Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7330 3 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 11:24

Жылдар ескерткіші

Өлеңдерім- ұйқастар жиыны емес-

нәзіктеу жандары бар, абайлаңдар!

Автор


Екінші өмір              

Менің қайғымды ұғар кім,

Бір күні қажып құлармын.

Жаным қашанғы шыдайды,

Төмпешік болып тынармын.

Содан соң...

Тып-тыныш болып жатармын,

Менсіз де таңдар атар мың.

Қабірім жүдеу бір шетте

Жалғыздық дәмін татармын.

Содан соң...

Достардың сиреп аяғы,

Дұшпанның тыншып таяғы.

Ұмытар мені сол жігіт

«Ұмытпаймын»- дейтін баяғы.

Содан соң...

Оранып гүлге қабірім,

Бақытты болармын тағы бір.

Достарым келіп жылайды

Тіршілікте болған жаны бір.

Содан соң...

Білетін жандар бұрыннан,

Сағынып көзге жас та алар.

Жүректен шыққан жырымда

Екінші өмірім басталар!

 

Өлең туралы өлең

Бір толғақ қысқандай боп жанымды алды,

Айтар нәрсе жанымнан табылады.

Сол ойларды кестелеп бере алмай,

Өлең тумай, шіркін-ай, қалжырадым!

Не ауру, не сау емес күйге түстім,

Бір қуанып, біресе  күйіп пістім.

Өзге түгел өзімді түсіне алмай,

Бір ләззаттың ап-ащы уын іштім.

Бір қылмыс жасағандай қалтырадым,

Тыпырлап ұша алмай жатыр әнім.

Дүниеге жаңа сәби әкелгендей,

Жанымды шып-шып терлеп шақырамын.

Сол оймен бір ләззатқа кенелемін,

Ең бақытты жандарға теңелемін.

Жаным менен тәнімнен бөліп беріп,

Отау қылып шығарсам деген едім.

Күйге түсем осылай елден ерен,

Жапырақтай жанымды төртке бөлем.

Ал, адамдар, тұрыңдар қарсы алуға,

Құдіретті келеді туып өлең!

 

                  Ұмыттыр

Өлеңді мен сүйемін шын,

Сол үшін кірдім майданға,

Өзің болшы сүйенішім

Алып шығар қайдан да.

Қанша рет қош айтысып

Кете алмадым өлеңнен.

Көрейін деп мен тартысып

Ой суырдым тереңнен.

Өлеңім ұнап оқырманға

Бақыттан басым айналар,

Қуанышыма ортақ бол да

Құттықтап мені, аймала.

Сыналып келем, жанымда жара,

Жүрегім мұңға толып тұр.

Құшағыңа ал, сұрама да,

Бәрін-бәрін ұмыттыр!

 

     Сүйем сені, өмір !

Аяқтан шалып бәтуасыз күндерім,

Ұйқысыз, күлкісіз сырғыды түндерім,

Жанымның солды әппақ гүлдері,

Сонда да сені сүйемін, өмір.

 

Тұз сеуіп жанымның жарасына,

Жаманның салып қойдың табасына,

Жақсылық бар ма, қалды ғой көңіл,

Сонда да сені сүйемін, өмір.

 

Быт-шыт боп досқа артқан сенімім,

Махаббат отына шалықтым, ерідім,

Содан соң ап-ащы у іштім, жерідім

Сонда да сені сүйемін, өмір.

 

Сорға айналды жанымдағы үміт-көл,

Сенбесең жанымда жүріп көр.

Алдағы күндерге күдік көп,

Сонда да сені сүйемін, өмір.

 

Жүргенде әлдилеп жырымды,

Таяқ жеп жақыннан жығылдым.

Бір емес, бірнеше сүріндім

Сонда да сені сүйемін, өмір.

 

...Үзілген бір үмітімді жалғадым

Қол бұлғайды ойға аспаған арманым

Жаңа атып келе жатыр таңдарым,

Өзіңді шексіз сүйемін, өмір!

 

Сезбейсің

Сезбейсің, жанымның бұлтты аспанын,

Сезбейсің ғой жүректе мұң жатқанын,

Сезбейсің ғой ешкімді керек етпей,

Сені аңсап күтумен күн батқанын.

