Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Дәстүр 14862 5 пікір 11 Шілде, 2017 сағат 15:19

Қытайдағы қазақтардың ас беруі

 Ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек «Аbai.kz» порталына тек қазақ көшіне қатысты мақалалар жазумен ғана шектелмей, кейде басқа басылым беттерінен қызықты дүниеледі де көшіріп алып, жолдап отырады. Уақыт өте келе ол дүниені кәдеге жаратып, өз жазбаларында ұтымды пайдаланатыны бар.

Міне, бүгін А.Мұқибектің почтасынан қоржынымызға «ҚЫТАЙ ҚАЗАҒЫНЫҢ АС БЕРУІ» атты дәл сондай бір мақала келіп түсті. Ақын бұл мақаланы «Айқап» журналының сонау 1913 жылғы санынан ерінбей көшіріп алғанын айтты. Бақсақ, мақалада сөз болған оқиға өткен ғасырдың басында, Әукеңнің өз ауылында болған «Бұлғыншының асы» жайында жазылыпты. Тұрақты авторымыздың атасын ардақтаудың сыртында тағы бір ойлаған «ішкі есебі» бар-ау деп ойлап, аталған мақаланы оқырман назарына ұсындық.

Ал, «ішкі есебі» жайлы Ауыт Мұқибектің өзімен  реті келгенде сұхбаттасып білетін боламыз.

 

Аbai.kz

 

 

Жабықбай Бұлғыншыұлы

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АС БЕРУІ

Құлжаның солтүстік жағында күншілік жерде Турасу деген жерде Жабықбай зәңгі әкесі Бұлғыншы ақалақшының (волостной оправителдің) опат болғанына бір жыл толғанда ас берді.

Асқа он төрт болыс ел шақырылып, бүтін шақырылмаған халықтың  әрқайсысына келуіне рұқсат екенін бір ай бұрын жұртқа мағлұм етті.

28 рамазанда аттарымызды алып асқа баруға жолға шықтық. Шыққан күні жақсы адамға қонса жолы болады дегенмен ауылдан он бес шақырым Өріктіарал деген жердегі Жайпақ зәңгі деген бір байға қондық. Ол күні бір көк қасқа қойдың етін жеп, ертерек тұрып, Күнестің бойымен жүріп отырып, бір елге келіп қондық. Екінші жағымыздан Естемес болыстың баласы Ноғайбек мырза келіп қонды. Бәріміз үш ауылға қонып, ертерек тұрып, елу шақты адам бірге аттандық. Ноғайбек мырза орысша, қазақша екі жағынан да хабары бар тәуір ғана білімді жігіт екен. Орысшаны алты жыл Құлжада өзіне арнап «учител» ұстап оқиды. Бүтін Қызайда бізден артық кісі жоқ деп жүрген болыс һәм балаларының «надандығымнан айырылып қаламын» дегендей, оқы десе ат тонын ала қашатын бір заманда бұл мырзаның орысша, қазақша екі жағынан бірдей жеттік болуы таң қаларлық іс еді. Қызайда оқушы һәм оқытушылардың өте аз екені әркімге белгілі ғой. Ал, енді оқу іздеп шетке кетушілер тіпті жоқ еді. Былтырғы жылы оқимын деп шетке кеткен Қызайдың бірінші жігітін Алматыға барған жерінде орыс үкіметі «шпионсың» деп қайта қуып жіберді.

Келелік енді мақсатқа. Жоғарыда елу шақты адам бірге аттанғанымызды айтып едім. Сол күні жүргеннен жүріп отырып Ұты деген асуменен Қас деген өзенге келдік. Ол өзеннің бір жағы қазақтікі, екінші жағы қалмақтікі екен. Сол күні Қас бойында бір Төленгітке қонуға келе жатқанымызда  екінші жағымыздан тәйжі Төре балаларынан біреуі отыз шақты адаммен келіп қосылып, бәріміз бір ауылға қондық. Түнде қой союға келгенде  семіз-семіз қара қой, қара ешкілерді алып келіп еді, «ат алып бара жатырмыз, қасқа болмаса жолымыз болмайды!» деп, сойғызбады. Сонан соң екі қасқа  мал алып келіп, батамызды алып, сойып берді. Қонақасыға Қызайдай ел жоқ шығар дедім. Қызайда біреу қонақасы бермесе, ауылының старшынына апарып «штрап» салғыза алады. Қонақасы бермеген үйдің түнде бір қойын, иә астына салып жатқан текеметін алып кетеді. Қожасы оны дауалай алмайды. Дауаласа, бәрі бір қонақ жеңеді.

