Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 5680 1 пікір 10 Маусым, 2017 сағат 23:23

Түркістандағы төрт гектардың жемқорлық жыры

 

Осыдан бірер ай бұрын ШҚО әкімінің «Шатқал» бағдарламасы қабылданып, ол облыстың жержерлерінде жүзеге асырылып жатқан еді. Осыған орай, біз, бұл жайт Түркістан қаласы әкіміне де ой салар, кезінде өзіміз ектірген алма бауы жерін заңсыз жолмен иеленіп алып, мал жайып жіберген «мықтыға» тосқауыл қояр, біздің бір жылдан бері жатқан арызымызға лайық шешім қабылдар деген ойда болып едік. Алайда біз бүгінгі таңда аталмыш қала әкімі тарапынан мұндай ісқимылды көрмей отырмыз.

Әңгімеміз түсінікті болу үшін, бәрін басынан бастайық.

Менің туған ауылым – «Қаражон» – Түркістан ауданының шалғай бір түкпірінде жатқан елді мекен. Мұндағы тұрғындардың негізгі күн көрісі малмен байланысты. Жеміс ағашынан бірекі жерде өрік ағаштары бар. Алма деген жоқтың қасы. Сол себепті 1975 жылы болса керек, елге көрік, әрі напақа болсын деп, сол кездегі «Майдамтал» совхозының директоры Қайып Басқожаевқа барып жүріп, ауылдың көкөрісті, бұлақтан бастау алатын азынаулақ суы бар «Шашана» учаскесіне 4 гектар алма ектірдім. Оны қоршауға қажетті темір тор мен цемент қадаларды қасыма совхоздың бас агрономы Әбдірашит Орынбетовты ертіп, әр мекеме, кәсіпорындарға барып жүріп, өзім алып бердім. Бауға қарауға ешкім шықпаған соң, қарындасым Күлзия мен күйеу балам Көлбайды қарауылбағбан қылып қойдым.

Совет Одағы ыдырап, совхоз тарағанда, сол кездегі совхоз директоры Мырзан Хандуллаев жиналыс жасап, алма бауын қарындасым Күлзияның иелігінде қалдырды. Алайда осыдан соң «Қаражон» бөлімшесі «Ұжымшар» болды да, оның бастығы бауды Түркістан қаласында тұратын бір ағайынымызға (бұлардың атыжөнін дәл қазір біз сөз еткелі отырған іске оншалық қатысы болмағандықтан, көрсеткіміз келмей отыр) сатып жіберді. Бұл кезде қарындасымның алдымен күйеуі қайтыс болып, одан соң армиядағы баласы «дедовщинаның» құрбаны болып, оның үстіне өзінің де денсаулығы болмай жүрген. Кіші баласы әлі жас, мектепке енді барған. Сол себепті алма бауын кім алса да, оған қарай алатын адамның алып, бұрынғысынша елге көрік болып тұра бергенін дұрыс көргем.

Сөйтсем, қателесіппін. Оны жолым түсіп, алма бауын барып бір көргенімде білдім. Бұл жолы көргенім – әдетте бұған дейін өзім көріп жүргендей алма бауы емес, соның талантаражы шыққан жұрнағын ғана көргендей болдым. Баяғы 4 гектар бауды қоршап тұрған темір тор мен цементқадалардан түк қалмаған. Ашықшашық. Ішінде сиырлар өріп жүр.

Сөйтсем, бауды сатып алған әлгі ағайынымыз осыдан екіүш жыл бұрын Созақтан көшіп келген інісі Амантай Иманбековке беріпті. Ал ол болса, өзі Созақта қалыпты да, осы арадағы алма бауы суарылатын темір құбырлы бұлақ басына экологияға қайшы келетініне қарамастан, көк кірпіштен екі қабатты там салдырып, баласын отырғызып қойыпты. Бұл жерді тиісті құжат («госакті») алып, заңды түрде иелену жағымен, әлгі ағасы секілді, Иманбековтің де ісі болмапты. Сөйтсек, бұл алма бауы жері совхоз тарап, әлгі ағайынымыздың иелігіне өткелі бері, дәлірек айтқанда, 2015 жылдың 17 шілдесіне дейін мемлекеттік акті бойынша тіркеуге алынбапты. Бұл туралы біздің арызымыз бойынша осы жерді тексеріп қайтқан Облыстық жер қатынастар басқармасының маманы Нұрлан Әбдіразақовтың Түркістан жер бөлімшесінің (Қ.Үсенбаев) мәліметіне сүйеніп, бізге берген анықтамасынан білдік.