 

Сезбейсің, жанымның табылмады емі,

Сезбей кеттің сүйетінімді сені.

Бақыттысың ба, табылды ма теңің,

Қайда жүрсем ұмтылмайтыным менің!

 

Уақытпен бірге емделген жарам,

Ұмыттым сені, есіме алмаймын.

Елеусіздеу кейде күрсініп қалам,

Сыртым бірақ та бақытты жандаймын.

 

Талай жақсыға болдым да ие,

Көп асылымды жоғалтып барып,

Жанымда жүрдің, көзімнен кейде

Үзіліп түскен моншақ боп қалып.

 

Кездескен күн ерте көктем еді

Бейуақытта әппақ қар жауған.

Көк көйлекті қыз есіңде ме еді,

Жаны әппақ жаңа ұшқан қардан.

 

Әлдилеп кейде тербейді мені

Айтылмай қалған махаббат сазы.

Қайда жүрсең де аман бол енді,

Қайран жүректің ұмыта алмайтыны!

 

          Күн мен сезім

Күйіп тұр күн ыстық

Лап ете түсердей айнала,

Тымырсық, тыныштық,

Келеміз асфальтпен жай ғана.

 

Оятпақ боламын сендегі

Самарқау сезімді үргілеп,

Қаланың талықсып тәні

Жатыр бір тамшы су тілеп.

 

Көктем мен жаз өтіп,

Келген бе күзің?

Бір сыр бермейді-ау

Роботтай жүзің.

 

Менің жаным мен

Қаланың тәні бір күйде,

Кезерген ерін, еріген асфальт,

Уақыт шіркін жүйткиді.

 

Дотация берейін бе

Мені өртеген сезімнен?

Жүрегіңе жол таппадым,

Барлық кінә өзімнен.

 

Сенің сезімің елес пе,

Құлақ аспай жүрегімнің үніне.

Оңтүстіктің қызы түгіл күніне

Қара тас та еріп жатыр емес пе?

 

                      Арай

Бар тіршілік тыныштыққа бөленген,

Дауылдың бір алдындағы теңіздей.

Ақ сағымдар жөңкіп қаша жөнелген,

Шапағатпен тұна алмаған сезімдей.

 

Төккен нұрын ақ бас күміс шыңдарға,

Нұрлы жүзді ару күнім келеді

Көрем күнде ашық атқан таңдарда –

Жаны нәзік анамның бір мінезі.

 

Мөлдір бұлақ бойжеткен боп бұралып,

Кетіп барад сыңғыр күлкі қалдырып.

Төніп жартас қарап қалған мұңайып,

Тас жүрегін от сезімге алдырып.

 

Сөніп кетті-ау тіршілік

Жаз...

Ақ нұр жауған күн еді...

Әзіліңе рахаттанып күлемін,

Сол кезде мен қасыңда –

Бақыттымын, гүл-гүл жайнап жүр едім.

 

Көңілімде еш нәрсе жоқ алаңсыз,

Көк орайды белден кешіп барамыз.

«Саған ғана арнайтын бір гүлім бар»

дедің «соны бірге барып аламыз».

 

Кешіп өттік суға толы қақтарды,

Еске алдым жұмақтағы бақтарды.

Мөлдіреген көп гүлдерден көз тұнып,

Жүрегімнен ақық жырлар ақтарды.

 

Дедің-дағы «саған арнар гүлім бұл»

Қуаныштан бал-бұл жайнап жүзің нұр.

Жұлып алдың нәп-нәзік бір өмірді

Лезде тұнжырап мұңға батты мына қыр.

 

Көз алдымда өзгеріп кетті дүние,

Қайғылы марш ойнады қыр күйіне.

Сұлулықты құртқан сенің қолыңа

Түсінбестен қарадым мен түйіле.

 

Қолыңда жатты жаралы бір тіршілік

Жасаурап көзі,  қарап маған күрсініп,

деді-«адамдар, неге жұлдың мезгілсіз,

жетілген де жоқпын әлі бүр шығып»

...Соңғы рет қарады да ғашық көзбен күрсініп,

Сөніп кетті кіп-кішкене тіршілік.

 

Әкеме хат

Сағыныш кернеп кеудеңді

Қызыңды ойлап күні-түн,

Жорытып кейде түсіңді

Жылт етіп бір үмітің,

Алғай* жаққа қарайлап,

Жүрсіз бе, әке, мені ойлап?

