Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6496 0 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 14:00

Г. Н. ПОТАНИН. ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ УӘЛИХАНОВ (1835 ж. туылып, 1866 ж. қайтыс болды)

Орыс ағартушыларының атына кір келтіретін жағдай - Ресейге бодан елдерден шығып, орыс мектебінде білім алған бөгде ұлт өкілдері санының өте аздығы. Осы санаулы топқа енетіндердің бірі, ең алғаш орыс жазушыларының тізіміне өз есімін енгізген қырғыз - Шоқан Уәлиханов. Ол қырғыздардың Орта жүз ханы Уәлидің немересі. Уәли ханның өлімінен кейін орыс билігі Орта жүздегі хандық билікті жойды. Уәлиханның үлкен әйелінің отбасы тағдыр тәлкегіне түссе, керісінше, кіші әйелі Айғаным орыс әкімшілігінің көңілінен шығып, Сырымбет мекенінде оған арнап үй салынып, мешіт тұрғызылды, Құсмұрын тұтасымен оның қарауына берілді*2, ал үлкен ұлы Шыңғыс Омбыдағы орыс мектебіне оқуға алынып, Шыңғыс Уәлиұлы Уәлиев деген атпен оқушылар тізіміне енді, Уәлиханов болмаған себебі қырғыздардың есіне хандық билікті салмау болса керек. Кейіннен Шыңғыс Уәлиұлы қырға оралып, маңызды қызметтер атқарды.

Орыс ағартушыларының атына кір келтіретін жағдай - Ресейге бодан елдерден шығып, орыс мектебінде білім алған бөгде ұлт өкілдері санының өте аздығы. Осы санаулы топқа енетіндердің бірі, ең алғаш орыс жазушыларының тізіміне өз есімін енгізген қырғыз - Шоқан Уәлиханов. Ол қырғыздардың Орта жүз ханы Уәлидің немересі. Уәли ханның өлімінен кейін орыс билігі Орта жүздегі хандық билікті жойды. Уәлиханның үлкен әйелінің отбасы тағдыр тәлкегіне түссе, керісінше, кіші әйелі Айғаным орыс әкімшілігінің көңілінен шығып, Сырымбет мекенінде оған арнап үй салынып, мешіт тұрғызылды, Құсмұрын тұтасымен оның қарауына берілді*2, ал үлкен ұлы Шыңғыс Омбыдағы орыс мектебіне оқуға алынып, Шыңғыс Уәлиұлы Уәлиев деген атпен оқушылар тізіміне енді, Уәлиханов болмаған себебі қырғыздардың есіне хандық билікті салмау болса керек. Кейіннен Шыңғыс Уәлиұлы қырға оралып, маңызды қызметтер атқарды.

Шыңғыс Уәлиұлының бес ұлы болды*3, Шоқан балалардың екіншісі. Ол Шыңғыс Уәлиұлы дала округтерінің бірінде басшы болып тұрған кезде ордасы болған Құсмұрында дүниеге келді. Шыңғыс өмір бақи көшпелі тұрмыс салтын ұстанғандықтан, Шоқан балалық шағын киіз үйде өткізді. Қырғыз хандарының барлығының ұрпақтары «сұлтан» дәрежесін иеленеді және қара халықтан ақсүйектігімен ерекшеленеді. Сондықтан Шоқан шығу тегі бойынша қырғыз ақсүйектеріне жатады. Он жасына дейін ол қырғыз байбатша ұл болып өсті, яғни атқа мініп, кең далада құйғыта шапты, ересектерге еріп сұңқармен саят салып, қызметшілерін әртүрлі әуреге салды. Содан кейін ол Омбыға жіберіліп, әкесі оқыған, сол уақытта мектептен кадет корпусына ауыстырылған оқу орнына берілді. Кадетке алынғаннан кейін ол Уәлиев емес, Уәлиханов деп аталды. Бұл жерде оның ерекше қабілеті бірден танылды, Омбының білімді қоғамы дарынды қырғыз баласының пайда болғанына қызығушылық танытты, ең зиялы адамдар оған қамқорлық жасауды өз борышымыз деп санады. Оқу күндерін бала Шоқан корпус аймағында өткізді, ал мейрам күндері оны үйіне алып кетушілер табыла қалатын. Алғашында, ол мереке күндерін Қазан университетінің шығыс факультетін бітірген шенеунік Сотниковтың үйінде өткізсе, кейіннен тарих пәнінің мұғалімі поляк Гонсевскийдің отбасында, Бас штабтың офицері Померанцев2 пен полковник Гутковскийдің үйінде болды. Бұлардың барлығы қаладағы ең көзі ашық, оқымысты жандар болатын, олардың ортасына түскен Шоқан тез дамып, өз жолдастарынан озып кетті, әсіресе, саяси ойлар мен әдеби жаңалықтарға жетік болды. Мектеп басшылығы оған болашақ Орта Азия бойынша саяхатшысы ретінде қарады; Қытай еуропалықтар үшін әлі ашылмаған жұмбақ әлем болатын, оның шымылдығын көтеру еуропалық үшін керемет қызықты еді.

