Ой – қуатты
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе,
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге!
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Уақыттан жүйрік ештеңе жоқ-ау, асылы. Кеше ғана мектеп қабырғасында Абай өлеңдерін тақпақтап жаттап, жыл сайынғы дәстүрлі оқуларға жан-тәнімізбен дайындалып, бұйырған жүлдені иеленіп, келесі қадамға балалықпен қол жетпес биік мақсат қойып, қиялдаушы едік. Қиялымызға қанат бітіруші едік... Беу, сол бір қайталанбас, қимас шақтар-ай десеңші!...
Сөйтіп жүріп, «... Абай өлеңдерін оқу, оның қадір-қасиетін сезіну, асыл ойларын зердеге сақтау ынтасы да, ықыласы да бүгінде бұрынғыдай емес. Тек Абай ғана емес, жалпы кітапқа құштарлық, кітапқа құмарлық бәсеңдеді. Мұны күнделікті тіршілікте әр отбасынан көріп жүрміз. Теледидар, басқа ақпараттар толқыны, батыстық экспанция өз балаларымызды бауырымыздан, ұлттық әдебиеттен, ұлттық өнерден, ұлттық музыкадан бөліп алып барады. Бұл шынында да қорқынышты жағдай...» / М.Жолдасбеков. Е.Қ. 26.ХІ. 2008ж./ - деп жазған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық ұлы мұраттарға аянбай қызмет етіп жүрген «жүрек қуаты мол тұлға» филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбековтің мақаласын оқи отырып, ағаға хат жазып, қазақтың бас ақыны туралы жазылған баға жетпес кесек ойларға өз үнімді қосуға талпынған болатынмын. Ондағы ойым: кешегі Мағжан сенген ұлы, текті халықтың «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты», тұлпардай қажуды, сұңқардай талуды білмес, ел мүддесін өз мүддесінен биік ұстар, айбынды Алаштың атын бір-ақ таңда аспанға шығарар, «сөздерінде жалын, көздерінде от ойнар» қуатты да ойлы зерек жастар легі өсіп келе жатқанынан хабардар етіп, жақсылықпен сүйіншілейін дегенім еді.
Ұлы Толстойдың «Мың сөз ойлап тауып, бір сөз таңдап алу қандай қиямет-қайым» деп қиналғаны бар екен. Сөз қадірін Толстойша ұғынғым келді білем, аталмыш хатымды ұзақ жазып, қайта-қайта түзулеп, тәптіштеп, әуреге түскенім де есімде.
Иә, ойларым да, арманым да көп менің...
Ой демекші, өз таңдауыңның нәтижесінде өміріңнен орын алып жатқан барлық жағдаяттар анығында ішкі ойыңнан бастау алатынын кезінде Паскаль былай деп нақты тұжырымдаған екен: «Біздің бүгінгі барлық жетістіктеріміз – ол өткен күндері ойлаған ойларымыздың көрінісі ғана». Яғни, ғалымдардың зерттеуінше, біздің өміріміз әрбір секунд, әрбір минут, әрбір күні ойлаған ойымыздан тұрады екен. Олай болғанда, ой жерге егілетін дән іспетті: не ойласаң, соны оратындығың анық.
Америкалық тамаша жазушы Роберт Кольер «Ғасырлар құпиясы» еңбегінде былайша ой түйеді: «Біздің өміріміздегі әрбір іс, әрбір тәжірибе ақылымыздың нәтижесі. Біз «істей аламыз, қолымнан келеді» деп ойлаған нәрсені ғана іске асыра аламыз. Кім бола аламыз десек, сондай дәрежеден ғана көріне аламыз. Не істесек те, кім болсақ та, барлығы біздің ойымызға байланысты. Барлық биліктің, сәттіліктің, байлықтың құпиясы солар туралы қуатты әрі позитивті ойлайтындарда...» Ронда Берннің "Секрет" атты бестселлер кітабында да осындай ойлар айтылған: "Өміріңіз, әуелі, ойыңызға байланысты. Себебі, сіздің әрбір ойыңыз – қуатты күш әрі магнит іспетті. Магниттің өзіне ұқсас дүниелерді тартатыны секілді, сіздің де санаңыздағы сансыз ойлар қандай болса, соған ұқсас ойлар келеді, оның іс-әрекетіңізде көрініс табуы ғажап емес. Қандай болсаңыз, айналаңыздағы достарыңыз да сізге ұқсас болады. Ұқсас дүниелер өзіне ұқсастарды тартып тұрады. Ғұмыр жұмбағы – тартылыс заңы". Қаншалықты шындыққа жанасатындығын білмесек те, адамдар позитивті ойласа, сол атмосферада жақсылық қалыптасатыны ғылыми негізделген ғой. Мұны жаһаннамға әйгілі физик И.Ньютон осыдан төрт ғасыр бұрын ғұмыр жұмбағы - "бүкіл әлемдік тартылыс заңы" деп атап, табиғаттағы барлық денелер бір-біріне тартылып тұрады деген тұжырым жасаған болатын.
