Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3068 0 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 13:39

[КҮНДЕЛІКТЕН ҮЗІНДІ] 27 ақпан

Жалпы романдар, жоғары мәртебелінің өзі жазған романдар туралы трактация

Әрине, сен, әйелім, мен, ия мен, сенің күйеуің роман жазғанын білгенде таңқаларсың. Бірақ бұл бұрынырақта, менің жастық шағымда, мен жас, қызу қанды болған кезімде болды. Менің романдарым қазіргідей емес болатын. Мен зұлымды жазаладым, оны ең жеккөрінішті, нас кейіпте сипаттадым. Барлық аңғырт жастықта көз алдап шақырған сағымға алданғандар секілді айналыстым. Жастық, жастық, сен не істетпедің... Расымен ақ мырзалар, мен шынымен романдар жаздым, бірақ мен қазіргідей жазған жоқ едім. Ал қайырымды жан жарық жұлдыз сияқты өмір ағысының ашық аспанында жарқырап тұрды. Аспанды торлаған қара бұлттар тарқап, қайырымдылық жеңіске жетті. Мен өзімді нағыз роман жазушы ex professo санадым. Егер maximum - жеке тұлғаның әдеби қабілетінің ең жоғарғы деңгейі ретінде жарқын көзқарасты, қызықты етіп әңгімелеу, адамның жеке және қоғамдық өмірдегі бейнесін табиғи қалпында суреттеуді алсақ, менің еңбектерім бұл талаптарға толық сәйкес келіп, ең қатаң сынға төтеп берер еді.

Жалпы романдар, жоғары мәртебелінің өзі жазған романдар туралы трактация

Әрине, сен, әйелім, мен, ия мен, сенің күйеуің роман жазғанын білгенде таңқаларсың. Бірақ бұл бұрынырақта, менің жастық шағымда, мен жас, қызу қанды болған кезімде болды. Менің романдарым қазіргідей емес болатын. Мен зұлымды жазаладым, оны ең жеккөрінішті, нас кейіпте сипаттадым. Барлық аңғырт жастықта көз алдап шақырған сағымға алданғандар секілді айналыстым. Жастық, жастық, сен не істетпедің... Расымен ақ мырзалар, мен шынымен романдар жаздым, бірақ мен қазіргідей жазған жоқ едім. Ал қайырымды жан жарық жұлдыз сияқты өмір ағысының ашық аспанында жарқырап тұрды. Аспанды торлаған қара бұлттар тарқап, қайырымдылық жеңіске жетті. Мен өзімді нағыз роман жазушы ex professo санадым. Егер maximum - жеке тұлғаның әдеби қабілетінің ең жоғарғы деңгейі ретінде жарқын көзқарасты, қызықты етіп әңгімелеу, адамның жеке және қоғамдық өмірдегі бейнесін табиғи қалпында суреттеуді алсақ, менің еңбектерім бұл талаптарға толық сәйкес келіп, ең қатаң сынға төтеп берер еді.

Мен қазіргі заман жазушыларын мүлде қолдамаймын. Әйгілі Жорж Санд өзінің жоғарғы дәрежедегі утопиялық идеяларымен, оқшауланған бақытқа ұмтылумен, тәнсіз кемелдікпен және тағы да басқа түсініксіз арманмен, менің көзқарасымша, сабап алуға тұратын қыңыр қатын тәрізді (жоғарғы мәртебелім күлді ғой деймін). Оның жазғанының барлығы бос елігушілік, риторикалық фигуралар, дөрекі пайдакүнемдік. Тек талғамы бұзылған, ешқандай әйелге тән қылығы жоқ әйелдер ғана Дю Деван ханымның эмансипациялық бос қиялын оқып, que cest charmant!*1 бұл қандай керемет деп көздерін жұмып таңдай қағуы мүмкін. Бұл ешқандай да "charmant" емес, әшейін қарабайыр қиял мен ұсқынсыз exsalte.