Тынымсыз тірлік қамымен

Жете алмай, әке, өзіңе,

Ойлаймын Сізді жаныммен

Мұң толып қара көзіме,

Көре алмастай сезіліп

Кетемін кейде езіліп.

«Көп жыл болды кеткелі,

қатігез болып кеткен бе?»-

деп әке мені сөкпеші,

Бауырларым жеткенде.

Біргемін  деп сезінем

Өзің деп, әке, көз ілем.

Біз үшін шашың ағарды,

Жетер деп соның бәрі де,

Тағдырым салған жараны

Білдірмей келем әлі де,

Тартпасам махаббат азабын

Қуаныш тірлік сәні ме ?

«Құрып па жігіт ауылда?»-

деп сөгер мені анам да.

Жебейтін өмір дауылда

Жып-жылы жүзі санамда.

Солай деп өзі күрсінер,

Жанымды менің түсінер.

Үйреттің, әке, сіз маған

«Көптің жоғын жоқта» - деп.

Құрбымды көріп ойланам,

Әкелер сіздей көп па? – деп.

Шындықты әр кез жыр қылам,

Ту қылып алға ұмтылам.

Шындық салтанат құрады,

Оған менде сенім мол,

Бірақ, қиянат таяғы

Қызыңа да тиіп жүр,

Шағынғаным емес-ау,

Шынықтырар мені бұл.

Сағыныш кернеп кеудемді

Сізді ойлап күні-түн,

Орал жаққа қарайлап

Жетелеп көп үмітім,

Сарғайтқан мені сағыныш

Әкеме қарай алып ұш!

Алғай * - Саратов облысындағы Александров-Гай стансасы

 

 Көңіл

Ұғасың ба, көңіл нәзік өрмекшінің торындай.

Жарығым-ау,  сені қайдам, жүрегім – от.

Өмір сүрсек, бірге ұшып құс жолындай,

Сезімге ие, маған адал болып өт.

 

Тазармаған қалтарыс қуыстардай,

Көңіл деген осындайдан қалатын.

Болып кетпейік туыстардай,

Автобуста бөлек билет алатын.

 

    Ауырғанда...

Мынау не, жаным, тәнімді отпен қоршап алған...

Жүрегімде әсем жыр жолдары атой салған,

Үстімнен төнген адамдар кімдер, неге аппақ айналам?

...дәрімен осы емдеуді қайдан алған?

Құшағыңа ал мені, достарым, әнге салған

Бас жақта тұрар қағаз-қалам қайда қалған?

Беріңдер қалам, әйтпесе, төгіліп жатыр лағылдар...

Өмір мен өлім ортасындамын, жүрегім қалай дамылдар?

Өмір маған қорқынышты емес, тек сендер,

Жырларым, тірі қалыңдар!!!

Жүректерден мәңгілік орын алыңдар,

Болашаққа мені де алып барыңдар!

 

                   Ашық айтпа ойыңды

 Ойымды айтып ем ашық,

Жау болды тілім,

Қараң боп күнім

...шықпады үнім!

 

Ойымды айтып ем ашық,

Досыма жақпады,

Патшаға тақтағы

...құдайым сақтады.

 

Ойымды айтып ем ашық,

Бүлінді тойым,

Қалтырап бойым,

Жым болды ойым.

 

Ойыңды ашық айтуды...

Қойың, құрсын, қойың!

 

          Рақым ағаға

(Р. Абдраймов қайтқанда)

Белгілі ғой бәріміз де,

Жай табармыз мәңгіліктің үйінен,

Жанымызды ажал сұмға алдырып,

Артымызда төбесіне ай таққан

Молаларды қалдырып.

 

Бір запыран кеудемде кептеледі,

Түйдектеліп Жайықтың толқынындай.

Сіз болғандай ол жаққа жетпегені,

Алпысқа да жеткізбей алды құдай.

 

Жасандылық жат еді жаныңызға,

Ойы таза жан едің бағымызға.

Көп адам Сізге қарап бой түзейтін

Мейірімді, нұр шашқан асыл тұлға.

 

«Қарағым» - деп басталар жылы сөзің,

Көрікті етіп жіберетін өмірді.

