25 жылдан бері бізде алып-сату дамыды
25 жылдан бері бізде алып-сату дамыды.Тым құрыса, балалардың киімін тігу қолымыздан келмегеніне қалай қынжылмайсың? Сырттан ағылған Қытай, Түркия, Қырғызстан, енді солармен бірге сөрелерді өзбектің тауарлары жаулап барады. Сонымен алыпсатарлар қалтамызды қанша теңгеге қағып жүр?
Бұған бұрын-соңды мəн бермейтін едім. Дегенмен соған өзімше эксперимент жасауға бел будым. Ұлыма аяқ киім іздедім. 32 -ші жаздық аяқ киім үйдің маңындағы дүкендерде 14 -16 мың теңге. Атакентте де сондай баға. Атакенттегі 16 мың теңгелік аяқ киімді 40 пайыз жеңілдікпен сатып алу үшін тағы екі тауар алуға кеңес берді. Теріден жасалған, қысқасы мақтауын келістірген аяқ киімнің жеңілдікпен құнын ары-бері есептеп, екі киім алып, 17-20 теңгені шығындау керектігін түсіндім. Енді дəл сол аяқ киімді барахолкадағы "Рахат " деген базарда сатушы 6 мың теңгеге беремін, бұдан арзанды таппайсың деп, басымды шыр айналдырды. Біріншіден түсі ұнаған жоқ. Екіншіден сатушының "өзім тауардың иесімін, қазір сауда жоқ, арзанға өткізіп жатырмын" деп жармасқаны. Одан мəдениетті түрде бас тартып, базарды онша білмесем де шарладым. Сенделіп, Алатау-2 деген сауда үйіне кірдім. Сатушы 16 мың теңгенің аяқ киімін 3 мың теңге дегенде сөзіне сенбей тағы сұрадым. Былтыр 8 мың теңгеге жеңілдікпен алған ұлымның аяғындағы тəпешкесін де 3 мың теңгеден сатып жатыр. Дүкенге былтыр сонда 5 мың теңгені кəсіпкер келіншектің əдемі сөздері үшін тастап кеткен жоқпын. Алыпсатар екенін енді білдім. Есесіне бүгін 6500 теңгеге екі жаздық аяқ киім алдым.
Енді өкініп отырмын. Неге?
Алыпсатарлықпен, тұтынушылардың психологиясын алдап-арбайтын бизнестің болашағы бар ма? Базарда да, дүкенде де өзіміздің бет сүртетін орамал жоқ. Əйтеуір сол əлгі Алатау-2 деген жерден Қарағандының нəскиін көріп, қуанып кеттім. Бағасы 100 теңге. 6 нəски алып едім, сатушы мəз болды. Кəсіпкерліктің даму көрсеткішін егер алып-сатушылардың табысымен өлшесек, онда өзімізді-өзіміз тонау тоқтамайды. Тағы да саудамен шатағы жоқ тұтынушының қалтасы қағылады. Сонда 25 жылда жеткен жетістігіміз деп ауыз толтырып айтудың өзі ұят екен.
Жазира Бегалы
Facebook-тегі парақшасынан