Міне, тағы бір пұт - Гоголь. Құдай үшін айтыңыздаршы мырзалар, сіздер оның шығармаларынан - қарабайыр тірлікті сипаттау, дәмді тағамдарды суреттеу, қамырлар мен түшпаралардың әлемі және жәрмеңке мен кабактан жиналған анайы сөздерден басқа не табасыздар? Кітапты қолыңа алсаң болды, шошқа майының, қарамайдың, темекі, түтін иісі шығады. Fi donc! machere*2, Гогольды ешқашанда оқыма. Оның бұл жоспарлары тек кіре тартушыларға ғана жарайды. Сіздің алдыңызда мүлде жаңа, үзбе қамырлар мен түшпаралардың әлемі ашылатын, яғни бірінші орында шошқалар тұратын әлемнің несі тартымды? Бұл маған ұнайды, мекемелерде шошқалар қыдырып жүр еді. Бұл дегеніміз - өз Отанының заңдарына ешқандай құрмет көрсетпеу және қасиетті ұғымдардың барлығын кекесінмен күлкі ету деген сөз. Оның «Ревизоры» өтірік, бітіп болмайтын ұшан теңіз өтірік! Орындықтың ұшына отыратын Молоховтарды ол қайдан көріп жүр. Мен, құдайға шүкір, Ресейді ұзынынан да, көлденеңінен де кезіп шықтым, бірақ еш жерден Добчинский мен Бобчинскийлерді ме? Оларды кездестірмедім, тіпті бізде, Сібірде, мұндай кейіпкерлер жоқ. Канскідегі2 сот, міне сол оңбаған (сіз оны И. В. жазасыз)!, ха-ха-ха. Ал Бердскідегі3 полиция бастығы нағыз жыртқыштардың тұқымы, оның өзі де Гогольдің городничийімен салыстырғанда азамат! (үзіліс)

Иә, мен не жайында айтып едім? Ә, өз романдарым туралы. Ал, мырзалар, тыңдаңыздар және құлақтарыңызға құйып алыңыздар: не айтсам да сіңіре беріңіздер, рас айтамын. Мен өсиет ретінде барлығыңызға, әсіресе, саған айтамын. Әйелі күйеуін сыйласын (күледі). Мен романдарды... күйреуік сезімдерді бейнелеу үшін жазған жоқпын. Өз романдарымды басып шығармағаным өкінішті..., бірақ кезінде оған қолым тимеді. Қызмет, әскери экзерция және өзіме қойған генерал болу міндетім романтикалық бейімділігімнен үстем түсіп, кабинетімнің бір түкпірінде әскери авторлардың ортасында, өзге, анағұрлым іргелі білгірлікке бой тартып, әскери өнер мен жұмысыммен тығыз байланысты пән ретінде - математиканы оқи бастадым.

Бір романның желісін мен араб және абиссиния патшайымының Сүлеймен4 патшаға елшілігі туралы Інжіл хикаясынан алдым. Өзімше жеңіл тілмен және қызықты мазмұнмен көпшілікті таныстырып, қоғамға көнедегі арабтар мен абиссиндердің діні мен әдет ғұрпы, тарихымен таныстырып  әне өзім ашқан жаңалығымды ғылым мен*3 өнерде танымал етсем дедім.

Сол кезең тарихының беймәлім фактілерін қызықты да айқын етіп түсіндірдім. Фактілер шама жеткенше қисынды, дәлелдер күшті болды... Оқиға орны өтетін жер, театр етіп мен Баб эл Мандеб бұғазын таңдадым. Түн. Арабтардың шатыры мен құмды белесте тұрған патшайымның жеке шатыры. Бақытты Арабияның (Arabia felix) шүйгін шалғынында жайылып жүрген түйелер. Жұлдызды аспан және ай. Түнгі сәуле осы көріністерге дірілдеген жарық шашып тұр. Бұғаздың қаһарлы шыңдары үрей төндіре қараяды. Теңіз ұйқыда, ал айдың бейнесі Нептунның қою қызыл суларында шағылысады. Әр жерде жалтылдап жанған алаулар кейде жарқырай түседі, сол алаудың алдында отырған араб әйелдері шағын кешкі асын әзірлеуде. Тек патшайымның жеке шатырында ғана жарық көрінбейді. Ол бір қолын жағына таянып ойланып отыр, ал екінші қолымен маржан тастан жасалған алқасын термелеп отыр (маржандар Қара теңізден алынатын, сондықтан оның алқасы болуы тиіс). Ол Сүлеймен туралы, оның даналығы туралы ойлайды. Ол патшаға сырттай өлердей ғашық. Кенеттен ол жұлдызды аспанға көзін тігіп, екі көзінен мөлдіреп жас ағып, көкке мінажат етеді, себебі арабтар сабей дінінде (жұлдызға табынушылар) болған.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, V және VI бөлімдер өте қызықты болатын. V бөлімде бірнеше эксказда*4 Қара теңізде маржан теру тәсілдері сипатталады. Мен осы жерде, маржан өндіру әдісі арабтардың Африка құрлығына көшіп, оны отарлауға себеп болды деп қиялымды шарықтаттым. Қоныс аудару орны «Жоқтау қақпасы» деп аталған Баб әл Мандеб бұғазы болды. Осы жерде мен қорқынышты, жан түршіктіретін көріністі сипаттадым. Дауыл тұрып, теңіздің үйдей толқындары көтеріліп құз жағалауға соғылған кезде, мүк басқан тастарды ақ көбікке орап, жағалау дым тартып, тұманға айналады. Долы дауылдың құшағында батыл теңізшілердің қайықтары қарайып, теңіз бетінде жаңқалар тәрізді қалқып жүр. Қиюы қашқан қайықтарды жұтып қойғысы келгендей толқындар көтеріліп, кенеттен қайықтарды басып қалады. Жағалаудан үрейлі дауыстар естіледі. Бұл шаштарын медуза Атаның*5 басы сияқты жайған олардың әйелдері. Адал жарлары жанын қоярға жер таппай, дауыс қылып, тек құр шыңғыра береді. Жел олардың дауыстарын басып, шаштарын, жеңіл киімдерін желбіретеді. Олар қара шыңның басында жын-ойнаққа жиналған мыстандар сияқты көрінеді.

