Депутаттардың халықтың алдына шығуын талап етеміз
Өткенде біздің билік қытайларға жалға жер береміз деп дәмелендіріп қойды да, енді олардың қалай да болса көңілін табу үшін қарымтасына 51 кәсіпорнын әкеп кіргізгелі жатқан секілді. Бұлар пайданы бірінші кезекке қойып жаман үйренген халық.
Европалықтар болса үндемес едік қой. Ресейдің Қиыр Шығысын әбден улап бітті. Кезінде ханзуларды кіргізген орыстардың қазір аузы күйіп отыр. Қиыр Шығысы түгел қытайланып барады. Орыстың өзінің өсімі тоқтаған халық. Енді оның орнын орыстан бір-бір қатын алған қытай толтырып жатыр.
Менің қауіптеніп отырғаным, ертең егер олардың 51 кәсіпорнын Қазақстанға кіргізсек, қытайлар біздің елге өздерінің бір экономикалық аймағы ретінде қарай бастайды. Онсыз да қазір «Балқашқа дейінгі жер біздікі» деп көкіп жүр. Бұның соңы қытайдың экспансиясына ұласады. Бұл біз үшін мың рет ойланып барып шешетін стратегиялық маңызы бар мәселе еді ғой!
«Халық қалаулылары» осыған байланысты әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Әлде, өткендегідей тағы да үнсіз қалып, қулығына құрық бойламайтын қытайлардың қазақ жеріне алдымен кәсіпорындарын кіргізгелі жатқанын дұрыс көріп отыр ма?!
Ау, депутаттар! Сіздерге кресло қымбат па, әлде отан қымбат па? Әрбір депутаттың халықтың алдына шығып, жауап беруін талап етеміз. Әйтпесе ертең осындай қылмысқа үнсіз келісе салған бәріңіз бірдей жауапқа тартыласыздар!
Жолымбет Мәкіш
Facebook-тегі парақшасынан