Ендеше, оқушым, сіз де келелі ой түйіңіз! Хакім Абай бұл турасында не дейді екен?
Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рақат гүл-бәйшешектерді, ағаш жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өсіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып, дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін - һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық"-дейді данышпан 38-қарасөзінде. Бұл жаратқан "хикметтерінің һәммасында һәм мархамат, һәм ғадалат заһир тұр екен". Осыдан мынадай сұрақ туындайды: Жер мен Көкті осындай бірлікпен, өлшеусіз кеңдікпен бір ғана адам баласының пайдасы үшін шексіз махаббатпен жаратқан он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағала сансыз нығметтерінің ішінен сізді бақытты ететін болмашы нәрсені бермей қояды деп ойлайсыз ба?! Аяулы армандарыңыздың орындалуына не кедергі? Қасиетті Құран Кәрімде: «Ол сондай Алла, кез келген нәрсенің болуын қаласа, «бола қал» дейді және ол сөзсіз болады» делінген. Мұнан шығатын қорытынды: «Ақылға еркін ой керек, Матаудан ойды азат қыл, Әдеттеніп ертерек, Өрісін кеңіт жылма-жыл» деп еркін ойлы ақын Шәкәрім айтпақшы, ойымызға, арман-мақсаттарымызға матау, құрсау қоймай, ішкі ойымыз бен тілегіміз анық болып, ең бастысы, әрдайым позитивті еркін ойлауға дағдылансақ, әр істі таза ақылға сыната аламыз. Бәрін ақыл таразысымен шешсек, өз өміріміз үшін үлкен жауапкершілік ала аламыз, ол – біздің шынайы өміріміз болмақ. Демек, барлық игі немесе қиянат істердің де бастаушысы – ішкі ой екен.
Олай болса, не тұрыс? Өз өміріме бір сәт үңіліп көрейінші, оқушым. /Сіз де жайымен өз өміріңізге көз жіберіңіз./ Әлгінде атап өттім, еліміздегі атағы дардай кісіге хат жазғалы бері табаны күректей төрт жылға таяу уақыт өтіпті. Осы жылдар аралығында өз өмірімде қандай өзгерістер болды. Менің ой-арманым жүзеге асты ма?
Ең бастысы, Алаштың ардақтысы, қазағымның бәйтерегі Мырзатай аға Жолдасбековтің үйінде қабылдауында болдым. Қазақтың рухани әлемін көне түркілер дүниесімен салғастыра зерттеуді алғаш қолға алып, байыпты зерттеп, сөйтіп, ұлттық әдебиетіміздің тарихын 12 ғасырға тереңдетіп жіберген, халқының болашағы үшін жанкештілік еңбек еткен ұлы тұлғамен кездесу менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас аяулы кезең болып қала бермек.
Университетте «Әңгіме-дүкен» герменевтикалық клубында Абайдың 28-қарасөзінің мәнін ашу мақсатында жасаған «Ой – қуатты» атты лекциямда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д. профессор Серік ағай Негимовтің бүкіл аудиторияға дауыстап: «Жарайсың, Шахинұр! 55 минөт тыңдармандардың жүрегін жаулап алдың», - деп берген бағасы томағасы сыпырылып, көкке самғаған қыран құстай сенімділігімді арттырды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» /18.ІХ.2012ж/ жарияланған ««Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе?» деген мақаланы оқығандағы ойларым немесе Мырзатай ағаға хат», «Батаменен ер көгерер немесе Мырзатай ағаға хат» атты мақалаларымды оқыған Алматы облысы Ұйғыр ауданының №4 Шоңжы орта мектебінің 10-11-сынып оқушылары: «...Абай шығармашылығына қайтадан тереңдеп, Шәкәрім туындыларына қайтадан оралып, қайта жаттауға, қайта оқуға кірісеміз деп отырмыз... Сенің талантың елімізде тұратын ел ертеңі болатын шәкірттерге терең ой тастады. Абай мен Шәкәрім сияқты ғұламаларға терең бойлау керектігімізді ескертті» деп өздерінің жүрекжарды тілектері мен ниеттерін «ЕҚ» газеті арқылы «Оқырман ойын айтады» /16.Х.2012 ж./ айдарымен жолдаған болатын. Осындай жас өрендердің, сондай-ақ, Абай-Шәкәрім мұраларын зерделеп, аудан, облыс көлемінде нәтиже көрсеткен бірқатар ізбасарларымның Абайдың, Шәкәрімнің асыл ойларының сыртын емес, сырын ұғынуға деген құлшыныстарының жылдан-жылға артып келе жатқаны бар қазаққа ортақ зор қуаныш деп білемін.