Жалпы романтизм және аса мәртебелінің

романдары туралы трактация

 

Христиан жыл санауына дейінгі 900 жылдарда жазылған адамгершілік-философиялық ғибратты роман ақылмен тануға және бейнелі сипатта жазылған. Роман эстетикалық пайымдау рухындағы адамгершілікке және ғибратқа толы. Мақсаты - дидактикалық беллетристика.

Романтизм туралы осындай трактация жазуыма себеп, дұрысы арқау болған келесі жағдай: М. Г.5 жаман сөз айтпастан, үзілді кесілді былай деп мәлімдеді: романдар - жалған, оның ішінде жазылғанның бәрі өтірік, сондықтан роман оқитын ханымдардың бәрі жалған айтуға үйренеді, демек, өтірікшілер. Мұның бәрі факт, күмән келтіруге болмайтын аксиома сияқты берік айтылғаны соншалық, біздің барлығымыз тік тұрып бір ауыздан келісуімізге тура келді. Сол кезде жоғары мәртебелі барлығына, әсіресе, әйелдерге арнап келесі ақиқат сөздерді немесе өзі айтқандай дәлдікті жеткізуге кең пейілімен мархабат етті.

Әрине, жарым мен, иә, менің бір кездері, баяғыда роман жазғанымды білгенде қатты таңданарсың. Расында да, мырзалар, мен роман жаздым және өте жақсы жаздым. Мен өзімді нағыз роман жазушы ex professo*6 санадым. Бірақ қызмет тапсырыстар, әскери экзерция және өзіме қойған генерал және тактик болу міндетім бұл балалық ойымды желге ұшырып, мен неғұрлым терең, неғұрлым іргелі ғылымға беріліп, философия, тарих пен жер шарындағы барлық тірі және өлі елдердің діни сенімдерін оқи бастадым.

Бір романның сюжетін мен Інжілдегі араб немесе Абиссиния патшайымының (екеуінің бір екенін бірінші болып дәлелдеген менмін, оның бәрін өз романымда баяндадым), сонымен араб патшайымының Сүлеймен патшаға елшілігі туралы хикаядан алдым. Өзімше жеңіл тілмен және қызықты мазмұнмен көпшілікті көне арабтар мен абиссиндердің діні мен әдет-ғұрпы, тарихымен таныстырып, сол уақыттағы күмәні көп фактілерін де, жалпы адамзат дамуының тарихындағы да, ғылымдар саласындағы бажайлап түсіндіретін өз жаңалықтарымды көпке ұсынсам деп едім.

