Жұма, 29 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 6229 3 пікір 25 Тамыз, 2017 сағат 15:26

"Серпіннен" сенім кетті

Асылы бізде тамаша дегенде аузын ашып, көзін жұматын бастамалар үлкен айқай шумен, зор даңғазамен басталады да, аяғы сиырқұймшақтанып, құмға сіңген судай жоқ олады. «Ау, осы бір игі істі бастап едік қой, соның аяғы не болды? Халыққа қарлығаштың қанатындай болса да су сепкендей нәтиже бар ма? Жоқ болса, оған жауап беретін жан қайда?» дейтін түйсігі бар жанды жоғары биліктен де, немесе жергілікті жерден де емге таба алмайсың.

Жылы орындықтарда отырғандардың көпшілігінің ойы «мен бастап бердім, қалғандарының тауқыметін өзгелер көрсін» деген керемет қулық басқан ба дейсің. Және бұл жай қулық емес, түбінде тамаша саяси ұпай әкелетін таптырмас тәсіл. «Мұның өзі керемет жаңалық деп, қос қолын уқалап, цифрлармен сөйлей жөнелгенде еріксіз таң  қаласың.. Ал «Бақсақ, бақа екен» дегендей түбінде мұның өзі мемлекеттің мол қаржысын далаға шашатын, басында-ақ елге еш пайдасы жоқ алаяқтыққа бергісіз карта ойыны ма деп ойламасқа амал жоқ.

Алдымен анау бір кезде елді дүрліктәірген, бұл жаңалық бәріңді де қарқ қылады деген міндетті мемлекеттік сақтандыру  қоры (ФОМС) қазір қайда? Оның ақшасының бәрін түгел жымқырған Нұрлан Смағұловтың жегені алдында, жемегені артында шетелде тайраңдап жүр.  Он жылдан астам уақыт өтсе де оны шындап  іздеген жанды көрмедік. Халықтың қаншама ақшасы алаяққа қор болды ғой деп дабыл қаққан да жан жоқ. Басында дұрыс есептелінбеген, нақты сарапталмаған, шикілі-пісілі дүниені үкіметке ұсынған кім, ол неге жауапқа тартылмайды деп бұл іске белсене кіріскен құқықтық органдардан да хабарымыз шамалы. Әлде олар Елбасы тікелей тапсырма бермесе, жұмсақ орындығынан қозғалуға еріне ме? Еліміздің басына ең бір қиын кез түскен кезде бір қажетке жарайды-ау деп сенген мол қаржының әлдебір алаяқтың қалтасына кеткені жанымызға қатты бататындығы шындық. Алайда бұған қарапайым халық емес, қаржы саласын бақылауға тиісті биліктің тиісті буындары десек ешкімнің шамына тие қоймаспыз.

Жә. Өтер іс өтті, қу кетті, іс бітті делік. Ал енді осыдан бірер жыл бұрын мұнан асқан тамаша бастама деп даңғазалаған дуалды оқу жүйесінің қазіргі жағдайы қалай? Ол қалай жүзеге асып жатыр?  Осыны сараптаған, кемшілігін түзгеген, сөйтіп мемлекетке мол қайтарым әкелетін осы бастамаға қашан баға беріледі. Меніңше, бұл сол атақты ФОМС-тың күйін кешіп, таз қалпына түсті. Шындығына көшсек, бұл бастаманың мақсаты айқын, бағыты дұрыс,талабы оң болатын. Мәселен, жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары өзара келісіп, түлекті өз мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруға тиіс болатын. Бүгінгі нарық кезінде жұмыссыздықтың бел алып кеткендігін ескерсек, мұның өзі талай жастардың жаңа өмір бастауына үлкен  себепкер еді. Әсіресе біздің Қостанайдағы бір өзі бір қала секілді машина құрастыру зауытына қазіргі өзге ұлттың орнын қазақ бауырларымыз ауыстырып жатса, үміттің ақталғаны емес пе?

Өкінішке орай, ол үмітіміздің бәрі көкке үшті.. Бұрынғы кеңес кезінде қалаға, ондағы жақсы кәсіпке жақындатпайтын қитұрқы саясаттың жаны сірі болып шықты. Қазіл ол Абай атамыз айтпақшы «Баяғы жартас бір жартас» күйінде тұр. Бір қызығы, осында іс сапармен келген талай дөкейлердің бұл мәселені қозғағандығын естіген де, көрген де емеспіз. Кезінде бірінші вице-спикерге Асқар Мамин да келді, жақында Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов осында ат басын бұрды.Бұлар да басқа үлкенді-кішілі басшылар да Қостанайға соқпай кеткен емес. Олардың бірсыпарасы аталмыш зауытта болып, әртүрлі маркалы су жаңа машиналарды көріп, бөркін аспанға атқандай болды. Тек әттең солардың ішінде осында машинаны құрастырып жатқан жігіттердің ішінде қаракөздеріміз бар ма екен, болса қанша екен деп ең болмаса іштей толғана алмағаны өкінішті-ақ. Мұндайда атамыз қазақ «Ет сасыса тұз себеді, ал тұз сасыса не себеді» дегенді бекер айтапаған шығар деген ой келеді. Жә, үлкен басшылардың басындағы данышпандық ойдарды бір біле алмасымыз анық, алайда біздікі қолға алған істің бітуін ойлағандықтан туған лажсыздық қой.

