Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті
Бүгін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Ә.Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті.
Отырыс басталғанға дейін комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі кеңсенің (Жобалық кеңсе) және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызметімен танысты.
Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша күллі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Жұмысын бастағаннан бері Жобалық кеңсе министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жобаны пысықтады, қазір олар жүзеге асырыла басталды.
Отырыста Ұлттық комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысын қарады. Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері мен жұмыс топтарының жетекшілері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Жалпы алғанда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы алдағы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатын болады.
Сарапшылар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімін жасады. Бағдарламаның аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы оларды аударуға кірісті.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша республикалық деңгейдегі 100 және өңірлік деңгейдегі 500 киелі нысан іріктеліп алынды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалды.
Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді.
Туындыларды алдын-ала іріктеу қоғамдық талқылауды ескере отырып жасалады. Одан кейін тізім оның іріктеу талаптарына сәйкестігін сараптау үшін сараптамалық топтарға ұсынылады.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 1500 өтінім келіп түсті, олардан әрі қарай ашық дауыс беруге ұсынылатын аралық пулдар түзілетін болады.
Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру, елдің әрі қарай да дәйекті түрде мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.
Комиссия құрамында танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, өңірлер мен Астана, Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және саяси партиялардың өкілдері бар.
Abai.kz