Жарты жылда 70 мектепті, яки 40 аурухананы жеп қойыпты...
Жемқорлар барлық жерде де бар шығар. Алайда біздегі жемқорлардың жөні бөлек. Олар «Түйені түгімен, биені жүгімен» жұтқанда тамағы бүлк етпейді. Қақалып қалармын деп те ойламайды. Қанағат дегеннен мүлдем жұрдай. Бұлардың көш басында ақ жағалы шенуніктер келеді екен.
Осыншама қарақұрым жұрттың тамағынан өтіп кеткен дүниені есептегенде жағаңды ұстайсың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кірістер жөніндегі комитеттің алдын алу жұмыстары және бақылау басқармасының басшысы Арман Есембаевтың айтуына қарағанда тек биылғы жарты жылдың өзінде әлгі шенеуніктеріміз барлығы 150 миллиард теңгені жымқырып қойыпты. Бұлар негізінен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламасына бөлінген қаржы көрінеді.
Ал енді осыншама мол дүниеге не істеуге болар еді? Қарап отырсаң, көптеген игі істер атқарылып, бірталай шаруаның беті бері қарар еді. Мәселен, осыншама қаржыға 1200 балаға арналған 70 мектеп, 80 бала бақша, немесе жақсы жарақталған 40 аурухана салып тастауға еркін жетеді екен.
Мінекей, шенеуніктеріміз жемқорлығынан қаншама бала мектепсіз, қаншама сәби балабақшасыз, қаншама сырқат ауруханасыз қалды. Әй, оған ұра берсең, семіре беретін борсыққа ұқсас шенеуніктеріміздің жаны аши қояр дермісің.
Жайберген Болатов
Abai.kz