Осыдан соң Әбдіразақов, алма бауы мен оның жерін былтырғы кезге дейін заңсыз иеленіп келген аталған екі ағайындыға бұл үшін айыппұл салып, заң жүзінде жауапқа тартып, тиісті шаралар қолданбақшы болып жүрді де, ақырында мұның бәрін жайында қалдырып, бізді енді алма бауы жерінің талапкерлерге қайта конкурс өткізу арқылы берілетіндігімен хабардар етті. Түркістан әкімдігінің шешімі осылай болыпты.

«Сонда бұл конкурсқа Иманбеков те қатыса ма?» – дейміз біз.

«Қатысады».

«Ол осыдан төртбес ай бұрын, дәлірек айтқанда, 2015 жылдың наурызында осындай бір конкурсқа қатысып, жеңіске жеткен көрінеді ғой. Енді не деп қатысады?».

«Қатысса, ол жолы оған «госакті» берілмепті».

«Жеңіске жеткен болса, неге берілмейді?».

«Ол жағын білмедім. Оны менен емес, Түркістан әкімінен сұрасаңыз болады».

Әбдіразақовпен болған бұл диалог маған: «Сізге бұл конкурсқа қатысқаныңызбен ешқандай «шанс» жоқ. Мәселе әлдеқашан Иманбековтің пайдасына шешіліп қойылған» дегенді аңғартқандай болды.

Әйтсе де, біз бұған қарап, алған бетімізден қайта алмадық. Не де болса, қатысып көрмек болып, конкурстық комиссия атына құжаттарымызды жолдап (оны факс арқылы жібердік), «Шақыру хатын» күттік.

Сөйтіп жүргенімізде, қолымызға «Конкурсқа шақыру» хаты емес, Облыстық жер басқармасының бастығы С. Тұрбеков қол қойған (әзірлеген Н.Әбдіразақов) хат алдық. Онда, конкурс өтіп, күткеніміздей, оның қорытындысы бойынша А. Иманбеков «жеңімпаз» ретінде Түркістан қаласы әкімінің 18.08.2015 ж., № 1198 қаулысы негізінде 280 гектар жайылымдық жер және бұған қоса, 7 гектар суармалы жер 10 жылдық мерзімге жалға беріліп, мемлекеттік актімен (№19311221103) рәсімделіпті. Бұл құжаттарда көрсетілген 7 гектар суармалы жердің 4 гектары – біз даулап отырған алма бауы жері.

Біздіңше, бұл қаулыны онда көрсетілген елді мекеннің («Қаражонның») жайылымдық, суармалы жерінің көлемін, оған қажетті су мөлшерін дұрыс есепке алмай, әшейін құр долбармен жаза салған секілді. Олай дейтініміз: егер жайылымдық жерді мұндағы малымен ғана күн көріп отырған жүзден астам «түтіннің» әрбіріне шағатын болсақ, бұл ауылда, қаулыда көрсетілгендей, бір адамға ғана «Әзір асқа – тік қасық» қып, үйіптөгіп бере салатындай, мұншалық (280 гектарлық) жер жоқ.

Сол секілді, қаулыда Иманбековке берілген «7 гектарлық суармалы жер» туралы да осыны айтуға болады. «Қаражонның» бір учаскесі есепті, басаяғы небәрі бірақ шақырымдық шаршы метрдей ғана, бұл аядай аймақта қаулыда көрсетілгендей «7 гектарлық суармалы жер» түгілі, әлгі мұндағы қазіргі алма бауына әзер жететіндей, кешегі совхоз кезінен қалған ескі темір құбырдан шығып жатқан болмашы бұлақ суынан басқа су да жоқ.

Қаулыға енді бір көңіліміз толмайтыны – ондағы «7 гектар суармалы жерге қоса берілді» деп көрсетілген, біз сөз етіп отырған төрт гектарлық алма бауына қатысты.

Жарайды, жайылымдық жерді берсін дейік. Ал алма бауы жерінде несі бар? Бұл арада Иманбековке беретіндей басқа жер жетпей қалып па? Ал ондағы кезінде қаншама уақытымызды бөліп жүріп, өзіміз әзер алып берген, бұл күндері не ұрланғаны, не сатылып құрғаны белгісіз – темір тор мен цемент қадалар туралы не айтуға болады? Оларды енді біз кімнен сұрауымыз керек? Оның сыртындағы, Көлбай мен Күлзияның он бес жыл басында отырып өсірген алма бауы мен оның сыртынан бауға желден пана болу үшін өздері еккен, бұл күндері қалың нуға айналып, бой көтеріп тұрған ағаш талдар ше? Оған кім жауап береді?

Ақырында, біз бұл мәселені көтергенге дейін, Иманбековке конкурс бойынша «жеңіске» жетсе де, берілмей келген «бұл жайылымдық жер мен суармалы жерді», оған Түркістан әкімі аяқ астынан қаулы шығарып, қалайша тез бере қойды екен?

