Абайдың бақайшығы
Бұдан бұрын «Абайдың діндік нанымы мен танымы», «Абай сәулесі» «Абайдың шүңеті», «Абайдың бақыты» жайында жазып едім, енді «Абайдың бақайшығы төңірегінде бір үзік сыр» шертіп отырмын. Қара бақайынан хан басына дейін халық әдебиетінің алтын тұлғасына айналған Абай туралы қанша айтсақ та, бірдеңе жетпей тұрғандай болады. Көптік етпейді!
автор
Бірде ақын, Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызымен сұқбаттасып отырғанымда ол кісі Қайым Мұхамедхановтың Абайдың «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деген өлеңі өз қолжазбасындағыдай емес «дүние бос» деп қате қолданып жүр деп айтқанын әңгімелеп еді. Бұл жаңғырық бұдан бұрын да, кейін де біраз жерде айтылып жүр. Ал өз басым «Абай шүңеті» атты мақаламда көзім жеткен біраз шындықтың шекесін қылтитқаным бар.
Өзім жайында айтсам Абайды әлі толық білмеймін. Қалай білесің, «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сырға толы жұмбақ жүректі! Абайтанушы да емеспін. Бірақ Абайға қарыздар қазақ баласының бірі ретінде білгенімді айтпай қалуға хақым жоқ. Келесі ұрпақ асылын алар, жасығын тастар. Әлемде «Құран Кәрім» қаншама рет басылды, таратылды. Бірақ еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Оның басқа ұлттар тіліндегі баламалы түсіндірмесі де кең тарады. Бұл арада «баламалы түсіндірме» дегенді әдейі қолданып отырмын. Құранды бір ғана кісі түсініп оқыды. Ол пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. Ал, қалғанын «Аударма» деп айтуға болмайды. Тіпті Құранның ішінде ләм-мим (Аллаға ғана аян) деген сүрелер кезігеді. Бұл жұмбақ! Білуге құмарлық пен біліп жете алмас шексіздік арасындағы көз жеткісіз жиексіз әлем көп.
Ал, Абай кім? Ол да «жұмбақ па?». Ол «өлеңнің, поэзияның пайғамбары ма?». Есімізде болсын, Абайды таныған есті ұл оның есіміне пайғамбар атауын қоспайды. Ол Хақты білген Абайды көтеру емес, мазақтау. Егер Абай тіріліп келе қалса, алдымен соны айтушыны аса таяғымен аямай асатар еді, «бөтен сөзің» не!? – деп.
...Қисыны мен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын, пайғамбар мен оны Алласы, – дегенді айтқан Абай лирик ақын, толғамды философ ғана емес, ғұлама дінтанушы таза – мұсылман. Соңғы пайғамбар – Мұхаммед (с.ғ.с). Енді не керек?!
«Жұмбақ»-қа келсек Абай әлем жұмбағына, дін жұмбағына, хадис жұмбағына бар зейін-зердесімен үңілді. Өзі де жұмбаққа айналды. Ең бастысы Абай Хақты таныды. Хақ та Абайды «далаға тастаған жоқ».
«Абай да» сан мәрте көшірілді, басылды, таратылды. Біздің Өр Алтайдағы ауылға «Абай қолжазбасы» атанған қотарма қолжазбалар 1920 жылдардың алды-артында тарады. Ақыт Үлімжіұлы да сол кезде тамсанып, таңданып:
Бұдан бұрын ақындар өтті талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Солардай өткір сөзді таппасам да,
Ойымды жеткізейін құрай-жамай, – дей келіп оған өте жоғары баға берді. Еліктеме өлеңдер («ғақылиялық үндеулер» деп) жазды.
Айтайын дегенім көшірме, қотарма көбейген сайын, әсіресе замана ағымына байланысты әріп жазулардың өзгеруімен әуелгі нұсқадан ауытқушылық көп кездеседі. Абай бір ғана ғасырға сыймайды. ХІХ, ХХ, ХХІ – үш ғасыр Абай ғасыры. Одан кейінгісін Алла біледі. Ескі Шағатай жазуы, татар баспалары кезіндегі татар шалыс сөздер, араб, парсы әдебиеті ықпалы және араб алфавиті негізінде жасалған Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу әліппесінің ортақ ерекшелігі – оңнан солға қарай жазылады. Асты-үстіндегі нүкте, үтір, жіңішкеру белгілерін аңғармаған адамның қателесуі бек мүмкін. Сондықтан да сөз басындағы Абайдың «Махаббатсыз – дүние дос» сөзінің «Махаббатсыз – дүние бос» болып жазылуына, өзгеріске ұшырауына таңдануға болмайды дер едік. Тек түзетпегенімізге ашынуға, қынжылуымызға, ұялуымызға болады.