Онан шығып сексен шамалы адам жүріп отырып «Тараншы қышлағы» деген қышлақтан өтіп әр ауылға бөліне-бөліне қондық. Бұл ел Күнес еліндей емес екен. Себебі, шаһарға жақын, жерге жарлы, елінде налог жинаған қытай жатыр. Бір үйге қырық-елу, кейбір үйлерге жетпіс-сексен қойдан алым салып, бұл салғаның көп дегенге қытай екең дүре соғып жатыр. Қытайдың шабарманынан қорқып кейбіреулері жылқысын қарағайдың ішіне айдап шығып жатыр. Ертеңгі күн рамазан айты еді. Аттанып келе жатыр едік, бір жерде тау басына жиналған бірталай адамды көрдік. Айт оқуға жиналған адамдар шығар деп қаттырақ жүріп жұрт жиналған жерге бардық. Екі-үш кісі кезек-кезек «сафан-сафан» деп айғай салып жатыр екен. Анық айт оқуға жиналған жұрт екені білінген соң, біз де аттарымыздан түсіп, сапқа кірдік. Біраздан соң «сафан-сафан» деген айғай бітті. Сексен жастағы моллаға ұйып, айт намазын оқыдық. Намаздан соң хатба оқығалы түбі жоқ бір кітапты қолына алып, моллекең түрегеліп еді, моллекеңнің қолынан кітапты жел бөлік-бөлік қылып бытыратып ала жөнелді. Әр қағазын бір қазақ қуа жөнелді. Көп кісі қуған соң қойсын ба, бәрін де моллекеңнің алдына ұстап алып келді. Қашқарлық молла шамасы бір сағат кітабын реттеген соң, хатба оқыды. Бірақ, не оқығанын түсіне алмадым. Ол сияқты хатбаны иә Арабстандай, яки Түркияда, болмаса Түркістанда, Қазақстанда еш естіген жоқ едім. Сол күні бұрын менде баласы оқыған Қожеке деген молланың үйіне қонуға келдік. Хош көріп, қабыл алды. Түнде әңгімелесіп отырғанда, сөз арасында, үй иесі молла:

Жақын арада бір сейт зада араб келіп үйімізге түсті. Бір мезгілде үйдің уығында қыстырулы тұрған баланың кітаптарын алып қарап отырғанда «Ротни мир» деген орысша әліппе кітабын көріп, оның ішіндегі әр түрлі суреттеріне де көзі түсіп, «мынаны кім оқиды? Кім оқытады? Оқыған баланы тап, атып өлтіремін! Оқытқан молланы тап, халифаның алдына шақыртамын. Ол молланы істеткен кісіге дүре соғамын! Бұл – орыс кітабы. Бұл кітап келгеннен бергі ораза, намаздарың қабыл емес! Кіфартин беру тиіс!» деп, қолына алты атарын алып ашу қылған соң, «бала үйде жоқ, молла үйіне қайтып кетті, молланы істеткен кісі бұл күнде алыста» деп, қорыққанымыздан  Кіфартине жиырма сом менен бір жақсы ат сұрап еді, жалынып отырып алты сом ақша, бір дөнежін байтал беріп һәм ағайын-туғандарымызды аралатып, елу сом шамасы ақша беріп жолға салдық. Жарықтықтың мінезі өте қатаң кісі екен, бергеннен де, бермегеннен де ала алатын жайы бар көрінеді. Осы елден күмісті жүген, құйысқан көп алып кетті, – деп, мені ажалдан құтқарып қалған кісідей болып сөйлеп отырды.