Осы сұрақтардың жетегімен, әлгі жауап хатты алған соң, «қабылдау күнін» күтіп жүріп, Облыстық жер басқармасының бастығы С. Тұрбековке келдік. Бұл кісінің қолайына тура келмейтін келушіні «қабылдау күні» келсең де, қабылдамайтын әдеті бар екен. Біздің де соның кебін киіп, хатшы қыздың «бастық жоқ» дегеніне қарамастан, қайдағы бір қағазға шұқшия қарап, кабинетінде жалғыз өзі отырған С. Тұрбековтың алдына еріксіз кіруімізге тура келді.

Өткен жолы арызымыз бойынша алдында бір болғанымызда С.Тұрбеков: «Бұл ағайынды екеу, Иманбеков дегендер кімдер өзі? Бұлар қайдан шыққан дәулер? Неге бұларға заң жүрмейді? Неге бұлар осы кезге дейін жерді «госактісіз» иеленіп келген? Неге бұлар жауапкершілікке тартылмайды? Неге Иманбековтың бір өзі ғана қайтақайта конкурсқа түсуі керек?!» – деп орынбасары А. Мырзаевқа шүйілген еді. Сөйтсек, бұнысы әншейін көзбояу екен.

Енді байқасақ, ол жолғы «дүлей күш», «дөң айбаттың» бірі де жоқ. Түксиіп, «қабағынан қар жауып» отыр. Біз нақа бір бірдеңесін бүлдіріп қойған сияқты.

Біз де сол «қабылдауына» қарай, «сәлемді» былай қойып: «Мына жауабыңызды қалай түсінуге болады?» – дейміз Тұрбековке, өзі қол қойған жауап хатты ұсынып.

«Сіз өзіңіз конкурсқа келмепсіз ғой...» – дейді Тұрбеков бізге бағжия қарап.

«Конкурстың қашан болатынын бізге алдын ала ешкім айтпаса, шақырмаса, қайдан барамыз?».

«Қалайша шақырмайды?...».

Тұрбеков бұл сұрағына біздің жауабымызды күткен жоқ. Хатшы қыз арқылы бөлім бастығы Ибрагим Бегасыловты шақырып алды да, оған қолындағы жаңағы біз берген жауап хатты көрсетіп:

«Бұл кісі мына біздің жауабымызбен келіспей отыр. Бәрі өтірік дейді. Бұған не айтасың?» – деді. Бегасылов жуырда іссапармен бұл алма бауы жерін өзі де көріп қайтқан екен. Бастығының сұрағына соны алға тарта жауап берді.

«Бұл кісі дұрыс айтып отыр, – деді ол. – Бұл алма бауын кезінде осы жердегі «Ұжымшар» бастығы Түркістанда тұратын бір базар бастығына сатқан. Ол болса, осыдан екіүш жыл бұрын Созақтан көшіп келген бір туысына берген. Сөйтіп, бұл ағайындылар 2015 жылдың шілдесіне дейін бұл жерді заңсыз иеленіп келген. «Госактісі» болмаған. Соған қарамастан, бұл үшін оларға жергілікті әкім де, қалалық әкім де ешқандай шара қолданбаған. Заң жүзінде жауапкершілікке тартпаған. Оның орнына алма бауы жеріне соңғы, заңсыз ие болған Иманбеков дегенді қайтақайта конкурсқа қатыстырып, «задним числомен» «госакті» жасап берген. Қысқасы, бұл жер сыбайлас жемқорлықтың ошағына айналған. Бұл арада біздің де кінәміз жоқ емес. Мен бұл туралы орынбасарыңыз А. Мырзаев пен осы сөз болып отырған жауап хатты дайындап, сізге қол қойдырған Н. Әбдіразақовқа айтып, ескерттім де. Бірақ олар менің бұл сөздеріме пысқырған да жоқ».

Бегасыловтың бұл сөздері Тұрбековке ұнамады. Ұнамағаны сол – одан әрі тыңдағысы келмеді. Жаңағы бізбен үзіліп қалған сөзін де қайтып жалғастырмады. «Әңгіме осымен бітті» дегендей, Бегасыловпен де, бізбен де ісі болмай, алдындағы манағы шұқшиып қарап отырған қағазына қайта үңілді.

Сөйтсек, Тұрбековтың бізбен бұлайша немқұрайды сөйлесуі тегін емес екен. Бұл оның бізге: «Енді бұл арызыңның жауабын басқа адамнан аласың» деген сөзі екен. Оны Тұрбековтың көп ұзамай Облыстық ауыл шаруашылық басқармасына бастық боп ауысып кеткенінде бірақ білдік.

Тұрбеков – соңғы үштөрт жылдың ішінде осы басқармада істеген төртінші бастық еді. Бұған дейінгі бастықтардың бәрі (Нақыпбеков, Аюбеков, Панзарбек дегендер) парамен ұсталып, қамалып кеткен болатын.