Егер бір нәрсені шын қалап, соған сай ерінбей еңбектеніп, жалықпай ізденсең, үміт үзбей, арманға сенсең, бүкіл әлем соның орындалуына себепкер болады. Нені меңзеп отырғанымды түсінген шығарсыз, оқушым?! Өйткені, жоғарыда келтіргендей: «Бүкіләлемдік тартылыс заңы». Осыдан соң, аса жауапкершілік, үлкен табандылықпен тек бір ғана мақсат қойып, ой-сананы соған бағыттап, бал дәурен- балалық шақтың қомақты бөлігін саналы іске арнаған менің алдымнан қандай жол шығуы мүмкін деп ойлайсыз?!
Олай болса, бүкіл әлем бір-біріне тартылып тұрғанындай, сіздің де не қалайтыныңыз айқын болса, міндетті түрде оны ішкі ойыңыз арқылы өміріңізге тартасыз және ол сөзсіз көрініс табатынына кәміл сеніңіз. Ұлы Абай осынау заңдылықты білген ғой. Білген соң да ой қозғаған. «Бүкіл әлемдік тартылыс заңын» қырық үшінші қарасөзінде: «Жан қуаты дейтұғын қуат - бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды... Бұл қуаттың ішінде артық үш қуат бар»,-деп соның « біреуін орысша «сила притягательная однородного»»,-дейді. Қазақшаға «ұқсас дүниелердің немесе біртектілердің тартылыс күші» деп тәржімеледім. Бұл қуатты, әуелі, ұлы ақынның өзі қалай түсіндіреді екен?! Оқиық: «Ол – бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды»,-дейді. Хакимнің айтуынша мұндай «сила притягательная однородного» адам бойында әуелде болады. Ескермеген, «тамырын берік ұстап» тұра алмаған, «күтіп айналдырмаған» адамның бойынан жоғалып кетеді екен. Сондықтан да оны «зинһар, жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты»,-дейді түйіндеп. Мұның өзін адам ескере бермейтін жаралыстың бір жұмбағы немесе Абайша айтқанда «дүниенің көрінбеген сыры» дерсіз. Қарасөзде айтылғандай өмір, табиғат, қоғам, адам, т.б. жайында қалай ойлансаңыз да, тіпті, өзіңіз қандай адам болсаңыз да бойыңыздағы сол бір артық қуатты «сила притягательная однородного», яғни «ұқсас дүниелердің немесе біртектілердің тартылыс күші арқылы» ойыңызға, өзіңізге ұқсастарды тартасыз. Бұдан түйетініміз: сіздің өміріңіз сіз қаламасаңыз да, өзіңізге тартқан, сіз әрдайым ойлайтын деңгейде өтпек. Өйткені, әрдайым ойлайтын ойларымыз дәл солай болатынына көңіл түкпірінде шын сенімді тудырады. Және сол сенім сондай оқиғаның болуына жағдай жасайды. Бұл – заңдылық. «Жақсы менен жаманды айыра алмай, бір ұрты қан, бір ұрты май болған» , ой, ғылым-білім емес, пайда, мақтан қуған «қалың елі, қазағы, қайран жұртына» осынау бұлжымас заңдылықты ұлы Абайдың басқаша түсіндіруі «жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадаған» /24-қарасөз/ заманда мүмкін емес-ті, біздіңше.
Сөз соңында айтарым, ой – адамның қаруы. Ол – қуатты. Егер әрбір жан игі іске ұмтылса, шапағатқа бөленетіні даусыз. Ендеше, адамзаттың мақтанышы, адастырмас темірқазығымыз Абай айтқан және әлемдік ғылым негізінде ойымыз тек жақсылыққа бағытталып, оған сеніміміздің беріктігі мен амалымыздың туралығы сай болса, АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ шапағаты да біздің ішкі, сыртқы ниетімізбен сәйкес келеді де. Сөзсіз орындалары хақ екеніне шүбәңіз болмасын.
Абай ғылым-білімді үйренудің шарттары туралы айтқанда отыз екінші қарасөзінде : «Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу»,-дейді. Мұхафаза қылу – пікірлесу дегені. Ендеше, ой туралы ойға ой қосыңыз, оқушым!
Жалғасы бар...
Шахинұр Садуақас
Abai.kz