Тыңшылықпен айыпталған өзбек офицері бостандыққа шықты
Отанын сатып, тыңшылықпен айналысты деп айыпталған Өзбекстанның қорғаныс министрлігінің сыртқы экономикалық байланыс басқармасының бұрынғы басшысы, подполковник Эркин Мұсаев 11 тамызда бостандыққа шықты.
Эркин Мұсаев 2006 жылы «Материалдық сыйақы үшін құпия ақпаратты шетелдің арнайы қызметіне беріп отырды» деген айыппен 15 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамады. Кейін отбасына тыныштық береді деген шартпен ғана мойындайды. Сол кезде Мұсаевтың туыстары оны азаптағанын, жақындарын қорқытқанын мәлімдеген.
Мусаев БҰҰ агенттігінде жұмыс істеп жүргенінде ұсталған.
БҰҰ Эркин Мұсаевтың сотының әділетсіз өткенін мәлімдеген. 2005-2010 жылдары Өзбекстан қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды шенеуніктері, оның ішінде генералдары бар АҚШ-тың тыңшысы деген айыппен сотталған.
Биыл сәуір айында тағы бір өзбек офицері Александр Мокеев бостандыққа шыққан.
Abai.kz