Мен бәрін жақсы жаздым, дәлелдерім нық. Оларды сол кезде жария етпегенім өкінішті, бірақ оған қолым тимеді. Оқиға орны өтетін жер етіп (өзіне риза күлкі) мен Баб әл Мандеб бұғазын таңдадым (тағы да сондай күлкі). Сіздер бұл бұғаздың қайда екенін білесіздер ме? Сауал тікелей маған бағытталғандықтан, мен мұсылман ретінде білетінімді растадым және тік сөйлеп, оның аудармасы «Жылап еңіреу қақпасы» дедім. Иә, ғылыми тұрғыдан алғанда, V және VI бөлімдер өте қызықты болатын. V бөлімде маржан теру тәсілдерін сипаттап, өзіме ғана тән ойды дамытып, қиялымды шарықтаттым, маржан аулау әдісі арабтардың Африка құрлығын отарлауына және оған көшуге себеп болды деп жаздым (абиссиндіктерді арабтардың эмиграциялық колониясы санаймын). Бұл қоныс аудару... (ұзақ үнсіздік) шамасы, яғни қоныс аудару орны, шамасы (күлкі, мазасыз ишаралар, өлердей күлкісі келіп, удай ащы қалжың айтқысы келген, өзіне ғана белгілі себептермен күле алмайтын адамның жағдайы), ақыр аяғы, қолымен үстелді бір ұрып: Грардафуй мүйісі*7 деді. Құпиялап айтар болсақ, ж. м. бұл мүйістің соңын айтқан кезде басқаша дыбыстады, сондықтан сөз күлкілі дерексіз ойын сөзге айналып, оның әйелін құлағының ұшына дейін қызаруға мәжбүрледі, ал бізді соншалықты дірілдеген күйге түсіріп, біз ұзақ уақыт, жоғары мәртебелімнің тілімен айтқанда осы сөздің құпия мағынасын әшкерелеуге тырыстық, аяғында басымызға түк кірмей, жоғары мәртебелімнің терең сыни ойына, баяндау дарынына, энциклопедиялық біліміне - оның гогольдік үлгідегі әзілін терең түсіндік.

Келесі роман таза тәрбиелік-психологиялық мағынада болды. Мен оны «Альфа мен Вита» деп атадым (өте терең ойлылықты білдіру). Онда патша - ақыл, ерік-жігердің еркін күші және тағдырды бейнелеп мен гетерономияның (адам еркінің сыртқы табиғи күштерге тәуелділігі) ақиқат еместігін және жоқ екенін дәлелдедім. Алдымен белгілі дәрежеде жеке тұлғаның парасаттылығын құрайтын рухани қозғаушы күштердің, былайша айтқанда субстанциясын бейнелеп, мен олардың жалпылай баламасын, басқаша айтқанда, ақыл ой мен ерік жігердің жарыққа шығуын, өзара байланысын, қасиет сипатын анықтадым. Жекелей алғанда, ақыл ой мен тағдырдың әрекетіне және жарыққа шығуына (relation) ерекше көңіл бөліп, бұл сөздерді тура мағынада қабылдай отырып, ақыл ойдың фатум және реляцияға тигізетін әсеріне ерекше назар аудардым. Екінші бөлімге мен латынша эпиграф таңдадым: Volentem ducunt fata, nolentem trahunt - жүргісі келгенді тағдыр жетелейді, жүргісі келмегенді сүйрейді. Менің көзқарасым congruism мен біраз ұқсас, бірақ біраз қарама қайшы болды. Тағдырға мен аномания ретінде қарап, ертедегі парсылардың Ариманы6 Морганның фатасы7 дүлей, жазалаушы күшін бейнелейді деген ұғымды дамыттым. Расында да, бұл роман apriori рационалды тұрғыда дәлелденген, көптеген жаңа идеяларды қамтыды, өз басымда болған тәжірибелерге негізделді. Бұл шындығында дерексіз-философиялық және роман түріндегі насихаттық мақсаты бар кітап болды - көптеген анық зерттелмеген философиялық және діни мәселелер, немістік тұман мен қапастың ішінен не қарастыруға болады (езу тартады), осылайша, германдық философтар [анық зерттемеген] мәселелер: Кант8, ағайынды Шлегельдер9, Гердер10 және тағы басқаларды өте түсінікті дәрежеде осы романда және өзге екі диссертацияда жаздым.

Кезінде мен anthropomorphism - құдайға адам кейпін баратын ғылымды қарастырып, ол «Адам ұрығы» - діни мәселе. Әртүрлі тілдегі және көзқарастағы трансцендентті дерексіз, іргелі және жағымды, діни рухтағы, енжарлық (индифферентизм), абскурантизм рухындағы шығармаларды көп оқыдым. Бәрін тәжірибе жүзінде тексердім, әскери сыншыл көзқараспен өз басымнан өткеріп, әжептәуір сезгіштік автономиялық түрде көрсетілген (ақыл ой тек ақыл ой заңына қызмет етеді деген күш) маңызды нәтижелерге қол жеткіздім. Екі шығармамда құдай жолы миссиясы туралы теория мен идеализм теориясы туралы еңбектер айтылған. Жарым менің (кешірім өтінеміз, ж. м. кейде эстетикалық дерексіздік ақыл ой толқынысында дерексіз танушылығы абсолютті дәрежеге көтеріліп, біздің жұлдыздар астындағы планетамыздың - адамдар мекендейтін жердің және біздің пәнилік екенімізді ұмытып, ж. м. Бізді - Еуропа, Азия, Африка, Америка және Австралия құрлықтарының тұрғындарын ай және басқа планета тұрғындарынан (Ай адамдар, Марс адамдар, Юпитер адамдар деп аталады және т. б.) басқалардан бізді ажырату үшін солай атайтын. Соншалықты жеңіл және күлкілі, аялы, (расында да, жұбайым-жаным, өте аялы емес пе?) өзінің жарын, құрметті генералша Гасфордты осылай еркелетеді. Ары қарай жалғастырайық. Менің әйелім шаршады, мырзалар (әйелінің иығынан жеңіл қағып жібереді және жауап ретінде сол қолға тиген бірнеше сүйіс), мен көп сөйлеп кеттім, тұратын уақыт болды.

