Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 6732 0 пікір 9 Маусым, 2017 сағат 18:27

Онлайн режим арқылы мемлекеттік тілді оқыту жайы талқыланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті 2017 жылдың 9 маусымында «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды іске асыру жолдары» тақырыбында республикалық онлайн семинар өткізетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Жамбыл облысы Тілдерді дамыту басқармасының Мемлекеттік тілді оқыту орталығында өткен семинар барысында онлайн режим арқылы мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттаудың жолдары талқыланды. Сондай-ақ озық тәжірибені зерделеу және қорыту, оқытудың қазіргі заманғы әдістері мен технологияларын тәжірибеге енгізу мәселелері сөз болды.

Семинарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қызметкерлері, Мемлекеттік тілді оқытудың өңірлік орталықтарының мамандары, ғылыми-әдістемелік кеңес мүшелері, аймақ ғалымдары мен тіл мамандары, Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасының мамандары қатысты.

Семинар барысында әдіскер-ғалымдар онлайн режим арқылы мемлекеттік тілді оқытудың тиімді технологиялары мен әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, Тілдерді оқыту орталықтары мен республикаға белгілі үздік әдіскерлер шеберлік сабақтарын өткізді.

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов «Тіл дегеніміз – белгілі бір сөздердің өзара тіркесу комбинациясы. Тілдегі сөздік қордың бірліктері кейде атау тұлғада тұрып, кейде түрленіп өзара байланысқа түсетіні де, әр тілдің табиғатына сай байланысу тәсілдері болатыны да белгілі. Соған орай әр тілдің грамматикалық заңдылықтары да әр алуан. Әлбетте, жалпы сөздік қордағы тілдік бірліктердің қолданылу жиілігі, соған орай олардың белсенділігі бірдей емес. Мұның тіл үйретуге тікелей қатысы бар. Қазіргі таңда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйретуде әлгіндей белсенді лексика толығымен айқындалмай жүр деуге болады. Дәл осындай жағдай тіл үйрету әдістемесін жетілдіре алмасы түсінікті. Сондықтан ширек ғасырдай уақыт қазақ тілін үйрету нәтиже бермей келсе, оған тіл саласында жүргендердің де «үлесі» бар деп ойлаймыз. Тіл үйренушінің күнделікті қарапайым қолданысына ең қажетті белсенді лексиканы таңдау сияқты маңызды бастаманы бірлесе атқарудың қамына кіріскен жөн» деп өз ойын ортаға салды.

Біз төменде Ербол Тілешовтің баяндамасын толығымен жариялауды жөн санап отырмыз. Маман бұл баяндамасында қазіргі мемлекеттік тілді үйретуге қатысты тың ойларын ортаға салады.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:

Бұл аса маңызды жұмыстың негізі тікелей болмаса да 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көрініс тапқан. Оның «Қазақ тілін оқытудың үздіксіз моделі» атты бағытында балабақша-мектеп-орта арнаулы оқу орны-жоғары оқу орны-жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық деп ұласатын тізбесінде тіл үйретудің жалпымемлекеттік жүйесі қарастырылған. Өкінішке қарай осы мақсат та  мемлекеттік тілге қатысты өзге де маңызды шаруалар сияқты орындалмай жатыр. Егер мемлекеттік бағдарламадағы осы бағыт орындалмайтын болса, онда елімізде тіл үйретуді жүйелеу әлі де қисапсыз сан жылдарға созыла бермек. Ол қоғамда қазақ тіліне қатысты жағымсыз үш мәселені қалыптастырады. Біріншіден, мемлекеттік тілді үйрету әдістемесінде жүйелілік сақталынбайды;  екіншіден, тіл үйрету нәтиже бермейді; үшіншіден, қоғамдық ортадағы «қазақ тілі - қиын тіл, оқулықтары нашар, әдістемесі әлсіз» деген жаңсақ пікір көбеймесе, азаймайды.

