина жерге егін салынды. №1-ші форт егістіктерінен 5975 пұт тарыдан - 100390 пұт өнім, 12762 пұт арпадан - 70749 пұт өнім, 4820 пұт бидайдан - 28 222 пұт өнім, 1090 пұт қара бидайдан - 11 659 пұт өнім жиналған /12/.

Сыр бойының қазақтары қауын, қарбыз өсіретіндігі жайлы мәлімет те әскери ста­тистикалық кітаптан табылады. 1863 жылы Перовск өңірінде бау-бақша өндірісі шамамен 500 десятинадай жерді алған /13/. Түркістан статистикалық комитеті жинақтаған мәліметке 1870 жылы Перовск уезінен барлығы 6947 қазақ шаңырағы егіншілікті, ал 20 018 шаңырақ көшпелі мал шаруашылығын  кәсіп еткен /14/.

В.В.Радлов А. Макшеев дерегіне сүйене оты­рып,  Қазалы уезінде 4000 шаңырақ, Перовск уе­зі­нен 6000 шаңырақ егіншілікпен айналысады деген /15/.  Бұл жерде В.В.Радлов 1860 жылдар­ды негізге алып отыр. «Туркестанцев» деген автордың «Земледелие в Сырдаринской облас­ти» атты мақаласында 1910 жылғы мәліметті не­гізге ала отырып, «Перовск уезінде - 3 173,4 мың пұт, жан басына шаққанда - 17,7 пұттан, Қа­залы уезінде 3 161,9 пұт астық жиналған, жан басына 17,3 пұттан келеді» деген /16/.

1910 жылы Қазалы уезінде жүргізілген ауыл шаруашылығы санағы бойынша Қазалы­да­ғы 24223 қазақ шаруашылығының 12088-і, яғ­ни 50%-ы /17/, ал, Перовск уезі тұрғындарының 80%-ы егін салуды қосалқы кәсіп еткен / 18/.

Перовск уезінде жергілікті халық Сырдария өзені арнасының таситын уақытын егін егуге тиімді пайдалана білді. Г.Загряжскийдің Пе­ровск уезі қарттарынан жазып алған мәліметі бойын­ша, су тасқыны уақытына қарай егін уақы­ты 7 кезеңге бөлінген: сәуір тасу - 25 наурыздан сәуірдің басына дейін, арпа мен бидай себілетін уақыт; гүл шалдық - мамырдың басынан 7 күнге созылады, бидай, арпа, жоңышқаға су жіберіледі; гүл уақыт - ағаш гүлдейтін уақыт, мамырдың орта кезінен 15 күнге созылады, бидай, арпа, бақша және жоңышқалықты суарады; тайлақ тасу - 5 және 10 маусым аралығында, судың қатты жылдамдықпен таситын уақыты, 10 күнге созылады, тары егілетін уақыт; шұлғау тасу - шілденің аяқ кезінен тамыздың басына дейін, астық жинауға қолайлы уақыт; қарақұйрық тасу - тамыздың 5-нен 5 күнге созылады, қарақамыстың гүлдейтін уақыты; сүмбіле тасу - тамыздың соңы, жоңышқа суғаруға пайдаланылады /19/. Қазақтың дәс­түрлі этнографиясын нақтылауға дерек берер информанттардың қатары азая түскен қазіргі уақытта байырғы қазақтардың ортасында болып жазылған осындай мақалалардың құндылығы, ғылыми танымдылығы арта түсетіні анық.

Егін шаруашылығына байланысты өзіндік дәстүр, ырымдар да қалыптасқан. Ә.Диваев 1884 жылдары Сыр бойын аралаған сапарында Пе­ровск уезінің қазағы Мақан Шықтыбаевтан көпте­ген ырымдарды жазып алып, 1895 жылы «Сбор­ник материалов для статистики Сыр-Дарьин­ской области» жинағында және «Туркестан­ский сборник» жинағының 567-томында бас­тыр­ған. Солардың қатарында егіншілікке қатысты келесідей мәлімет бар:  «Алладан жауын тілеу, жер көгерту үшін тасаттық беріледі. Егін егіп жатқан диқанға өтіп бара жатқан жүргінші «бір дәнің мың дән берсін», - деп амандасады. Егер диқаннан біреу-міреу егістік үшін дән сұраса, ол мүмкіндігіне қарай сұраушыға береді. Диқан өз қырманының астығын алып, пайдала­нуға кірісерде «Диқан атаның» атына бағыш­тап, құраннан аят оқиды. Содан соң алғашқы өл­шем қайыр-садақаға, «аққұлаға» бөлінеді. Бұл міндетті түрде кешкісін оттың жарығы­мен жасалады, күндіз жасалмайды» /20/. Бұл ырымдардың барлығы астық мол болсын деген мақсатта жасалады.

Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырда Сыр­дарияның төменгі ағысы бойындағы ертедегі су желісі, арықтардың іздері, қала-қоныстарда сақталған астық қоймалары мен ұралардың  іздері бұл өңірде ертеде егіншіліктің дамығанын дәлелдейді. Моңғол шапқыншылығы кезінде Сыр бойындағы ежелгі қалалардың қирауы, қала тұрғындарының егіншілік кәсібін де құлдыратқан; кейінгі орта ғасырлардан бастап егіншілік қайта жанданып, Перовск және Қаза­лы уездерінде егіншілік мал шаруашылығы­мен қатар дамыған кәсіп болды; егіншілікпен көбіне жазда жайлауға көшпей қалған малы аз ауылдар ғана айналысты және біз зерттеп отырған кезеңде егіншілікке қарағанда мал шаруашылығы басым болды.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383