Омбы кадет корпусы қырғыз даласының шекарасында тұрды деп айтуға болады, оның жоғарғы қабаттағы терезелерінен Ертіс жағалауын көруге болатын, ол ұшы-қиырсыз даламен ұштасатын, соған қарап тұрып қиял Уәлихановты ғана емес, басқаларды да тылсымды алысқа, қазақ даласынан әрідегі елдерге, Тянь-Шань мен Нань-Шаньға, тиіндер патшалық ететін Тибет еліндегі Кукунор көлінің жағалауына жетелеген болар.

Мектеп қабырғасында жүріп Уәлиханов Қытайға сапар шегетін саяхатшы рөлінде дайындала бастады, сол кезде-ақ ол Паллас, Рычков, Левшин, Вельяминов-Зерновтарды және көптеген кітаптарды қайталап оқып шықты. Батыс-Сібір генерал-губернаторының штабында офицер болып қызмет еткен Шоқан Уәлиханов пен Географиялық қоғамның қазіргі вице-президенті П.П. Семенов Тянь-Шаньға сапарында кездескен кезде, ол сол уақытта жасөспірімнің Омбы сияқты қиырдағы қалашықтан шықпай-ақ шығыстану саласында ұшан-теңіз білім жинап алғанына таңқалды.

Көп кешікпей жергілікті билік өкілдері жас жігіттің күш-жігерін пайдаланып қалды. Уәлихановқа Қытай қаласы Қашғарға жасырынып кіріп, Пекин үкіметінен Қашғарда орыс консулдығын ашу туралы өтініш жасауға тұра ма деген мәселені шешу үшін ондағы сауда айналымы туралы мәлімет жинап келу тапсырылды. Бұл іске ондаған жылдар Семейде тұрған Бұқаш атты қашғарлық сарт көмектесті. Бұқаш он бес жыл бұрын Қашғардан әйелімен және кішкентай Әлім атты ұлымен Семейге бір сарт көшкенін еске түсіреді, кейіннен ол Саратовқа кетіп, хабарсыз кеткен, оның қайтадан Қашғарға оралмағанын Бұқаш анық білген. Әлім қазір шамамен 17 жаста болу керек, Шоқан да тура сол жаста еді. Осылайша Бұқаш керуенмен Қашғарға баратын болды да, Шоқанды Әлім деп таныстыруды ойлап тапты. Уәлиханов шашын тақырлап алғызып, тақия киді, офицер киімін тастап, бешпет киіп, Омбыдан Семейге аттанды. Уәлихановтың Қашғарға сапары сәтті аяқталды. Әлімнің туысқандары жалған Әлімге қатты қуанды, Уәлиханов Қашғарда өткерген қыс айлары оның келуіне арнап ұйымдастырылған той-думанмен өтті, оны туған-туысқан, достарына қонаққа апарып, сыйлап, қошаметтеді және ол жердегі мұсылмандар арасында орныққан дәстүрге сәйкес үйлендірді. Бұл уақытта Қашғарда Якуб бек*4 бастаған мұсылмандар көтерілісінен кейін Қытай билігі қайта қалпына келген болатын, Уәлиханов Қашғар алаңында Якуб бек жазалаған адамдардың басынан қаланған пирамиданы көреді, олардың ішінде неміс саяхатшысы Шлагинтвейттің де басы болуы мүмкін деді Уәлиханов кейінгі әңгімесінде. Қыстың соңында Уәлиханов Верныйға әйелін тастап, салт оралды; ол қызды ата-анасына қайтарған. Қашғарда дәстүр солай: уақытша келген қонақтарды үйлендіреді, бірақ әйелдерін қаладан шығармайды. Қытайлықтар Әлім болып жүрген орыс офицері екенін анықтап, қуғыншы жібереді, бірақ Уәлиханов орыс шекарасына өтіп үлгереді. Ол Қашғардан өте қызықты статистикалық және тарихи мәліметтер жинап әкелді, кейіннен оларды «Географиялық қоғам жазбаларында» «Жоңғария очерктері» мен «Алтышар» атты екі мақала етіп жариялады. Алтышар деп сарттар Шығыс Түркістанды атайды. Бұл мақалалар неміс тілінде Берлинде Эрманның Archiv,е басылды3.