Атақ-даңқсыз сан жүректің жырысыз,

Ит тірлікте қалдырмаған көңілді.

 

Жақындаса тазарып, бір күйге енген,

Жылытатын қатал мынау уақытты.

Көздеріңізбен өмірге қарап үйренген,

Сізге жақын жүргендер де бақытты.

 

Мынау тайғақ өмірдің мысы басып,

Өлді деген ой келмейді басыма.

Зымиян уақыттың сұрқиялықтарынан қашып

Кетіп қалғандайсыз періштелердің қасына!

 

     Жүрек сыры

Дір етті-ау жүрек,  көргенде сенің бейнеңді,

Отызымда он сегізге толған күйге ендім.

«Сүйем» деп айтпай, жаныңнан көрсең де

Жүріңкіреп барып әйтеуір сен де үйлендің,

Ұмытқандаймын, уақыт алға сүйреді.

 

Білмеймін неге, қадірге жетпес кез бе еді,

Әйтеуір жүрек сезіміңді сенің сезбеді.

Қажетсіз қалған бұйымдай көріп өзіңді,

Құшағыңда кете бардым өзгенің,

Жөн болды-ау - деп, сүймейтінімді сезгені.

 

Өтіп жатыр содан бері қанша жыл,

Жастық дәурен айтып өтті қанша жыр.

Қара бала мұңдылау бір әуен боп

Жүрегімді сыздатады, жаншады,

Сол әуенде тоғысқандай барша  мұң.

 

Сол әуенде жатыр қанша қазына,

Мұң басқанда құлақ тігем сазына,

Бар бақытты күндерімді ойласам,

Тіреледі сол бір жылдың жазына.

Келсе, шіркін, сол бір күндер тағы да

Бір сәт орал менің сорлы бағыма!

 

Қыз бала

Жүзінен нұр тараған

Жарқын мінез қыз бала,

Ғашық көзбен қараған

Айналаға қыз бала .

Жамандықтан хабарсыз

Жайнаңдаған қыз бала ,

Қайда барып қонарсыз?

Аққу текті қыз бала.

А-а-ай, қыз бала

Е-е-ей, қыз бала!

Жел тимеген бетіне

Жауқазындай қыз бала,

Балғын мүсін, төсіне

Қол тимеген қыз бала.

Көзіңнен от сөнбесін

Жолың болсын қыз бала

Төбеңнен бұлт төнбесін

Ғұмырлы бол, қыз бала.

А-а-ай, қыз бала

Е-е-ей, қыз бала!

Жас еліктей еркелеп

Еркін жүрші қыз бала,

Арманыңнан кеш қалмай

Жетіп жүрші қыз бала.

Әппақ, тұнық сезімнің

Иесі бол қыз бала,

Тірегің боп төзімің

Бақытты бол, қыз бала.

А-а-ай, қыз бала

Е-е-ей, қыз бала!

Сыртыңнан көп сүйсініп,

Ел қарасын қыз бала

Іштей ғана күрсініп

Мен жүрейін қыз бала

Періштесі сезімнің

Қимаймын ғой қыз бала,

Қарашығы көзімнің

Аман жүрші қыз бала

А-а-ай, қыз бала

Е-е-ей, қыз бала!

Қыз бала, қыз бала...

 

Күз  суреті

Сағыныштан ба екен

Үзіліп жатыр жапырақ,

Күйзелуден бе екен

Суытып кетті атырап.

 

Қуаныштан ба екен

Бұлттар ойнақ салады,

Қайғыдан ба екен

Бұлақтар сыңсып ағады.

 

Іздей ме әлде біреуді

Тыншымай жел жүгіріп,

Досымның әні жетеді

Әнге салған үзілдіріп.

 

Күтуден шаршаған ба,

Шыңдардың басын ақ шалып,

Өкпелеген баладай ма

Құстар да кетті ән салып...

 

Ағамның досы

Ағамның бір бар досы,

Өте жақсы көремін.

Іздеп келсе ағамды

Қымыз әкеп беремін.

 

Ұнамайды әзілі:

«Жігіт таңдап беремін».

Шыным, оның себебі,

...өзін жақсы көремін.

Ағама

 Аға, маған ренжімеші,

«Бір сағатта келем» десем,

Ит үргенде жиі-жиі

Сыртқа қарай елеңдесем.