 

Біздің бұл әңгімені Түркістан қаласының әкімшілігінде жалғастыруымызға тура келді. Әлгі біздің Тұрбековке жазғанымыз секілді, үш рет жолданған арызымыз, қалайша екенін білмедік, Ә.Өсербаев мырзаға «жетпепті». Сол себепті  арызымыздың соңғы нұсқасын осы арада әкімге өз қолымызбен табыстауға тура келді.

Әлгі Иманбековпен бірге конкурсқа түсу үшін факспен жолданған құжаттарымыздың да қайда қалғанын біле алмадық. Бұл жайында Түркістан қалалық Жер қатынастар бөлімшесінің бастығы Қ.Үсенбаев та ештеңе білмейтін болып шықты. Сөйте тұра бізге: «Сіз өзіңіз конкурсқа келмедіңіз ғой», – деп кінә қойған болды. Өздерінің бізге бұл жайында алдын ала хат арқылы хабар бермегенімен немесе телефон арқылы бір ауыз айтпағанымен ісі жоқ.

Осы арада әкімнің орынбасары Т. Мұсаев Үсенбаевтың сөзін «тірілте» сөйлеп, бізге: «Бұл конкурс жайында газетте де хабарландыру берілді ғой. Көрмедіңіз бе?» – деп қалды.

«Сіздің айтып отырғаныңыз қай газет, қай конкурс жайындағы хабарландыру? Мынау ма?» – дейміз біз өзімізбен бірге ала келген қалалық «Түркістан» газетінің 2015 жылдың 30 сәуірдегі нөмерінде жарияланған хабарландыруды көрсетіп.

«Ия, осы газет», – дейді Мұсаев.

«Мұндағы тізім бойынша Иманбеков 2015 жылғы 16 наурызда өткен конкурс жеңімпазы болып отыр ғой. Олай болса, ол осыдан төртбес ай кейін, дәлірек айтқанда, біз сөз етіп отырған алма бауы жерінің, жоғарыда аталған тексеру көрсеткендей, мемлекеттік акті бойынша бұрынсоңды тіркеуге алынбағандығы анықталған 2015 жылдың 17 шілдесінен бергі жерде өткен, «біз қатыса алмаған» конкурста қалайша жеңімпаз атанып жүр? Фактіге жүгінсек, бұндай конкурс мүлдем өтпеген, өтсе, күтпеген жерден мынадай «тықыр» таянған соң, Иманбековке тездетіп «госакті» беру үшін, әншейін көз бояу қылып, формальды түрде өткен болып шықпай ма?» – дейміз біз.

Мұсаев біздің бұл сұрағымызға жауап берген жоқ. Үнтүнсіз қалды.

Өсербаев, сірә, Иманбековке берілген «госактінің» өзін мынадай тұйыққа тірерін күтпесе керек, «Осы айтып отырғаны шын ба, өтірік пе?» – дегендей, осы тұста біздің қолымыздағы «Түркістан» газетінің аталған 2015 жылғы 30 сәуірдегі нөмеріне (№18 (9252) көз тоқтатып, бір қарап қойды.

Алма бауы жеріне қатысты Түркістан қаласы әкімшілігі басшылығымен болған біздің әңгімеміз осылай аяқталған еді. Кетер кезде әкімге маналы бері көңілімізді мазалаған соңғы сұрағымызды қойдық:

«Біздіңше, осы жерге қатысты істе коррупция орын алған секілді. Сіз қалай қарайсыз бұған?».

Өсербаев біздің бұл сұрағымызды үнсіз мақұлдап, басын изеп жауап берді. Сосын бізге: «Сіз бұл үшін алаң болмайақ қойыңыз. Біз бұл мәселені шешеміз», – деді.

 

Содан бері, міне, бір жылдай уақыт өтті. «Шешкен» ештеңесі жоқ. Не жазба түрде берген жауабы жоқ. Не болғанын білмек боп звондасақ, телефонды көмекшісі (Н.Нұртай) алады да, сөзін: «Бастық жоқ еді», «Бастық жиналыс өткізіп жатыр еді» деген секілді «дежурный», жалтарма жауаптармен бітіреді. Әйтеуір бастығы орнында болмай шығады. Сірә, бұл Өсербаевтың көмекшісіне: біз сұрасақ «осылай деп айт» деп қойған нұсқауы болса керек.

Осыған қарағанда, әлгі    С.Тұрбеков құсап, Ә. Өсербаев мырза да бұл жерден гөрі, басқа бір құзырлылау орынға ауысып кеткелі жүрау шамасы.

Ордабек ШАЯХМЕТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Шымкент қаласы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №22 (386) от 8 июня 2017 г.

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060