Қашғардан келген соң ол Петерборға шақырылды, бірақ өкпе дерті меңдеп кеткендіктен, еліне оралуға мәжбүр болды. Ташкентті жаулап алушы Черняев оны жорыққа қатысуға шақырды, Уәлиханов ұсынысты қабыл алды, бірақ Пішпек*5 қаласын алудағы солдаттарға рұқсат етілген тонаушылық оған жаман әсер еткені соншалық, ол Черняев отрядын тастап, Верныйға оралып, біраз уақыттан соң Қытай шекарасындағы Тезек сұлтанның ауылында дүние салды.

Шоқан Уәлиханов құйрықты жұлдыз сияқты біздің әлемімізге қысқа ғана уақытта пайда болып, жарқ етіп, жоқ болып кететін ерекше тұлғаларға жатады. Ол өзінің қайталанбас қасиетімен өзімен араласқан біршама адамдардың өмірін жарқын түске бояп кетуі үшін келді. Уәлихановтың қадірін түсінген жандар көп емес, бірақ өзге жағдайда ол өте маңызды тұлғаға айналар еді. Оның жүрегі нәзік, ақылы өткір болатын. Ол әдеттегі, көз үйренген бейне емес, таңдаулы тұлға болды, алғаш көрген адамын өзіне бірден баурап алатын. Саяси көзқарасы бойынша ол шектен тыс либерал еді. Орыс ақиқатына сыни көзқараспен қарауды ол Омбыда жүргенде-ақ қалыптастырды. Онда бір-біріне туыс болып келетін екі үй Гутковский мен Капустиндердің отбасы болды, екі үйде де Уәлиханов өз адамы болып, оған туысындай жылы қарады.