- Иә, қымбаттым, сенің күйеуің бір заманда романист болған, бірақ өте жұмысбасты болды, алайда анадай (езу тартады) күйреуік Жорж Санд немесе анадай Гоголь сияқты емес, сіздер соншалықты таң қалатындай мен олардан ештеңе таппадым. Мен... (тісін шұқылайды).

Ал мен Диккенс тәрізді жаздым: терең патетикалық және әзіл-қалжың тонмен... (сыраның соңғы жұтымын ішеді). Өкінішті, У.*8 мырза, қазірде бұл романдар менде жоқ, әйтпесе мен сізге оны толық және барлық құқықпен иемденуге берер едім («т» ерекше екпінмен және ысқарта айтылады), егер сіз оларды өз атыңызбен басып шығарсаңыз, сөз жоқ, ең жақсы жазушы деген мәртебелі атаққа ие болып, көне ақынның өлеңін қайталай алар едіңіз: «Nostri non plena ix boris»*9 (соңы).

2 наурыз. Кейбір өз ғұмырын ғылым мен жақындарына пайда әкелуге арнаған жеке тұлғалардың шынайы және жанама қасиеттері туралы кейбір өткір ойлары бойынша, өздерін өзге пенделерден медиктер деп оқшаулағанымен, а. ж. м. үшін эмпирикалық өзімшілдер деген атаумен танымал.

Барлық емдеушілер, былайша айтқанда, Ескулаптың11 абыздары - жалпы адамзат саулығының досы және сақтаушы, егер оларға философиялық көзқараспен қарасаң, жұрттан өткен өзімшілдер. Бұл жағдаймен кез келген консеквентті*10 адам келіседі, себебі ең эгоист тұлғалар, яғни өзгелердің арқасында күн көретін, астарлап айтқанда өмірімен күн көретін адамдар, мен бұл жерде өмір дегенді, түсінесіздер ме, эмпирикалық мағынасында алып отырмын (күлкі).

Адам өмірі деген не? Немесе адам өмірінің мәні неде? - Әрине, мен жалпы қалың бұқара туралы айтып отырмын: олар үшін өмір мәні: ақша мен ләззат алу. Соңғының бастау алатын жері алғашқының көзі. Дәрігер сізден екеуін де ала алады.

Мен бұл матерррияны («р» әрпіне ерекше екпін қойып, созып айтады) дамытқым келмейді, Сіз дәрігер ретінде (дәрігер К. мырзаға қаратып айтылған сөз және барынша жарқын күліп) жақсы білсеңіз керек. Шыныңызды айтыңызшы, бізге қалай қарайсыз?... сіз түсініп тұрсыз, анау... ақшаны көбірек беретін субъект ретінде емес пе? Мойындаңыз. Сонымен... мен не дедім...

- Иә, сіздің дәрігер бауырларыңыз туралы... Олар [құрметті мырзалар] өзімшілдер, мен оны жаңа ғана индукциямен дәлелдедім. Демек, логикалық тұрғыдан алғанда, ergo: дәрігерлер - аподиктикалық*11 өзімшілдер, ал өзімшілдер адамзатқа дос емес, қоғамға жат тұлғалар, олар бүкіл денеге әсер ететін ауруға шалдыққан бір мүшенің ауыруы сияқты, көзге түскен шел секілді.

Сонымен, дәрігерлер бұдан былай эмпирикалық эгоистер деп қана аталуға тиіс. Dit haut!*12.

5 наурыз. Әйел табиғатының өзгешелігі туралы талассыз ақиқатты толықтырып, растауы және дәлелдеуі тиіс бір венгер ханымы туралы хикаят.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362