Мемлекеттік бағдарламада қарастырылған тіл үйретудің жоғарыда айтылған тізбесінің әр бөлігі бойынша лексикалық минимумдар қабылдануы тиіс деп ойлаймыз. Қазіргі кезде біз алдымен ең болмаса қазақ тілін білмейтін азаматтар үшін бастапқы деңгейдің осындай қажетті минимумын дайындауымыз керек. Бұл қазіргі қалыптасқан жағдайда мектептің бастауыш сыныптарында, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бірінші курсында және ересек адамдарға арналған тілдік курстардың бастапқы деңгейінде үйретілуі керек. Мұндай тәжірибе әлемде баршылық. Айталық, Жапондарда «Дзёё кандзи», «Кейку кандзи» деген сияқты міндетті тілдік, иероглифтік міндетті минимумдары бар. Білуге тиісті тілдік минимумдарды бекіту Ресейде де қолға алынды. РФ Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 1 сәуірдегі  «Шетел тілі ретінде орыс тілін меңгерудің деңгейлері және оның талаптары» атты № 255 бұйрығы бұл елге сырттан келіп жұмыс істейтіндердің орыс тілін білуін міндеттейді. Осы бойынша олар 780 сөз білуі тиіс. Қазіргі халықаралық тәжірибеде, оның ішінде, Қазақстанда да танымал болған ағылшын тілін меңгерудің американдық TOEFL және британдық IELTS жүйелері де белгілі бір тілдік минимумды білуді талап етеді. Атап айтқанда, осы екі танымал жүйе ауқымында 650-900 сөзден тұратын мәтінді білу қажет.

Тіл үйретуде аса қажетті лексиканы таңдаудың ғылыми-әдістемелік дәстүрлері ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан басталады екен. Мәселен, 1921 жылы «Teachers Word Book» атты сөздігінде Ф.Л.Торндайк ағылшын тілінің жиі кездесетін 10 мың сөзін 4 миллион сөздік қолданыстан тұратын әр алуан мәтіндерден жинақтаған екен. 1930 жылы ағылшын жазушысы әрі лингвисі Ч.К.Огден Лондон қаласында ағылшын тілінің негізгі лексикасын қамтыған «Dictionary of Basic English»  атты сөздігін шығарады. Бұл сөздік 850 сөзді құраған. Автордың ойынша, осы сөздер қарапайым деңгейде тілдесуге жеткілікті екен. Бір қызығы - Ч.Огден сөздігін зерделеу мақсатында

1943 жылы сол кездегі  Ұлыбритания Премьер-Министрі  Уинстон Черчилль мен АҚШ  Президенті Франклин Рузвельт арнайы комитет те құрыпты. Егер соғыс жағдайында қос империя басшылары осындай шараға барса, онда лексикалық минимумның тіл үйретудегі маңызының айрықша болғандығы. Ағылшын тілінің мамандары бұл сөздіктің бүгінде маңызын жоймағандығын жазып жүр. Бастапқы сөздік қорды қалыптастыруға бағытталған дәл осындай сөздіктер 1930 жылдардан бері әртүрлі авторлар тарапынан дайындалып келеді. Солардың ішіндегі аса танымал болған тәжірибелердің бірі – ағылшын тілін үйренуге арналған  Эрих Вайс сөздігі. Ол ағылшын  тілін үйрену үшін бастапқыда ең басты 107 сөз қажет деп есептейді. Автордың ойынша, осынша мөлшердегі сөз күнделікті ауызекі тілдің 50 пайызын қамтиды екен. Ресейлік А.В. Петроченков ауызекі тілде қолданатын сөздердің 50 пайызын қамту үшін 135 сөз керек деп санайды.