Кеңес заманы жайлы көне қариялар: «е, кәменестер келіп қазанды ортақ қылады дейді, қатынды ортақ қылады дейді» – деп бір ауыз тұжырыммен арғы бет асқанын айтып отырушы еді. Сол «қатын ортақ» заманға Абайдың «махаббатсыз дүние бос» дегені табылмас қатық болды да, жеңіл сезімдегі өнер құлағын ұстағандар қыздарға иек көтерген тұста атасының сөзін алға ұстайтын еді. Әуезов жарықтықтың өзі Абайдың ғашықтық хикаяларын тамсана баяндайтын. Тіпті Қайымның айтуынша Сәбеңнің өзі (Мұқанов) Мұхтар Әуезовты «Абайдың төл кіндігінен екен» деп, содан екі тұлғаның арасына қара мысық жүгіріп өткен. Қалай болғанда да біз Мұқаңа да, Сәбеңе де сендік. Өздері біліп адасса да, білмей адасса да жұрт Абайдың бір қырын махаббат сезіміне мастығымен түсінді де жаңағы «махаббатсыз – дүние босты» әндете жөнелді. Кім кінәлі?
Енді кітап ақтарайық. Мұхтар Әуезов өзі қарап редакциялаудан өткізген Абай шығармаларының 1957 жылы Алматыда жарық көрген ІІ томдық толық жинағының І том 121 бетінде тайға таңба басқандай:
Махаббатсыз – дүние дос,
Хайуанға оны қосыңдар,
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының балаң досың бар, – деп тұр екен.
Ең үлкен сұрақ – Абайдың махаббаты не?
Бұған жауапты Абайдың өзі айтып кеткен, қайталайық: «Құдай Тәбәрәкә уә Тағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі, уә һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі» (қырық бесінші сөз)».
«Адамшылықтың алды махаббат, ғаділет сезімі»...
«Махаббатпен жаратқан адамзатты, сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті»...
«Күні түні ойымда бір-ақ тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі»...
Демек, Абайдың «махаббатсыз ... », – дегені Аллаға деген махаббатты бірінші орынға қойып тұр. Қалғаны айтпаса да өз жалғасын табатын табиғат заңдылығы.
Ал ендеше, сенің Аллаға деген махаббатың болмаса «дүние қуған – боқ қоңызсың», «хайуаннан айырмаң жоқ». Мынау дүниені – пендешілікті, бас амандық үшін жасалатын бақай қулықты, мүлікті, малды, алдап-арбау, бәкір-шүкірді өзіңе дос етесің. «Алла өзгермейді, адамзат күнде өзгереді», «Замана шаруа, мінез күнде өзгереді, Тағриф Алла еш өзгермейді». «Күллі мақұлық өзгерер, Алла еш өзгермес». Сондықтан, «распенен таласпа мүһмин болсаң!». Осындағы «распенен таласпа» деген сөзді мың қайталасақ та, әлі де шүбәмен қарайтындар аз емес. Тіпті осы жолдардың өзіне мұрынын шүйіріп, ерінін қозғауға да ерініп отырғандар да бар шығар. Өз еркі! Абай ақиқатының тағы бір тереңін Жүсіп Баласағұнның «Құттыбілік» дастанынан табамыз (Алматы, «жазушы» баспасы, 1986 жыл, 395-бет).
Дүниеқоңыз, пайдакөске жолама,
Шүбәсіз, ол – жауың, жау дос болама?
(Дүние қуған, дүниеқоңыз оңама,
Дүние дос дүние – бос, жолама), – дейді.
Ұлылар үндестігі біреу ғана. Түп қазығы мүһмин Алла сөзі. Алла сөзі «мүһмин таласпайтын» «рас» – шындық!
Тағы бір қайталайтын ақиқат Абайдың:
«Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас», – дегені.
Абайтанушыларға айтар едім – осы сөздің мәніне толық жету үшін, әуелі Абайдың ізімен сол төрт кітапты оқып шығыңыз деп. Төрт кітап түгіл Құранның бетін ашпайтындардың Абай туралы зерттеу жүргіздім дегені, еңбек жазғаны – Әуезовқа ұқсап Абайдың «тізесіне» дейін емес, Мағауинше «қызыл асығына» дейін емес, Абайдың бақайшығы төңірегіндегі әңгіме болып қала береді.
Абайдың қара бақайынан хан басына дейін зерттеу – кешенің бір жүгі болса, бүгінгінің екі, ертеңгінің үш жүгі болмақ. Мақсат біреу – Абай әлемі арқылы қазақ әлемін тану, көтеру; «адамзаттың бәрін бауырым» деп сүйіп, әлем халықтарымен өнер, білім-ғылым арқылы үзеңгі теңестіру. Абай – адамзаттың Абайы. Қазақ даласында туғаны үшін біздің тәлейіміз жеңіп тұр. Өзінің бағына туған ұлын ұлағаттау – Алланың ұлтқа жіберетін сыйлы сынағы! Сынақтардан сүрінбей өтейік, ағайын!!!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар Одағының, Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі
Abai.kz