 

Сұрамашы сен жеңгемнен

«Тамақ ішпей кетті қайда?»

Басыңнан сен өзің кешкен

Он сегізді есіңе ал да !

 

   Мен емес кінәлі

Алғаш рет көргенде

Орындық ұсындың.

Айтқан соң бірнеше

Қысыла отырдым.

 

...Өткеннің белгісі

Бойдағы сезім ғой.

Мен емес кінәлі,

Есейткен өзің ғой.

 

 Махаббат жоқта

Жоқ қуаныш, жоқ қайғы,

От жалын сөнген, бос кеуде.

Күйкі тірлік – бас қайғы,

Жүрген бір жанмын өлексе.

Қараймын артқа күйіне,

Үзілген үміт арманда.

Тіршілік жоқтай дүние

Махаббат кетіп қалғанда.

 

 Қоштасу

 Уақыт атты керуенге ілесіп,

Сағынышым айналғанда сөнуге,

Неге келдің қатеңменен күресіп

Жүрегіңді мәңгілікке беруге,

Келісімге келуге.

 

Бара алмаймын өзіңмен гүл теруге,

«Қой» деп маған біреу тыйым салар ма?

Әзірмін-ау жүрегімді беруге

Басқа жанның обалына қалам ба,

Сеніменен келісімге барам ба?

 

Кеткен кезде менімен қоштаспастан,

Жүрегіңді ұсындың басқа жанға,

Әрең қалғам сол кезде құламастан,

Үміт артып ертеңгі атар таңға,

Сонда сені қимағам өзге жанға.

 

Өлеңменен жанымды жұбатамын,

Өмір әлі сүріндірер, құлатар мың,

Қайғы мен талай рет жолдас болғам,

Солып барып қайтадан гүл атамын,

Өмірді де қиындықтарымен ұнатамын.

 

Мен сені әркез, жаным, түсінгенмін.

Бақытың тек менімен өлшенбейді,

Өкінсең де, ренжі мейлің, күшіңе мін,

Пәк сезім сені ешқашан кешірмейді,

Екеумізге ортақ боп шешілмейді.

 

Сүйе тұрып мен сені сүйе алмадым,

Білесің ғой адамға шуақ жаным,

Бақытты болуы үшін сол бір қыздың

Мен сені жүрегімнен өшірейін,

Бейнеңді жырларыма көшірейін.

 

Мен сенімен тек үнсіз қоштасамын.

Сен оны жылатпашы босқа, жаным,

Тәтті сыр боп сақталсын көкірегімде

Балауса махаббатым, сырлы бағым,

Саған деген пәк сезім, әппақ арым!

 

Қыз сыры

Жүрегім, нені сезіп дірілдейсің

Шырқалар жас жанымның үніндейсің,

Әлде мен қате жасап алас ұрдым,

Әлде мен бір сезімге қарсы тұрдым.

 

Мені бір жарқыл оттың жалыны шалды,

Ұрлады түнде ұйқымды, күлкімді алды,

Түсіндім, жауабымды естігенде,

Қалушы еді  жігіттердің қашып қаны.

 

Барады күндер өтіп, айлар жетіп,

Саған деген сағыныш арта түсіп,

Кетіп барам жігітке мені сүйген,

Қалсаңшы, ең болмаса титтей сезіп.

 

Шіркін-ай, қазақ қызы ұяң келер,

Айта алмай ойдағысын қиял кезер,

Жәудірей мөлдір көздің қарасынан

Болса ғой жігіт деген өзі сезер!

 

Өз жөніңді тап жаным...

Мынау өмір өрінде

Бұралаң жолдың төрінде,

Жабырқау күздің күнінде,

Өмірімнің мұңды кезінде,

Пәк сезім бастан өткенде,

Думанды көктем кеткенде,

Сабырлылық басқан кезімде

Кездестің, жаным, сен неге?

 

Аяулы ұяң кезімнен

Қатігез жанға көшкенде,

Он сегіз жасым өзімнен

Сіңлімнен орын тепкенде,

Қиялдаумен, арманмен

Отызға жасым жеткенде,

Сезім боп құлап бір кеште

Кездестің, жаным, сен неге?

