Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 6332 11 пікір 18 Маусым, 2017 сағат 01:47

«ЭКСПО-2017» көрмесі һәм Сұлтан Бейбарыс дәуірі

2017 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Негізгі деректер бойынша Бейбарыс сұлтан (1223 немесе 1225-1277)  Қара теңізден солтүстікке қарай «Дешті Қыпшақта» (Қыпшақтар даласы)  дүниеге келген. XIV ғасырдағы Мысыр тарихшысы әл-Айни өзінің  «Икду аль-джуман фи тарих ахл аль-азман» («Уақыт тұрғындары туралы інжу алқасы») еңбегінде Бейбарыс бин Абдулланың қыпшақ нәсілінен екендігі туралы жазған. Ән-Нувайридың мәліметтері бойынша, Бейбарыс түркі жұртынан, қыпшақтың Елбөрілі тайпасынан шыққан.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

«Қазақстан үшін, еліміз үшін бүгін ерекше күн болып тұр. Себебі Сұлтан Бейбарыстың көрмесін алғаш рет елімізге алып келіп отырмыз. Осы уақытқа дейін Сұлтан Бейбарыс туралы көркем фильм түсіріліп, бірнеше спектакльдер қойылды. Бірақ Сұлтанның қолы тиген, өз қолтаңбасын қалдырған ерекше жәдігерлері елімізге бірінші рет әкелінді. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш, қуанышымыз құтты болсын»! – деді өз сөзінде.

Бейбарыс тақта 17 жыл (1260-1277 жж.) отырды. Сұлтан билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналды. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер, Каирде сарайлар мен мешіттер салынды, қолөнері, егіншілік, ғылым, сауда, өнер салалары дамыды.

Араб Республикасы Египет Көне істер министрлігінің Ислам секторының Төрағасы Альсаид Хелми Еззат Мари:

«Осы қасиетті жерде туылып, Мысыр жеріне қызмет еткен Бейбарыс – өте дана сұлтан. Ол – өзінің  батырлығымен, отан сүйгіштігімен, елін, жерін қорғау арқылы әлемге танылған сұлтан. Сіздер куә болып тұрған көрмеге Сұлтан өмір сүрген кезеңнің түрлі заттары қойылды. Мұндағы басты жәдігер – Бейбарыстың батырлығын, сұлтандығын, ерекше ерлігін сипаттайтын, оның арыстан бейнеленген эмблемасы, - деп Сұлтанның мөрі іспеттес арыстан таңбасы бар эмблемасын ерекше атап өтті.

Бейбарыс сұлтан Палестина мен Сирияда Ирандағы моңғол елхандарына және еуропалық кресшілерге тойтарыс берген  соғыстарымен танымал. Халық Абуль-Футух «Жеңістердің атасы» деп ардақтаған Бейбарыс Шығыстың көрнекті қолбасшысы.

Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Ислам өнері музейі (Каир қ., Мысыр) жинағынан жәдігерлер қойылды.

Көрме 10 тамызға дейін жалғасады.

Шәріпхан Қайсар

Абай-ақпарат

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054