Ішімнен «Әй, надандық-ай!» дедім де отырдым. Не деймін. Бұл молланың үйінен аттанып, Шөлжота, Көгершін, Қайшы деген жерлерден өтіп, ас берген Майтөбе деген жерге жақындадық.  Бұл жерлер сол маңайдағы елдің жазғы жайлауы екен. Ағаш һәм жердің шөбі адам айтқысыз. Бұл жерлерді көргенде башқұрттардың Орал таулары ойыма түсті. Ішімнен «егер, бұл жерлер бір өнерлі жұрттың қолында болса, қандай болар еді. Жердің қадырын білмеген елде бір тиынға аспай жатқаны-ай!» деп, Россияға қараған қазақтардың жерлерінен айырылғаны есіме түсіп, «бұлар да бір күні бұл жерден айырылады-ау!» деп, көңілім елжіреп қойды. Біз келгенде ел көшіп азайған екен. Бағзысы асқа келетұғын елден қорқып, қой-қозымызға зарары тиер деп, бағзысы өздерінің көшетұғын мезгілдері болып көшіп жатыр екен. Бұл Тураасудан Қалжатқа жақсы атпен екі қонып кіреді деді. Тәп сәрсенбі күні Майтөбеге жақындап келіп біздің елдің ықтиярлы адамдары Сыламжан болыстікінде жатыр екен. Біз де сонда түсіп, айт шай, қымыз ішіп, бүтін Бегімбет деген ел бірге қосылып, екі жүз шамалы кісі Сыламжаннан шығып, екі шақырым жердегі Бұлғыншы болыстың асын берген үйге бірден «Бауырым-ай-Бауырым-ай! Халфем-ай -Халфем-ай! Қорғаным-ай-Қорғаным-ай!» деп, шапқан бойымызбен келіп түстік. Тәп Бұлғыншы үйінің басында бір ақ ту желмен бір ары, бір бері шайқалып тұр еді.

Алдымыздан қарсы алуға шыққан кісілер аттарымызды байлап қалды. Біз есік алдына «Қош келдіңіздер!» деп, қол қусырып тұрған Жабықбай мырзаға амандасып, «Атаңыз иманды болсын!» деп, үйге кірдік. Біз кірген соң төрт қатын шымылдықтың артынан «Жоқтау» бастады. Төртеуі бір әнмен. Бұлар жарты сағаттай «Жоқтау» айтқаннан кейін, төрт қыз Бұлғыншы марқұмның әр түрлі жақсылық салттарын айтты. Үй іші лық толған кісі бір сағаттай бұлардың айтқанын тыңдап, ишандардың хатфасында отырғандай әр кім басын төмен салып, мүлгіп отырды. Ақырында құран оқылып, дұға қылынды. Сонан соң екі кісілеп көтерген дастарқанмен бауырсақ, қант, әр түрлі тағамдармен шай берді. Үй зор, сегіз қанат. Үш жерге темір «крават» орнатылып, әр қайсысы жібек кілеммен жабылған. Шай ішіп отырып шамалап, үй ішінде жиырма мың сомдық жасау бар-ау дедім. Бүтін үйдің іші нақыш, безек. Жоғарыда түрлі-түрлі шымылдық, түрлі-түрлі ішік, түрлі-түрлі мәуті шапан ілулі тұр. Төрден есікке дейін әр түрлі қымбат кілемдер төселіпті. Шайдан соң бәрімізді он шақты үйге бөліп кіргізді. Жиылған жұрт үш мың шамасында болды. Әр екі үйге бір-екі бие, екі қой сойыс берді. Әр үйге екі күнге жетерлік нан, қант, шай, тұз, күріш берілді. Бұларды пісіруші һәм пісіретін аспап – бәрі де даяр. Ертеңінде күрес болатұғын болды. Әр кім өз ұранын шақырып, тауға шықты. Үстілерінде дамбалдан басқа киім жоқ әр екі тараптан жалаңаш балуан шығып, күрес бастады. Күресіп жүргенде бауы үзіліп кетіп, бір балуанның дамбалы түсіп қалды. Жалаңбұт қалған балуан екеуміз бірдей болайық деді, білем, ана балуанның дамбалын әдейі жыртып тастады. Сөйтіп, екеуінде де белбеуден басқа киім қалмады, анадан туғандай жалаңаш алысып жүрді. Сондай-сондай қызықпен ол күн өтті.

Ертеңінде ат шабыс болды. Үш мың кісіні екі күн, екі түн тамаққа тойдырып, тарқатты. Асқа 150 шамсы үй тігіліп, 156 жылқы 250 қой сойылды. 106 ат шапты. Бас аттың бәйгесі мың теңге мененен бір түйе. Шетелге сыйға 21 ат берілді.

Егер, Жабықбай мырза осы расхұтты қызай балалары үшін бір мектеп салуға жұмсаса, өзі һәм атасы үшін қияметке шейін үзілмейтін бір сауап қылған болар еді!

 

Моллағали Бектұрлин

 

«Айқап» журналы,

10 маусым,

1913 жыл.

Дайындап ұсынған: А. Мұқибек

Abai.kz

 

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1102
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2035
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2020