Сенбі, 23 Қараша 2024
Жер дауы 9816 5 пікір 4 Шілде, 2017 сағат 13:17

Мұрат Әбенов Қытайдың үлесі бар "Бәтуаны" қолдап отыр ма?

Үржардағы "Бәтуа" ЖШС-не қатысты жер дауы қайта басталды. Қытайлық компанияның 45 пайыз үлесі бар "Бәтуа" ЖШС ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің қожасына айналған. Қалай? Өткен жылғы Жер дауы кезінде бұл мәсесе Үкіметтік комиссияның қарауында болған. Сағынтаев пен Сабильянов шешуге уәде берген мәселе әлі күнге күн тәрбінінен түспей келе жатыр. "Бәтуаны" кімдер қолдап отыр? Бұл туралы заңгер Мақсат Ілиясұлынан сұрап білген едік.

-Мақсат аға, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы жер дауы қайта күн тәртібіне шыққан сияқты ғой? Ол жердегі «Бәтуа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қытаймен қатысы бар екенін де білеміз. Осы мәселенің басы қасында сіз жүрсіз. Өткен жолғы Жер дауы кезінде, арнайы құрылған комиссияда депутат Саблиьянов пен Үкімет басшысы Сағынтаев та аталған серіктестіктің мәселесімен танысқан еді.

- Рас айтасың Нұргелді, Үржар ауданында «Бәтуа» серіктестігінің қытайлармен бірлесіп, 91 432,5 гектар ауылшаруашылық жерін заңсыз алғаны туралы өткен жылғы жер мәселесі туралы Үкіметтік комиссияның алғашқы жиналысында Айдын Егеубаев айтқан. Содан бастап біз осы мәселені жан-жақты зерттеп, көптеген жайттың бетін аштық. Бәрін тәпіштеп айтсақ ұзақ әңгіме, десек те қысқаша баяндап көрейін.

Рет-ретімен айтар болсақ, еліміздің бірнеше азаматы «Мәнфағат», «Ырғын», «Дәремет» тағы басқа серіктестігін құрады да, 91 432,5 гектар ауылшаруашылық жерлерін 49 жылға жалға алады. Кейін барлық жерді 45% үлесі Қытайдың «Уэйз груп» серіктестігіне тиеселі «Бәтуа» серіктестігіне жарғылық капитал ретінде береді. Соның нәтижесінде «Бәтуа» ЖШС 91 432,5 гектар егістік жердің иесі болып шыға келеді.

Ол аз десеңіз, ҚР Жер кодексінде шетелдік жеке немесе заңды тұлғаға, азаматтығы жоқтарға, шетелдік үлесі бар компанияларға ауылшаруашылық жерлер жеке меншікке берілмейді деп тұрғанына қарамастан қытайдың үлесі бар «Бәтуа» ЖШС 5,3 гектар жер жеке меншігіне өтіп кетеді.

Екінші жағынан Үржар ауданы әкімінің бір қаулысымен «Дәремет» ЖШС берілген 7 250 гектар жердің 6080 гектары сол Үржар ауданындағы «Ғани» серіктестігіне берілген.

Бір сөзбен айтқанда Үржар ауданының әкімдігі бір жерге екі кадастрлық нөмір беріп, оны екі серіктестікке берген.

- Ол туралы тиісті орындарға жаздыңыздар ма? Мемлекеттік органдар, оның ішінде құқық қорғаушылар тарапынан тексеру, анықтау шаралары болды ма?

- Ия. Біз осы бір жылдан аса уақыт бойы ҚР Ауылшаруашылық министрлігіне, Шығыс Қазақстан облыстық, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, қауіпсіздік кеңесіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке, тағы басқа органдарға  ондаған хат жаздық. Себебі, ол жерде халықаралық мәселе, елдің қауіпсіздігін, жердің тұтастығын сақтау мәселесі тұр.

- Сол әрекеттеріңізден бір нәтиже шықты ма?

- Шығып жатыр, бірақ толықтай емес. ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің ревизорлары арнайы тексеру жүргізіп, шынымен де  91 432,5 гектар ауылшаруашылық жерлерінің «Бәтуа» ЖШС заңсыз өтіп кеткенін анықтап, ол туралы өткен жылы ШҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына арыз берді.