Ғалымдардың айтуынша, белгілі бір тілде ең қарапайым деңгейде сөйлеу үшін адамға 400-500 сөз білу қажет екен. Мәселен, 500 сөз дейік. Енді сөздік қоры аса мол қазақ тілінен осы көлемдегі сөзді қалай іріктеп аламыз соған келейік. Осы арада сөз іріктеудің қағидаттары жөнінде келісіп алғанымыз жөн. Енді осы қағидаттарға келейік. Біріншіден, әрбір тіл өзінің семантикалық жағынан белсенді лексиканы қалыптастырады. Адам бір тілде сөйлеп ойын білдіру үшін соған орай сөздерді таңдайды. Яғни, сөздердің семантикалық мәні алдыңғы қатарға шығады. Мұны сөз таңдаудың семантикалық құндылық қағидаты делік; екіншіден, әрбір тілдің өз табиғатына сай тіркесу заңдылықтары болады, демек, бұл арада біз сөздердің өзара байланысу ретіне мән беруіміз керек. Оны сөздердің тіркесу қағидаты дейміз; үшіншіден, бастапқы деңгейде тіл үйретуде ауыспалы мағынадағы сөздердің, архаизмдердің, неологизмдердің, терминдердің, диалектілердің алынбағаны жөн. Яғни, баршаға, әсіресе, өзге тілді тіл үйренушіге біз номиналды мағынадағы сөздерді ұсынамыз. Осыны тура мағыналы сөздерді ғана таңдау қағидаты деп атаймыз; төртіншіден, белсенді лексика, әлбетте, күнделікті өмірде ең жиі қолданылатын сөздерден тұрады. Мұны сөз қолданудың жиілік қағидаты деп атадық; бесіншіден,  тілдің сөзжасамдық арсеналы да ескерілуі тиіс, өйткені, әрбір тілдің сөзжасамдық ерекшеліктері бар. Мұны сөзжасам мүмкіндігі қағидаты деп атаған жөн; алтыншыдан, күнделікті өмірде адам әйтеуір бір ортада әрекет етеді, соған орай, сөз таңдаудың тақырыптық қағидаты шығады; жетіншіден, тілдегі жекеленген сөздер тіркесуі және сөйлемге айналып қажетті ойды білдіруі үшін грамматикалық минимум да қажет. Сондықтан сөз іріктеуде грамматикалық қағидат та ескерілгені жөн. Біздің ойымызша, қазіргі таңда  жоғарыда келтірілген қағидаттарға сәйкес қазақ тілін үйретудің бастапқы деңгейіне арналған лексикалық минимумдарды анықтау қажеттілігі туындайды. Егер мұндай минимум анықталмаса, тілімізді үйретудің әдістемесі тиісті жолға қойылады деп айту қиын. Сондықтан қазақ тілін үйрету саласында еңбек етіп жүрген оқытушылар, әдіскерлер, ғалымдар осындай лексикалық минимумды айқындау бағытында ізденгендері жөн деп ойлаймыз. Ол үшін сала мамандарының өздері де, тіл үйренушілер де осы бастапқы минимумға енетін сөздердің тізбесін жасауы қажет. Жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардан жиналған мұндай тізбе сараланып, сарапталып айталық, қазақ тілінің ең белсенді қолданылатын алғашқы 100, 200, 500, 700, 900  сөзі тиянақталуы керек. Осы сөздерді қолданып оқу құралдары мен оқулықтар әзірленуі тиіс. Лексикалық минимумға енетін жекеленген сөздерден алдымен сөз тіркестері, сөйлемдер содан соң мәтіндер дайындалуы қажет. Егер біз қазақ тілін үйренуді енді бастаған тыңдаушыға алғашқы 100 сөзден бастап 700-900 сөзге дейін жүйелі үйрете алсақ, онда оларды ауызекі тілде еркін сөйлеу дағдысына жеткізе аламыз.

Лексикалық және грамматикалық бірліктердің сөйлеу әрекетіндегі тұрақтылығы, қайталанушылығы ол бірліктердің жиілігін қалыптастырады. Тіл үйрету барысында мұғалімдер мен әдіскерлер әр деңгейге тән осындай жиіліктің жүйесін оқу үдерісінде пайдалануы қажет. Бұл тіл мен сөйлеудің арасындағы өзіндік ерекшеліктерді аңғартуға үлкен мысал бола алмақ. Жалпы тілдік жүйе бар да, сөйлеу жүйесі бар. Әлгіндей жиілік сөйлеу жүйесінің көрінісі. Осыдан сөйлеудің семантикалық жүйесі жасалмақ. Лексикалық минимум қалыптастыру барысында біз осыларға айрықша назар аударғанымыз жөн. Ол үшін ілгеріде аталған сөздер тізбесін жасаудың тәжірибелері жинақталуы қажет.

