Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10460 2 пікір 13 Маусым, 2017 сағат 07:10

Абайдың еш жерде жарияланбаған өлеңі. «Пайдадан басқа мұңы жоқ»

1951 жылы қазанның 28-і күні Абай өлеңдерінің тағы бір көшірме қолжазбасы ақын музейіне түскен еді. Ақын өлеңдері араб әрпімен дәптерге жазылған екен. Қолжазбаның негізгі иесі, руы тобықты, бұрынғы Шыңғыс болысының азаматы Оразке Уақбай баласы.  Оразке оқып жүрген кезінде, 1895-1900 жылдары Абай өлеңдерін жазып алады.

Оразке әкесі Уақбайдың көзі тірі кезінде Шыңғыс елінен көшіп, қазіргі Семей облысы, Ново-Покровка  ауданына келіп мекендейді. Уақбаев Оразке  1942 жылдары қайтыс болған.

Оразкенің өмірбаяны туралы мағлұмат берген,  оны жақсы білетін ауылдасы  72 жастағы  Нұртөлеу Масақбаев деген ақсақал 1951 жылы Оразке қолжазбасы туралы айта келіп:

- Оразкенің артынан көп ұзамай әйелі де қайтыс болды.  Жалғыз баласы әскерде еді. Сонан соң, Абай өлеңдері жазылған Оразкенің дәптерін мен алдым. Менен бұрын ауылда тұратын Дулат Оразов сұрап алған, - дейді.

Сөйтіп әуелде дәптерге үлкен қаламмен жазылған  Абай өлеңдері қолдан-қолға көшіп, күтімсіз ұсталып, тозған. Дәптердің көп беттері жыртылып, жоғалған. Осындай өкінішті күйге ұшыраған қолжазбаның жұрнағы  Оразке қайтыс болғаннан кейін, он жылдан соң,  Абай мұражайының қорына келіп түседі.

Осы қолжазбаның аман сақталып қалған беттерінде Абайдың он үш өлеңі жазылыпты. Өлеңдерінің ішінде басылып жүрген 1886 жылы жазылған жеті өлеңі, 1890 жылы жазылған екі өлеңі, 1896 жылы жазылған бір өлеңі, 1898 жылы жазылған «Жүректе қайрат болмаса» деп басталатын өлеңдері бар.

Соның ішінде «Тереңнен қозғап» деп басталатын ұзақ өлең жазылған.   Сол ұзақ  өлеңнің бастапқы сегіз жолы:

Тереңнен қозғап,

Жүректен толғап,

Буынды бойды босатқан;

Көргіштің көңілін,

Білгіштің өмірін

Жаңартып, жайып жасартқан.

Жалынды, нұрлы күшті тіл,

Сайраймын десең өзің біл, - деп басталады.

Бұл шумақтар Абайдың жарық көрген жинақтарында жарияланбаған.  Енді осы өлеңнің соңғы сегіз жолын келтірейік:

Басында мый жоқ,

Қорықпаса сый жоқ,

Екі жүзді қайда жоқ.

Тасбиықсыз иман,

Тағатында пайда жоқ,

Мұнафиқ мінез шыны жоқ,

Пайдадан басқа мұңы жоқ.

Кәдімгі «Сегіз аяқ» деп аталатын өлең. Оразке қолжазбасында осыдан әрі, «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» деп белгілі «Сегіз аяқ» өлеңі түгел жазылған. Біз өлеңнің осы күнге дейін белгісіз болып келген, «Алыстан сермептің» алдында келетін жиырма төрт жолын ғана жариялап отырмыз. Өлеңді Абай жазғанын дәлелдеп жатпай-ақ, Мұхтар Әуезовтың осы өлеңге қатысты айтқан сөзін келтірейік: «Абайдың әдетінде бір жазған өлеңін қайта түзеп жазып, қайтадан қарастыру машығы жоқ. Жалғыз ғана «Сегіз аяқ» деген өлеңнің басын қайта бір түрлі қылып айтып еді» деген сөз бар. Басқа жалпы өлеңдері туралы; «Қайта жазсам, бұдан жақсырақ, толығырақ болар еді» деп қана айтады екен», - дейді, Мұхтар Әуезовтың 1933 жылғы толық жинағының  382- ші бетінде.

Оразке қолжазбасының тарихи құндылығы Мұхтардың «Сегіз аяқ» өлеңі туралы естіген сөзін расқа шығарып отырғандығы.

 

(Бұл мақала  Қайым Мұхамедхановтың «Жаңадан табылған сегіз өлең жайында» еңбегінен ықшамдалып алынды).

Дайындаған:  Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475