Сот шешімімен 84 мың гектардан аса жер мемлекетіке қайтарылды. Ең қызығы министрліктің арызында 91 432,5 гектар жерді түгел қайтаруды сұраған. Ал сот шешімінде ШҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Ж. Шакенова министрліктің талабын толық қанағаттандырғанына қарамастан шешімге 7250 гектар жер кірмей қалған. Оны судья әдейі істеді ме, әлде шатастырып алды ма, біле алмадық.

- Сонда, 7 250 гектар жер соларда қалатын болды ма?

- Жоқ, қайтадан жазып, түсіндіріп жүріп ҚР Ауылшаруашылық министрлігіне қайта арыз жазғызып, 7250 гектар жерді де қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. Бірақ, «Бәтуа» ЖШС басшылары өз тамыр-таныстарын қосып, түрлі жалған ақпараттар тарату арқылы сотқа, министрлікке қысым жасауға әрекет етіп жатқан сияқты.

- Сіздің әлеуметтік желіде жазған ақпараттарыңызға қарағанда депутат Нұртай Сабилянов пен экс-депутат Мұрат Әбенов «Бәтуа» серіктестігін қолдап жатқан сияқты ғой?

- Нұртай Сабилянов «Бәтуаны» қолдамаған сияқты. Оның қазақша берген сұхбатын «Астана ТВ» арнасы бұрмалап жіберіпті. Ол туралы Нұртай Сабилянов өзі де телефон шалып түсіндірді, артынан «Астана ТВ» басқаша, жаңаша  ақпарат берді.

Ал, Мұрат Әбенов шынымен де «Бәтуаны» қолдап отыр. Себебі, оның «Бәтуа» ЖШС басшысы Нұрлан Биядиловпен достық қарым қатынасы бар. Қазіргі ақпараттық қысымды да «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» РҚБ төрағасы Толеген Байгуловпен бірлесіп жасап отыр. Себебі, олар бұрыннан дос, жолдас болса керек.

Сонау 2014 жылы «Бәтуа» ЖШС мемлекеттен берілетін субсидия бірнеше айға кешігіп қалады. Сол кезде Төлеген Байғұлов марқұм Михаил Кленчинмен бірігіп ҚР Ауылшаруашылық министрлігіне ақпараттық қысым жасап, «Бәтуа» ЖШС субсидия алуға көмектескен. Ол туралы сол кезде бірнеше сайттарда шыққан.

Бұл жолы да сол әрекетті қайталап, ақпараттық қысым жасау арқылы жерді сақтап қаламыз деп жатса керек.

Шын мәнінде 7250  гектар жерге қатысты заңсыздықтардан ат сүрінеді.

- «Бәтуа» серіктестігінде 500 адам жұмыс істеп жатыр, жерді тартып алса солардың бәрі жұмыссыз қалады деді ғой?

- Ол ақпарат шындыққа жанаспайды. Үржар ауданының тұрғындарының сөзіне сенсек «Бәтуа» ЖШС соңғы екі жылда егін екпеген. Сол жердегі бір азамат «2015 жылы еккен 90 гектардай күздік бидайын, өткен жылы шауып алды, одан кейін ешнәрсе егілген жоқ»,-деді.

Егер 500 адам жұмыс істеп, нақты айлық алып отырған болса нақты құжаттарын көрсетсін, еңбек келісім шарттары болуы керек, әркімнің айлық алғанын дәлелдейдін, зейнетақы төлемдерін төлегені туралы құжат болуы тиіс қой.

- Сонымен мәселе немен аяқталады деп ойлайсыз?

-  Бұл даулы мәселенің нүктесін сот қояды деп ойлаймын. Десек те, «Бәтуа» ЖШС басшыларының немесе олардың сыбайластарының сотқа немесе министрлікке қысым жасауына мүмкіндік бермеуіміз керек.

Сот әділдігіне жете алмасақ ол даудың нүктесі қойылмайтыны анық. Жалпы, жер үшін күрес тоқтамайды.

- Іске сәт. Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377