 

Мен көп нәрсе аңдадым,

Жақсылықты таңдадым,

Қарсы келген жауыма

Жамандыққа бармадым.

Болды өлең арманым,

Досқа толып жан-жағым,

Жымиюды үйрендім

Тұрса да жылап әз жаным.

 

Мына менің гүл ернім

Болған жігіт шарабы,

Махаббатым – тірегім ,

Болса да көп  азабы.

Сүрмесем де өмір мен бірге

Басқаны сүйіп таңдадым,

Екі сүю деген жоқ менде

Өз жөніңді тап, жаным!

 

Көктемгі элегия

Салқын көктем, тоңазиды денең де,

Бір жақсылық тосып жүрмін елеңдеп.

Бақыттан бір бас айналып көл-көсір

Пәк сезімге шомылсам – деп, келем мен!

 

Он сегізге жаңа ғана толғандай

Ең алғаш рет сүйіп ғашық болғандай,

Күйкі тірлік, пенделікті ұмытып

және дағы қу жанымды сор маңдай.

 

Пәк күйге енсем жаңа туған сәбидей,

Шуақ болып таралсам ғой әр үйге,

Пір тұтатын ештеңе де қалмады

...бір жан болса сиынатын тәңірдей.

 

...сезімді парақтардай жыртып бәрін,

Уақыт емдер жанымның тыртықтарын.

Жан ұшырып жамаймын минут сайын

Көңілдің жамалмайтын жыртықтарын!

 

          Түсің жылы басқадан...

Түсің жылы басқадан,

Мен сүйетін жақсы адам.

Орыныңды баса алмас

Ешқашанда басқа жан.

 

Ойым ортақ өзіңмен,

Сырыңды ұғам көзіңнен.

«Күтемін - деген - төзіммен»

Айналайын сөзіңнен.

 

Қарай алмай көзіңе,

Білдірместен өзіңе,

Сүйем сені соншалық,

Жүргейсің сен сезіне.

 

Құшағың сенің от-жалын,

Өртендім мен қанша рет.

Тәтті ләззат аңсадым,

Демалыс алып келіп кет.

 

Түсің игі басқадан,

Мені сүйген жақсы адам.

Орыныңды баса алмас

Ешқашанда басқа жан !

 

Сен мені алғаш сүйген түн

Есіңде ме ?

Өртеп мені от демің,

Құшырлана өпкенің,

Талықсып жаттым сонда құшағыңда,

Төтеп бере алмадым күш-ағымға.

Бір әлсіз күйге түскем,

Түсім бе не боп кеткем?

Бас көтеріп бір сезімдер мың тұрды,

Құшағыңнан шықпақшы боп бұлқындым.

Қайталанбас сол бір кездің

Тәттілігін сен де сездің.

Мөлдір суға құныққан бір адамдай,

Сүйе бердің басыңды алмай аймалай.

 

Қызғанып түннен тымырсық,

Қос қайың жапты шымылдық.

Тіл алмаған баладай тынды жел де,

Ай бізден ұялғандай кетті мүлде.

Тамшылар дірілдеді жанарымда,

Осы күйде мәңгіге қалармын ба?

Кермек дәмін сезбедің бе көз жастың

«Бой жеттің» деп, сүйіп оны құрғаттың.

 

Бақытымды таптым бүгін,

Сонда сездім өмірдің тәттілігін.

Сүймей ақ қой, онсыз да жанып барам

Құшағың сыйқырлы ма, талып барам.

Кешпесең дәл осындай сезімді,

Тәттілігін таттым деме өмірдің.

Сол бір түннен өмірге ғашықтығым басталды,

Беріле оқи бастадым «махаббат» атты дастанды.

                          

Алматы күні – ақ нөсер

Алматының күнінде

Бұлтсыз таза көгінде,

Мінезі бар сұлудың

Тез өзгергіш, кілт етпе.

 

Бар халқы бұл қаланың

Үйренген қол шатырға,

Мінезін Алатауымның

Салмайсың ғой талқыға.

 

Мінезіммен өзімнің

Бір ұқсастық табамын,

Оты ойнап көзімнің

Ойдан бұлттар жабамын.

 

Безеп отпен көгімді

Жалын болып жанбасам,

Сілкілеуге өзімді

Бір нөсерлеп алмасам!     

 

Р. Сүлейменова

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383