Тағы бір мәселе жанымызға тыныштық таптырмай жүр. Ол кезінде үлкен сеніммен қабылданған «Серпін» әлеуметтік жобасы жайлы. Ол міне 4  жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Мақсаты да үлкен, атқаратын істері де қыруар. Ұланғайыр еліміздің оңтүстігіндегі екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген жігігіттерді солтүстік жақтағы оқу орындарында оқыту. Оқу да жатақхана да тегін. Үш мезгіл тегін тамақ ішеді. Оның сыртында қысқы киім алуға және еліне барып қайтуға арнайы ақша бөлінеді. Құптарлық іс, тамаша бастама. Ел ортақ, ендеше солтүстік жақта талай ауылдар қаңырап бос қалып жатқанда, неге сол мол құнарлы  жерді игермеске. Оның үстіне әлгі жоба бойына осында қалғысы келген жігіттерге үй беріліп, ата-анасын көшіріп алуға да жағдай туғызылатын көрінеді. Мұнан артық қандай қамқорлық керек. Бәрі дұрыс, бәрі оңды.

Алайда журналист болған соң кейбір келеңсіз жайтқа итермелейтін сандаған сауалдар туындайды.Мәселен, Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрлігінің «Серпін» «әлеуметтік жобасының басшысы Күлзия Тобатаеваның айтуынша осы жоба бойынша 4 жылда 25 оқу орнына 3993 грант беріліпті. Жөн-ақ. Алайда бірінші сұрақ. Бұл өзі көп  пе, әлде аз ба? Оның жылдан жылға өзгеру динамикасы қандай? Азайды ма, көбейді ме? Сосын ең бастысы осыншама гранттың елге тигізген пайдасы қаншалықты болды? Неше бала сол жақта қалып еселі еңбек етіп, бақытты отбасын құрып шаттықа бөленіп отыр. Әлде бұлардың басым бөлігі диплом алысымен "туған жерім қайдасың?" деп аттың басын елге бұрды ма? Анық жағдай қандай? Бұларды жалпылама цифрмен бүркелегендегі мақсат не?  Әлде бұл билік басында әбден қалыптасқан көзбояушылық, яғни айтқанда жауырды жаба тоқу ма?

Бұлай деуіме нақты мысал да бар. Менің Қызылорда облысының Арал қаласында тұратын немере інім осындағы индустриялық-педагогикалық колледжке әлгі жобамен оқуға түсті. Алғашқы кездері бәрі бе ойдағыдай болды. Үш мезгіл тамақ, жайлы жатақхана, 15 мың теңге шәкіртақы. Қысқасы,алаңдамай оқи бер, оның үстіне осы оқуды бітіргесін жақсы жұмыс тауып берерміз, сөйтіп әке-шешелеріңді әкеліп, нағыз қостанайлық болып кетесіңдер деген уәделері тағы бар.

Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады. Алыдымен «дағдарыс, ақша тапшы» деген сылтаумен күніне үш рет емес, барлығы бір-ақ рет тамақтандыруға көшті. Содан қысқы киімге деген ақша да жоғалды. Елге баратын ақшадан да қағылды. Енді ойлаңыз бұл жақта ешкімдері жоқ, қол ұшын беретін жақын-жуықтары тағы да жоқ бозбалалар не істемек? Алдымен Шымкенттен келген жігіттер еліне қарай аттанды. Қанша дегенмен өмірге бейім, іскерлікке бір табан жақын, еті тірі  жігіттер ғой, алдағы бұдан да жаман жайтты сезген болар. «Алдынан жарылқасын» демеске лаж жоқ. Үстінде киер жылы киімі жоқ, солтүстіктің бет қарайпайтын суығы мен астан-кестең бораны асхананың бір мезгіл сылдыр су тамағы қалай төтеп берсін. Бұларға еріп бір кездерде әке-шешесін осында әкеліп бай-қуатты өмір сүремін бе деген менің немере інім де сол көшке қосылып кете барды. Рас, оқуын ілдалдалап жүріп бітірді. Беремін деген жұмысы қала маңындағы айлығы бас-аяғы 30-40 мың теңгені ғана құрайтын алдамшы дүние болғандықтан одан бас тартқаны рас. Міне, осылайшы, өзгелерді қайдам, «Серпіннің» Қостанайдағы ғұмыры ұзаққа бармады. Енді биыл осы «бастаманың» қайтадан даңғазалық пен көзбояушылықа жалғаспасына ешкім де кепілдік бере алмас. Өйкені біздің жоғарыда айтқанымыздың бұл бастаманы егжей-тегжейлі тексеріп, терең сараптамаға салып, одан шынайы да әділ қорытынды шығарайын деп жүрген жан жоқ. Демек күні ертең «Серпінге» оқуға келіңіздер деген шақырулар естісеңіз таң қалмаңыз.

Айтпақшы, ең бастысын айтпай кетіппіз. «Серпіндегі» білім беру сапасы тым төменгі жағдайда. Техника саласынан сабақ беретін мұғалімнің қазақшасының деңгейін айтуға ауыз бармайды.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594