Тіл үйренушіге сол тілдің он мыңдаған, жүз мыңдаған сөздерінен бірнеше жүз, бірнеше мың сөз ғана іріктелініп алынып ұсынылады. Бұл тіл үйретудегі ең алғашқы, ең маңызды әдістемелік әрекет. Яғни, мұғалім ең алдымен нені және қаншалықты көлемде ұсынуды біліп алуы қажет болса, екіншіден, сол көлемді қалай үйретуді түйсінуі керек. Осы екеуін жетік меңгерген адам ғана жақсы оқытушы, үздік әдіскер бола алады. Қазіргі кезеңде осындай лексикалық минимумдар анықталмағандықтан күнделікті ауызекі тілде мүлдем қолданылмайтын немесе аса сирек қолданылатын сөздер оқулықтарымыз бен оқу құралдарымызда көптеп кездеседі. Лексикалық минимумға мән бермегендіктен де сол оқулықтыр мен оқу құралдарында қажетсіз грамматикалық материалдар, қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихына қатысты материалдар шамадан тыс кездесіп жатады. Бұл тіл үйренушінің күнделікті қажетті лексикалық сұранысын ескермегендіктен туындайды. Біз міндетті лексикалық минимумды қалыптастыра алмасақ, қазақ тілін үйрету саласындағы олқылықтарға бұдан кейінгі уақыттарда да жол беретін боламыз. Сондықтан осыны болдырмау үшін  төл әдістемемізді жүйелі арнаға бұратын уақыт келді.

Тілдің байлығы бар да оның қызметі бар. Біз сол байлықтың белгілі бір мөлшерін ғана алып тіл үйренушіге ұсынамыз. Тіл үйренуші біз үйреткенді күнделікті өмірде қолдана алса, ол сол тілдің қызметін пайдалана алғаны.  Егер оқытушылар мен әдіскерлер қазақ тілін үйретуде ең жиі қолданылатын бастапқы лексикалық минимумға баса назар аударып, оны күнделікті жұмыстарына негіз етсе, тіл үйретудің де сапалық деңгейі артар еді.  Біз осы жобаны жүзеге асыруда ең алдымен ғалымдардың, әдіскерлердің, мұғалімдердің  назарын осыған аударғымыз келді. Әрине, бұл әдістеме саласындағы бұрын белгісіз болып келген беймәлім мәселе емес. Біздің мақсатымызды белгіліні нақтылау, барды ұқсату деп ұғынған жөн. Күнделікті қажетті лексиканы әр сабақта оқытушылар да ұсынып жүргенін білеміз. Оған қоса, «ҚАЗТЕСТ» мамандары да лексикалық минимумдар дайындаған. Бұл жұмыс үстіміздегі жылы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен орыстілді мектептерге арналған кешен ауқымында да орындалыпты. Мұндай бастамашы әріптестерге сәттілік тілейміз.

Біздің орталық 2015 жылдан бастап «Қазақ сөзі» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жобаның негізгі мақсаты қазақ тілін үйренушілерге ең қарапайым деңгейде білуге тиісті бастапқы сөздік қорды ұсыну. Осы арқылы мынадай нәтижелерге қол жеткізуге болады деп ойлаймыз:

  • белсенді лексикаға тіл үйренушілердің жіті назарын аударады;
  • тіл үйренудегі жүйелілікті қалыптастырады;
  • тілді игерудің нәтижелі болуына бағыт береді;
  • тек қажетті лексикалық бірліктерді меңгертеді;
  • қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіруге үлес қосады.

Әрине, әр бастаманың толықтырар тұстары боларын түсінеміз. Мұндай бастамашылық жұмыстар көпке ортақ, сондықтан бұл бағытта болашақта атқарылар жұмыстарға ғалымдардың, әдіскерлердің, мұғалімдердің атсалысқаны жөн.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060