Капустиндердің үйі қаладағы ең білімді адамдар жиналатын Омбы әдеби үйі іспеттес еді, мұнда Уәлиханов петрашевшіл ақын Дуровпен, кейіннен шаруалардың мұң-мұқтажын жырлаушы ретінде әдеби ортаға танылған С. Я. Капустинмен, суретші Померанцевпен танысты. Әдеби талғамына келсек, оған Байрон, Гейне және өзінің табиғаты да соған жақын Лермонтов қатты ұнайтын. Уәлиханов мансапқор, ұсақ жандардың бейшара тірлігін тез байқайтын және оларды мысқылдағанды жақсы көретін. Омбыда атаққұмар Волков деген генерал болды. Уәлиханов ол туралы «Владимир» орденін алғаннан кейін ауызғы үйге кіргендер галошқа қарап, мұнда осы орденнің иегері бар екенін білу ниетімен галошына орден таспасын байлап қойды деген әңгіме құрастырды. Көңіліне ұнамаған адамдарды ол түркілерге тән қаталдықпен қатты кекететін, сондықтан Омбыда оның жаулары аз болмады. Адамның қиналғанын көрсе, ол қатты аяйтын және оған жәрдемдесу үшін қолынан келгенін жасайтын, ал идеялық қарсыластарына бітіспес дұшпандықпен қарайтын. Бөгде адамдардың пікіріне ешқашан құлақ аспайтынын көрсетіп, тіпті өзінің филистер достарын ызаландыру үшін өзі туралы өтірік әңгімелер құрастырып, ешқашан жасамаған оңбаған әрекеттерді өзіне таңатын. «Мәңгілік алдында мұның бәрі түкке тұрғысыз» деген сөзді қалжыңдап жиі айтатын, бірақ бұл ой оның бойын билеп алған сияқты. Кейінгі ұрпақтың есінде қалу туралы бас қатырып қиналмайтын. Оны өмірдегі басқа марапат - қараңғылық оның кекесіңдерінен қорқып, қашады деген түсінік анағұрлым қанағаттандырды.

Өзге мәдениетті ортадан шыққан нәсілдер туралы мынандай тұжырым қалыптасқан: олар еуропалық үлгіде білім алғанымен, өз ортасына оралған соң бастапқы өмір сүру қалпына түседі. Мұндай өзгерістен Уәлихановты сақтаған нәрсе: ол орыс қоғамында жүргенде, әшейін көптің бірі емес еді, ал өз даласы үшін бірінші тұлға болды. Еліне оралған соң ол тек сырт келбетін ғана қазақыландырды; ол бұқар кілемі мен ала жастықтарға аунап, бешпет және қазақы дамбал*6 киіп жатты, бірақ оның айналасында, кілемде француз тіліндегі Абель-Ремюза, Клапрот және Станислав Жюльеннің кітаптары жатты4. Ол өте еуропаланған еді, тіпті көптеген орыстармен салыстырғанда анағұрлым еуропалық еді, сондықтан еуропа рухани мәдениетінің таңбасын сыпырып тастап, көшпендіге айналу еш мүмкін емес еді.

Еуропаға деген жақындық оны халқынан алыстатпады, керісінше, сол еуропалық мәдениет оны өз халқының құлы ретінде қарауға міндеттеді. Ол қазақтарды жақсы көретінін айтатын, сонымен қоса Ресейді де жақсы көрем дейтін. «Қырғыздар мен орыс казактары шайқасқан кезде, қырғыздардың жеңісін тілеймін, - дейтін ол, - ал сібірліктер мен ресейліктер дауласқан кезде, сібірліктердің басым түскенін қалаймын. Ал Суворовтың Отан соғысы жолындағы жорықтарын оқыған сәтте, орыс солдаты француздарды жеңсе деп отырамын». Оның өз сөзімен айтқанда, кішкентайы үлкенге, ол өзінен үлкен сандыққа салынатын Ірбіт сандықшалары тәрізді, оның бір махаббаты екіншісіне, екіншісі үшіншісіне ұласып жататын.

Уәлиханов өзінің өмірлік міндеті қырғыз халқына қызмет ету, орыс билігі алдында оның мүддесін қорғау және санасының жаңаруына ықпал ету деп санайтын. Соңғы міндетті жүзеге асыру тек жанама тәсілмен мүмкін еді; ол өз халқын зерттеп, өз еңбектерін орыс тілінде жариялай алды, бірақ Уәлихановтың мінез-құлқы ғылыммен тапжылмай айналысуға сәйкес келмейтін. Ғылымға ол азиаттық-ақсүйектік тұрғыда селсоқ қарады. Ал, тікелей қырғыз тілінде жазу, шығармалар басу бекер іс болды, себебі қырғыз оқырманы аз еді. Егер Уәлихановта оқи алатын қазақ қауымы болғанда, онда қазақ халқы Шоқан арқылы Лермонтов пен Гейне рухындағы қырғызша жазатын жазушыға ие болған болар еді.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339